Экология • 30 Мамыр, 2022

Шортанды – су теңгерімі бойынша зерттеу нысаны

530 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жер жаннаты – Бурабайдың көркем де келісті, айшықты да ажарлы келбетіне айрықша әсем шуақ дарытып, сұлулығын үстейтін, тостағанға құйғандай толықсып жатқан күміс көлдері екені даусыз. Бір әттеген-айы, тамаша табиғатты уақытында аялай білмейтініміздің, бардың бағасын байыптай алмайтынымыздың кесірінен Шортанды мен Айнакөл тәрізді әлденеше айдындардың су қоры жыл өткен сайын азайып келеді.

Шортанды – су теңгерімі бойынша зерттеу нысаны

Сулы, нулы Көкшеде, кең кө­сілген Қорғалжын даласында ай­дын шалқар аз емес. 1959 жылы жарық көрген «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын жинақта бір ғана Көкшетау өңірінде үлкенді-кішілі 1 515 көл бар екені тайға таңба басқандай етіп жазылған. Мамандардың есептеуіне қарағанда, сол қисапсыз көлдердің

1 320-сының суы тұщы болған екен. Дәл қазір соқаның тісімен жоны жараланып, жотасы жермен-жексен болған далада қанша көлдің қал­ғанын ешкім тап басып айта алмайды. Міне, табиғатқа деген көз­қарасымыз осындай.

Өзгесін былай қойғанда, халық­тың көз алдындағы, курорт­ты өңірдегі көл­дер де адам қолымен жасалатын кесапатты тартып отыр. Таяуда Назарбаев уни­верситетінің постдокторанты Маржан Бай­ғалиеваның Шортанды көлін зерттеп, су балансының моделін жасағаны туралы естігенімізде жанашыр жандар бар екен ғой деген үміт оты лаулағанын несіне жасырамыз. Табиғат жанашыры туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Ол 2013 жылы Дублин университетінің колледжінде магистр дәрежесін алды, ал 2021 жылы Ноттингем университетін географиялық инфор­ма­тика саласындағы PhD дәре­жесімен тәмам­даған. «Бола­шақ» халықаралық және Назарбаев университетінің «Та­лап» стипендияларының иегері. Докторлық диссертациясын дайындау барысында «Бурабай» ұлттық табиғи паркінде ор­налас­қан көлдерге арналған су теңге­рімін әзірлеумен айналысқан.

Ғалымның айтуына қарағанда, арнайы жоба аясында іргелі гидро­логиялық байланыстар негі­зінде Шортанды көлінің су балансының жаңа моделі әзірленді. Бұл мо­дельде көлдің бір тәуліктің ішінде өсімдіктердің суды буландыруы, қар суы мен жауын-шашын мөлшерін есептеу арқылы көлдегі су деңгейі мен оның көлемі ай сайын таразыланады. Сонымен бірге модельде антропогендік суды тар­тудың болжамы да бар екенін айта кеткен жөн. Баланс моделі жаһандық температураның өсуіне де байланысты.

Жалпы, көлдерді жазық дала­лық және таулы қыратты көлдер санатына саралап, екіге бөлуге болады. Бір ерекшелігі, сайын дала төсіндегі шағын көлдердің суы негізінен тайыз болып келеді, жан-жағынан келіп қосылатын ағынды су жоқ. Сол себепті құр­ғақшылық жайлаған жылдары дала көлдерінің тартылып қалуы жиі кездеседі. Ғалымдардың есе­біне қарағанда, қырық күн шіл­деде судың буға айналып ұшып кету мөлшері бір жылдық жиналған судың 70-80 пайызына дейін жетеді. Ал таулы-қыратты жерлердегі көлдер дала көлдеріне қарағанда біршама терең әрі суы молдау. Міне, осындай көлдердің қатарына Бурабай баурайындағы айдындарды жатқызуға болады. Әйтсе де, уақыт өте келе бар­хан таудың баурайындағы күміс көлдер де адам қолымен жа­салған қиянаттың салдарынан тартылып, суы азаюда. Себебін айта кетелік, көл суы негізінен бұлақпен қоректенеді. Жағалауға жақын, көлге иегін артып салынған құ­рылыс қаншама?! Осының барлығы та­биғи су жыл­ғаларын бітеп, бұлақ көз­дерін жауып тастады. Қоректенбеген көл­­дің келешегі жоқ. Көкшетаулық ғалым Айт­қажы Қазбековтің зерттеу жұ­мы­­сын­да 1960-жылдардағы жағ­дай­мен сал­ыс­тыр­ғанда, Шор­танды көлінің деңгейі ша­ма­мен 7 метрдей төмен түскені айтылады. Бағзы жағалаудан бір шақырымға дейін алшақтап кеткен. Өткен ғасырдың ба­сында өмір сүрген, Бурабайдың адам ая­ғынан азбай тұрған кезінде, таза, саф уа­қытында ат ізін салған белгілі саяхатшы В.Семеновтің есебінде Шортанды кө­лінің ұзындығы 7 верст, ені 5 верст, терең­дігі екі аршын болғандығы туралы мәлі­мет бар. Егер ежелгі ұғымды қазіргі өл­шемге қотаратын болсақ, 1 верстің – 1,0668 шақырым екені белгілі. Демек Шор­танды көлі әу бастағы көлемінен көп кіші­рейген.

Маржан Байғалиеваның пікі­ріне сүйенсек, көл тағдыры қыл үстінде тұр­ғанға ұқсайды. Әрине, Бурабай бау­райын­дағы күміс көл­дер еліміздің басты туристік аймағы екені белгілі. Заманында балығы тайдай тулаған Шортанды көлі Щучье қаласынан тайшаптырым жерде ғана. Осы өңірге ат ізін салған жанның Шортандыға соқпай кетуі мүмкін емес. Жал­ғыз адам аяғы ғана емес, суға қажеттілік осы көлдердің есебінен өтелген. Кейін көл суының бірте-бірте тартылуына себеп болды. Ұзақ уақыт бойы Щучье қаласын сумен қамтамасыз ету үшін жерасты және жерүсті сулары пайдаланылды. 2000 жылы «Бурабай» ұлттық паркі құрылғаннан кейін туризм саласы бұрнағы жылдармен салыстырғанда, біршама қарқынды дамып, суға деген сұ­раныс өсе түсті. Міне, сол уа­қыт­тан бері Бурабай, Шор­танды, Үлкен және Кіші Шабақты, Май­ба­лық көлдері тартыла бастады. Көл суын пайдалану 0,5 млн текше метрден 3 млн текше метрге дейін жетті.

– Бурабай көлдерін басқару стратегиясы әлденеше рет өзгеріске ұшырады, – дейді М.Байғалиева. – келешекте гидро­логия­лық модельдер арқылы көлдердің құрғау себебін анықтай аламыз. Басқару стра­тегиясы арқылы жойылып ке­туіне жол бермейміз.

Жас ғалымның пайымдауынша, кө­гілдір көлдердің көпшілігі тартылып қалған өзен жүйелерінен түзілген екен. Жалпы, апаттың тен­денциясы XIX ға­сыр­дың со­ңын­да басталған. Айталық Бу­рабай, Үлкен және Кіші Шабақты мен Қотыркөл көлдері бір су алабына тиесілі. 1930-1940 жылдар­дағы алапат құрғақшылық ке­зінде су деңгейі қатты өзгеріске түскен. Сол себепті қазір Бура­бай көлдері эндорейлік көл санатында. Эндо­рейлік көлдер қоршаған ортаның кез келген өзгерісіне және адамдардың араласуына өте сезімтал болып келеді.

– Еліміз үшін су ресурстары өте қажетті, – дейді М.Байғалиева. – географиялық орналасу ерекше­ліктеріне байланысты көптеген өзен трансшекаралық ресурс­тар болып табылады. Бұл арада жер­гілікті көлдерді бақылау мен сақтау өте маңызды екенін айтқым келеді. Бүгінде ғылыми гранттар арқылы су ресурстарына бірқатар зерттеу жасалып жатыр. Алайда елімізде гидролог мамандар тапшы. Сондай-ақ су ресурстарын сақтап қалу үшін гидрологиялық модельдерді жетілдіру қажет. Бұл үшін бірқатар климаттық дерек керек болады. Қазіргі кезде мұн­дай деректер қолжетімсіз немесе толық емес. Менің ойымша, кли­матты бақылау жүйелерін же­тіл­діріп, мұндай деректерді қол­жетімді ету қажет.

Шортанды көлін зерттеген жас ғалым­ның пайымы осындай. Енді өз тарапымыздан бір ауыз пікір қосалық. Бурабай баурайындағы күміс көлдердің ішіндегі ең тазасы – Әулиекөл. Қазір кейбіреулер бұл су айдынын Бурабай көлі деп те атайды. Ең өкініштісі, Әулиекөлдің де су қорының азайып бара жатқандығы. Әрі көл табанында жылдар бойы жинақталып қалған өркеш-өркеш шөгінділер орасан зор зиянын тигізіп отыр. Көлдің оңтүстік жақ бөлігінде өте қалың қабат пайда болған. Әне бір жылдары көл жа­ға­лауында су өсімдіктері қаулап, қа­лың болып өсіпті. Кейін ол өсімдіктер шіріп, бірте-бірте көлдің табанына шөге бастаған. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, табиғаттың дидарына кіреуке түспей тұрған ертерек уақытта Иманай мен Сарыбұлақ ағындылары Әулиекөлге құйы­лып, күміс көлдің суы жыл сайын молайып отырса, кейінгі жылдары бұл өзендер бірте-бірте тартылып, ағысынан жаңылған. Ма­мандардың айтуына қара­ғанда, көл қабағының кемуі, судың тартылуы осы себепке байланысты. Енді не істемек керек? Қарапайым қисынға сал­сақ, ең алдымен сыздықтап құйылып тұрған қос өзеннің аңғарын тыңғылықты тазартып, көктемгі еріген қар суы­мен, жазғы жаңбыр суының ысырап болмай, көлге жететіндей жағ­дайын жасау керек. Екінші мәселе, бір кезде жамырай, жарыса аққан бұлақ суларының бітелуі. Әрідегі себебін ақтарсаңыз, тың және тыңайған жерлерді игерудің табиғатқа тигізген залалы. Бурабай баурайындағы жауын және қар суы жиналатын еңіс-ойпаттар жоспар қуалаудың кесірінен жаппай жыртылып тасталды. Сөйтіп табиғаттың өзі қалыптастырған су ағындарының байырғы жолы бұзылды. Енді жалғыз Шортанды көлін ғана емес, аймақтағы бар­лық ақ айдынның ахуалын мұ­қият зерттеген жөн. Барлық ке­лең­сіздіктің тамырын анықтап, бастапқы қалпына келтірсек, бір ғасыр бұрынғы қалпына қайта келер еді. Рас, ел үміт еткен жобалар жасалды. Әне бір жылы көл түбін тазалау үшін жарияланған тендерді Германияның атақты фирмасы да жеңіп алған. Табиғат жанашырлары бір жақсылық болар деп үміттенген. Бірақ қыруар қаражат аққан судай белгісіз ба­ғытта жоғалып кетті.

Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген сауал көпшілікті қатты тол­ғандырып отыр. Сондықтан көл тағдыры көптің көкейін­де, оның ішінде де жанашыр билік­тің жадында жүрсе, жақсы болар еді.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы