Экономика • 24 Тамыз, 2021

Өрлеудің жолы – өңдеу

538 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел билігі индустрияландыру бағ­дар­ламасын дер кезінде қабылдамағанда, Қазақстан экономикасының соңғы он жылда орын алған дағдарыстар мен дүрбелеңдерге төтеп беруі неғайбыл еді. Өңдеу өнеркәсібіне ден қойып, индустриялық саясатты дұрыс қалыптастыра білгеннің нәтижесінде әлемдік экономика айдынындағы кемеміз шайқалмай, еркін жүзіп келеді.

Өрлеудің жолы – өңдеу

Өрлеудің жолы өңдеу екенін жете ұғын­ған­дықтан, мемлекеттің қолдау шара­ларының негізгі бөлігі индустрияландыруға бағытталды. Тиісінше, бұл секторға біз­дегі бизнестің де ынтасы ауды. Со­ның нәтижесінде индустрияландыру бағ­дар­ламасы басталған 10 жылда өндірістің жалпы құрылымындағы өңдеуші өнер­кә­сіптің үлесі 32,3 пайыздан 44,6 пайызға дейін артты. Еңбек өнімділігі 1,7 есе өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнім құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі (13,1 пайыз) алғаш рет тау-кен өндіру (12,2 пайыз) секторынан асып түсті. Мұндай өсімге металлургия өнеркәсібі, машина жасау, азық-түлік өндірісі, құрылыс материалдары бағытындағы оң нәтижелер әсер етті. Бұл индустрияландыру саясатының 10 жылдық жемісі екені айтпаса да түсінікті.

Индустрия және инфрақұ­рылым­дық даму министрлігі ұсынған мәлі­мет­ке сүйенсек, индустрияландыру бағ­дарламасы қолға алынған 10 жыл­дың ішінде 9,1 трлн теңгеге 1,5 мыңнан астам жоба іске қосылған. Мұның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әсері де айқын байқалып отыр. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің құрылымы өзгерді. Екіншіден, 200 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Үшіншіден, өңірлердің инфрақұрылымына қан жүгірді. Төртіншіден, біздің елде бұрын-соңды өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім түрінің өндірісі жолға қойылды. Бесін­шіден, сыртқы нарықтардағы бәсе­кел­естігіміз нығайды. Мәселен, бір ға­на титан құймалары мен титан қо­­рыт­­палары өндірісін алайық. Бұ­лар не­­гізінен шетелдік нарыққа ғана ба­­­ғыт­т­алған. Соның нәтижесінде бү­гін­де әлемдік титан нарығының 11 па­­йы­зы Қазақстанның еншісіне тиіп отыр.

Өткенге көз жүгіртсек, Қазақ­станның 2010-2014 жылдарға ар­нал­­ған Үдемелі индустриялық-ин­но­ва­циялық даму бағдарламасы күр­­делі жағдайлармен тұспа-тұс бас­тал­ғанын аңғарамыз. Ол кезде шикі­­заттық сектор «салтанат құ­рып», энер­гия тапшылығы мен көлік инф­ра­­­құрылымының кемдігі қос бү­йір­­­ден қыса түскенін жақсы білеміз. Отан­дық кәсіпорындар техноло­гия­­лық тұрғыдан артта қалып, то­лық жүк­темемен жұмыс істемейтін. Өңдеу саласының үлесі 10 пайызға жетер-жетпес жағдайда еді. Міне, сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ин­дус­триялық даму – жаңа онжыл­дықтағы жаңа мүмкіндік» екенін мәлімдеді.

Мемлекеттік бағдарлама эко­но­ми­ка­­ның барлық саласына соны се­рпін әкелді. Индуст­рия­лан­­дыру­дың бірінші бесжыл­дығы елдің дағ­­дарысқа қарсы бағдарла­масына айналды. Экономиканы әрта­раптан­дыруға басымдық беріл­ді. Соның нәтижесінде ғана 2010-2014 жылдары өңдеу өнеркәсі­бі­нің қарқынын ішкі жалпы өнім­нің 10 пайызы деңгейінде сақтап қалуға мүмкіндік туды. Индус­трия­лан­дырудың бірінші кезеңі елді сапалы инфрақұрылыммен қам­тамасыз етуге бағытталды. Атап айт­қанда, 4 мың шақырымға жуық автомобиль жолы, 1 700 шақырым темір жол салынып, қалпына келтірілді. Электр энергиясының тапшылығына қатысты мәселе шешімін тапты. Ар­найы экономикалық аймақтар үшін ин­же­нерлік коммуникациялар жүргізу қол­ға алынды. Кең жолақты интернет желілері салынды. Ел бо­йынша логис­тикалық орталықтар құрыла бастады.

Индустрияландырудың екінші кезе­ңінде химия, мұнай-химия өнді­ріс­тері құрылып, мұнай өңдеу зауыт­тары жаңғыртылды. Автомобиль клас­тері қалыптасты. Отандық кәсіп­орын­дар алтын өндірудің толық цик­лін игерді. Әлемдік авиацияға арнал­ған титан құймаларын өндіру бастал­ды. Мыс индустриясында бірне­ше заманауи зауыт ашылды. Индуст­рия­ландырудың нәтижесі мұнай баға­сы күрт төмендеген тұста, 2014-2015 жыл­­дардағы дағдарыста негізгі тұ­рақ­­тан­­ды­рушы фактордың біріне айналды.

Темір жол машинасын жасау кластерін құрудың нәтижесінде электровоздар, жолаушыларға ар­нал­ған вагондар, темір жол осьтері мен дөңгелектері, рельсті бекіту­дің пластикалық элементтері, бағыт­та­малы бұрмалар өндірісі жолға қойылды. Отандық зауыттар ТМД аумағында баламасы жоқ әрі жоғары жылдамдықты магистральдарға ар­налған ұзындығы 120 метрлік рельс­терді шығаруға кірісті.

Еліміз ішкі нарықты отандық құ­­рылыс материалдарымен қамта­ма­­­сыз ете бастады. Он жыл ішінде қол­­­да­­ныстағы цемент зауыт­тары жаң­­ғыр­т­ылды әрі цемент өнді­ре­тін за­­ма­науи кә­сіп­орындар пайда­лану­ға бе­ріл­ді. Олар құрылыс нысан­да­рын­­да­ғы қа­жет­­тілікті толығымен қа­на­ғат­тан­ды­­рып отыр. Бүгінде елі­міз­де 15 за­ма­науи цемент зауыты жұ­мыс істей­ді. Он­нан астам жаңа үй құры­лы­сы ком­­­би­наты, сондай-ақ асфальт-бе­тон за­­уыт­­тары іске қосылды. Тамақ өнер­кә­­сі­­бі де жаңаша серпін алды. Елде 30-дан ас­там құс фабрикасы салынып, жаң­­ғыр­­тыл­ды. Бірнеше өңірде ірі май-тоң май ке­шендері мен кондитерлік өнім­­дер шы­­ғаратын зауыттар қайта жаңарды.

Қысқасы, индустрияландыру жылдарында экспортқа шығатын тың шикізаттық емес тауардың 100-ден астам түрі қалыптасты. Олар бойынша экспорттың көлемі 183 млрд долларды құрады. 2010 

жылдан бастап негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,6 есе ұлғайды. Мәселен, 2010 жылы 413,1 млрд тең­ге құйылса, 2020 жылы 1 077,7 млрд теңге салынды. 2010-2020 жыл­дар ара­лығында экономикаға 248 млрд дол­лар көлемінде тікелей шетел­дік ин­вестиция тартылған. Бүгінде құ­йыл­ған қаржының әрбір алтыншы дол­лары өңдеу секторына тиесілі. Қазақ­станда жасалған өнімдерді әлем­нің 120-дан астам елі тұтынып отыр.

– Индустрияландыру жобалары елдің дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Айталық, 2010 жылы өңдеу өнеркәсібі бюджетті 450 млрд теңгемен толықтырды. Сол жолы тек сауда саласына ғана жол берді – 668 млрд теңге. 2019 жылы бұл сома 1 трлн 477 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл экономиканың негізгі үш секторы – ауыл шаруашылығы, сауда және көлік секторының салық аударымдарымен тең. 2010-2020 жылдары іске қосылған кәсіпорындар өңдеу өнеркәсібіндегі 4,8 трлн теңге­нің өнімін өндірді, – дейді QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқар­ма төрағасының орынбасары Марат Бопазов.

Былтыр индустрияландырудың үшінші кезеңі басталды. Ондағы негізг­і екпін ішкі және сыртқы нарық­та бәсекеге қабілетті өңдеу өнер­­кәсі­бін дамытуға жасалып отыр. Яғни мем­­лекет бірінші кезек­те терең өң­де­летін тауар шы­ға­ратын кәсіпорын­дар­ды қолда­мақ. Бұл экономиканы әр­та­­рап­­тан­дыруға, шикізат экспорты­на деген тәуелді­лікті азайтуға, сон­дай-ақ қосылған құны жоғары өндіріс­ті ұл­ғайтуға мүм­кін­дік береді. Тиі­сін­ше, бола­шақ­та экспорт құрылы­мын да то­лық өзгертуге жол ашады деп күтілуде.

– Үкімет қолға алған шаралар қайта өңдеудің жаңа бағыттарын да­мы­туға, сондай-ақ өнеркәсіпті ын­та­лан­дыру мен қолдау тетіктерін жетіл­діруге шоғырландырылмақ. Ал­ғаш­қы екі кезеңнің қорытындысы бо­йынша біз қолдау және ынталанды­ру жүйелерінің нәтижесіне талдау жүр­гіздік. Олар салалар мен өндіріс­терді неғұрлым тиімді қамту үшін оңтай­лан­дырылады, – дейді М.Бопазов.

Осы орайда әлемдік пандемия­ның теріс әсерін ескермеуге болмайды. Се­бе­бі индустрияландырудың үшінші кезеңі коронадағдарыс кезінде басталды. Индустрияландырудың бұ­ған дейінгі екі бесжылдығы да дәл осын­дай алмағайып кезеңде қолға алы­нып, өз нәтижесін берген еді. Де­мек, бұл жо­лы да өңдеуші өнер­кәсіп жү­ріс­тен жа­ңыл­дырмас деп ойдаймыз. Мұны сарапшылар да айтып жүр. Өң­деу өнеркә­сі­бін да­мы­тудың сапалы жаңа траектория­сы­на шығу үшінші бес­жыл­дықтағы жо­ба­ларды табысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.