Мұны лаңкестер мен қылмыскерлер жақсы білді және ұтымды пайдаланды. Бұл – ақиқат. Айдың жартысы – жарық, жартысы – қараңғы болатыны сияқты тәуелсіздік жылдарында орын алған осы ақиқатқа да тарихи бағасын объективтілік тұрғысынан беру керектігіне Президент Қ.Тоқаев көңіл аударды. Ол Н.Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайтындығын айтып, тарихқа қиянат жасамау керектігін біздің тарихымызда алғаш рет көтерді. Бұған дейін, әсіресе, Кеңес заманында, мемлекеттің іргесін қалаған, оны нығайтуға зор үлес қосқан барлық мемлекет басшылары датталып, жаңа басшылар соларға қара күйе жағу арқылы мансапқа қол жеткізіп отырды. Мұның одан кейінгі кезеңдерде де орын алып, әлемде бей-берекетсіздіктің орын алып отырғанына куәміз. Мұндай жерде сабақтастық қайдан болсын. Алдыңғылардың істегенінің бәрін теріске шығару, бәрін «қайтадан бастау» ең оңай жол. Өткендікіне жауап бермеу, жауапсыздық
тудырды. Нәтижесінде, мәселелер жинақталып, іс насырға шауып, қоғам тұралап қалып, тіптен кері кетіп отырды десек те болады. Сондықтан бұрынғыны көксеп, бүгінгі өмірге үйлесе алмаушылықты болдырмас үшін Елбасының қызметіне əділ бағасын берген жоқ. Өйткені дәл осы кезеңде тəуелсіз Қазақстанның негізі қаланды. Алғашқы жылдары қаншама қиындықтар еңсерілді. Ол – дау тудырмайтын шындық.
Алайда тәуелсіз мемлекет құру үдерісі барысында жіберілген қателіктерге жеткілікті түрде көңіл аударылып, оған деген әділ бағаның берілмеуі оларды түзетудегі немқұрайдылық пен жауапсыздыққа әкеліп соқты. Бара-бара бұл әдетке айналып, жасандылық пен сапасыздық, жалған мәліметтер мен «жағымды» есеп беру істің мазмұнынан гөрі оның сыртқы көрінісіне басымдық беріліп, ол мемлекеттік басқару жүйесіндегі үйреншікті іске айнала бастады. Тесік суда білінер деген, міне, осы. Халықтың нақты өмір-тұрмысы ауқымды есептерде «жақсарғаны» соншалық, тіптен олардың мұң-мұқтажы мен мүдделері екінші қатарға кетіп қалды. Осының кесірінен туындаған мәселелер сөзбұйдалыққа салынып, жылдар бойы өз шешімін таппай келді.
Иә, Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет. Бірақ бұл саяси тәжірибе біржақты қаралмауға тиіс. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қаңтар оқиғасының үлкен сабақ болғанын ескертіп, тиісті қорытындылардың жасалатындығына баса назар аударды. Қазір елімізде қабылданып жатқан саяси шешімдер − соның дәлелі бола алады. Мұны әділеттіліктің орнығуының басы, Жаңа Қазақстан құру ниетіміздің дұрыстығының нышаны деп бағалаған жөн.
Халықта «Дос таппаған ер азар, басшы бақпаған ел азар» деген бар. «Қағанын сатқан халықты тәңірі де жаратпайды», «хан қасында ақылды би болса, қара жерден кеме жүргізеді», «уәзір мұрындықты теріс тартса, кең дүниең тарылар», «басшылары мықты болып, қосшылары күпті болған көш мықты көш емес», «талай бөрінің түбіне түлкі жеткен» деген ата-бабаларымыздың пікірлерін де ескерген абзал. Осының барлығы бұрынғы олқылықтар болғанымен ол – біздің тарихымыз. Өткен өмірді қайтара алмасақ та, өткеннің құрметтісін құрметтей білмеген елде болашақ жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Бəріміз тарихтан сабақ
алуымыз керек. Біздің мақсатымыз – еліміздің болашағы, өскелең ұрпақтың қамы туралы ойлау» деп, ақиқат айтылғанда ғана әділдіктің орнайтындығының үлгісін көрсетіп берді. Бұл қоғамның жаңғырып, өмірдің оңалуына жол ашады.
Тарихатты білмегендер адалдық жолымен жүре алмайды. Ал өткенің туралы ойлағаның – бүгініңнің қамын жегенің. Кешегіні ақтау да, қаралау да бүгінгінің мақсаттарынан туады. Әрине, бұл жағдайдың төңірегінде сұрау – оңай, ал оған жауап берудің қиын тұстары көп-ақ. Халқымызда «распенен таласпа» деген бар. Сонымен бірге әділдік көптің мүддесі болғанымен өмірдің мүмкіндікке бағынатынын да естен шығармаған маңызды. Ендеше, бізге қисынсызға нанбайтын сыншылық көзқарас қажет. Иә, жұрт әділ болмай, елдің ісі оңға баспайды. Ал әділдік жоқ жұртта береке-бірліктің де болмайтындығы белгілі. Тілегі ақтың ісі хақ болады деген ақиқатты ескермесек, қиянатқа ұрынамыз. Егер кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгіміздің көңіліне қарамасақ, ертеңгілерді қайдан қарық қыламыз. Ендеше, өткен іске өкінген өмірдің зая кеткен өмір екенін түсінген дұрыс. Олай болса, өткенді қуғанды қойып, қазіргіні жөндеуге жөн іздеген абзал. Өйткені сенім жоғалған жерде өмір сергелдеңге айналады. Тек ұждан ғана екі өмірдің азығы болатынын ұмытпайық, ағайын.