Спорт • 02 Қараша, 2021

Алпысында – әлем чемпионы

1015 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Португалияның астанасы Лиссабонда дзюдодан ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатында қарағандылық балуан Нәсіпқұл Тыныбаев топ жарды. Алтын жүлде үшін болған тартысты белдесуде ол аустриялық Рейнхольд Курц есімді мықты балуанды тізе бүктіріп, алпыс жастан асқанында әлем чемпионы атанды.

Алпысында – әлем чемпионы

Нәсіпқұл Тыныбаев Шет ауданындағы Ақшатау топырағында 1960 жылы дүниеге келген. Осы жерде балдәурен балалықтың қызығын өткізді, күрестің де әліпбиін туған топырақта жүріп таныған. Аманкеш Азнабаев деген инженер мен мектептегі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Амангелді Райханов ағаларынан үйренген алғашқы әдіс-тәсілдерді әлі күнге дейін ұмытқан жоқ.

Ауыл баласының жасынан қара жұмыс істеп, қайратты болып өсетіні белгілі ғой. Нәсіпқұл да қара күштен кенде болмады. Алайда күрестің алғашқы сабағын ала жүріп, құр ғана күшпен алысқа ұзай қоймасын жақсы білді.

 Бозбаланың бойындағы күреске деген құштарлық осы саланың бар құпиясын білсем деген биіктерге жетелейтін. Қарағанды педагогикалық институының дене тәрбиесі және спорт факультетіне 1977 жылы келіп түскенінде, бірден самбоның үйірмесіне барғаны да сол себептен-ді. Ерғали Темірғалиев секілді білікті бапкерден тәлім алып, самбоның тылсым сырына қаныға түскен.

Арада екі жыл өткенде төккен тердің жемісін тере бастады. Алдымен облыс біріншілігінде жеңіске жетіп, одан кейін 62 кило салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионатында топ жарды. Аузы дуалы мамандардың көзіне түсіп, ел құрама командасының сапына қабылданды. Ұзамай Түрікменстанның астанасы – Ашғабад қаласында өткен жастар арасындағы КСРО чемпионатында өнер көрсетті. Ығай мен сығай жиылған додада жүлде алмаса да, алғашқы бестіктің ішінде болды.

Кілем үстіндегі жолы тым жеңіл болды деп айтуға әсте болмас. Әсіресе төрешілерден көрді көресіні. Әлі есінде, 1981 жылы КСРО чемпионатында мәскеулік атақты балуан, еңбек сіңірген спорт шебері Заки Умяровпен бозкілемде белдескен. Бұл кезде Нәсіпқұл тепсе темір үзетін жиырма жаста-тұғын. Атақ-даңқына қарамай, самбоның хас шеберін астына бүктеп салып, шыңғыртып тұрып «ауырту» әдісіне түсірген. Сонда жаны қысылған Умяров беттің арын белбеуге түйіп, мұның аяғынан қанын ағыза қыршып тұрып тістеп алған еді-ау. Төрешілер көрмеген болды: тіпті әдіске берілген уақытты мезгілінен бұрын тоқтатып, жаны мұрынының ұшына келген Заки сабазды аман алып қалған. Қазір қарап тұрса, сондағысы жеңіске бергісіз жеңіліс екен-ау!

Қолына диплом алған соң, екі жыл әскер қатарында қызмет етті. Қызмет етті деген жай сөз, әрине екі жылды күресумен өткізді. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлерінің спартакиадасында қатарынан екі рет жеңіске жетіп, өз салмағында теңдес қарсылас таппады.

Ел құрама командасының сапында ұзын-саны он жылдай уақыт деңгейін бір мысқал да төмендетпей, бірқалыпты өнер көрсетті. Самбоның сол кездегі Алмас Мұсабеков, Қанат пен Талғат Байшолақовтар, Айтжан Шаңғараев, Ербол Қырғызбаев, Бостан Жаңбырбаев сынды саңлақтарының жанында жүріп, жаман күресудің өзі ұят-тын. Міне, қазақтың осындай қайсар жігіттерінен құралған команда 1984 жылы Украинаның Донецк қаласында өткен КСРО-ның командалық чемпио­натында күміс жүлдені жеңіп алған. Ал бұдан үш жылдай бұрын Киевтегі Бүкілодақтық жастар ойындарында да осы биіктен көрінген еді.

Құрама команда сапында жүрген кезінде Нәсіпқұлдың салмағында бүкіл Одақ бойынша 70-ке тарта спорт шебері, 14 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 7-8 еңбек сіңірген спорт шебері өнер көрсетті. Қазақстанның өз ішінде де қаймықпай қарсы шығатын бәсекелес деген жыртылып-айырылатын. Жастар арасындағы әлем чемпионы Мәден Кәлиеков, сонан соң Сәлкен Жартыбаев сынды мықты балуандар мұның негізгі қарсыластары болды. Міне, осындай кіл мықтының жуан ортасында жүріп, небір байрақты бәсекелерде төртінші-бесінші орындардан төмен түсіп көрген жоқ. Құрама команданың сол кездегі бапкері Григорий Иосифович Бадлерді күні бүгінге дейін құрметпен еске алады.

Жылжып 1984 жыл да жеткен. Балуандықтан біржолата қол үзіп кетпегенмен, жаттықтырушылық жұмысқа ден қоя бастады. Мұның қарымы мен дарынын жақсы білетін ниеттес жандардың қолдауымен Қарағандыдағы Жоғары спорт шеберлігі мектебіне жаттықтырушы болып қызметке орналасты. Сол кезде ғой, жұмысқа жаңа кіріскен Нәсіпқұлға самбодан әлем чемпионы Қанат Байшолақовтың інісі Жанатты әкеліп өзіне тапсырғаны.

Алғашында жүрексінгені рас-тын. Енді ше, мүйізі қарағайдай Диханбай Биткөзов, Марат Жахитов сынды әйгілі бапкерлер тұрғанда, мұныкі бос далбаса болып көрінген басында. Десе де, нартәуекел етіп, іске білек сыбана кіріскен. Бұл баптап салған Байшолақов әуелі КСРО біріншілігін, онан кейін Азия чемпионатын, содан барып Әлем кубогын бірінен соң бірін жеңіп алды. Тағы бір шәкірті Ерден Халилин Қазақстан чемпионатында топ жарып, іле-шала Әлем кубогында қола жүлдеге ие болды. Және бір шәкірті Қыдырбай Әбішев болса, қазақ күресінен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында мерейі үстем болып, ең мықты балуан атанды.

Самбо, қазақ күресінен шәкірт баули жүріп, ақыры 1998 жылы дзюдо күресіне біржолата көшті. Айтпақшы, осы дзюдо күресінен 1985 жылы Семей қаласында өткен Қазақстан чемпионатының финалында күресіп, «Спорт шебері» нормативін орындаған болатын.

Дзюдо күресіне әуел бастан ғылыми тұрғыдан қарап, айрықша әуестікпен оқып-үйренуді бастады. Үлкен іске кірісер алдында өзіне тән байыптылықпен бар мен жоқты безбенге тартып, алдына қойған мақсатын он ойланып, жүз толғанып барып межеледі. Жапондар дзюдоға баланы бес-алты жасынан бастап алады екен, бұл да сөйтті. Марат Баратов, Александр Ширшов деген шәкірттері бір топ баланың ішінен екшеліп шықты. Осы Александр он алты жасқа дейін Қазақстан чемпионаттарында төрт бірдей күміс алды, ал Марат халықаралық жарыста жүлделі болды.

Нәсіпқұл Амантайұлы өзіндік қолтаң­басы қалыптасқан, көздеген мақсаты айқын бапкер. Ізденіп-үйренуден әсте жалыққан емес. Еркін күрес, грек-рим күресі және қазақ күресінен де пайдаға жарар айла-тәсілдерді алуға болады деп есептейді. «Тек, содан дзюдоға нұқсан келмесе болды», дейді ол. Тіпті, бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушы Леонид Тілеубаевқа жиі барып, тәжірибелі бапкерден ақыл-кеңес алып, кейбір мәселелерді талқыға салып отыруды әдетке айналдырған. «Шәкіртіңе өз балаңдай қараған кезде ғана, ісіңнен бір нәтиже шығады», деген оның тұжырымымен келіспеске болмайды.

Нәсіпқұл Амантайұлы – үйдегі бала тәрбиесіне де өте терең мән берген жан. Ұлы Жәнібек әкенің ізін басты. Бүгінде ол дзюдодан ел құрама командасының мүшесі. Қазіргі уақытта Орал қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына да­йындалып жүр. Ал алпыстағы әлем чемпионының көңіл түкпіріндегі көп арманының бірі – Жәнібегі өзінің қолы жетпеген биіктерді бағындырса дейді. Ал өзі болса, келесі жылы Жапонияда тұңғыш рет өтетін ардагерлер арасындағы Олимпиада додасында тағы бір мәрте күші мен бағын сынап көрмекші.