Экономика • 31 Қазан, 2022

Құрылыс – маңызды сала

945 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дағдарысқа қарамастан құрылыс саласы ел экономикасының басты өрге сүйреуші күші болып қала береді. Жұмыспен қамтылғандардың 17 пайызы және нақты сектор кәсіпорындарының 42 пайызы дәл осы құрылыс саласында жұмыс істейді.

Құрылыс – маңызды сала

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Finprom талдауына сүйенсек, құрылыс саласы экономикада маңызды рөл ойнап тұр. Әсіресе дағдарыс кезінде. 2020 жылы ішкі жалпы өнім 2,5 пайызға төмендеген кезде құрылыс секторы бірден 11,6 па­йызға ілгерілеген. Бұл – бүкіл секторлар арасындағы рекордтық көрсеткіш. Са­ладағы осы өсім нақты секторға тиіп кетуі мүмкін пандемия зиянының алдын алған.

«Құрылыс ел экономикасы өсімінің басты драйвері деп нық сеніммен айта ала­мыз. Биыл бұл сала көлемі жағынан өсу бойынша да лидер атанды. Алты ай­дың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 3,6 пайызға өссе, құрылыстағы өсім 9,2 пайызды құрады. Бір қызығы, сала тағы бір жоғары технологиялық сегмент – ақпарат және коммуникация саласымен (+12,6 пайыз) бір қатарда көш бастап тұр. Қазір құрылыс ел ІЖӨ-нің 5 пайызын қалыптастырады. Бұл ретте сектор ара­лас салаларды (өңдеуші өнеркәсіп, көлік құ­растыру, құрылыс материалдарын өндіру, сауда, транспорт-логистикалық сала) ын­та­ландыра отырып экономикаға мульти­пликативті әсерін тигізеді», дейді сарапшылар.

Сонымен бірге құрылыс саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор ықпал етуде. Секторда қазір 637,5 мың адам жұмыс істейді. Адам саны жағынан сауда, агроөнеркәсіп кешені және білім беру салаларымен иық тірестіреді. Елдегі бүкіл еңбекке жарамды қауымның 7,2 па­йызы нәпақасын осы құрылыстан айырып жүрсе, реалды сектордағы еңбекпен қам­тыл­ғандардың 17,4 пайызы осы салада істейді. Айта кетейік, нақты секторға құрылыс, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, транспорт және байланыс салалары кіреді.

Құрылыстың шапағаты тиетін бағыт­тар жоғарыда көрсетілген салалармен шектелмейді. Ол құрылыс материалдарын, бұйымдар мен механизмдерді (металлургия, көлік құрастыру, химия өнеркәсібі) өндіру және сатуға демеу беріп, үйлер мен тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсету сегментіне де (клинингтен бастап жеткізіп беру қызметіне дейінгі аралықта) әсер етеді. Сондай-ақ жоғары технологиялық салалар – архитектура, экспертиза, геология, цифрлық технология және телеком салалары да құрылыспен тікелей байланысты.

«Тағы бір маңызды жағдай – құрылыстың бизнес-белсенділікке әсері. Жұмыс істеп тұрған компаниялар саны бойынша да құрылыс секторы көш басында. Биыл тамыз айындағы дерек бойынша құрылыс саласында 50,3 мың компания жұмыс істейді. Бұл былтырмен салыстырғанда 11,2 пайызға жоғары көрсеткіш. Бұл дегеніміз – елдегі бүкіл кәсіпорынның 13,3 пайызы және нақты сектордағы барлық кәсіпорынның 41,9 пайызы», деп жазады Finprom.

Жалпы, құрылыс секторы экономикалық өсімге және нақты сектордың дағдарыс құшағынан сытылып шығуына тікелей және жанама әсер ете алады. Сон­дай-ақ сектор халықтың баспанаға деген қа­жет­тілігін өтейді. Тиісінше жұмысқа орна­ласу, іскерлік ортаны қалыптастыру, өнім өндіру бойынша да мүмкіндігінше молы­нан ықпал ететін сала болып қала береді.