Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
– Қазір қоғамда жастар ғана емес, жалпы көпшіліктің кітапқа қызығушылығы азайды деп айтады. Бұл пікірмен біреу келісіп, біреу келіспесе де оның астарында негіз бар секілді. Дегенмен кітап оқитын оқырманды қалай көбейтеміз, сіз қандай ой қосасыз?
Серік Асылбекұлы:
– Кейінгі жылдары Батыс елдерінің кітап оқуға қайтадан қызығушылығы артты деп айтады. Қашанда қағаз кітаптың орны бөлек, оны қолмен ұстап, сезініп, ләззат алып оқығанға не жетсін. Әрине, уақыт талабына сай ғаламтордағы электрондық кітапханадағы бір кітапты оқып тауысуға біріншіден көз, екіншіден төзім керек. Бір жағынан, кітап деген күнделікті ақпарат емес бір шола салатын, өте күрделі дүние. Оны асықпай қарап, астын сызып, кейде көңілінен шыққан тұстарын қойын кітапшаға жазып алып оқисыз. Әлеуметтік желіден адамдар күнделікті хабарлама немесе әлдебір саяси оқиғаға байланысты жазған пікірлерді оқығаннан басқа, терең білім алмайды. Оның көпшілігі сауатсыз жазылған. Ал кітап – фундаменталды білім, сондықтан да ол – өркениеттің ең басты құралы ғана емес, басты құжаты болып қала береді. Батыс елдерінің соңғы 5-6 жылда кітапқа қайта қызыға бастауының себебі, олар да алғашында виртуалды әлемге қызығып, еліктеді, кейін ненің не екенің түсініп, оқуға ден қойды. Біз виртуалды әлемге олардан 10-15 жыл кейін кірдік. Бізде де олардың басынан кешкен процесс болады, болып та жатыр.
Бір жағынан, жұртшылықтың кітап оқуға деген ынтасын, қызығушылығын ояту үшін насихат қажет. Кез келген нәрсе насихатсыз алға жүрмейді. Телеарналардан интеллектуалды ток-шоулар ұйымдастырса болады. Мәселен, Ресей телеарнасындағы «Не? Қайда? Қашан?» атты бағдарламада білімімен ұтқандар беделді саналады. Бұл да білімді жетілдірудің бір жолы.
Қонақбай Саттаров:
«Әуелі миды тойдырайық, сонда ол қарынды тойдырады». Жапон халқында осындай даналық бар екен. Қазіргі жұрттың көбі қарынның қамында жүр. Тойып тамақ ішпегеннің руханиятты ойлауға мұршасы жоқ екені де рас. Бірақ сол адамды осындай бейшаралыққа тап қылған білімсіздік емес пе екен деген ойға еріксіз барасың.
Әлқисса, Шығыстағы ел аузында мынадай бір тәмсіл жүр.
Заманында бір әмірші өзіне бағынышты елдің бүкіл білімдарларын жинап алып, тосын сұрақ қойыпты:
– Дүниеде ең зор, керекті, барлық нәрседен хабардар ететін не бар?
Лезде біреулер «Дүниедегі ең зор нәрсе – қылыш» десе, екінші біреулер «Ең керектісі – нан, одан ұлық нәрсе жоқ» деп жамырасқан жұртшылық біраз жерге барыпты. Айтылған жауаптардың ешқайсысына көңілі толмаған әмірші:
– Үш күн мұрсат беремін, маған тура жауабын тауып келіңдер, – деп үкім етеді.
Уәзірлер дереу бас қосып, ақылдаса бастайды. Сонда біреуі «көрші елде бір ғұлама бар, анық жауабын бір білсе, сол білер» деп қалады. Тығырыққа тіреліп тұрғандар бұған бірден келісе кетеді. Шұғыл хабаршы аттандырып, әлгі ғұламаны сарайға алдырады.
– Дүниеде ең керекті нәрсе не? – деп әмірші сұрағын қайталайды.
– Кітап! – дейді ғұлама нық сеніммен.
– Кітап дейсің бе? – деп таңданыпты әмірші.
– Иә, дүниеде ең керекті нәрсе – кітап, деп тағы қайталайды ғұлама. – Адам баласы үшін өмірде екі нәрсе қастерлі әрі қажет. Олар – нан мен кітап. Нанды қалай құрметтесек, кітап та соншалықты құрметке лайық. Нан – ризық, несібе, дастарқанымыздың көркі, өмірдің берекесі болса, кітап – өткенімізді баяндайтын тарих, бүгінімізді көрсететін айна, ертеңгі күнімізді айтып беретін мұғжиза. Пәктену, иманның бүтіндігі, рухани кемелділік те кітаптан. Кітап – адамның кеңесшісі, өмір сапарындағы серігі. «Кітап көрмеген – надан, кітап кірмеген үй – тас қараңғы зындан» дегенді бұрынғылар бекер айтпаған.
Ғұламаның сөзін ешкім бөлмейді, бірақ бәріне оның айтқаны ұнап бара жатқан сияқты. Ол тоқтағанда, уәзірлер:
– Әміршім, сұрағыңыздың дұрыс, жауабы осы болар? – деп гу ете қалады.
– Сеніңше, мұхиттар мен құрлықтар, жер бетіндегі ұлт пен ұлыстар туралы да хабар беретін осы кітап па? – деп әмірші сынай қарайды.
– Әлбетте, тақсыр! – дейді бас иіп ғұлама. – Төрткүл дүниені көз алдыңызға келтіріп қоя алатын да, өмірі көрмеген адамдармен һәм ел-жұртпен таныстыратын да осы кітап. Мысалға, мені алып қараңыз. Мен туып-өскен ауылымнан көп ұзап шыққан адам емеспін. Бірақ осы кітаптың арқасында дүниенің төрт бұрышын талай шарладым. Қасиетті Құран Кәрім мен Хадис Шәріфтер де кітап екенін айтпасам да болады.
Осы сөзден соң әмірші жадырап сала береді. Оның «Сарайымда қал, кеңесшім бол» дегеніне көнбеген ғұлама әмірші берген алтындарға жаңа кітаптар сатып алып, еліне оралыпты.
Содан бері сан ғасырлар өткен де шығар. Заман өзгергенмен, оған қоса көзқарастар өзгергенімен, кітап өзгерген емес. Бағалай білгенге әу бастағы қадірін, қасиетін жойған жоқ. Тек формасы түрленді. Ол енді түсінікті. Біз цифрландыру дәуіріндеміз. Мен білетін біраз оқырман кітапты электрондық нұсқада оқып жүр. Сол ыңғайлы. Қалың кітаптарың да қалтаңдағы смартфонға сыйып кетеді. Бұл – үрдіс. Сондықтан болар, бұрынғыдай емес, қағазға басылған кітап пен баспасөзге қызығушылық аз. Сондай-ақ көркем әдебиеттен гөрі бизнес әдебиеттер жақсы оқылады. Әдеби туынды – жазушы қиялының жемісі. Ал қазіргі қоғамда қиялмен емес, нақтылықпен өмір сүргендердің асығы алшысынан түсіп тұр. Сондықтан шетелдік авторлардың іскерлік әдебиеттеріне сұраныс үлкен. Ал өзіміздің авторлар ондай дәрежеге жете қойған жоқ десем, асылық болмас. Бұл ретте біз үлкен жолдың басында тұрмыз.
Жадыра Шамұратова:
– Қазақ жазушыларының аудиокітаптарын көбірек қолжетімді ете алсақ, оны өзін-өзі қызықтап, әсірелеп оқитын актерлер емес, шығарманың атмосферасын, тереңдігін сезіндіре алатын мамандар оқыса. Мысалы, орыстарда Александр Водяной деген маман бар, соның оқуындағы шығармалар еріксіз баурап әкетеді. Бұл да бір амал. Әйтпесе, жазушының әр сөйлемін сезініп, ләззат алып оқығанға не жетсін! Кітапты кез келген жерде оқу, жаңа кітаптар туралы хабар тез таралып, талқыланып жатуы қалыпты жағдай саналатын қоғамға айналсақ, адамдар бір-бірін жақсырақ түсінер ме еді деймін. Қымбатшылықтың қыспағында әрең демалып, күнкөрістің соңында жүрген жұртшылық Абайдың Абай екенін біліп жүрсе соған да шүкір дейтін кезге келе жатырмыз...
Динара Мәзен:
– Мен оқушы болған тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда қазір расымен кітап десе ішкен асын жерге қоятын адамдар азайған сияқты. Өзім хат танығаннан бастап кітап оқыдым, ауылдың кітапханасынан шықпайтынмын. Әйтсе де ол кез бен қазіргі гаджеттер заманын салыстыруға келмейді. Ол уақытта қазіргідей интернет болса, қолымызда смартфон мен планшет болса, теледидарда бірнеше арна көрсетсе біздің де кітап оқуымыз екіталай болар ма еді? Біздің бала кезімізде мұндай көңіл аулайтын дүниелер болмады ғой, қиялымызды қалықтатып, күйбең тірліктен қашқың келген сәтте кітапқа жүгінетінбіз. Оның пайдасы көп болды, кітап оқыған адам оқиғаны өзінше көреді, қиялы шарықтап, өзгеше бір әлемге енеді.
Қазіргі балалар тек дайын дүниені тұтынады: телеарна мен әлеуметтік желілердегі видеолар, Youtube дайын материалды ұсынады, шығармашылықты дамытуға көмегі аз деп ойлаймын. Ақпарат тым көп, балалар тез зерігеді, миы шаршайды, ашуланшақ бола бастайды. Кітап оқыған адамның сауатты жазатыны, сөздік қоры мол болатыны тағы бар. Кейде балалардың уатсап арқылы хат жазысқанын көріп шошимыз, қате өріп жүреді. Гаджеттер сауатсыз ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосып жатыр. Өкінішке қарай, оны тоқтату өте қиын, өзімізде де бала бар, «смартфон ұстама, интернетке қосылма» деп тыйым сала алмайсың.
Кітап оқитын оқырманды қалай көбейтеміз? Жалпы алғанда, жастар мүлдем кітап оқымайды деуге болмас. «Меломан» сияқты кітап сататын дүкендерге жиі барып тұрамын, сонда кітап оқып отырған жастарды көп көремін. Олар кітап оқымайды емес, бірақ бізбен салыстырғанда қызығушылығы басқа, әлемдік әдебиетті, мотивациялық, психологиялық, эзотерикалық шығармаларды, детективтерді көп оқиды. Қазақ әдебиетінде мұндай туындылар аз, соңғы жылдары ғана аударма арқылы көбейіп жатыр. Жастар кітап оқысын десек олардың сұранысына сай дүниелер өндіру керек. «Абай жолын» тықпалай беретін заман өтті. Көркем шығарманың өзін заманауи үлгіде жазу қажет. Мысалы, мен Муракамиді, Стивен Кинг мен Коэльоны сүйсініп оқимын дей алмаймын, алайда жастар олардың кітабын сатып алады, іздеп жүріп оқиды. Олар осы заманның сұранысын дәл тапты, бізге де сол талапқа лайық болып, көшке ілесе алу керек.
Алмас Шәйкен:
– Қоғамда түрлі пікір бар: біреулер кітап оқитындардың саны азайды десе, енді біреулер көбейді дейді. Ал әлемде кітап оқитындардың саны бұрынғыға қарағанда едәуір өскендігін көреміз. Әсіресе жұртшылықтың кейінгі кездері көркем әдеби кітаптарды ғана емес, жеке тұлғаны дамытатын, өзін-өзі жетілдіретін танымдық психология мен діни кітаптарға деген қызығушылығы артқан. Бір жағынан, оқырмандар қағаз кітаппен бірге уақыт талабына сай электрондық кітапты да пайдаланады. Осының бәрі әлемде кітап оқу көрсеткішінің жоғарылағанын білдіреді.
Хакім Абай атамыздың «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» – деген нақыл сөзі бар. Осы сөздің астарынан терең ой түюге болады. Кітап қоғамның дамуына ғана емес, адамның өмірден өз орнын табуы мен оның санасын ізгілендіруге үлкен үлес қосады. Қазір әлеуметтік желі қатты белең алды. Әсіресе желіде ел алдында жүрген азаматтар туралы кейбіреулер ешнәрсеге көзі жетпей түрлі пікір жазады және оны қостап, соған ілесіп пікір жазатындар да кездеседі. Қысқасы, біреуді жамандасақ құрдымға жіберіп, енді біреуді мақтасақ биікке көтереміз. Соның бәрі сананың төмендігінен. Оны көтеру үшін кітап оқып, іздену қажет. Мысалы, америка жазушысы Т.Драйзердің «Қаржыгер» деген романындағы бас кейіпкер бірде «асқан жомарт, мейірімді, әулие адам» болып көрінсе, енді бірде « жексұрын, айлакер, өз пайдасынан басқаны білмейтін сұм, қу» адам болып шығады. Осының бәрі бір адамның бойында түрлі мінездің бар екенін көрсетеді. Жазушы осы шығармасы арқылы оқырманға ой салып, кез келген адамның бойында жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіндігін шебер суреттейді. Осындай адамзаттық құндылықтарды дәріптеген кітаптарды оқығанда адамның ойы ізгіленіп әрі қоғамдағы кез келген нәрсеге байыппен, парасатпен қарауға үйренеді. Гуманистік сана қалыптасады. Ал ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, гуманизм орнаған қоғамда білім, ғылым, бизнес қана емес, мемлекеттің барлық саласы дамып, жанданады. Өркениетті деңгейге жету үшін кітаптың, кітап оқудың маңызы зор екенін түсінесіз.
– Интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың бір жолы – кітап оқу, сондықтан ел ертеңі деп санайтын жас жеткіншектерге кітапты қалай оқытамыз?
Жадыра Шамұратова:
– Бұл үшін жүйелі жұмыс керек, мысалы, алдымен ата-ана өзі қазақша кітап оқып, оны баяндап жеткізіп, баланы кішкентай кезінен кітапқа қызықтыра білсе, шай басында шығарма туралы пікірталас жүрсе оны көрген бала да кітапқа жақын болады. Мектепте бала танымына сай жақсы кітаптар бұрышы болса, оны кез келген бала алып оқи алса да жақсы. Әдебиет мұғалімдері де өз сабағын ықыласпен берсе, бала Тик-Токтан жалыққанда кітап оқыр еді.
Серік Асылбекұлы:
– Үндінің ұлы жазушысы Р.Тагордың мынадай сөзі бар: «Адамға әсемдік сезімін дарытпайынша, одан нағыз адам шығара алмайсыз» дейді. Осы сөзі арқылы суреткер өнерді түсінбеген, оны жан-тәніммен қабылдамаған адамдардан түрлі қылмысқа баратындығын тұспалдап жеткізген. Сондай-ақ орта ғасырда өмір сүрген ағылшын ақыны, қоғам қайраткері Салуэл Джонсон: «Жазушылар ғана өз ұлтының нағыз даңқы бола алады» депті. Ол бұл жерде ақын-жазушыларды көтеру үшін айтып отырған жоқ. Мысалы, ағылшын дегенде ойымызға солардың атақты бизнесмені немесе бір қаласының мэрі есімізге түспейді, есімізге бірден Шекспир түседі. Өйткені өнер, ғылым өкілдері мәңгілікке қызмет етеді. Ал балаларға кітап оқыту үшін не істеуге болады дегенде, «Балапан» арнасынан балдырғандар мен бастауыш сынып балаларына «Сен білесің бе?» деген қызықты бағдарлама ұйымдастырса, қаншама баланың ой-өрісінің дамуына себі тиер еді. Сондай-ақ телеарналардан «Жұмадағы немесе Сенбідегі кездесу» деген бағдарлама ашып, оған ғылымда, өнерде үлкен жетістікке жеткен тұлғаларды шақырып сұхбаттасып, олардың өмір жолын дәріптеу арқылы жеткіншектерді кітап оқытуға тәрбиелеуге болады. Сонымен бірге баспадан енді жарық көрген кітаптарға қысқа роликтер арқылы жарнама жасау қиын емес. Мысалы, «Гарри Поттер» атты әлемге танымал шығарманың авторы Джон Роулинг өз кітабын ең алғашқы кездері осындай қысқа роликтер арқылы насихаттаған. Міне, осындай мазмұнды іс-шаралар жүйелі жүргізілсе, кітап оқуға қызығатын балалар саны да артады.
Қонақбай Саттаров:
– Адам баласы өзін не нәрсеге бағыштаса, сол нәрсе шеңберінде қалыптасатынын ұмытпалық. Ол кемеліне келіп, қоғамға пайдасы тиетін тұлға дәрежесіне жетуі бірқатар алғышартқа байланысты. Мәселен, шыққан тегі, өскен ортасы, оқу-жазуды үйренген білім ордасындағы тәлім-тәрбие сапасы, дос-жолдастарымен қарым-қатынасы, тағысын тағылар. Бұл тізімді бірақ қанша созсаң да, бәрі жиылып, кітап дейтін ақылшының үйретеріне жетпейді.
Мұны біз сынай беретін қазіргі жастар да жақсы түсінеді. Айналамдағыларға қарап айтарым, кітап оқылмайды емес, оқылады. Рас, бірақ көркем әдебиет емес. Шыны керек, кейбір жастар оқып жүрген кітаптарды оқуға менің тәуекелім жетпес еді. Біз жол үстіндегі жолаушыға ұқсаймыз. Алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Жасампаз дүниелер жасағымыз келеді. Оған баулитын әдебиеттің дені басқа тілдерде.
Динара Мәзен:
– Қолында смартфоны бар баланың кітап оқуы өте қиын. Кейбір ата-аналар баласына кітап оқыту үшін «ақша берем, қыдыртам» деп ынталандыратынын білем. Ол да мотивацияның бір түрі шығар. Менің балам интернет өшкенде кітап оқи бастайды. Бір қызығы (өкініштісі десек болар), қазіргі балалар қазақ әдебиетіне көп қызықпайды. Оны өз балаларымнан да, туыстар мен достардың балаларынан да байқаймын. Әлемдік әдебиетті орысша немесе аудармаларын оқиды, ал біздің жазушыларды оқыту қиын. Мысалы, мен өзім үшін шедевр саналатын «Балалық шаққа саяхат» (Б.Соқпақбаев), «Жабайы алма» (С.Мұратбеков), «Ұлпан» (Ғ.Мүсірепов), т.б. басқа классикалық туындыларды балама оқыта алмадым. Өзім осы кітаптарды оқушы кезімде, кейін де бірнеше рет қайталап оқудан жалықпаймын. Ал баланы неге тартпайды? Мүмкін бұл менің басымдағы жағдай шығар, қазақ жазушыларын да сүйсініп оқитын балалар баршылық болар.
Әйтеуір оқырман сұранысы түбегейлі өзгерген заманда отырған сияқтымыз. Балаға кітап оқыту үшін әр ата-ана өз әдісін табуы керек. Үйіне кітап жинамайтын, өздері кітап бетін ашпайтын отбасылар да бар. Ондай ортада кітап оқу туралы сөз болмайтыны түсінікті. Өзі интеллектуал ата-ана балаға кітап оқытуға тырысады. Байқағаным, шетелде кітап оқу дәстүрі жақсы қалыптасқан, кітаптың бала тіліне, жасына сай жазылып, безендірілуіне қатты мән береді. Фейсбукте шетелдік дарынды балалардың ата-аналар тобы бар, сондағы балалардың оқыған кітаптарын көрсеңіз, қайран қаласыз. Бізде әлі де қазақ тілінде кітаптар аз, безендірілуі де, көркемдік деңгейі де төмен. Аударма арқылы сол олқылықтың орнын толтыруға күш салып жатырмыз.
Алмас Шәйкен:
– Балаларға кітап оқыту үшін түрлі мысал келтіруге болады. Алдымен балалар әлем әдебиетінің классикаларын, мүмкіндігіміз жеткенше, ана тілімізге сапалы аудару қажет. Одан кейін сол шығармалар желісімен анимациялық фильмдер түсіруге болады. Бұл да балаларды кітапқа қызықтырудың бір жолы. Ал ең бастысы мектеп кітапханасын заман талабына сай қайтадан қалыптастыру керек. Шындығын айтсақ, кейбір орта білім беретін мекемелерде, әсіресе ауылда мектеп кітапханасы атымен жоқ. Сондай-ақ оқушыларға жасына қарай 15-20 минуттан аспайтын кітап оқу сағатын ұйымдастырсақ, көптеген баланың кітапқа қызығушылығы оянады. Жалпы, кітаптың балаларды білімге, ғылымды білуге, зерттеуге, жаңашылдыққа үйретері көп. Сонымен бірге тілдік қорын молайтады. Әсіресе оларға аудио ертегілер мен кітаптардың әсері өте күшті. Одан соң балалар арасында өте беделді өнер адамы ма әлде спортшы ма, әйтеуір сондай танымал тұлға арқылы «мен мынадай кітап оқып жүрмін» деген бір ауыз сөзі арқылы жарнама жасаса, оны көрген жеткіншектердің сол кітапты алып оқуға ынтасы артады. Сөйтіп, балалар арасында кітап оқуды сәнге айналдыра аламыз.
– Жалпы, осы мәселенің бірі ұшы кітап басу мен тарату ісіне келіп тіреледі. Отандық баспалардан аз таралыммен шыққан кітаптардың дені кітапханадан аспайды. Ал кітап дүкендеріндегі кітапты сатып алуды көпшіліктің қалтасы көтермейді. Ал кітап бағасын қолжетімді ету үшін не істеуге болады?
Алмас Шәйкен:
– Жалпы, елімізде кітап басу мен тарату жүйесінде шешімін таппаған мәселе жетеді. Мысалы, кітап тарату үшін барлық аймақтарда оның өкілі болу керек. Ал елімізде кітап тарататын операторлар жоқ. Мысалы, біз Алматы мен Шымкенттен өзіміз ашқан кітап дүкенін ғана жаңа кітаптармен қамтамасыз етеміз. Негізі, кітап тарату ісін мемлекет бір жүйеге түсіргені дұрыс. Қазақстанның барлық қаласында кітап дүкені болуы керек деп айтқанмен, оны ашуға қомақты қаржы қажет. Әрине, кітап дүкенін ашқан кәсіпкердің шаруасы бірден жүрмейді, өйткені ғимарат табу, оны жалға алу, қызметкер ұстау – оңай емес. Сондықтан ел үкіметі осы салада еңбектеніп жүрген кәсіпкерлерге белгілі бір деңгейде жеңілдік жасаса дер едім. Өйткені бұл жерде мемлекеттің де мүддесі бар. Шынымды айтсам, елімізде баспадан шыққан қазақ тіліндегі кітаптарды таратудың жанашыры болмай тұр. Біз бұған жанашыр болғымыз келгенмен, ауқымымыз жетпейді. Мәселен, «Меломан» кітап дүкені орысша кітаптарға көңіл бөледі де, қазақ тіліндегі кітаптарға немқұрайды қарайды. Тіпті нарықта сұранысы жоғары қазақша кітаптарды аз данамен ғана сатылымға қояды да, ол оқырман сұранысын қанағаттандырмайды. Сондықтан мемлекет кітап дүкені бар немесе кітап дүкенін ашсам деп жүрген азаматтарға нақты қолдау көрсететін жүйе қалыптастырып берсе, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өйткені баспадан жарыққа шыққан кітаптарды тарату ғана емес, одан түскен қаржыны бір орталыққа жинайтын да жүйе керек.
Екінші мәселе – кез келген автор өзінің көңілі толатын шығармасын мемлекеттік тапсырыспен емес, авторлық құқығын сақтау үшін өзі шығаруды ойлайды. Сондықтан мемлекет кітап шығаруға қаржы бөлгеннен гөрі, нарықта сұранысқа ие кітаптарды сатып алып, соларды кітапханаға таратқаны пайдалы деп ойлаймын. Сол кезде кітаптың да таралымы көбейеді. Мәселен, бізде тек мемлекеттік тапсырыспен кітап шығаратын бірқатар баспа бар, олардың кейбіреуінде ешқандай кітап дүкені жоқ. Тіпті өз өнімдерін насихаттамайды да. Бірақ олар тапсырыс алудың жолын жақсы меңгерген. Егер бізден министрлік «нарықта қандай кітап оқылымды, сұранысы жоғары?» деп сұраса, оның нақты есебін айта аламын. Соның негізінде мемлекет сұранысқа ие кітаптарды сатып алса, жұмыс алға жүреді. Енді біреулер қазақша кітаптардың оқылуы мен таралуына қазақ тілді ортаның аздығы себеп деп айтады. Мен бұған келіспеймін. Мысалы, Моңғолияда бар-жоғы 4 миллион халық тұрса да, онда 5000-10000 данамен шыққан кітап бір-екі айдың ішінде тез сатылып кетеді. Бір жағынан, Моңғолия дамыған емес, дамушы мемлекет. Қысқасы, ел үкіметі осы салада жүрген кәсіпкерлерді қолдап, аяқтандырып жіберсе, біз оны ілгері дамытамыз.
Динара Мәзен:
– Бұл сұрақты баспагерлерге қойған дұрыс болар. Салыстырмалы түрде алғанда, кітап қанша қымбат болса да, өз бағасын ақтайды. Оны бір сатып алсаңыз, балаңызға, ұрпағыңызға мұра болып, тозбайтын рухани азық болып тұра береді.
Бір білетінім, кітап бағасы баспагердің оны шығаруға кеткен шығынына байланысты. Мысалы, біз «Хәрри Поттерді» қазақ тіліне аудардық. Баспагер оны шығару үшін авторлық құқығын алды, безендіруіне авторлық құқық алды, оның бәрі өте қымбат тұрады. Кітаптың қағазы, тиражы деген нәрселер бар. Сапасы неғұрлым жақсы болған сайын бағасы да қымбат болмақ. Мемлекет қолдауымен шығатын кітаптар арзандау болар, баспагер өз қаржысына шығарған кітапты арзан сата алмайды.
Жазғы демалыста балама әдебиеттен «Көшпенділерді» оқып келіңдер депті. Үш томдық біріккен кітапты он мың теңгеге алдым. Бір қарағанда қымбат сияқты. Бірақ бұл кітапты әлі қанша жыл, қанша адам оқиды десек, шығыны түкке тұрмай қалады. Баланы бір серуенге шығарсаңыз одан көп шығындаласыз. Кітап сатып алғанда өзім осылай ойлаймын.
Қонақбай Саттаров:
– Есімде, осыдан он шақты, бәлкім одан да көп жыл бұрын баспасөзде «қазақша кітап өтпейді» дегенді күнде оқитынбыз. Кейін ол «Кітап өтпейді емес, жетпейді» дегенге ауысты. Әйтеуір жағдайдың жақсы болған кезі жоқ сияқты.
Бір нәрсе ақиқат – адамдар қай заманда да білімнен ақша аямаған. Талай қазақ баласы қыруар қаржы төлеп, түрлі ақылы курстарға да қатысып жүр емес пе. Сол да үйренсем, білсем деген талаптан туған әрекет. Көп кітап қымбаттығынан емес, қажетсіздігінен оқылмайды. Кезінде уақыт ұранымен жазылған біраз әдебиетіміз ескірді, жаңасы әлі жазылған жоқ. Қазір оқырманға өнеге болғандай, көзге түскен көрнекті замандастарымыз жайлы оқығым келеді. Бұл басқалар үшін де қызық болар еді, бірақ ондай кітап жоқ. Бар болса, жарнамасы жетіспейді. Той бизнесін жасап алған қазақтың баспа бизнесі ақсап жатыр.
Серік Асылбекұлы:
– Кітап өндірісі автор, баспа, баспа менеджменті және кітап саудасы секілді төрт циклден тұрады. Бізде осы циклдің алғашқы екеуі бар да, соңғы екеуі дамымаған. Мәселен, Бельгия мен Латвияда, Ресейде кітап басып шығару өндірісіне салынатын қосымша құн салығы 5 пайыздан аспайды. Ал Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Польша елдерінде кітапқа салынатын салық мүлде алып тасталынған. Сондықтан бұл елдердегі кітап бағасы біздегіден арзан, көпшілікке қолжетімді. Бүгінгі таңда Францияда – 3 500, Германияда – 4 700 кітап дүкені жұмыс істейді. Ал біздің еліміздегі ірі кітап дүкендерінің саны мыңды былай қойғанда жүзге жете қояр ма екен? Меніңше, алдағы уақытта біз осы кітап басу мен тарату ісіне айрықша маңыз беріп, оны еліміздің алдында тұрған ең өзекті стратегиялық міндеттердің қатарына қосуымыз керек. Өйткені интеллектуалды ұлттың ғана алдыңғы қатардағы дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуға шамасы келетіні кім-кімге де түсінікті.
Сосын біздегі мемлекеттік тапсырысты да бір ретке келтіргені дұрыс дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, мемлекеттік тапсырыспен көркем әдеби кітаптарды шығаруды тоқтату керек. Өйткені бәсекелестік жоқ. Бір жағынан, кейбір әдеби кітаптар таныстықпен шығып кетеді де, оның көркемдігі мен философиялық тереңдігіне ешкім мән бермейді. Сондықтан мемлекеттік тапсырыспен ғылыми әдебиеттер, оқулықтар және оқу құралдары жинақтарын шығару керек те, ал көркем әдеби, публицистикалық және танымдық кітаптарды еркін бәсекеге жіберу қажет. Мен мұны ойдан шығарып отырған жоқпын, дамыған мемлекеттерде солай қалыптасқан. Егер көркем әдеби кітапты баспаның өзі шығарса, ол ертең нарықта өте ме, сұраныс бар ма, соның бәрін екшейді.
Жадыра Шамұратова:
– Егер шынымен ниеттенсе үкіметтің өзі бұл шаруаны келістіріп шеше алады. Ол үшін ол жақта руханиятқа жанымен жақын, біздің қазақ классиктерін түгел оқыған, өз ішінде «шіркін, біздің ұлт тәрбиелі, парасатты ұлтқа айналса екен» деген арманы бар адамдар болса, мұны шешуге болады. Осы халық салық төлеп отыр, оның бір бөлігін кітап шығару, тарату ісіне жұмсаса, бұл анау көпшіліктің көңілінен шықпаған, о бастағы күткен нәтижені бермеген МӘМС дегеннен әлдеқайда игілікті іс болар еді. Оның қасында қаншама қаражат мақсатсыз жұмсалып не игерілмей, не желініп кетіп жатыр, соны мақсатқа қарай реттеп отыру керек. Ала жаздай балалар жүрді ғой, тегін аула клубтары болып, сол жерде де жас ерекшелігіне сай кітаптар оқытылып, насихатталып, жас оқырмандардың байқауы өткізілсе, ол жұмыстардың нәтиже береріне өз басым сенемін. Мысалы, биыл, Балалар жылы болды, бірақ, ғажап іс болды деп айта жүретін жаңалық бар ма? Балаларға арналған кітаптар көп шығарылып, бүкіл балабақша, мектептерге таратылса немесе өнерімен, білімімен озық шыққан балаларға, көпбалалы үйдің балаларына біраз кітап тегін сыйға берілсе де жақсы болушы еді.
– Бұрын жұртшылық тарихи романдар, повестер, мемуарлар, қысқасы, классикалық шығармаларды сүйіп оқыды. Қазір уақыт өзгерді. Енді оқырмандарға қандай кітап оқыған пайдалы деп ойлайсыз?
Қонақбай Саттаров:
– Біреуге кеңес беруден қашамын. Айтарым болса, ақ қағазға төгемін. Онда да өзім үшін, өзгелер үшін емес. Табиғатым солай.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні жанында жүрген Хилол деген кісіден:
– Қаламың бар ма? – деп сұрапты. Ол басын шайқап, «Жоқ» дейді.
– Қаламсыз жүрме, ей, Хилол. Өйткені онда ізгілік бар. Қаламға адал болғандардың қияметте жүзі жарық болады. Қалам пенденің кеудесін көркейтеді. Ғалымның қолындағы қаламның сиясы шахид болғандардың қанымен тең, – деген екен сонда Алланың елшісі.
Өзіміз де қолымызға қалам ұстаған сіз бенен біз мектепте жүргенде-ақ классикалық шығармалар оқып ауызданған буынның өкілдеріміз. Мен «Абай жолын» 6 сыныпта оқып тауыстым. Сабақ жайына қалып, математика сабағында әдеби кітап оқыған кездер болды. Мектеп оқулықтары тозбасын деп, сыртынан қаптап қоятынбыз. Қандай кітап оқып отырғанымды мұғалімнен жасыру үшін оны газетпен қаптап алушы едім. Біз жасырып, жастанып оқыған сол кітаптар қазіргі буынға қызық болмаса, кімді кінәлаймыз? Балаларым көркем әдебиеттен гөрі публицистикалық жанрдағы, бизнес әдебиеттерді оқып жүргенін байқаймын. Демек соған қызығушылық көп. Қалың-қалың романдар оқуға ықылас ғана емес, уақыттың өзі аз.
Серік Асылбекұлы:
– Көркем әдебиет немесе публицистикалық жинақ бола ма әлде танымдық кітап бола ма, болмыстың шындығын тереңнен ашып көрсете алатын өздеріне алдамшы имидж жасаумен айналыспайтын кітаптардың бәрі жанрларына қарамастан оқуға лайық.
Динара Мәзен:
– Өз басым әлі күнге дейін классикалық шығармаларды жақсы көремін. Атышулы, бестселлер авторы делінетін көп жазушыны тұщынып оқи алмаймын. Оқырманға мынандай кітап пайдалы деп кесіп-пішіп айтуға болмас, әркім өз талғамына, қажеттігіне қарай оқиды. Уақыт өткен сайын талғам мен сұраныс та өзгеріп тұрады.
Жадыра Шамұратова:
– Астанадағы «Абай» кітап үйі мен А.Иманов көшесіндегі кітап дүкеніне жиі барамын, сол жағалаудағы «Вива плаза» тұрғын үй кешенінде де кітап дүкені ашылды, ал, соларға бас сұғатындар көп емес. Ал «Меломанда» кітап таңдап жүргендер көп, негізінен орыстілді жастар екенін байқаймын. Кезекте тұрғанда әуестікпен жастар не оқиды деп қараймыз ғой, психология, бизнеске қатысты кітаптар, нон-фикшн, фэнтези, детектив... Бәрі орысша. Қазақша сөйлемейтін, ауызекі сөйлесе де көркем шығарманың тілін түсініп жарытпағандықтан соңына дейін оқуға шыдамы жетпейтіндер, әлбетте, орысша оқиды.
Бүгінгі жастар баяғыда біз оқыған шығармаларды неге оқымайды деуге уақыт басқа, олар ақыл айтатын, мораль көрініп тұратын шығармаларды оқи бермейді, олардың дүниетанымымен қабысатын жаңа дүние керек, осыдан келіп жазушыға да, шығармаға да талап өзгергенін көреміз, Жазушылар да осыны түсінуі керек, егер жалықтырса, демек не уақыты өткен, не техникасы келіспеген. Болашақта құпияларға жетелейтін, жұмбақтың шешуін оқырманға қалдыратын, оқырман ол жерде өзіне бір еркіндік сезінетін мета дүниелер, мысалы, романдар сәнге айналуы мүмкін.
Алмас Шәйкен:
– Негізі, классикалық шығармаларды бұрын немесе бүгін деп бөлуге болмайды, олар қай кезде де оқылады. Мысалы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегі мен Абай атамыздың өлеңдері, поэмалары, қарасөздері қаншама ғасыр өтсе де ешқашан құндылығын жоймайды. Сондай-ақ бүгінде адамдар өзін-өзін дамытуға арналған түрлі психологиялық, танымдық, әлеуметтік кітаптарды көбірек оқиды. Олардың ішінде дұрысы да, бұрысы да кездеседі. Дегенмен оқырман өзі оқыған кітап арқылы оның пайдасы мол екенін түсініп, басқа да, мысалы, көркем әдеби кітаптарды да оқиды деп сенемін.
– Қазір не оқып жүрсіз?
Динара Мәзен:
– Аудармашы болғандықтан сөздік қор, көркем тіл қажет, сондықтан қазақ жазушыларын қайталап оқып тұрамын. Жақында «Аласапыран» (М.Мағауин), «Көшпенділер» (І.Есенберлин) мен Тәкен Әлімқұлов шығармаларын қайталап оқып шықтым. Бұрын кітап оқығанда сюжеті мен оқиғасы қызық болса, қазір тіл қолданысы, көркемдік жағына көбірек мән беремін. Демалу үшін кітап оқығым келсе Арчибальд Кронин, Бетти Смит, Теодор Драйзер, Ирвин Шоу сияқты авторларды оқимын. Заманауи шығармалар мен авторларды мүмкіндігінше оқып отыруға тырысамын, аудармашы болғандықтан оларды да білуге тиіспіз.
Серік Асылбекұлы:
– Соңғы оқыған кітаптардың ішінде қазіргі неміс әдебиетінің классигі, біздің замандасымыз Бернхард Шлинктің «Чтец» повесі қатты ұнады. Қазір бұл неміс әдебиетіндегі ең оқылымды жазушы. Одан кейін Қытай қаламгері, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның «Қызыл гаулян» деген шығармасын оқыдым. Сосын орыстың көрнекті жазушысы Юрий Казаковтың әңгімелерін тағы бір қайталап шықтым. Өзім бұл сыршыл суреткерді әлемдік новеллистиканың теңдессіз шебері санаймын. Әсіресе оның «На полустанке» және «Вон бежит собака!» атты оймақтай ғана екі әңгімесіндегі адам жанының нәзіктігі мен махабатқа құштарлығын сыйдыра білген шеберлігіне таңғаласыз.
Жадыра Шамұратова:
– Оқырман болудың өз жауапкершілігі бар. Қазақ әдебиеті тарихының белді өкілдерімен таныс бола отырып, шетел әдебиетінің де озық үлгілерін оқисың. Классика – әліппе, мысалы, Кафканың финалға жақындағандағы динамикасын сезінудің, Чеховты пайдаланылмайтын, бірақ атмосфера беретін детальдарын байқаудың өз ләззаты бар...
Жақында оқығаным – Людмила Улицкаяның «Зеленый шатер» және «Даниэль Штайн, переводчик» деген романдары. Бұның алдыңғысы психологиялық проза, Кеңес дәуіріндегі диссиденттер, кгб-ның әрекеттері, адамдардың быт-шыт болған тағдыры туралы. Бүгінде жетпіске келген жазушы мамандығы бойынша биолог, генетик болғандықтан, арақтың орыс генетикасына қалай әсер еткені туралы ойланады. Ал «Даниэль Штайн, переводчик» – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бір өзі үш жүз тұтқынды құтқарған еврей туралы, автор архив құжаттарына көбірек сүйенеді. Құдайды іздеу, адамдардың бір-бірінің сеніміне деген көзқарастары айтылады. Автор кейіпкерлердің ішкі дүниесінде не бар, қандай сыр бұғып жатыр дегенді қаузап, уайымы не, ой-санасында қандай жаңа өзгерістер бар, соны беруге тырысады. Жалпы, адамдар дініне, ұлтына қарамастан соғыспай, бір-біріне қысым жасамай өмір сүре ала ма?
Алмас Шәйкен:
– Қазір италялық автордың орыс тілінде шыққан философиялық тәжірибеге байланысты ғылыми кітабын оқып жүрмін. Сонымен бірге Руслан Ақмағанбетовтің «Құт» деген қазақтың байлары туралы мазмұнды дерекке толы жинағын оқыдым. Біздің қаламгерлер, этнограф ғалымдар от тілді, орақ ауызды билер, баһадүр батырлар туралы жиі жазғанымен, нақты дәулетті, ауқатты адамдар жайындағы кітап өте сирек. Кеңестік кезеңде байлар туралы сөз айтқызбады. Бұл еңбек сол олқылықтың орын толтырады. Өзім осы кітаптан қазақ байларының мінезін, болмысын, жомарттығын, әділдігін, балаларына қандай тәрбие бергендігін біліп, тың мағлұматқа қанықтым. Сондай-ақ үстелімде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» атты даналық кітабы тұрады. Осы еңбектегі даналық әңгімелерді күніне бір оқып қоямын.
Қонақбай Саттаров:
– Көп уақытымды баспасөзге шолуға арнаймын. Одан қолым босаса, қысқа әңгімелер, өлеңдерді оқудан жалыққан емеспін. Кейде арнайы іздеп тауып оқитыным бар. Ал аудио кітап дегендерді қабылдай алмай-ақ қойдым. Біртүрлі, маған жат. Аңыз әңгімелер, қиссалар қызықтырады. Көп уақытымды орыс тілінде болса да іскерлік, психологиялық әдебиеттерге арнап жүрмін. Бұл – мен үшін қазір қажеттілік.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»