Қазақстан • 08 Қыркүйек, 2021

«Ботай» – болашақ туризмнің төрі

938 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Біздің өңірде тарихи орындары мен айтулы тұлғалары өте көп танылған екі аудан бар. Оның бірі – Қожаберген жырау, Сегіз Сері, Есеней сұлтан, Ұлпан ана, Тоқсан би, бертін қазақ әдебиетінің заңғар жазушылары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов қазақстандық атақты орыс жазушысы Иван Шуховты және осыларды туғызған «Гүлтөбе-Маманай», «Елтінжал» сияқты қасиетті тарихи жерлері бар Жамбыл ауданы.

«Ботай» – болашақ туризмнің төрі

Ал екіншісі Ақан Сері, Үкілі Ыбырай, Шыңғыс төре мен оның баласы – қазақтың еуропалық үлгідегі тұңғыш ғалымы Шоқан Уәли­хановтың кіндік қаны там­ған, Айғаным қонысы, «Қарасай мен Ағын­тай» батырлардың кесенесі, «Ботай мәдениетінің» ошақтары орналасқан Айыртау ауданы. Алайда екеуінің арасы бір-бірінен шалғай, облыстың екі жақ шетінде жатыр. Сондықтан экспедицияны ұйымдастырушы «Егемен» және «Казправда» газеттерінің меншікті тілшілері көп ойланып, Айыртау ауданына сапарға шығуды жөн деп таптық. Өйткені мұндағы «Ботай мәдениеті» мен «Имантау-Шалқар» курортты-де­малыс аймағын қосқанда өңірдің ту­ристік әлеуеті жоғары. Біздің бір мақса­тымыз еліміздің туризм саласының да­муын насихаттау болғандықтан осы бағыт­тың бәсі арта берді. Сонымен құра­мында осы жолдардың авторынан бас­қа «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Әлия Иқанбаева, облыс­тық «Солтүстік Қазақстан газеті» бас редак­торының орынбасары Сағындық Мау­ғазин, «Северный Казахстан» газе­тінің қызметкері Марина Глазьева, фото­граф Вадим Мударисов, облыстық музейдің ғылыми қызметкері Ғалия Берді­ғұлова болған экспедиция таңғы сағат жетіде жолға шықтық.

«Ауылым қонған Сырымбет саласына...»

Айыртау ауданының орталығы – Сау­­малкөл ауылы Қызылжардан 250 ша­қырым жерде. Жолда Үкілі Ыбы­рай­дың, Ақан Серінің ауылдарынан өттік. Құнары мол, құйқасы қалың бұл аймаққа сырттан көшіп келушілер ежелден көп болған. Сондықтан елді мекендердің көбінің атаулары Антоновка, Лавровка, Кутузовка болып орысша жалғаса бе­реді. Саумалкөлдің бұрынғы атауы да 1997 жылға дейін Володаровка бол­­ған. Ол төңкеріс белсендісі, қы­зыл комиссарлардың бірі Иван Воло­дар­скийдің құрметіне қойылған. Тек еліміз Тәуелсіздігін алған соң ғана онамас­ти­каның талабы ескеріліп, ауылға ежел­гі «Саумалкөл» деген қазақы атауы бе­рілген. Қазір бұл қоныс облыстағы ауыл­дардың арасындағы үлкендерінің бірі. Ондағы тұрғындар саны он мың адамға жуық.

Ауыл шетінде бізді аудандық ішкі сая­сат бөлімінің басшысы Анар Шалабаева қарсы алып, әкімдікке қарай бастады. Біз­ді ауданның жаңадан тағайындал­ған әкімі Ерболат Бекшенев қабылдады. Қа­былдаудан соң  біз ке­лісілген жоспарымыз бойынша Шоқан Уәлихановтың туып-өскен мекені Сы­рымбет ауылына сапар шектік.

Сырымбет тауы ежелден ел аузына ілінген атақты мекен. Қазақтың заңғар жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» кітабында Сырымбет тауын бабасы Қосайға Абылай хан бір ерлігі үшін сыйға бергенін айтады. Өзіне бұл әңгімені айтып отырған Жабай қартқа Сәбит аталарының неге көшіп кеткенін сұрағанда ақсақал: «Абылай өлген соң орнына үлкен баласы Уәлі хан болды ғой. Уәлі сол Сырымбет тауына қызығады да сенің аталарыңды күшпен қуып жіберіп, өзі сонда мекендейді...», дейді. (С.Мұқанов., «Өмір мектебі», ТШ, 10 том, А-ты., 1976 ж., 150 б.).

Сырымбет ауылы мен одан үш ша­қырым жердегі Айғаным қонысы қазақ тарихы үшін ұлы жазушы Л.Толстойдың «Ясная полянасынан» кем емес. Өйткені онда қазақтың 30 жыл ғана өмір сүрсе де өз есімін айдай әлемге танытқан ұлы ғалымы, ұлттық мақтанышы – Шоқан Уәлиханов дүниеге келген. Шетелдік туристерге мақтанышпен көрсетуге лайық, құндылығы аса жоғары нысан­дардың бірі де осы. Алайда...

Алайда оған жеткізетін 30 шақырым­дық жолдың сапасы – жердің киесі болғанымен иесі жоқ екенін көрсеткендей. Әбден ойылып, шұңқыр-шұңқыр болып қалған жолдар көліктің де, адамның да зықысын шығарады. Көптен жөндеу көрмеген оны «мынау біздің ұлы тұл­ғамызға апаратын жол» деп біреуге көр­сету ұят-ақ...

Сырымбет тауының етегіндегі Құм­ды­көл, Жетікөл, Сұлукөл, Ақбас деген төрт көлдің ортасына түскен бұл ауылдың табиғаты айрықша әсем. Ауылдағы ең көрнекті орын – Ш.Уәлихановтың та­рихи-этнографиялық музейі екен. Му­зейді бізге оның директоры Уәлихан Құл­баев бастаған қызметкерлер таныс­тырды. Бұл кісінің өзі де Шоқанның Құл­бай деген інісінің тікелей ұрпағы екен. Жетісуда, Тезек төренің ауылында өмір­ден өткен Шоқанның артында қал­ған жесірі Айсараны марқұмның хатқа жаз­ған өсиеті бойынша елге әкеліп, әмең­герлік жолмен үйленген інісі Жақып төре екенін де сол айтты.

1929 жылы салынған ағаш ғимарат әлі де саңғырлап тұр. Оның материалдарын кезінде қызыл белсенділер қазіргі «Айғаным қонысы» деп аталған төре ауы­лынан алып, Сырымбетке мектеп ре­тінде салған екен. Музейдің 6 залындағы экс­позициясында 6 530 экспонат бар көрі­неді. Бәрі де ұлы ғалымның өмірі мен ең­бектерінен, замандастары мен аса көр­некті орыс, неміс ғалымдары, саяхат­шылары, тарихшыларымен қаты­насынан және туған-туыстарының өмі­рінен сыр шертеді. Ғимараттың қас бе­тінде Шоқанның ертеректе құйылған ескерткіші орын алыпты.

Музейден кейін Сырымбет ауылы­нан үш шақырым жердегі Айғаным қо­нысына сапар шектік. «Бұл ауылдың ең бір шұрайлы жердің иесі екенін манадан көріп келеміз. Қалың қара қыртысты, ат шашасынан келетін қалың бозды жер байлықты айтып бусанып жатыр. Алыстан орағытқан қайыңды ормандар осы жердің күннен, желден қорғай­тын қорғаны сияқты. Құм-қайраң күміс көлдер кемерін кере, кең толқып, толып жатқан әңгіме шертетіндей сезіле­ді», деп суреттелетін Ғабит Мүсіреповтің атақты «Этнографиялық әңгімесіндегі» төре ауылына қатты ұқсайды екен. Бәлки, жазушы да Бурабай орман шаруашылы­ғы техникумында директор болып жүрген­де Айғаным ауылына барған шығар-ау... Бірақ мұнда қалың бозды тау етегі айтылмапты. Ал осынау тамаша жерді Айға­ным өзі таңдап, алғаш қыстау салдырған екен.

Айғаным Сарғалдаққызы (1783-1853 жж.) XIX ғасырдағы қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Абылай ханның келіні, Уәли ханның кіші әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесі. Ханның ставкасы болған Бурабайдағы бәйбішелердің қасында болмай осы қонысқа көшіп келген. Шежіреге қарағанда жеті ұл туған. Өзі араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін меңгерген. Кейін осы жерге патшаның бұйрығымен орыс дворяндарының усадьбасы тектес қылып ағаштан үйлер салынады. Оған 12 бөлмелі тұрғын үй, мешіт, монша, кеңсе, шаруашылық үйі, жел диірмен енген. Осы мекенде, Айғанымның үлкен ұлы Шыңғыстың отбасында 1835 жылы Шоқан өмірге келген. Бала Шоқанның қалыптасуы мен ой-санасының жетілуіне әжесінің тәрбиесі көп әсер еткен. Үйіне Сегіз Сері (шын есімі Мұхамед-Қанапия) қонақ болып жатқан күні өмірге келген баласына Шыңғыс сұлтан оның атын берген екен, алайда әжесі Айғаным шоқиып, үй алдындағы биік төбеде көп отыратынына қарап, оның есімін «Шоқан» деп бұрып жібереді.

Айғаным күйеуі Уәли хан өмірден озғаннан кейін ел тізгінін ұстап, Шың­ғыс жетілгенше ханның міндетін атқар­ған. Осы кездерде ол Сыртқы істер ми­нис­трлігінің азиялық департаментімен және Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланыста болған. Ака­демик Әлкей Марғұлан Айғаным жазба­ларының саны 100-ден асатынын ашқан. 1828 жылы Айғаным Батыс Сібірді риквизициялауға Қызылжар қаласына келген сенат өкілдерімен кездесіп, жер­гілікті халықтың талап-тілектері жазыл­ған хатты олар арқылы патшаға жіберген.

Отызыншы жылдардың ойранында қызылдар Айғанымның қонысын түк қалдырмай бұзып, жоғарыда айтқа­нымыздай, құрылыс материалдарын «Казгородок» деп аталған қазіргі Сырым­бет ауылына тасып алып, мектеп, интернат, атқора және т.б. құрылыстар салған.

Айғаным қонысындағы үйлерді қал­пына келтіруге 1988 жылғы қазба жұ­мыс­тарында табылған іргетастар айғақ болады. Сонымен бірге Шоқанның өзі­нің салған суреттері және қайтыс бол­ғаннан кейін көңіл айтуға келген орыс офицерінің усадьбаны суреттеп жазған дерегі негіз болады. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Айғаным қонысы» толығымен қалпына келтіріліп, оның ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен бірге Өзбекстан мен Қырғызстанның сол кездегі Президенттері И.Каримов пен А.Ақаев қатысқан.

Осы қоныстың алдында «Атамекен» экспедициясына қатысушыларды Сы­рым­беттің мәдениет үйіндегі «Әжелер ан­самблі» мен «Ажар» ән-би ансамблі­нің мүшелері бауырсағы, құрт-майын ұсы­нып қарсы алды.

Айғаным қонысының сырты ғана емес, ішіндегі дүниелері де таңғалар­лық. Онда осы өңірдегі ХІХ ғасырға тән тұрмыстық, салттық, киім-кешек бұ­йымдарымен қатар ұстанған құрал-жаб­дықтар мен қару-жарақтар да көп жи­налыпты. Біз сырттан Шоқанның шо­қиып, ауылға қарап көп отыратын төбе­сін де іздедік. Оны да тарихшылар мен өлкетанушылар жобалап тапқан екен. Ұлы адамның отырған жеріне біз де тәу еттік. Сөйтіп, Сырымбет, Шоқан музейі, Айғаным қо­нысы алабын артқа тастап, Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесе­несіне жол тарттық.

экспедиция

Қарасай-Ағынтай кесенесі

Қазақ халқының біртұтас болып, ор­тақ жауға бірігіп шапқанының сим­волындай болған Шапы­рашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырлардың дос­тығын айғақ­таған бұл мемориалдық кешен ұлты­мыздың берік ұстынын айғақтап тұр­ған ерекше ескерткіш. Оның барлық нышандық мәнін кешеннің директоры, кесененің шырақшысы Сәмеддин Омаров жалғыз кірпішіне дейін қалдырмай, ұзақ әңгімелеп берді. Қызыл кірпішпен өрілген кесененің биіктігі 16 метр. Екі ба­тырдың қабірлері екі күмбездің астында, екі бөлек. Бірақ күмбездер ішінен қосылып, жалғасып тұр. Ішкі интерьерді әрлеуге керамикалық кірпіш, Күрті және Қордай граниті қолданылған. Кесененің кіреберісі мен апаратын жолдың бәрі өрнек тастармен тегістелген.

Қарасай мен Ағынтай Орбұлақ шай­қасында Салқам Жәңгірдің атақты 600 сарбазының ішінде болған қандыкөйлек достар. Ақыры екеуінің бұл жалғандағы соңғы мекендері де бір жерден болған. Қарасай батыр досын сағынып, іздеп келгенде осы жақта дүниеден өтіп, өзін осында жерлеуді өсиеттеген. Қазір еке­уі­нің басына келіп медет сұрайтын жандар да бар екен. Шырақшының айтуына қа­рағанда, олардың талайына Алла жәрдем беріп, тілектерін қабыл етіпті. 

Кешен биік жерде болғанымен, ойпаң жер арқылы келетін жолды қыс кезінде қалың қар басып қалады екен. «Әттең, бізде бір трактор болмай тұр, қалың қарда көліктерімізді айдалаға тастап кетуге мәжбүр боламыз. Осы мәселені шешіп берсе, қалғанын өзіміз-ақ істер едік», дейді ол.

Ботай қонысы...

Осыдан кейінгі біздің сапарымыз атақты «Ботай қонысына» жалғасты. Шу дегеннен протоқазақтардың (5,5 мың жыл бұрынғы) осы жерде дүние жүзі бойынша алғаш рет асау, жабайы жылқыларды құрықтап, өздерінің пайдасына үйретуі, көлік қылып мініп, етін жеп, қымызын ішуді бастағаны адамға көп ой салады. Оны алғаш рет қазақстандық археолог Виктор Зайберт 1983 жылы ашып, қазір бүкіл әлем мойындады. 1995 жылы осы жерде әлемнің 16 елінен 80-нен артық ғалым қатысқан «Еуразияның жылқыны тұңғыш пайдаланушылары» атты симпозиум өткізілген.

Қазір қазба жұмыстары басқа қырға шыққан. Енді осы Ботай қонысында­ғы адамдардың тұрағы, өмір сүру салтын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған екен. Дронмен түсірілген фотосуреттерге қарағанда жай жердің шөбі жұқалтаң өседі, ал протоқазақтардың мекен-қоныстары тұрған жердің бозы қалың, айналасы дөңгелек болып ке­леді. Бұл – арғы бабаларымыз тұрақ салған жердің топырағы борпылдақ, жұм­сақ, оған су көбірек сіңгендіктен құ­нарлы екендігін білдіреді. Шынымен, осындай жерлерді қазғанда бұрынғы тұрақтар, артефактар көп табылған. Ботай қонысынан осындай 800-ге жуық тұрақ табылған. Мәдениет және спорт министрлігі археологтердің алдына осындай тұрақтарды қалпына келтіру жобасын іске асыруды міндеттеп отыр. Қазір В.Зайберт бастаған археологиялық экспедиция сондай жұмыстарды іске асыруда. Жобаның ғылыми қызметкері Ернар Естемесовтің айтуына қарағанда әзірге бір тұрақ қалпына келтіріліпті. Ағаштан кертелеп қиюластырылған шо­шала секілді бұл тұрақтың жартысы жерге кіріп тұр. Еден орнына жылқының қы­лы араластырылған лай сәкі төселген. Бір қызығы, іргелерге құйылған лайға да жыл­қының сүйегі араластырылған. Біз артефактарды тазалап, зертханаға жіберетін базаларын аралап көрдік. Қазба жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 11 адам тартылыпты.

Ботайға деген қызығушылық жыл са­йын артуда. Оған алыс және жақын шетел­дерден туристер көп келеді. Туризмді да­мыту мақсатында «Ботай» табиғи-архео­логиялық ескерткіш-кешенінің бас жос­пары әзірленген. Оның құрамына қо­нақ үй ғимараттарын салу, тилинг ма­кет­­тері, көрмелер, протоқазақтардың тұ­рақ­­тары мен шаруашылықтары, атпен сейіл­деу және т.б. ұйымдастырулары енгізілген.

экспедиция

Курорт аймағы

Ауданның туристік әлеуетін арттыруда «Имантау-Шалқардың» атқаратын рөлі зор. Қатар жатқан бұл көлдердің әрқайсысы – адамға жайлы демалыс орын­дары. Әсіресе, биылғы ыстықта оларға келушілер саны еселеп артқан. Со­ның ішінде Ресейден келгендер айлап жатып, қайың мен қарағай қатар өскен қалың ормандардан жеміс-жидек пен саңырауқұлақты да керегінше теріп алып, аттанады екен...

Шалқардың суы тұзды, емдік қасиет­тері де жоғары. Жалпы, аумағы 35 шаршы ша­қы­рым болатын оның жағасында 20 демалыс орны орналасқан. Ал Имантау көлінің көлемі 49 шаршы шақырым. Оның жағасында 11 демалыс орны бар.

«Атамекен» экспедициясының қаты­су­­шылары көлдің жағасын қызықтап, оның бо­лашақтағы туристік мүмкіндігі зор екен­дігіне көздерін жеткізді. Соны­мен Сол­түстік Қазақстан облысындағы «Ата­­мекен» экспедициясының сапары аяқталды.