Қазақстан • 03 Наурыз, 2022

Басым бағыттар – жаңа форматта

376 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында өткен жылдың қорытындылары, биылға арналған жоспарлар талқыланды. Отырысқа Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, үкіметтік емес және діни ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің және БАҚ өкілдері қатысты.

Басым бағыттар – жаңа форматта

Отырыста Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров 2021 жылдың негізгі қоры­тындылары мен ведомствоның 2022 жылға арналған міндеттері туралы айтып берді. «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылы ауқымды жұмыс атқарды. Сонымен бірге заман өзгерісіне сай Мемлекет басшысы мен Үкімет министрліктің басым бағыттарын жаңа форматта іске асыруды тапсырды. Министрлік 2021 жылы азаматтық қоғаммен қарым-қатынасқа тың серпін берді. Осы орайда Қазақстанның Азаматтық форумының мерекелік оныншы жиынын ерекше атап өткен жөн. Іс-шара билік пен қоғам диалогінің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Форум барысында үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес және жалпы азаматтық сектор өкілдерінен мыңнан аса ұсыныс пен ұсыным келіп түсті», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, 2021 жылы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға түзету­лер енгізілді. Заң қоғамдық кеңес­тер­дің өкілеттіктерін айтарлықтай күшейтті. «Мәжіліске қоғам өкіл­дерімен талқылаудың барлық кезеңінен өткен «Қоғам­дық бақылау туралы» заң жобасы енгізілді. Үкіметтік емес ұйым­дарға грант беру ережелеріне өзге­ріс енгіздік. Халықтың сұра­нысын ескеріп, оны алғаш рет жал­пы талқыға салдық», деді А.Омаров.

2021 жылы «Үкіметтік емес ұйымдар Академиясы» жобасы жалғасын тауып, соның аясында былтыр 800-ден аса азаматтық сектор өкілі оқытылғаны мәлім болды. Жалпы, министрлік Үкі­меттік емес ұйымдармен бірге түрлі жобаларды іске асырып жатыр. Жыл сайын республика бойынша әлеуметтік маңызы бар 2 мыңға жуық жоба қолға алынады екен.

А.Омаров өз баяндамасында 2022 жылы министрліктің барлық бағыты бойынша жұмыс ақпарат саласын дамыту және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге бағыт­талатынын атап өтті. Осы­лайша, ол 2021 жылы өткен Қазақ­станның X Азаматтық форумы­ның қорытындысы бойынша ҮЕҰ, БАҚ, бизнес және жалпы азаматтық сектор өкілдерінен 1000-нан аса ұсыныс пен ұсы­нымдар келіп түскенін атап өтті. Министрдің айтуынша, қоғам­нан келіп түсетін барлық сындарлы ұсыныс назардан тыс қалмайды және олар министрлік пен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан егжей-тегжейлі зерделенеді.

Министрлік биыл азаматтық қоғамды дамыту тетіктерін жетіл­діруге басымдық беріп отыр. Ең алдымен, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру тетіктері жетілдіріледі. Тиісті заң жобасы әзірленген. Құжат үкіметтік емес ұйымдар мен халықтың қалауына сай келетін өзекті жобаларды ғана іріктеуге мүмкіндік береді. Осылайша, өзекті мәселелер нақты шешілмек.

Екіншіден, қоғамдық кеңес­тер жұмысының сапасын арттыру жоспарланып отыр. Осы мақ­сатта үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық белсенділер, БАҚ кеңінен тартылмақ. Сөйтіп мем­лекеттік органдар мен өңірлер әкім­діктерінің қоғамдық кеңес­тері құрамы жаңартылмақ. «Үшін­шіден, қайырымдылық пен во­лонтерлікті ынталандыруға және дамытуға екпін береміз. Осыған байланысты тиісті заң жобасын ұсындық. Заң қабыл­дан­ғаннан кейін көтермелеу квоталары көбейеді. Осылайша, жұмысқа орналасқан волонтерлер саны айтарлықтай артады. Жалпы, биыл түрлі форматтағы 20 мыңнан аса іс-шара өткі­зуді жоспарлап отырмыз. Төр­тін­­шіден, ауылдық үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық бел­сен­ділердің бастамаларына 50 ша­ғын грант беруді жоспарлап отыр­мыз. Яғни жергілікті қоғам­дастықты жұмылдыру, ауыл бастамаларын дамытуда көш­бас­шыларды анықтау және ауыл тұр­ғын­дарының цифрлы және қаржылық сауаттылығын арт­тыруға ба­ғытталған ша­ғын гранттар конкурсы ұйым­дас­тырылады», деді министр.

А.Омаровтың айтуын­ша, ақпараттық сала – министрлік қызметінің маңызды бағытының бірі. 2021 жылы министрлік құқығы бұзылған журналистердің құқығын қорғау регламентін қабылдады. Құжат қоғам өкіл­дерімен, бұқаралық ақпарат құрал­дарымен және тиісті органдар­мен бірлесіп мұқият талқы­ланған. Министрдің айтуынша, журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары бекітілді. Саламатты өмір салтын насихаттайтын әлеуметтік жарнамаларды отандық телеарналарда көрсету қағидалары нақтыланды. Цифрлы телерадионы енгізу жобасын іске асыру жалғасты. Бүгінде 11 өңір цифрлы телевизияға толық көшкен. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында 73 медиа жоба іске асырылды.

А.Омаров Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы отандық телесериалдар, деректі тарихи фильмдер өндірісін ұлғайтуға ден қойылғанын атап өтті. Телеарналардан Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбаев секілді ұлт зиялылары туралы сериалдар көрсетіліп, көрермен көзайымына айналды. Әлеуметтік маңызы зор жобалардың арасында «Balapan» телеарнасы жанынан ашылған Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебінің жұмысын айтуға болады. Бұл жобаның іске асырылуы биыл да өз жалғасын табады.

Министр өз сөзінде қоғамдық сананы жаң­ғырту саласында ал­ты негізгі бағыт жатқанын атады. «Былтырдан бастап бағдар­лама өскелең ұр­пақ­ты, әсіресе оқушыларды және мек­теп жасына дейінгі балалар­ды тәрбиелеуге басымдық бердік. «Ұлттық тәр­бие», Tiji және Nickelodeon арна­ларының бала­лар контентін қазақ тіліне аудару секілді ауқымды жобаларды жү­зеге асырып жатырмыз. Айтпақ­шы, Tiji және Nic­kelodeon қазақ ті­лінде жақында шығады, тұсау­ке­се­рі өтеді», деді ведомство бас­шысы.

Оның мәліметі бойынша бұл бағыттағы басты басым­дық – «Ұлттық рухани жаң­ғыру» және Жол картасы жобала­рын сапалы іске асыру. «Бұл стра­тегиялық құжаттар Қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті, мемлекеттік тілді дамытуға, ұлттың мәдени кодын сақтауға және ілгерілетуге, жастардың жан-жақты дамуы мен өзін-өзі танытуына бағытталған», деді ол.

Жалпы, биыл да алдымызда мемлекеттің ақпараттық жұ­мысы сапасын, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілетін одан әрі дамыту міндеті тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің ақпараттық жұмысы деңгейін айтарлықтай кө­теру қажет. Осыған байланыс­ты мемлекеттік мекемелердің жұ­мысын БАҚ арқылы бағалау көзделіп отыр. «Биыл БАҚ саласын дамытуды БАҚ және ҮЕҰ өкіл­дерімен кеңінен талқыла­мақпыз. Бұл жұмыс ақпарат саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Ұлттық жос­пары шеңберінде жүргізіледі. 2022-2023 жылдарға арналған оқыту жөніндегі арнайы жоспарды іске асыру жоспарланған. Бұл медиа мамандардың біліктілігін дамытуға, халықтың медиа және ақпараттық сауаттылығын қа­лып­тастыруға бағытталған», деді А.Омаров.

Сонымен қатар мемлекеттік телеарналарды жетілдірудің жаңа тәсілдері әзірленгені мәлім болды. Мәселен, биыл 24 kz мем­лекеттік телеарнасы жаңа форматта жұмыс істеуді бастап отыр. Бұл мемлекеттің ақпарат саясатты тиімді әрі сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Министрлік өкілі 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын да хабарлады. Қазіргі таңда тұжырымдама аясында қоғамдағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін ынта­ландыру және ілгерілету жұмыс­тары жүргізіліп келеді. «Был­тыр 24 желтоқсанда гендер­лік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер құқығын қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өткім келеді. Құжат БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2022-2025 жылдарға арналған бірнеше қарарын іске асыруға бағытталған. Өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалардың уақытша тұруына жағдай жасалған отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Орталықтар құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, тұғын үй сұрақтары бойынша жан-жақты кеңестер береді. Сондай-ақ 2021 жылы «Мерейлі отбасы» конкурсын өткізу ережесіне өзгерістер енгізілді. Еліміздің 17 өңірінен 17 үлгілі отбасы жеңімпаз атанды. Олар туралы роликтер мен сюжеттер БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен таралды», деді министр.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың жаңа тәсілдері туралы айтып берді. Ол ауыл жастарын және әлеуметтік осал жастарды әлеуметтендіру, кәсіби бағдарлау, жұмысқа орналастыру бойынша ұсынылған шаралар туралы мәлімдеді. «Қазір жастар саясатына қызығушылық та, жастар саны да айтарлықтай өсіп келеді. Бұл бір жағынан демографиялық статистика, оның ішінде Президенттің жастар санатына кіретіндердің жасын 35-ке дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына да байланысты», деді вице-министр А.Данилов.

Вице-министр жастар саяса­тының бірқатар жаңа қағидасы әзірленгенін еске салды. «Бірінші кезекте, жастарды объект ретінде қарастыруға болмайды. Жастар – мемлекет үшін ең ма­ңызды
субъект, маңызды ресурс. Жас­тарды объект ретін­де қарауды қойып, субъект ретін­де санасу тәсіліне көшуге тиіспіз. Жас­тардың өзі де мемлекет олармен қандай тұрғыда жұмыс істеуі керек­тігін айтып, сұраныс­тарын жеткізе білуі керек. Бұл өте маңызды мәселе. Екінші ма­ңыз­ды міндет – атаулы жұмыс. Жас­тарға біржақты қарап, жалпы­лама қарым-қатынас орнату аздық етеді. Өйткені әр өңірдегі жас­тардың ұмтылыстары әр түрлі. Сондықтан жастар саясаты икемді, атаулы болуға тиіс», деді вице-министр.

Сонымен қатар «Қоғамдық келісім» РММ қызметі туралы Ғалымжан Құсманғалидің өз баяндамасында этносаралық қаты­настарды дамыту саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

Сондай-ақ негізгі спикерлер арасында азаматтық қоғам өкілдері Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Қазақстан Интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров сөз сөйледі. Олар Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы өзекті мәсе­ле­лерге тоқталып, өздерінің нақты ұсыныстарын айтты.