Сұхбат • 07 Қыркүйек, 2022

Ислам – ойлануға шақыратын дін

487 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бірнеше күннен кейін Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары­ның VII съезі өтеді. Шартараптағы дін көшбасшыларының басын бір алаңға жинайтын іргелі іс-шараны халықаралық қоғамдастық жоғары бағалайтыны белгілі. Осы орайда съезд қарсаңында Нұр-Мүбәрак университетінің ректоры, профессор Мұхаммед аш-Шаххат әл-Джиндимен аз-кем әңгімелескен едік.

Ислам – ойлануға шақыратын дін

– Биыл Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшылары­ның VII съезі өтеді. Ең әуелі, осы съезд туралы ойыңызды біле кетсек.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі маңызды халықаралық оқиға екені даусыз. Себебі іс-шара Қазақ­станның халықаралық қоғам­дастықтағы рөлін, әсіресе мұсыл­мандар мен ислам елдері арасын­дағы жетекші мемлекет ретіндегі орнын көрсетеді. Сон­дай-ақ съезд дүрбелеңге толы әлем­де дін көшбасшыларының жауап­­кершілігін көтеруге мүм­кіндік береді. Шындығында, жиын шы­найы және дәйекті дін құн­­­ды­­­лықтарын, әсіресе халық­ара­­­лық діндердің әлем тыныш­тығын сақтаудағы миссиясын ай­шық­тайды. Діндердің басты түп­қазы­ғы бітімгершілікке негіздел­ген. Кон­гресс дін көшбасшылары ара­сын­дағы сындарлы диалог арқы­лы адамзатқа қызмет ету мақ­саты­на жетуде маңызды екені сөзсіз.

– Қазақстанның діндер татулығын сақтаудағы рөлін қалай бағалайсыз?

– Меніңше, Қазақстан түрлі дін өкілдері мен көшбасшылардың басын жиі қосып, жеке адам мен қоғам арасындағы түрлі наным-сенімдер, сондай-ақ дін ұс­танғандар арасындағы түсі­ніс­пеушілікті шешіп, ортақ пікір, адами көзқарастарды қалып­тастыру жолында алғашқы съезден бері жемісті рөл атқарып келеді. Шындығында, бұл тұрақты кездесу түрлі қоғам арасында өзара түсіністік орнатып, бейбіт заманда өмір сүруге жол ашады. Осыған байланысты Қазақстан дін жолын­да жүргендер мен түрлі қоғам ара­сында тыныштық пен әлемдік тұрақ­тылықты сақтауға қатысты жауап­кершілік жүктеген, бүкіл дін көшбасшыларын бір шаңырақ астына жинаған бірден-бір мемлекет екенін әділ түрде мойындаған жөн.

– Алдағы съезге Рим Папасы да келеді деп жоспарланып отыр. Мұндай қадамның дінаралық татулықты сақтаудағы рөлі қандай?

– Рим Папасының осы кон­греске шақырылуы – жақсы қадам. Өйткені бұл алдағы кез­десудің деңгейін көтереді. Мұның мәні бар. Себебі ол бүкіл әлемдегі христиан­дарға ықпал ете алады. Өздеріңізге мәлім, христиан – авраамдық діндер арасында негізгі діннің бірі. Сонымен қатар ол әл-Азһар университетінің бас имамымен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Рим Папасы да, әл-Азһар имамы да жақында Адамзат бауырластығы туралы құжат қабылдады.

– Ислам діні татулыққа, бей­біт­шілікке үндейді. Бірақ кейінгі кезде әлемде исламды терроризммен байланыстыратындар да бар. Мұның себебі неде?

– Өкінішке қарай, исламға әділетсіз шабуыл жасалып, оны фанаттық дін деп сипаттайды. Яғни дүние жүзіндегі исламофобия феноменінде мынаны ескерген абзал. Кей Ислам атын жамылған топтар саяси билікке жету мақсатында шынайы Исламнан ауытқып, лаңкестік әрекетке барады. Олар өздерімен келіспейтін мұсылмандардың көпшілігін кәпір деп санайды. Бұл – қазіргі заманда мұсылман әлемінің ең үлкен трагедиясы. Соның салдарынан исламға қатысты теріс түсінік қалыптасып, кейбір саясаткерлер мен адамдар исламды экстремизм діні ретінде қарастырады.

– Ислам дінінің ғылым мен білімге қатысты көзқарасы туралы айтып берсеңіз.

– Исламның адамзат өркендеуіне шақыратын, жақсы өмір сүруі үшін қажетті діни ғылымдар мен практикалық ғылымдарды үйренуге, жан-жақты білім алуға, сондай-ақ бүкіл дәуірде және кез келген жерде мұсылмандар мен мұсылман еместерді алаламайтын ұстанымын түсіну оңай. Исламның ақиқаты сол – кез келген адам білім, ғылым және ғалымдарды бағалау туралы көптеген Құран аяттары мен кейбір пайғамбарлық дәстүрлерді оқығанда біле алады. Бұған Ибн Сина, әл-Захрави, әл-Харизми, Джабер Ибн Хайян, әл-Хасан Ибн әл-Хайсам секілді ғалымдардың түрлі ғылыми салалардағы жетістігі дәлел. Сондай-ақ Әл-Фараби, Әл-Кинди, Ибн Рушд секілді философиялық бағытта тер төккен ойшылдардың ұлан-ғайыр еңбектерін айтуға болады. Олар ғылымның ізашарлары ретінде ислам әлемінде ілгерілеп, қайта өрлеуге қол жеткізіп, адамзат өміріне өлшеусіз үлес қосты.

Бірақ басты мәселе – ислам әлемінің материалдық ғылым мен өмірлік прогресс салаларында артта қалуында жатыр. Сонымен қатар көптеген мұсылман са­уат­сыз, олар иман және рухани өмір мәсе­лелерімен қатар дүние істері­не де маңыз берудің қажетін білмей­ді, нақты Исламнан хабардар емес.

– Нұр-Мүбәрак университеті оқу бағдарламасында қандай мәселелерге басымдық береді?

– Университетте қазақ немесе мысырлық тарапта да бір команда рухында жұмыс істейміз. Студенттерімізге академиялық курстар арқылы Исламның өмірлік дін екенін, адамдардың бейбіт қатар өмір сүруін қалайтынын, мұсылманның бүгінгі күнмен өмір сүріп, болашаққа ұмтылу керектігін үйретеміз. Осылайша, исламның өткені ізашар екенін, сондықтан алғашқы мұсылмандар гүлдену мен прогресс дәуірінде өмір сүргенін насихаттаймыз.

Ислам – ойлануға шақыра­тын, ақыл-ойды қажет ететін дін. Мұсылман әр заманда өз елі мен айналасындағы әлемнен қол үзбей, басқаларға пайда әкеліп, өзіне де пайдалы болуға тиіс. Сон­дықтан да шәкірттерімізге өмірді Құрандағы нақты мәтін­дер мен сахих сүннет­ке сәйкес ұйым­дас­тыру мақса­тын­да ислам­ның ғылыми әдістеме­сін және ғылымға берік сенімді ғалымдардың еңбекқорлығын үйретуге мүдделіміз.

– Теріс пиғылдағы ағымдар­дың жетегінде кеткендерді ра­йынан қалай қайтара аламыз?

– Теріс ағымдардың жетегінде жүргендер – қазіргі уақытта мұсылмандар үшін ең қауіпті сынақ. Өйткені олар Ислам ұстанымдарын дұрыс түсінбей, мұсылмандардың көпшілігіне қарсы әрекет етіп, Ислам ілімін бұрмалайды. Осылайша, жиһад, қасиетті соғыс, бір құдай­шыл мұсылмандардың кәффа­раты секілді қате түсінік қалып­тастырған. Ендеше, қазіргі әлем­де бұл топтардың ислам және мұ­сылмандар туралы қате түсінік­терін теріске шығару, түсін­діру, сонымен қатар олармен күр­есу ойшылдардың, діни институт­тардың міндеті. Осы орайда мемлекеттің экстремистер мен террористерге қарсы мәжбүрлеу әдістерін қолдануға құқығы бар екенін айта кеткен жөн.

– Исламдағы уахабизм, салафизм сияқты ағымдарды қол­дау­шылардың мақсаты қандай?

– Ислам атын жамылып бір идеология мен пікірді таңатын ой мен амалдардан арылатын кез келді. Мұсылмандардың көп­шілігі уахабизм және салафизм топ­тарының діни мәтіндерді түсіну­дегі монополиясымен бетпе-бет келіп отыр. Олар өз идеяларын тарату және басқаларды тарту үшін ізбасарлары мен жақтас­тарын жинайды. Әрбір топтың негізгі көздегені – халықты бас­қару және демократиясыз және айдағанға көнетін халықты қа­лыптастыру, таңдауы жоқ аб­солют­ті көшбасшылыққа ие болу. Осы мақсатта ақыл-ойды жоққа шығару, өз доктринасын насихаттау. Сондықтан бүкіл элита мен мемлекетті исламның әмбе­бап­тығы туралы хабардар ету қа­жет. Ислам саяси мәселелерде плю­ра­­лизмді және еңбекқорлықты ма­құл­дайтын дін. Сондықтан басқа­лармен бірге бейбіт өмір сүруге құқылы. Сонымен қатар ислам шура жүйесін ұстанады, билеу­шіні таңдауда және конститу­ция­лық институттарды құруда демо­кра­­тия­лық жолды таңдаумен келіседі.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»