Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Телефон алаяқтығынан сақ болу қажет
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бизнес процестердің реинжинирингіне қатысты реформалар
1 300-ден астам мемлекеттік қызметтің жаңа тізімін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
«Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтердің 93%-ы онлайн түрде қолжетімді, бірақ кейбір мемлекеттік органдарға бұл жұмысты әлі де жетілдіру қажет. Осы жаңа бастаманың негізінде автоматтандырудың жетілдірілген метрикасын енгізудеміз», деді Б.Мусин.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, проактивті және толық автоматтандырылған қызметтер санын, яғни адами факторсыз құрылатын қызметтер 6%-ды құрайды.
Министрлік жүргізген талдау мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі, яғни адами фактормен құрылатын қызметтердің саны шамамен 85%-ды құрап отырғанын көрсетті.
Баяндама барысында ведомство басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізіп отырған маңызды әлеуметтік қызметтерді проактивті форматқа көшіру жөніндегі ауқымды жұмыс жүріп жатқанын айтып берді.
Бүгін электронды қызметтер саны бойынша, жалпы оң өзгеріс байқалады. EGov Mobile мобильдік қосымшасында да электронды қызметтерді пайдалану 2 есеге артқан.
Жыл соңына дейін ең танымал 20 мемлекеттік қызметті сыртқы платформаларға шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ SMS арқылы заңсыз тіркелу мәселесі шешілді. Байланыс орталығының күту уақыты 5 минуттан 20 секундқа дейін қысқартылды.
Сонымен қатар ведомство басшысы азаматтарды құжаттандыру бойынша адами факторсыз ұсынылатын, жаңа перспективалық жобаны іске асыру жайлы айтты. «Видео ЦОН» жобасы аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2025 жылға дейін азаматтарға консультация және қызмет көрсетуді осы тәсіл арқылы ұсынуды жоспарлап отыр. «Біз ХҚО-да QR арқылы БАЖ-дарды төлеу мүмкіндігін енгіздік. Нәтижесінде, 5 ай ішінде азаматтардың қаражаты 205 млн теңгеге үнемделді. Айта кетейік, барлық БАЖ-дарды QR арқылы төлеуге өткізген жөн. Өз кезегінде бұл азаматтардың қаражатын үнемдеумен қатар, көлеңкелі экономиканы жоюға тағы бір қадам жасауға мүмкіндік береді», деді Б.Мусин.
Fintech пен онлайн банкингтің дамуы туралы Kaspi банкінің басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе айтып берді.
Оның айтуынша, 2021 жылы 7 млн-нан астам қазақстандық – Kaspi.kz қосымшасындағы Мемлекеттік қызметтер бөлімінің пайдаланушылары. Әрбір үшінші автомобиль онлайн тіркеуден өтеді, 2021 жылы 286 мың көлік тіркелген. «Kaspi.kz 446 млрд салық төледі. 2 млн қазақстандық цифрлы құжаттарды пайдаланады. 500 мың әлеуметтік шот ашылып, 66 мың жеке кәсіпкер тіркелді», деді М.Ломтадзе.
Kaspi басқарма төрағасы атап өткендей, кәсіпкерлермен жұмыс аясында олар үшін арнайы карталармен де, QR арқылы да төлем қабылдайтын заманауи төлем терминалдары әзірленді. «Біз елдегі кәсіпкерлерге 276 мыңнан астам төлем терминалын тегін ұсындық. Бұл сауданың қолма-қол ақшадан қолма-қол ақшасыз саудаға көшуіне арналған бірегей платформа жасады. Нәтижесінде, Қазақстанда қолма-қол ақшасыз сауда айналымы қарқынды өсіп келеді және 2021 жылы 8,4 трлн-нан астам соманы құрады, өсім 85%, бұл әлемдегі ең жоғары өсу қарқынының бірі болып табылады», деді М.Ломтадзе.
IT саласын дамыту туралы «Террикон алқабы» ІТ Hub дамыту жөніндегі директоры Александр Дорошенко баяндама жасады.
А.Дорошенконың айтуынша, соңғы уақытта Нұр-Сұлтанда және Алматыда IT саласының белсенді дамуы байқалады. Бұған елордаға өңірлік кадрлардың көптеп келуі есебінен жасалған барынша қолайлы жағдайлар ықпал етеді. Бәсекеге қабілетті ортасы бар дамыған өңірлер де ел үшін әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізеді және туған қаласында бола отырып, табысты мансап немесе табысты бизнес құруға болады.
«Қарағандыда біз «Террикон алқабы» жобасын қолға алдық, оның міндеті – Қарағанды облысында IT компаниялар қызметкерлерінің санын қазіргі үш мыңнан он мың адамға дейін бес жыл ішінде ұлғайту. Жоба – облыс әкімдігі мен Астана хабтың қолдауына ие болған жеке бастама. Біздің кәсіпкерлер тобы IT хаб құруға инвестиция салды», деді А.Дорошенко.
Талқылауды қорытындылай келе, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткен жылы цифрлы форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтер санының екі есе өскенін атап өтті. Жалпы, бүгінде электрондық форматтағы қызметтердің деңгейі 93%-ды құрайды. Ал қызметтердің 66%-ын азаматтар кәдімгі смартфон арқылы алып отыр. 18 құжат түрі цифрлы форматта беріледі, яғни оларды қағаз жүзінде растаудың қажеті жоқ.
«Электронды қызметтер мен базалардың интеграциясы азаматтардың өмірін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Олар мемлекеттік органдардың есігін тоздырып, қағазбастылыққа салынып, әуреге түспейді. Демек бұл жұмысты одан әрі кеңейте беру қажет», деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы елімізде электронды форматтағы банктік қызмет түрлері жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін банктік қосымшаларда мемлекеттік қызмет сервистері енгізілуде. Оларда ең жоғары деңгейдегі заманауи қорғау тәсілдері, биометрия қолданылады.
Сондай-ақ Премьер-Министр банктер алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткеніне барынша назар аударып, клиенттердің деректерін қорғауды күшейтуі қажет екенін атап өтті.
«Жалпы, отандық ІТ-саланы дамыту, қазақстандық электронды өнімдерді әзірлеу бағытында белсенді жұмыс жүргізу және оларды қолдану аясын кеңейту қажет. Біз инновациялық шешімдерге, оның ішінде халыққа электронды қызмет көрсету саласына қашанда қолдау көрсететін боламыз», деді Ә.Смайылов.
Министрлер кабинетінің басшысы назар аударатын бірқатар мәселе бар екенін атап өтті. Кейбір министрлікте қызметтерді электронды форматта алу мүмкін емес. Оның ішінде, АШМ, ғылым және жоғары білім, ИИДМ, ДСМ және Қорғаныс министрліктері бар. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі бойынша қызметтерді автоматтандыру деңгейі төмен.
Осыған орай ЦДИАӨМ аталған мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 ай мерзімде қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіруге тиіс.
Бұдан басқа, Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге деректерді үнемі жаңартып тұруды, ақпараттық жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуін және олардың уақтылы интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
БАҚ туралы жаңа заң жобасы талқыланады
Үкімет отырысында бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың негізгі тәсілдері қаралды. Бұл мәселе туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров баяндады. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде отандық медиа индустрия белсенді түрде және сапалы дамып келе жатыр. Мәселен, бүгінгі таңда елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген және жыл сайын олардың қатары көбейіп келеді.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының санымен бірге таралу аумағы, белгілі бір этнос тұратын жерде ғана емес, бүкіл республикаға таралатын басылым тілдерінің әртүрлілігі кеңейіп келеді», деді А.Омаров.
Бұл ретте, оның айтуынша, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралының өнімін шығаруды тоқтата тұру немесе тоқтату меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша ғана жүзеге асады. Заңның бұл тармағы БАҚ-тың институционалдық қорғалуын айтарлықтай жоғары дәрежеге көтереді.
Соңғы 5 жылда мемлекеттің қолдауымен 3 500-ден астам сериядан тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Олардың 50-ден астамы Сингапур, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерге сатылды.
«Бұдан басқа, мемлекеттік телеарналар әлеуметтік желілерде ақпаратты ілгерілету бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Мәселен, бүгінде «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарының YouTube арнасы миллионнан астам жазылушысы бар аудитория болған жағдайда берілетін «алтын батырма» марапатының иегерлері болып табылады», деді А.Омаров.
Қазақстандықтардың сенімі мен ақпаратты тұтынудың неғұрлым танымал алаңдарына келетін болсақ, мына статистиканы келтіруге болады:
Internews in Kazakhstan деректеріне сай, қазақстандықтар бірінші кезекте теледидарға сенеді (58,1%), екінші орында – интернет-сайттар (34,3%). Сондай-ақ халықтың жартысынан көбі мемлекеттік медиаға сенеді (51,4%), тек 9,6%-ы жеке адамдарға сенеді.
Министрдің сөзіне қарағанда, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін дамыту және арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 2020 жылдан бастап ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарын іске асыру қолға алынды. Бұл жоспар мемлекет пен медиа саласының жүйелі шешімдерін талап ететін БАҚ саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында әзірленді.
Министрдің айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша мынадай іс-шаралар өткізілді: Мемлекеттік баспа БАҚ-ты қайта ұйымдастыру және оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді; «Тұмар», «Үркер», «Astana Media Week» ұлттық сыйлықтары жыл сайын өткізіледі; медиа саласының қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстары жұмыс істейді; халықтың БАҚ-та мемлекеттік саясатты жария етуге қанағаттану деңгейін айқындайтын әлеуметтік зерттеулер, сондай-ақ маркетингтік зерттеулер жүргізілді; БАҚ саласында бірқатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әзірленді және бекітілді.
Сонымен қатар журналистердің құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктерін әзірлеу және олардың қызмет жағдайларын жақсарту мақсатында журналистерді аккредиттеу қағидасы, журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда олардың құқықтарын қорғау жөніндегі регламент әзірленіп, бекітілді. «Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы аясында берген тапсырмасына сәйкес БАҚ саласындағы салалық заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта журналистік қоғамдастықпен бірлесіп жұмыс тобы құрылды», деді А.Омаров.
Министрлік цифрлы эфирлік телерадио хабарларын таратуды дамыту ісіне көп көңіл бөлуде. Бүгінде Қазақстан халқының 92,43%-ы цифрлы эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтылған. 11 өңір толығымен ЦЭТХТ-қа көшті. Қалған 6 өңірді 2024 жылға дейін көшіру жоспарланып отыр. Шығыс Қазақстан облысында радиотелевизиялық стансасы биыл пайдалануға берілуге тиіс. ЦЭТХТ-қа көшу халық үшін облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда 30-ға дейін, облыс орталығынан төмен деңгейде 15-ке дейін телеарнаны трансляциялауға мүмкіндік береді. «Біз халықтың БАҚ саласындағы мемлекеттік саясатқа қанағаттану деңгейін бағалау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізудеміз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша қанағаттану деңгейі 68,58%-ды құрады», деді А.Омаров.
Министр ақпараттық саясатты тиімді іске асыру мақсатында медиакеңістік мониторингі тұрақты түрде жүргізілетінін айтты. «Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша Үкімет қызметіне жұртшылықтың жоғары қызығушылығы байқалады», деді ол осыған орай.
Министр жұртшылық пен БАҚ өкілдері тарапынан билік жұмысына сынның болу себептерін де талдап өтті. Оның себептерін төмендегідей топтастыруға болады: Біріншіден, мемлекеттік органдар тарапынан БАҚ-та кеңінен түсіндірілуге тиіс тақырыптар бойынша ақпараттар толық берілмейді. Екіншіден, жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ БАҚ-тың ресми сауалдарына жауаптар толық берілмейді; Үшіншіден, БАҚ-қа туындаған мәселелерді түсіндіруге біліктілігі жеткіліксіз спикерлер ұсынылады. «Ақпараттық-түсіндіру жұмысының маңыздылығын ескере отырып, аталған факторлар қоғамның Үкімет қызметін теріс қабылдауына және тұтастай алғанда мемлекеттің оң жетістіктерін нивелирлеуге ықпал етеді», деп түйіндеді сөзін А.Омаров.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Ә.Смайылов қоғамдық пікірді қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Осыған орай мемлекет пен халық арасындағы тиімді байланыс құралы болуы үшін баспасөзге оңтайлы жағдай жасау – маңызды мәселе болып отыр.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және тәуелсіз болуға тиіс екеніне мән берген болатын. «Осыған байланысты әзірленіп жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдістерін ескеруге тиіс. Заң жобасындағы жаңалықтарды үкіметтік емес ұйымдарды, жұртшылықты, сарапшылар мен журналистерді қатыстыра отырып, кеңінен талқылауға шығару қажет», деген Үкімет басшысы құжатты осы жылдың соңына дейін Парламент қарауына енгізуді тапсырды.
Премьер-Министр «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру үшін ашық ақпараттық кеңістікті дұрыс пайдалану, әлеуметтік желілер мен блогосфераның рөлін ескеру де маңызды екенін айтты. «Журналистер қоғамдық бақылау функциясын орындай отырып, биліктің барлық тармақтары жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ете алады. Сондықтан баспасөзбен бірлесе жұмыс жүргізуге нақты қадамдар жасалуы керек», деді ол.
Ә.Смайылов орталық және жергілікті атқарушы органдарға ведомстволардың салалық қызметіне маманданған спикерлердің сапалы пулын құруды тапсырды. Олар мемлекеттік органдардың қызметі туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруға тиіс.
Үкімет басшысының пікірінше, мемлекеттік органдардың ресми өкілдері, баспасөз хатшылары ресми хабарларды берудің жаңа форматына көшуі керек. Оларға кәсіби «құрғақ» тілде жазылған пресс-релиздерді таратумен ғана шектеліп қалуға болмайды. Мемлекеттік органның қызметін әлеуметтік желілерде белсенді жариялап, халықтың сұрақтарына тұрақты түрде жауап беру қажет.
Сөз соңында Әлихан Смайылов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірлескен күш-жігер Үкіметтің жұмысын бұдан да ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.