Экономика • 11 Қазан, 2021

Отынға зәрулік: Баға – қолжетімсіз, көлем – жеткіліксіз

351 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы кездері еліміздің кейбір өңірінде жанармай құнының өсуіне, дизель отынының тапшылығына байланысты наразылық шаралары көбеюде. Павлодар облысында да дизель отынының жетіспеушілігі байқалуда. Көмір мен шөптің қымбаттауына да дизель отынының тапшылығы себеп.

Отынға зәрулік:  Баға – қолжетімсіз, көлем – жеткіліксіз

Дизель отынын таппай қи­налған жүргізушілер сүзгілері за­қымдалып, жүрмей қалған авто­көліктерді видеоға түсіріп, әлеу­меттік желілерге салып жатыр. Отын тапшылығы жүргі­зу­­шілер мен тасымалдаушылар арасындағы әлеуметтік шиеленісті де ушықтыра түс­кен. Өңірлерде дизель отыны мә­селесі күрделеніп тұрған тұста елімізде «KIOGE-2021» халық­аралық мұнай және газ көрме­сі өтіп, онда сөз сөйлеген минис­трлік өкілдері Қазақстанда дизель отынын тұтыну көлемі рекордтық деңгейге жетті деп мәлімдеді.

– Рекордтық деңгей туралы біз де естідік. Қарапайым ауылдықтар үшін отын мәселесі қиын болып тұр. Мысалы, жалға алған шабындық жерден шөп шауып, жинап алу үшін бізге жыл сайын шамамен 1 тоннадай дизель отыны керек. Ал қазір оның бағасы 300 теңгеге дейін барады. Облыс орталығындағы сұйық отын құю бекеттері талонмен ғана өткізіп жатыр, – дейді көктөбелік тұрғын Серік Нұрманов.

Ал Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов тапшылықтың туындауына транзиттік жүк көліктерінің дизель отынын еліміздің аумағындағы бекеттерден алуы және «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-ның жөндеу жұмыстарына байланысты жұмысын тоқтатуы себеп болғанын айтады. Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ елдегі дизель тапшылығының туындауына байланысты «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның жөндеу жұмыстарын күз айларына шегеру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген.

Аталған зауыттың бас дирек­торы­ның орынбасары Саятай Әліпбаев­тың мәліметінше, қазір қондырғылар тек­серіліп, сынақтар өткізілуде. Мұ­най­ды қайта өңдеудің негізгі құрыл­ғы­ларын жөндеу жұмыстарын жаңбырсыз ауа райында жүргізу керек. Қазіргі уақытта зауытта жанар-жағармай жеткілікті. Қорда 50 мың тоннадан астам бензин, 5 мың тоннадан астам әуе отыны мен 34 мың тоннадан астам дизель бар. Зауыт күніне 4 мың тонна дизель отынын шығарады. Мұнай өнімдерінің әртүрлі маркалы автокөлік бен­зині, дизельдік отын, реактивті отын, техникалық күкірт, би­тумның бірнеше түрі, мұнай коксы, техникалық көміртек өн­діруге арналған шикізат қоры бар. «Қазан айында зауыт 121 мың тонна мұнай, 31 мың тонна дизель жанармайын өн­діреді. Зауытта тәулігіне жалпы алған­да, 15 200 тонна мұнай өңделеді», дейді С.Әліпбаев.

Облыстық кәсіпкерлік және индус­т­­риялық-инновациялық даму бас­қар­масы басшысының орынбасары Сағы­ныш Нұр­қым­баевтың айтуынша, биыл зауыттағы жөндеу жұмыс­тары­ның мерзімі екі айға шегеріл­ген: шілде айынан – қыркүйек­ке, кейін қыркүйектен қазан айына ауыстырылған. Жөндеу жұмыстарын шегерудің негізгі себебі – ішкі нарықтағы жанар-жағар­май тұрақтылығын қам­тамасыз ету және егін ору нау­қаны кезіндегі сұранысты өтеу. Өңірде ауыл шаруашылығы өнім­дерін жинау мақсатында диқандарға 21 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен берілген. Фермерлер үшін оның бағасы литріне 164 теңгені құраса, мал азығын жинауға арзандау бағамен 4 мың тонна дизель отыны бөлініпті.

Вице-министрдің мәлім­деуін­ше, еліміздегі дизель оты­ны­ның бағасы Ресейдегі бекеттер белгілеген бағадан – 100 теңгеге, Өзбекстаннан – 70-80 теңгеге, Қырғызстаннан 61 теңгеге арзан екен. Сондықтан көршілес елдер­ге бағыт алған көліктердің барлығы біздің елдің аумағынан жанармай құйып алады. Сол себепті де отынға деген сұраныс 480 мың тон­наға артты. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу кәсіп­ор­ны­ның ағымдағы жөндеуге бай­­­ла­нысты жұмысын тоқтатуы да бағаға әсер еткен. «Енді на­рық­тағы тап­шы­лықты азайту үшін Ресейден 100 мың тонна дизель отынын әкелу мәсе­лесі шешілуде», дейді вице-министр мәлімдемесінде.

Бірақ бұл ақталудың ауыл­дықтар үшін де, қарапайым жүргізушілер үшін де еш пайдасы жоқ, министрлік дизель отыны жетіспеушілігін алдын ала ойластырып, ұсыныс жоба­ларын жасауы керек еді. Еліміз арқылы өтетін шетелдік көліктерге тосқауыл қою­дың басқа жолдарын іздегенде мә­се­ле осылай ушықпас еді. Елі­міздегі мұ­най өңдейтін екі зауыт­тың өндірістік жағ­дайы онсыз да белгілі. Әрине, дизель отыны және басқа да жанар-жағар­май түрлерінің бағасы бір-ақ күнде рет­телмейтіні белгілі. Бағаны сұранысқа сай нарық реттейді. Министрлік те баға­ны белгілей алмайды.

– Бұлай деуге де болмайды. Өйт­кені қалыптасқан қазір­гі нарықтық тең­герім­сіздікті рет­теп, жанар-жағармай жеткізудегі нақты бір іс қажет. Мұның зиянын ауылдықтар да, кәсіпкерлер де көруде. Мемлекет тарапынан қолдау таба алмаған тасымалдаушылар арасында әлеуметтік шиеленіс көбейіп барады. Бір-екі күннің ішінде мұнай баррелі 78 доллардан 82 долларға дейін өсті. Мұнай бағасының өзгеруі сұйық отынның бағасына да әсер етеді, – дейді экономист-ғалым Бекен Тоқтасын.

Сонымен бірге дизельді отын­­ның жетіспеушілігінен жолау­шы­лар та­сымалымен айна­­лысатын кәсіп­орын­дарға авто­бус санын азайтуға ту­ра кел­ген. Екібастұз бен Павлодар қа­ла­­ларының арасында күніне 12 рет жүретін автобустың бір реттік жолына 90 литр жанармай керек. Қазір шағын автобус­тар ғана жолға шығып, басқа бағыттардың саны қысқар­ған. Екібастұз қаласында қоғам­дық көлік­тер тоқтап қалуы да мүмкін.

Әрине, елімізде сұйық отын қоры мол, бағасының тұрақ­ты болуы өте маңызды. Үкі­мет мұнай өнімдерінің кей­бір түрін экспортқа шығаруға шек­­теу жасамақ. Бұл – ішкі нарықт­ы бен­зин, дизель отыны­мен, қа­жетті сұ­йық отынмен қам­та­масыз етіп, оның тап­шылығын болдырмау мақсатында қолға алынған қажетті шара екені сөзсіз. Енді еліміз аумағынан авто­көлік­пен бензин, дизельдік отын түр­лерін экспортқа шы­ғаруға алты айға шектеу қойы­лып, тек көлемі 20 литрден ас­пайтын жеке ыдыстарға құ­йып алуға рұқсат етілмек. Бұл іш­кі нарықтағы бағаны рет­теудің бір қадамы және мұ­най­ға тәуелді кәсіп­орын­дар шы­ға­ратын өнімдердің құнын тұрақ­ты ұстауға ықпал етеді.

– Ең алдымен бұл бастама өз тұты­ну­шыларымыз үшін қажет. Ішкі на­рық­тағы сұраныс толық қамтылса, ар­тыл­ған мұнай өнім­дерін сыртқы нарық­қа шы­ға­руға шектеу де болмай­ды. Қазір­гі басты мәселе – бензин және дизель өндіретін отандық мұнай өңдірушілермен қоса, жекеменшік кәсіп­керлерге де қолдау көрсету. Дизель оты­нының жетіспеушілігі, қым­бат­тауы, басқа да факторлар на­рық­тың көлеңкелі ықпалы, заңсыз мо­но­полиялардың да әсері болуы мүмкін, – дейді Б.Тоқтасын.

Ал павлодарлық мұнай-өңдеу зауы­тындағы уақытша жөндеу жұ­мыс­тары – қажетті жоспарлы шара. Бұл зауыттың технологиялық құралдарының 2021-2022 жылдары кідіріссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Зауыттың жылдық қуаты – 5,1 млн тонна. Оның өнімдері ішкі нарыққа жеткізіледі, сонымен қатар Ресейге, Өзбек­станға, Қытайға, АҚШ-қа, Ни­дер­ландқа, Италияға және Ук­раинаға экспортталады. Зауыт мамандарының мәліметінше, өндіріс жұмысы тоқтатылған кезде ғана газ қауіпті пісіру жұмыстарын жүргізіп, жоғары температура мен қысым­дағы агрессивтік ортада техно­логия­лық жабдықтарды ауыстыруға болады. Бірақ жанар-жағармай мен дизель отыны қорын тиеп-жөнелту зауыт жұмысының тоқтағанына қарамай жалғаса береді. Зауыт жұмысы тоқтап тұр­ған кезде Атырау және Шым­кент мұнай өңдеу зауыттарының жұ­мыс­тары күшейтіледі.

Жалпы, мұнай өнімінің маусымдық тапшылығы жыл сайын қайталанатыны белгілі. Көктемгі егін егу, астық жинау науқандары кезінде мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жүргізуге тоқтайтыны тағы бар.

Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты жеткіліксіз, сон­дықтан төртінші зауыт салу керек деген жоба да алыс­­тап кеткендей. Керісінше, қолданыс­тағы зауыттарға жаңғырту жұмыс­тарын жүргізу ғана жоспарлануда.

Жуырда Мәжіліс депутаттары Үкіметтен отын нарығындағы тең­герім­сіздіктерді жоюға, бағаның өсуі­не жол бермеуге қатысты шаралар қабылдауды сұрап, соның аясында «Мұнай өнімдерінің жекелеген түр­лерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу» туралы заңға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Ал отандық арзан отынның қызы­ғын көрші елдер көріп жатыр. Енді Үкімет Ресейден қымбат отын сатып алмақ. «Арзанға сатып, қымбатқа ал» деген – осы. Еліміздің табиғи ресурстары мұнай өнімдерін қолжетімді бағада жеткізуге, отандық бизнесті қолдауға, шы­ғындарды азайтуға мүм­кіндік беретініне ешкім дау тудырмас. Бұл ішкі нарыққа төмен­детілген бағамен мұнай жеткізетін отандық өндіру­шілерге де қатысты екені сөзсіз.