Саясат • 09 Тамыз, 2022

Мақсат – сапалы білімге қол жеткізу

741 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Бұл мәселе туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев баяндама жасады.

Мақсат – сапалы білімге қол жеткізу

Шәкіртақы көбейтіледі

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағам­бетовтің хабарлауынша, Ұлттық жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2-6 жас­тағы балаларды қамту 88,4%-ды, 3-6 жастағы 99%-ды құрады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа мо­делі енгізіледі. Оқыту шығармашылық пен қозғалыс белсенділігі және ойын ар­қылы жүргізіледі. Ол үшін мемлекеттік стан­дартқа, типтік оқу жоспарларына және бағдарламаларға өзгерістер енгізілді.

Ересек балаларды қосымша біліммен қамту 70,5%-ға дейін (2,4 млн-нан астам бала) ұлғайды, 2022 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 75%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 175 мың мүмкіндігі шектеулі бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте жастан түзетумен қамтылды.

«Алайда 6 облыс өздерінің жоспарларын толық орындамады. Мысалы, былтыр Алматы облысындағы бала­бақшаларда 14 мыңнан астам орын, Алматы қаласында 5 мың орын ашылды. Бұл жақсы көрсеткіш. Ал соларға ұқсас адам көп шоғырланған өңірлер Түркістан және Қызылорда облыстарында тек 1 мыңға жуық орын ғана пайдалануға берілген. Бұл жеткіліксіз. Басқа облыс­тарда жоспардан тыс қосымша орындар ашу мен жоспарды асыра орындау арқылы, мысалы Шымкент қаласында – 170%, Жамбыл облысында – 120%, республикалық көрсеткішке толығымен қол жеткізілді», деді А.Аймағамбетов.

Колледждерге оқуға түсуге бірқатар жаңа­шылдық енгізілді. Олар экономика қажеттілігіне тиісті мамандар даярлауға негізделген. Мамандық таңдауда 9-сынып бітіріп, оқуға түсушілерге кәсіби диагнос­тика енгізілді, нәтижесінде талапкерлер мамандық таңдау бойынша ұсыныстар алады.

Биыл жыл соңына дейін 34 мың балаға арналған 322 балабақша ашу жоспарлануда. Алғашқы 6 айдың қорытындысы бойын­ша 12,9 мың орындық 140 бала­бақша ашылды.

Қамтумен қатар балабақшалардың бағдар­ламаларын жаңарту бойынша жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Бұл ерекше маңыз­ды бағыт. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі және жаңа мем­лекеттік стандарт бекітілді.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық жобаны іске асыру аясында жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту, халықаралық аккредиттеуден өткен заманауи білім беру бағдарламаларын енгізу, шетелдік әріптестермен академиялық алмасуларды кеңейту, олардың басқару­шылық дербестігін кеңейту және т.б. бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлады.

2021-2022 оқу жылына контингенттің жалпы саны 623 839 адамды құрады. Барлығы – 120 ЖОО. 2021 жылы түлектердің жұмысқа орналасуы 68,9%-ға тең болды. Профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны – 36 мың адам.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес гранттар саны 2020 жылы 65 мыңнан 2022 жылы 88 мыңға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ студенттердің стипендиясы да артып келеді. Бакалавриат студенттеріне 36 мың теңге, докторанттарға 150 мың теңге қарастырылған. 2025 жылға дейін студенттердің стипендиясы 2 есеге, магис­транттар мен докторанттарға – 1,5 есеге артады», деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Сонымен қатар ол жоғары білім беру саласында мамандарды (92 %) даярлауға басты назар аударылғанын атап өтті, магистратура деңгейінде – 5,8%, докторантура деңгейінде – 0,94% ғана оқиды.

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру» бағыты бойын­ша негізгі көрсеткіш – екі отандық уни­верситеттің QS Халықаралық рейтин­гінің ТОП-200 қатарына кіруі. ЖОО-лардың QS рейтингісіне қатысуының 9 жыл ішінде оң динамика байқалады. Егер 2013 жылы 8 ЖОО қатысса, бүгінде олардың саны екі есе өсті. 2022 жылы аталған рейтингке 16 қазақстандық ЖОО кірді. Оның ішінде ТОП-500 құрамына 5 ЖОО кірді. Олар: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Қ.Сәт­баев атындағы ҚазҰҒТУ, ҚазҰАУ. Топ 200-ге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті енді.

«Бұл қазақстандық жоғары оқу орында­рының қажырлы еңбегінің жемісі. Себебі олар әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарымен қатаң бәсекелестік жағдайында осы жетістіктерге қол жеткізеді. Бұл ретте рейтингке қатысатын жоғары оқу орындары санының тұрақты өсу үрдісін байқап отырмыз», деп атап өтті С.Нұрбек.

Баяндамаларды тыңдаған Премьер-Министр Ұлттық жобаның басты міндеті – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргі­зіліп жатыр. 2021 жылдан бері 674 бала­бақша ашылды. 326 жаңа мектеп пай­далануға берілді. Сондай-ақ 1 436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектептер салу көзделген», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінгенін айтты. Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіпорын колледждерді қамқорлыққа алды. Сонымен қатар жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 филиалы ашылды. Инновациялық бағыттар бойынша шетелдерден 400 оқытушы тартылды. «Жалпы, білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын пысықтау бойын­ша барлық шараны қабылдауды тапсырды. «Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен, өңір әкімдік­терімен бірлесіп, ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайт­сын. Өңір әкімдіктері жастардың жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде колледждерге қабылдауды ұлғайтуды қамтамасыз етсін», деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім минис­трлігіне Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, еліміздің өңірлік жетекші мемлекеттік универ­ситеттерінің базасында Академиялық ар­тық­шылық орталықтарын құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

Қозғалған мәселе шешімін тапқанын көруі керек

Үкімет отырысында орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдар бас­шыларының 2022 жылдың І жарты­жылдығындағы халықпен кездесулерінің қорытындылары қаралды. Бұл мәселе бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың сөзінше, биылдан бас­тап орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының өңірлерге барып, халықпен жүзбе-жүз кездесу өткізудің жаңа тәртібі жүзеге асып жатыр.

Президенттің «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер өткізу туралы» Жарлығы қабылданды. Мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде 2022 жылға арналған орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер кестесі жасалды. Ол барлық орталық атқарушы органдармен келісіліп, Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілді. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі халықпен кездесулер өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі, оларды бұйрықпен бекітіп, мемлекеттік органдардың назарына жеткізді. Ведомство мен орталық атқарушы органдар өзара жедел іс-әрекет жасау үшін WhatsApp мессенджерінде арнайы топ құрылды. Сонымен бірге Жарлық талаптарын ескере отырып, мемлекеттік органдардың халықпен өткізген кездесулері бойынша ақпарат ұсынудың бірыңғай формасы әзірленді.

«Орталық атқарушы органдар басшы­ларының жарты жыл ішінде халықпен кездесулерін талдағаннан кейін мынадай қорытындыға келдік. Орталық атқарушы органдар өңірлердегі кездесулерді ұйымдастырудың алдында осы аймақ азаматтарынан келіп түсетін өтініштерге талдау жүргізеді. Танымал әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған, азаматтарды толғандыратын мәселелер мен посттар есепке алынады. Кездесуге орташа алғанда 500-ге дейін адам қатысқан, кездесулер 3 сағатқа дейін созылып, оның 75% уақыты сұрақ-жауап сессиясына арналған», деді министр.

2022 жылға барлығы 227 кездесу өткізу жоспарланған, оның 55-і бірінші, 172-і екінші жартыжылдықта өтеді. Жыл басынан маусым айына дейін 45 кездесу өткізілген. Министрлер көбіне Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарына барған. Ал Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында кездесулер аз болған.

Министрдің айтуынша, кездесулерді өткізу мерзімін сақтамау фактілері болған. Бірнеше министрліктің бір уақытта бір өңірге жол тартуы кестені бұзып, жергілікті атқарушы органдардың кездесулерді ұйымдастыру сапасына әсер етуі мүмкін.

Тағы бір маңызды мәселе – кездесу­лерді кеңінен ақпараттандыру. Ақпа­рат­тық мониторинг кездесулердің республикалық және өңірлік телеарналар мен баспасөзде, әлеуметтік желілерде кең жарияланғанын көр­сетті. Мемлекеттік органдар өткелі отыр­ған кездесулер туралы аңдатпаларды рес­ми интернет-ресурстар мен әлеуметтік же­лі­лердегі аккаунттарда жариялап отырды.

Ақпарат және қоғамдық даму минис­трінің айтуынша, ведомствоның барлық қажетті ресурстары бар және министрлік әрбір кездесуді жариялауға дайын. Бірақ бұл жұмыс ұжымдық сипатқа ие бо­луға тиіс және жариялауға арналған мате­риалдарға тікелей тәуелді болып келеді.

Үшінші маңызды мәселе – Жарлық талаптарын сақтау. Олар: халықтан сұрақ­тарды алдын ала жинау, онлайн көрсетілім, БАҚ-қа арналған брифинг өткізу, азаматтарды жеке қабылдау, коммерциялық емес ұйымдармен кездесу, проблемалық мәселелер бойын­ша іс-әрекет жоспарын дайындау. «Талдау көрсеткендей, мемлекеттік органдар жалпы Жарлық талаптарын орындаған. Алайда мемлекеттік органдар кездесулердің әлеуметтік желі­­лердегі онлайн-трансляцияларын және журналистерге арналған бри­фингтерді әр­дайым өткізбейді. Кез­десулердің қоры­тындысы бойынша проблемалық мәселелер тізбесі бар іс-әрекет жоспарлары жасалмаған не ашық қолжетімді жерде орналастырылмаған», деді А.Омаров.

Жоғарыда айтылғандарды қоры­тын­дылай келе, министр мынадай ұсыныс­тар айтты: Біріншіден, мем­лекеттік органдар кездесу өткізу кезінде Жарлықтың барлық талабын сақтап, кестеде көзделген мерзімдерді ұстанып және әдістемелік ұсынымдарды орындауы керек. Екіншіден, облыс орталықтарына шығумен шектелмей, аудандарға, ауылдар мен кенттерге баруды да ұмытпауы керек. Министрліктер облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мәселелерді байқап, шешуге мүдделі екенін халыққа түсіндіруі маңызды. Үшіншіден, мемлекеттік органдардың халықпен кездесулерін ақпараттандыруды күшейту. Мәсе­лелерді шешуде мемлекеттік органнан нақты көмек алған азаматтардың жеке оқиғаларына баса назар аудару ұсынылады. Министрлік өз кезегінде, оларды республикалық БАҚ-та жариялау жағынан көмектеседі. Төртіншіден, талдау және мониторинг жүргізу, сондай-ақ Жарлықтың орындалу барысы туралы Үкімет пен Президент Әкімшілігін жүйелі түрде хабардар ету мақсатында өткізілген кездесулердің нәтижелері туралы ақпаратты АҚДМ-ға жолдап отыру керек.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, бірінші жартыжылдықта барлық деңгейдегі әкімдер 594 мың адамның қатысуымен 8,5 мыңға жуық кездесу өткізді. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және экология, жолдарды реконструкция­лау, әлеуметтік инфрақұрылым объек­тілерін салу және т.б. мәселелер көтерілді.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлер мен әкімдердің халықпен кездесулері жаңа форматқа сәйкес «жүзбе-жүз, ашық тілдесу» түрінде өткізілетінін атап өтті. Мемлекет басшысы мемлекеттік орган­дардың азаматтармен диа­логын күшейту үшін жыл сайын халықпен тұрақты кездесулер өткізуді тапсырды. Бұл Жаңа Қазақстанды құру жолындағы басты қадамдардың бірі. Сондай-ақ халықпен кездесулер алдында азаматтардың өтініш­теріне алдын ала талдау жүргізілді, ол проблемаларды неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеуге, әкімдік деңгейінде немесе ведомствоаралық өзара іс-қимыл арқылы оларды шешудің жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді. «Халықпен кездесуден соң барлық деңгейдегі әкімдер проблемалық мәселелерді жүйелейді, ал оларды қаржы­ландыру мүмкіндіктері мәслихат сессияларында қаралады», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде кездесудің жаңа форматына бейім­делмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар да бар. Алайда бұған қарамастан, мұндай шараларға еркін кіру принципі сақталуы керек. «Мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципінің маңыздылығын атап көрсетті. Біз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін де тыңдай білуіміз керек. Адамдарды күнделікті болып жатқан қарапайым мәселелер алаңдатады. Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек», деді Премьер-Министр.

Осыған байланысты орталық және жергілікті органдар халықпен жос­парланған кездесулерді жалғас­тырып, қандай жұмыс атқарылды, басқа мәселелер қалай шешімін табады – соның бәрін нақты көрсету үшін әр кез­десуді кеңінен жариялап отыруы керек.

Министрлер мен әкімдерге халық­пен кездесулердің нәтижелілігін арттыру тапсырылды. Мұнда проблемалық мәселелердің жедел шешілуіне ба­сымдық беріп, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізіп отыру керек.

Сонымен қатар Ә.Смайылов рес­публи­калық және жергілікті бюд­жеттердің жобаларын қалыптастыру немесе нақтылау кезінде халықтың кездесулер барысында көтерген мәселелерін ескеру қажет екеніне назар аударды. Үкімет басшысы министр­лер мен әкімдердің халықпен кездесуін бағалау критерийлерін әзірлеуді тапсырды, олардың нәтижелері Үкіметте үнемі қаралып отыратын болады.