Қазақстан • 09 Наурыз, 2022

Көрнекті ғалым Марат Барманқұловтың туғанына – 85 жыл

905 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл белгілі журналист, көрнекті ғалым Марат Барманқұловтың туғанына 85 жыл. Мерейтойға орай өзі еңбек еткен Әл-Фараби атындағы университетте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Көрнекті ғалым Марат Барманқұловтың туғанына – 85 жыл

Марат Барманқұлов – еліміздегі журналистика ғылыми мектебінің негізін қалаған, ұлттық телерадио хабарларын таратуға елеулі үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиелеген ғалым. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде 35 жылдан астам уақыт қызмет етті.

Мерейтойға орай ұйымдастырылған «Журналистика баршаға: медиа және технологияның жаңа буыны» атты ғылыми конференцияда қатысушылар отандық және әлемдік журналистикасының дамуын талқылады. Көрнекті ғалымның шәкірттері, жас ғалымдар Барманқұловтың зерттеулері бүгінгі заманда да өзекті екенін атап өтті.

Журналистикаға ерен еңбек сіңірген Марат Барманқұлов – бұқаралық коммуникация, мәдениеттану және түркітану бойынша көптеген кітаптардың авторы. «Жалпыға арналған журналистика», «Телевизия мен радиодағы репортаж», «Телевизия: Бизнес әлде билік?» атты кітаптары қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ ол түркі әлемін жіті тануға талпынды. Бұл бағытта көп жыл ізденіп, «Түркі дүниесі», «Алтын баба» деп аталатын тарихи-танымдық еңбектерін жарыққа шығарды.

– Бізде Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев осы қатарда тұратын үлкен ұлы ұстаздардың бірі – Марат Кәрібайұлы Барманқұлов. Биыл бұл кісінің 85 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Біріншіден, кейінгі ұрпақ үшін, бүгінгі жастар үшін, студенттер үшін үлгі-өнеге боларлық дүние, – деді журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев.

Конференция барысында қазақ журналистикасының дамуы, БАҚ технологиялары мен тенденциялары, жаңа медиа мен цифрлық дәуірдің қиындықтары, ақпараттық мәдениет, БАҚ кадрларын даярлау мәселелері, профессор М.К.Барманқұловтың шығармашылығы, зерттеулері және мұралары бойынша ғылыми еңбектер қабылданды.

Журналистика факультетінде Марат Барманқұлов атындағы арнайы аудитория бар. Оның кітаптары студенттердің оқу бағдарламасына енгізілген. Алдағы уақытта ғалымның жақындары мен әріптестері оның мұрасын жинақтап, көп томдық кітап етіп шығаруды көздейді.