Ұзындығы 363 шақырым болатын бұл жолдың құрылысын өз көзімізбен көріп, жауапты мамандармен сөйлескенде, бұл сұрақтарға да там-тұмдап жауап алдық. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Сырым Хамзин күре жол құрылысына кідіріс болған себептерді былайша жіпке тізіп берді.
– 2020 жылы пандемияға байланысты қиындықтар туындады. Ол кезде мамыр айына дейін блок-бекеттер болды. Өзге қалалар мен шетелдерден келген жұмысшылар кезек-кезегімен 14 күндік карантинге жіберіліп отырды. Соның салдарынан жұмысшы күші жетіспей, жол құрылысының екпіні бәсеңдеді. Одан кейін екі бас мердігердің бірі жобадан шығарылды. Сөйтіп, жұмыстың бар ауыртпашылығы мен жауапкершілігі Қытайдың Construction Co. Ltd. компаниясына артылды, – деді С.Хамзин.
Одан кейінгі проблеманың бірі битум мен дизель отынының жетіспеушілігі болған екен. Дизель отыны демекші, мұндай мәселе биыл да туындауы мүмкін.
– Біздегі техниканың бәрі соляркамен жүреді. Күніне 100 тоннаға дейін жағамыз. Ал енді, таяуда егін ору науқаны басталады. Дизель отынына деген тапшылықтан бәрібір қашып құтылмаймыз, – дейді жауапты маман.
Мұндай тығырықтан шығу үшін бас мердігерлер дизель отыны үшін төлемді алдын ала жасап қойған екен. Осының нәтижесінде үлкен проблема болмауға тиіс дегенге сенгісі келеді мамандар.
«Қарағанды – Балқаш» автобанының құрылысы басталғалы жүргізушілер үшін азапты күндер туғаны рас еді. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, үш жыл бойы 148 шақырым болатын сексенге тарта айналма жолмен шаңға көміліп, салдыр-гүлдір етіп жүру оңай дейсіз бе? Уақытша деп амалдап салынған бұл жолдар талай көліктің түбіне жетті, талай жүргізушінің шашын ағартып, жүйкесін тоздырды.
Әйтеуір, биыл бұл құрылыстың бойында тіршіліктің нышаны байқалды. Қазіргі таңда күре жолдың барлық сегіз телімінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрбір телім бойынша іс-шара жоспары әзірленіп, жұмыс кестесі бекітілген. Мамандардың айтуынша, биыл айналма жолдардың саны 94 %-ға азайыпты. Мұны өзіміз де байқадық: бүгінде 70 шақырымнан астам асфальт төселген. Бұған дейін айналма жолдардың жалпы ұзындығы 148 шақырым болатын еді, қазір оның тоғыз шақырымы ғана қалыпты. Сонымен қатар күре жолдың бойында жасанды конструкциялар құрылысы да қарқынды жүріп жатыр екен. Атап айтқанда, жоба аясында мал айдау, жол өтпелері, көлік айрықтары мен көпірлер сияқты 46 ірі жасанды конструкция құрылысы қарастырылған. Ал қазіргі уақытта бұл жұмыстардың 65 %-ы аяқталыпты. Бұдан бөлек, жол құрылысшылары су өткізгіш 298 құбыр орнатып, ауыл шаруашылығы техникалары өтетін 18 көпір салған.
Аталған жолдың әңгімесі көбейіп тұрған учаскесі Шет ауданының аумағындағы Қызылқой және Нұраталды ауылдары арасында болатын. Қазір мұнда екі жолақ бойымен қозғалыс ашылған. Мұның өзі Алматыға қарай және Алматы жақтан ағылған көліктерге сәл де болса демеу болды.
Жалпы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Сырым Хамзиннің сөзіне құлақ түрсек, құрылыс жұмыстары үш негізгі бағыт бойынша жүріп жатыр. Атап айтқанда, айналма жолдар жойылып, көпірлер мен мал өткелдерін салу бойынша жұмыстар жалғасады және асфальт төсеу де қолға қызу алынған. «Қазіргі уақытта 260 шақырымда қозғалыс қамтамасыз етіліп отыр. Шарт талаптарына сәйкес, құрылыс жұмыстарын толық аяқтау 2023 жылдың соңына көзделген», дейді ол.
Иә, жол құрылысының созылып кеткенін, жүргізуші біткеннің өкпе-назын айта берсе, әңгіме көбейейін деп тұр. Осы туралы ел ішінде онсыз да түрлі қауесет кезіп жүр. Әйтсе де, күңірене бермеген жөн-ау деген ұйғарымға келдік, күре жолдың бойындағы қызған жұмысты көріп. Биыл жол құрылысындағы арнайы техника саны үш есе, ал жұмысшылардың саны төрт есе артты. Нақты айтар болсақ, бүгінде жол салу жұмыстарына 560 бірлік арнайы техника мен 1 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Жол салу бар да, оның ұзына бойын абаттандырып, қызмет көрсету нысандарына толтыру жұмыстарын да ұмытпаған жөн. Мысалы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы басшысы берген мәліметке сай, өңірде бұл саланы одан әрі дамыту үшін 19 демалыс алаңы дайын тұрған көрінеді. Бұл алаңдар болашақта жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандарына айналмақ. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін «Қарағанды – Балқаш» тасжолының бойында әрбір 100-150 шақырым сайын «А» және «B» санатына жататын үш сервис нысаны ашылады.
Жасыратыны жоқ, бұл күнде Қарағанды мен Балқашты жалғап жатқан жаңа жолдың сапасына қатысты ел ішінде қауесет көп. Бәзбіреулер дәл қазіргі уақытта жұмысы қауырт жүріп жатқан жол құрылысының сапалы боларына күмәнмен қарайды. Енді бір жүргізушілер жаңа жол табанының кейбір жерлері қазірдің өзінде төмен түсіп кеткенін айтып жүр. Олардың бәрі мұны асыққанның шаруасы деп есептейді.
Ал жауапты мамандар болса, жол құрылысында мұндай олқылықтарға жол берілмейтініне нық сенімді. Олар жол сапасын бақылаудың өзі бес сатылы жүйеден тұратынын айтады. Мысалы, битумның, топырақтың, қиыршық тастың және басқа да қажетті материалдардың сапасы мердігерлердің өндірістік базаларындағы зертханалар да қатаң тексеруден өтеді. Одан кейін техникалық бақылау бар. Бұл ұйымның сегіз бірдей инженері күн сайын нысанда жүріп, жол жұмыстарының барысын қадағалайтын көрінеді. Бұдан бөлек, авторлық бақылау деген бар. Яғни жобалаушы мердігер жұмысының жобалық құжаттамаларға сәйкестігін тексереді. Сосын бұл жұмысқа «Ұлттық жол активтері сапасының орталығы» араласады. Оның мамандары материалдардың үлгілерін алып, алуан түрлі сараптама жүргізіп, кінәрат біткенді майшаммен іздейді. Ал ең соңында тапсырыс беруші, яғни «ҚазАвтоЖол» компаниясы жол сапасын тексерудің тізгінін өз қолына алады. Кесімді сөзді айтып, түпкілікті шешімді шығаратын да солар.
Сапа демекші, автобан құрылысында бұл мәселеге айрықша мән беріліп отырғанға ұқсайды. Мысалы, тексерушілер Ақшатау кентінің тұсында 80 метрдей асфальт жабынының стандарттарға сай келмейтінін анықтап, мердігерге сол учаскені қайтадан дұрыстап салдыртқан.
Сонымен, үш жыл бойы құрылысы ащы ішектей созылып, бітпей қойған автобан келесі жылдың соңына таман толықтай іске қосылуы мүмкін. Әне бітеді, міне бітеді деп жүрген жауапты мамандардың ауызы күйген болса керек, бұл күнде олар сақ сөйлейді. Жауаптары сырғақ. «Бәрі жақсы болса, әрине» дегенді қосып қояды.
Иә, бұл автобан құрылысының біткенін елдің бәрі күтіп жүр. Айналма жолдар әбден зықысын шығарған автожүргізушілер қуанатын күн де таяу қалғандай. «Естіген – танық, көрген – анық» деген бар ғой, күре жолдың бойындағы бұрқыраған жұмысты көзбен көргендегі түйген ой осылай деуге негіз береді.
Қарағанды облысы