Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның, Пәкістан Ислам Республикасының, Оман Сұлтандығының, Нидерланды Корольдігінің және Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері Масаёши Камохара, Шаукат Әли Мукадам, Саид бен Мұхаммед бен Али әл-Барами, Хенри Хуберт Дриссер және Мұхаммед Фарук Баракиден Сенім грамоталарын қабылдады.
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның, Пәкістан Ислам Республикасының, Оман Сұлтандығының, Нидерланды Корольдігінің және Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері Масаёши Камохара, Шаукат Әли Мукадам, Саид бен Мұхаммед бен Али әл-Барами, Хенри Хуберт Дриссер және Мұхаммед Фарук Баракиден Сенім грамоталарын қабылдады.
Сенім грамоталарын қабылдаған соң Президент Н.Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтады. Сіздердің Қазақстандағы жұмыстарыңыз екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Сіздер Қазақстанда біздің еліміз үшін өте маңызды кезеңде жұмыстарыңызды бастағалы отырсыздар. Біз қазір саясатты қайта салмақтап, мемлекеттік дамудың жаңа үлгісін әзірлеп жатырмыз. Осыдан екі апта бұрынғы Жолдауымда мен халыққа осы мәселелерді жарияладым. Онда Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын жүзеге асыру мәселелері ұсынылды. Стратегияның ең маңызды мақсаты – Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енгізу, деді Президент.
Одан әрі Елбасы біздің мақсатымыз «жетекші елдердің клубы» қатарына ену ғана емес, ең бастысы – біз жаңа сападағы деңгейге көтеріліп, басқарушылық ойлау жүйесін жетілдіруді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, саяси және экономикалық даму тәжірибесінің өзекті болуына мән береміз, дей келіп, Қазақстан сыртқы саясаттағы салиқалы ұстанымын жалғастыра беретінін жеткізді.
Одан әрі Президент Қазақстанның өткен жылдағы экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ елімізде 6 пайызға өсіп, 226 млрд. АҚШ долларынан асты. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 13 мың долларға жетті. Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы Кеден одағы экономиканың мүмкіндігін арттыра түседі. Бұл одақ халықаралық экономикалық қатынастар жүйесінде жыл өткен сайын бедел алып келеді. Осылай дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің экономикалық дамуына Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуіміз де зор мүмкіндік ашатынын атап кетті. Біз қазір бұл ұйымға енудің келіссөздері үдерісінің қорытынды кезеңінде тұрмыз. Сіздердің елдеріңіз Қазақстанның бұл ұйымға енуін қолдайтынына сенемін, деді Елбасы.
Келесі кезекте Президент 2017 жылы Қазақстанда болатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің де маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның көтеретін тақырыбы елдердің бір-біріне жақындай түсуінде маңызды бағытқа ие болатынына сенімдімін, деді Елбасы.
Мемлекет басшысы жиналғандарға Қазақстан сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгені туралы да айтты. Бұл тұжырымдаманың іске асырылуы одан арғы ынтымақтастығымызға зор серпін береді. Оны жүзеге асыруға сіздер қолдау көрсетеді деп үміттенемін, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстанның бүгінгі күні Сенім грамотасын тапсырған елшілердің мемлекеттерімен екіжақты қарым-қатынастарына тоқталды. Соның ішінде Қазақстанның Нидерланды Корольдігімен ынтымақтастығы жоғары деңгейде екенін қанағаттанушылықпен атап өтті. Сіздердің елдеріңіз – республикамыздың жетекші экономикалық серіктестерінің бірі. Былтыр арамыздағы тауар айналымы 10 миллиард долларға жетті. Голландияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі 48 миллиард долларға жуықтады. Қазақстанның энергия ресурстарын тиімді дамыту, оларды әлемдік нарыққа тасымалдау саласындағы энергетикалық әріптестігіміз қарқынды дамуда. Біз голландиялық компаниялардың мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға, өнеркәсіпке озық технологияларды енгізу ісіне мейлінше белсене қатысуына мүдделіміз, деді Президент.
Сонымен бірге, Елбасы «Қазақстан-Нидерланды» іскерлік кеңесін құрудың маңыздылығына тоқталды. Ол екі елдің экономикалық ведомстволары мен іскер топтары арасында барынша тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осы және басқа да мәселелерді биылғы наурызда Гаагаға баратын сапарым барысында Нидерландыда талқылауға болады деп үміттенемін. Онда мен Ядролық қауіпсіздікке қарсы күрес жөніндегі жаһандық саммитке қатысатын боламын, деді Президент.
Одан әрі Н.Назарбаев Жапониямен екіжақты қарым-қатынасқа тоқталып, Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті. Біз сіздің елдеріңізді Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі аса маңызды стратегиялық әріптесіміздің бірі ретінде қарастырамыз. Елдеріміз арасында барлық деңгейде сындарлы және сенімді үнқатысу орныққан, екіжақты құрылымдар тиімді жұмыс істейді, шарттық-құқықтық база нығаюда. Елдеріңіздің технологиялық деңгейі жоғары екенін ескере отырып, Қазақстан жетекші жапондық компаниялармен бірлескен ғылыми қамтымды жобаларға қатысуға мүдделі. Таяу уақытта «Экономикалық және инвестициялық қатынастарды нығайтудың жол картасы» қабылдануы осы мақсатқа қызмет етеді деген үміттемін. Елдеріміз арасындағы кең ауқымды сауда-экономикалық ынтымақтастыққа септігін тигізетін Ырықтандыру, ынталандыру және инвестицияны өзара қорғау туралы келісімге қол қоюды тездеткен жөн, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Келесі кезекте Мемлекет басшысы Қазақстанды Ауғанстан Ислам Республикасымен достық және тату көршілік қарым-қатынастар байланыстыратынын айтты. Ауғанстан Үкіметінің елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерін құптаймыз. Қазақстан өз тарапынан гуманитарлық және экономикалық көмектер көрсетуде, Ауғанстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуда. Біз мектептер, ауруханалар, көпірлер салудамыз, жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтірумен айналысып жатырмыз, азық-түлікті өтеусіз тасымалдауды жүзеге асырудамыз. Біз Ауғанстан үшін арнаулы білім беру бағдарламасын қабылдадық, оған сәйкес ауғанның бір мың студенті 2020 жылға дейін еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын болады. Биылғы және келесі жыл Ауғанстан мемлекеттілігін одан әрі дамыту үшін маңызды болмақ. Ауған халқы бұл кезеңнен лайықты өтіп, тұрақты және қауіпсіз қоғам құруда өз жолын табады деп үміттенеміз және біз бұған мүдделіміз, көмек қолын да созатын боламыз, деді Президент.
Пәкістан Ислам Республикасымен екіжақты қарым-қатынастар туралы да Елбасы шағын ақпарат бере отырып, алдағы кезеңдегі ынтымақтастықтардың бағытын атап өтті. Пәкістанға Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылық білдіреміз. Сіздердің елдеріңіз – АӨСШК-ге белсене қатысушылар қатарында. Пәкістан өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысына ұдайы қатысады. Жоғары экономикалық әлеуетке ие және геосаяси жағынан тиімді орналасқан Пәкістан Қазақстанның перспективалы сауда-экономикалық серіктесі болып саналады. Біздің елдеріміздің арасында ауыл шаруашылығы мен аграрлық өнімдерді өңдеу саласында екіжақты жобалар бар. Қазақстан ірі астық өндіруші ретінде өнімін Пәкістанға жеткізе алады. Біздің осы бағыттағы ынтымақтастық перспективаларын зерттеуімізге болар еді, деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейту екі жаққа да тиімді екенін айта келіп, Президент: «Сіздің елге жасаған сапарларым және сұлтан Кабус бен Саидпен жүргізген келіссөздерім жақсы есімде. Сіздердің тараптарыңыздан ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық барын білемін. Тәуелсіздігіміздің бастауында Оман халқы мен басшылығының көрсеткен достық көмегін біз жоғары бағалаймыз. Қазір сіздермен екіжақты да, көпжақты да дипломатия аясында достық қарым-қатынастар ұстанып отырмыз. Екі елдің экономикалық әлеуетін ескере келе, бізге ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, энергетика, көлік, туризм және құрылыс салаларындағы іскерлік ынтымақтастықты жандандыру қажет. Оман компанияларын ірі индустриялық жобаларға қатысуға, сондай-ақ, энергетикалық ресурстар өндіру мен тасымалдау саласында озық тәжірибе және білім алмасуға шақырамыз», деді.
Елбасы сөзінің соңында елшілерді жауапты дипломатиялық жұмыстарының басталуымен тағы да құттықтады. Астана – біздің еліміздегі ауқымды өзгерістердің символы. Ол Қазақстанның өзгерістерге дайын екенін және болашаққа деген талпынысын танытады. Астана ахуалы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған сіздердің жемісті жұмыстарыңызға септігін тигізеді деп санаймын. Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық корпуспен жылдағы дәстүрлі кездесуде сіздермен қуана жүздесетін боламын. Мемлекет басшысы ретінде мен және еліміздің Сыртқы істер министрлігі сіздердің миссияларыңыздың лайықты орындалып, елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар жыл өткен сайын нығайып және осынау үдеріске қосатын үлестеріңіз қомақты болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, деді Қазақстан Президенті.
Сенім грамотасын тапсыру рәсімі аяқталған соң елшілер журналистерге шағын брифинг берді. Соның ішінде Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Масаёши Камохара Жапония мен Қазақстан арасындағы екіжақты байланыстар дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 1992 жылдан бері жүйелі дамып келе жатқанын айтты. Былтыр Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары мен Парламенттің жоғары палатасының төрағасы Жапонияда ресми сапармен болды. Бұл сапарлар елдеріміз арасындағы одан арғы ынтымақтастықтың, соның ішінде экономикалық саладағы байланыстардың нығаюына мүмкіндік береді деп күтеміз. Біздің еліміз Қазақстанмен өзара ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейту ниетін көздейді. Мен өзіме жүктелген жауапкершілік салмағын сезінемін және бұл миссияны орындау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймын, деді М.Камохара.
Пәкістан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Шаукат Әли Мукадам өз елінің басшысы Қазақстан Президентін 2014 жылы Пәкістанға сапармен келуге шақырғаны туралы айтты. Мен бұдан 13 жыл бұрын Астанада болдым. Ол кезде қалада үлкен құрылыс жүріп жатқан еді. Бүгінде Астана – қарқынды дамыған және заманауи қала. Қызметімнің мақсаты – екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеру. Екіжақты қарым-қатынастарымыздың жаңа биіктері туралы айта отырып, мен сауда, экономика және адам ресурстарын басқару салаларын атап өтер едім. 2012 жылы елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі 36 миллион АҚШ долларына жетті. Келесі үш жылда біз бұл көлемді 100 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайтқымыз келеді, деді Шаукат Али Мукадам.
Оман Сұлтандығының Төтенше және өкілетті елшісі Саид бен Мохаммед бен Али әл-Барами достас екі ел арасындағы жемісті қарым-қатынастардың нығаюы мен дамуы үшін барлық күш-жігерін салатынын жеткізді.
Өз сөзінде Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Хенри Хуберт Дриссер өз елінің сыртқы істер министрінің келесі аптада сапармен келетініне және Қазақстан басшылығымен бірқатар кездесулер өткізетініне тоқталды. Қазақстан Президенті наурыздың соңында Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің құрметті қонағы болады. Қазақстан мен Нидерланды халықаралық күн тәртібіндегі көптеген негізгі мәселелерге, оған қоса, терроризмге қарсы күрес пен ядролық қаруды таратпауға қатысты ортақ көзқарас ұстанады. Нидерланды – Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторы, сондай-ақ, Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы сенімді серіктесі. Белсенді екіжақты ынтымақтастық ауыл шаруашылығында, ғарыш саласында, энергетика мен экономиканың басқа да салаларында жүзеге асырылуда, деді Х.Дриссер.
Өз сөзінде Ауғанстан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Фарук Бараки өз елінің экономикалық және саяси қарым-қатынастар аясын кеңейтуге және нығайтуға, сондай-ақ, өзге де салалардағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін көлденең тартты. Ауғанстанның жаңарған экономикасын қалыптастыру үдерісіне елеулі көмегі үшін Қазақстан Республикасына алғысымызды білдіреміз. Екіжақты қарым-қатынастардың аясын кеңейту үшін барлық күш-жігерім мен тәжірибемді жұмсаймын, деді Ауғанстан елшісі.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».