– дейді Алматы облысы, Іле ауданының әкімі Бердәулет АБДУЛДАЕВ
Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Осынау батыл қадамға орай өңір мүмкіндігін сараласақ, еліміздегі ең ірі мегаполис Алматының дәл іргесіне орналасқан Іле ауданы Жетісу өңіріндегі өндіріс орындары көптеп ашылған индустриялы аймақ болып саналады. Алматы облысы бойынша бюджет төлеміне түсетін салықтың үштен бір бөлігін құйып отырғаны тағы бар.
Жалпы, Іле ауданындағы 11 ауылдық округке қарасты 32 елді мекенде 34 этнос өкілін құрайтын 198 мыңнан астам адам тату тұрып, ел ырысын тасытуға өзіндік үлесін қосуда. Бүгінгі күннің басты талабы – Еуразиялық экономикалық одақ ауданға қандай пайда әкеледі, сол кіріс көзі қалай ашылады дегендей сан сауалға орай Іле ауданының әкімі Бердәулет АБДУЛДАЕВТАН алған сұхбатымызды ұсынамыз.
– Бердәулет Ешенұлы, әуелгі әңгімені Еуразиялық экономикалық одақтың ауданға тигізетін пайдасы туралы айтудан бастасаңыз.
– Еуразиялық экономикалық одақтың күретамыры экономика десек, сол экономиканы өркендетудің бір тармағы интеграция. Жалпы, интеграция дегеніміз, кеңейтілген экономикалық кеңістік құру мақсатында егеменді мемлекеттерді біріктіру үдерісі. Онда тауар, инвестиция және жұмыс күші еркін айналымда болады. Әлемдік тәжірибеде интеграциялық бірлестіктердің еркін сауда айналым аймағы, Кеден одағы, ортақ нарық, экономикалық одақ, бірыңғай экономикалық кеңістік сияқты ұйымдастырушылық-құқықтық нысандары бар. Бүгінгі таңда республикамыз еніп отырған Кеден одағы тауар айналымының кеңістігін қалыптастырып, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге ықпал етуде. Үстіміздегі жылды еуразиялық интеграция үдерісі үшін маңызды жыл деп атауға болады. Сөз реті келгенде айтып өтсек, Елбасының Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы жиырма жылды артқа тастап, қиын жолдан өтті. Тұтастай алғанда, интеграция – жеке элементтерді біртұтас бүтін дүниеге біріктіру деген сөз. Артықшылығы еш саясатсыз таза экономикалық тұрғыда жұмыс істеу деп те түсінген дұрыс.
Бұл орайда, біздің ауданымыздағы республика жұртшылығына кеңінен танымал «Райымбек Агро» («Айналайын» сүт өнімдері), «Филип Моррис Қазақстан», «Джей Ти Ай Қазақстан» (темекі өндірісі), «Амкор Табако Қазақстан» (темекі қорабын шығаратын өндіріс), «Берикап Қазақстан» (қақпақтар өндірісі), «Дархан МНМ» (арнайы әскери аяқ киім өндірісі), «Danon Berkut» (сүт өнімдері), «Sonik» (профильді трубалар өндірісі), «Медиатекс Н» (бас киім өнімдері), «Даму» индустриялық орталығы сынды кәсіпорындарды ерекше атай отырып, осы өндіріс орындарынан түсетін пайда еселенер деген үміт бар. Өйткені, үзіліссіз жұмыс істеп тұрған өндіріс орнының құрылғылары ескіргенде, қандай да бір бөлшегі жарамсыз болып ауыстыруға тура келгенде сол қажеттілікті сырттан әкелуге тура келмей ме? Міне, сонда Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасын зауыттар мен фабрикалар көретіні анық. Ал ауданға келетін пайда өндіріс орны қажеттілігін қолжетімді бағаға сатып әкеліп орнатса, шығаратын өнімінің өзіндік құны арзандығын сақтамай ма? Ол дегеніміз, шикізатқа сұраныс артып, тіпті, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тудыру болып табылады. Сондықтан, Еуразиялық экономикалық одақтан күтеріміз көп.
– Сонда сіз басқарып отырған ауданда Еуразиялық экономикалық одақ арқылы елге әкелетін пайда көзін ашу мүмкіндіктері мол ма?
– Статистикалық мәліметке жүгінсек, 2014 жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты қарқынын сақтап келеді. Өндірілген өнеркәсіп өнімдері 53,8 млрд. теңге болды. Нақты көлем индексі 92%. Сөйтіп, облыстың өнеркәсіп өндірісінде ауданның үлесі 31%-ды құрады. Тауарлы бетон өндірісі 42%-ға, шыныдан жасалған бұйымдар 18,6%-ға, қиыршық тас және құм 9,3%-ға, құс еті 3,3 %-ға артты. Осы жылдың төрт айында өнеркәсіпте 3 жаңа нысан іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 2 кәсіпорында өндіріс кеңейтілді, барлығы 93 жаңа жұмыс орны ашылды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша төрт жылда 10,1 млрд.теңгеге 10 жоба іске қосылып, 680 жаңа жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы облыстық өңірлік индустрияландыру картасына 2 инвестициялық жоба енгізілді. ИСО сапа бағдарламасымен 29 кәсіпорын жұмыс істейді, тағы да 3 кәсіпорында сапа жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Енді, осы өндіріс орындары шығаратын өнім көлемі көбейіп, өзіндік құны арзандайтыны анық. Оның себебін дәлелдеп отырудың өзі артық. Рас, біз бұл өндіріс орындарының ішкі жұмысына араласпаймыз. Бірақ сол өндіріс орындарының құрылтайшыларына Елбасы тарапынан жасалып жатқан жеңілдікті, яғни Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі ой салып, нақты әрекетте елге, жерге келтірген пайдасын көрсетер деп сенім артамыз.
– Аграрлы салада ше?
– Ауыл шаруашылығында 9,0 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Аудан бойынша жалпы егістік алқабының көлемі – 67267 гектар. Мемлекеттік саясатқа сай 21 066 тонна ет өндіріліп, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 31 пайызға өсті. Сонымен қатар, 93,7 млн. дана жұмыртқа, 15,9 мың тонна сүт өндірілді. Ауданда 7 асыл тұқымды шаруашылық бар. «Сыбаға» бағдарламасы талапқа сай іске асуда. 2011 жылдан бастап 6 шаруашылық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы алынған 61,6 млн. теңге несиеге 480 бас аналық мал сатып алды. 2014 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» Алматы филиалына «Сыбаға» бағдарламасымен мал алуға ауданның 19 шаруашылығы сұраныс берді.
Бүгінгі күнге 1 шаруашылық 10 млн. теңге несие алып, 46 бас аналық мал сатып алды. Ал 1 шаруашылықтың 21 млн. теңге сұранысы мақұлданды.
– Аудан әкімі ретінде өндіріс орындары мен түрлі деңгейдегі құрылымдарды аралап, мүмкіндіктерін саралайсыз ба?
– Әлбетте. Күн сайын болмаса да аптасына үш-төрт рет ірілі-ұсақты өндіріс орындарына арнайы барып, Еуразиялық экономикалық одақ келтіретін пайданы, нақтылай түссем, әр тұлға осы мүмкіндікті қалай пайдалана алады, ол үшін жергілікті билік тарапынан қандай көмек керек дегендей мәселелерді талқылайтын әдетім бар. Бұл қалыптасқан жұмыс тәртібіме жатады. Соның сыртында жеке қабылдауыма бүгінгі сұхбатымызға өзек болып отырған игілік жөнінде келетін азаматтар да баршылық. Оларға ой бүгін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдамайтын күнім еді, иә болмаса түскі үзіліс болды ғой, мен де ет пен сүйектен жаратылған адаммын деп кейінге ысыру маған жат. Тілін таба білсеңіз ашылмайтын адам жоқ.
Бірде іскер жігіттер кезінде Ресей мен Қазақстанның кеден бекетінде бес сағаттан астам уақыт тұратын едік, бүгінде ол мәселе реттеліпті. Таяуда ғана екі ел шекарасында небары екі сағаттық тексеруден өтіп, еш шығынсыз елге келдік деп разы болып отыр. Енді Еуразиялық экономикалық одақ экономикалық қарым-қатынас мәселесін реттесе нұр үстіне нұр болары анық. Экономикалық пайда көзі ашылатынына ерекше қуанып отырғаным, ауданымыздың шағын және орта кәсіпкерлік саласында 1 166 шағын кәсіпорын, 1 875 шаруа қожалығы, 4 711 жеке кәсіпкерлер бар. Бұл салада барлығы 26,4 мың адам жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімі мен көрсетілген қызметтің көлемі 40 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 103 пайыз артық болды. Сала жетістігін тізбелей түссек, жыл басынан бері 15 кіші кәсіпкерлік нысандары іске қосылып, 56 жаңа жұмыс орындары құрылды. Аудан экономикасының дамуына 12,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Нақты көлем индексі – 109,6%. Инвестициялардың негізгі көлемі 8,4 млрд. теңге немесе 67 пайызы кәсіпорындар, ұйымдар мен тұрғындардың қаражаты есебінен игерілді. Республикалық бюджеттен 907 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 324 млн. теңге, шетел инвесторларының қаражаты 2,6 млрд. теңге, басқа да несие қаражаттары 351,3 млн. теңге болды.
– Ауданда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?
– 2012 жылдан бастап 24,7 млн.теңгеге Еңбек және Қосөзен ауылдарында рұқсат етілмеген қоқысты тастайтын жерлерді жою және Жетіген, Ақши ауылдарында иесіз қалған нысандарды бұзу жұмыстары жүргізілді. 2013 жылы аталған бағдарлама аясында 150,5 млн. теңгеге елді мекендердің көше жолдары және 8 мектептің спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы 165,1 млн. теңгеге 6 жоба жүзеге асырылады ( Жаңаталап пен Чапай ауылдарында екі су каналын қайта қалпына келтіріп, күрделі жөндеуден өткізу, Ынтымақ ауылындағы құлағалы тұрған мектеп ғимаратын бұзу, Өтеген батыр кентіндегі №38 мектеп гимназиясының кәріз жүйесін күрделі жөндеуден өткізу, Жетіген ауылындағы №11 орта мектептің спорт алаңын жөндеуден өткізу және елді мекендердің көше жолдарын ағымдағы жөндеу).
«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 2011 жылдан бастап Чапаев, Еңбек, Түймебаев ауылдарының және Боралдай кентінің сумен қамту жүйелерін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, ағымдағы жылы Боралдай кентінің 3 кезеңдегі, Тілендиев және Жетіген ауылдарының сумен қамту жүйелерінің қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Экономиканың қарқынды дамуы әлеуметтік саланың дамуына да септігін тигізді. Ағымдағы жылдың І тоқсанында ауданда 262 тұрақты жұмыс орындары құрылды. Орташа айлық жалақы 6,9 пайызға көтеріліп, 110 392 теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, жұмыссыздық деңгейі 4 пайыздан 3,8 пайызға төмендеді. Бұл мәліметтерді келтіре отырып айтарым, Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасын жеке және заңды тұлғалар көре білуі керек. Сол мақсатта мемлекеттік саясатқа сай еңбек ету – біздің міндетіміз. Әрине, заңнама шеңберінде ешқандай саясатты араластырмай таза экономикалық тұрғыда әрекет етеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.
Ілгерілеудің даңғыл жолы
Қазақстан – біздің Отанымыз, барлығымыздың ортақ шаңырағымыз, үйіміз. Жаңа көтерілген шаңырақтың тауқыметіндей, жас мемлекетті аяғынан тұрғызудың өзіндік қиындықтары аз емес. Көтерілген шаңырақтың биік, керегесінің кең болуы да ортақ Отанның әр мүшесінің мойнындағы абыройлы міндет. Қазақстан Республикасының алыс-жақын шет мемлекеттер қатарынан абыроймен дамыған, зайырлы ел ретінде көрінуінде ел Президентінің еңбегі орасан.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылдың 17 қаңтарындағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – елдің еңсесін тіктеп, озық елдердің алдыңғы сапынан көрінудің даңғыл жолы.
Осындай игі істердің бастамасы ретінде Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мемлекет басшылары деңгейіндегі Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуын атауға болады. 1994 жылы Елбасымыз М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде осы идеяны алғаш көтерген болатын. Бұл идеяға биыл жиырма жыл толып отыр. Осы аралықта экономикалық интеграция бағытында орасан жұмыстар атқарылды.
Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ бірден қалыптаса салған жоқ. Оған мүше болатын мемлекеттер ТМД-дан бастап, ЕурАзЭҚ арқылы Еуразиялық одақ туралы идеясына дейінгі үлкен эволюциялық жолдан өтті. Бұл мәселеде ТМД мен ЕурАзЭҚ ерекше тарихи рөл атқарды. Интеграциялық байланыстар жасай отырып, тәжірибе жинадық. ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағы құрылды, одан кейін Біртұтас экономикалық кеңістікке өту басталды. Ал 2011 жылдың қарашасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шешім қабылданды.
Еліміз ұзақ мерзімді болашаққа жоспарланған бұл Одақтан орасан зор пайда көретін болады. Қазақстан тауарларының, капиталының, жұмыс күшінің еркін қозғалысы, бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ, байланыстарды күшейту – осының бәрі еліміздің экономикалық әлеуетін арттыра түсетін болады.
Одақ біздің елімізге қазіргідей құбылмалы экономика жағдайында тұрақты әрі орнықты даму үшін зор экономикалық мүмкіндіктер береді. Бұл шартта көпвекторлы саясат жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, осы Одаққа қатысудан бөлек, ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер және өзге де халықаралық бірлестіктер мен келісімдердің жасалуы жарқын болашаққа жетелейтін игі бастамалар. Экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтады. Яғни, оны жетілдіру қуатты ел құру мұраты болып табылады.
Осы игі шараның өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Қайнар университеті 2014 жылдың мамыр айының 29-ында академик Е.С.Омаровтың басшылығымен «Еуразиялық кеңістіктегі мәдениетаралық қарым-қатынас жағдайында қазақ өркениетінің даму динамикасы» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Бұл тақырып өзінің өзектілігімен ерекшеленеді.
Өзекті мәселені талқылауға еліміздің белгілі философтары, саясаттанушы, әлеуметтанушы, тарихшы, экономист ғалымдарынан басқа, қытайлық Чжан Шаохуа, сириялық Сухейль Фарах, венгриялық Имре Пачаи, португалиялық Аниль Самарт, т.б.
көрнекті ғалымдар қатысып, заманауи ең жоғары өркениеттердегі қарым-қатынастың игі мақсаттары мен жолдары жайында ой қозғады.
Осындай игі іс-шаралар жалғасын таба беретін болады.
Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Лебіздер легі
Ерболат МҰҚАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты:
– Еуразиялық одақ идеясының бастауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұрғандықтан, Одақ шартына қол қою рәсімінің елордамыз Астанада өтуін заңдылық деп білемін. Ал құжатта елдердің теңдігі, аумақтық тұтастығы және өзге де қатынастары ашық жазылған. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл туралы айтқанда, «Ұйымның барлық деңгейіндегі шешім қабылдауда консенсус қағидатының болуы маңызды» екенін ерекше атап өтті. ЕАЭО туралы шартта бірде-бір саяси мәселе көрініс таппаған. Шарт жобасын даярлау барысында Қазақстан жағы ортақ Парламент туралы идеядан бас тартуға қол жеткізді. Басында бұл жайында мәселе көтерілгенімен, Елбасы ортақ Парламент туралы ешбір сөз болмауға тиістігін нықтағаннан кейін бұл әңгіме қозғалмайтын болды.
Егер мемлекетіміз қажет деп тапса, онда аталған шарттан кез келген уақытта шығып кете алады. Қазіргі таңда еліміз салықтық төлемдер көлемін төмендетіп, инвестициялық ауанды жақсартып, кәсіпкерлерді қолдаудың барлық тетіктерін енгізуде. Осының барлығы инвестицияның елге молынан келуіне негіз қалап отыр. Оның үстіне, ресейлік және беларусьтік бизнес өкілдері бірлескен кәсіпорындар ашуға қызығушылық танытып келеді. Олай болса, ел экономикасын өркендетіп, елдің егемендігін нығайтуға жол салынады. Еліміз жаһандық экономикада да өз орнын тауып, көптеген шет мемлекеттермен тығыз байланыста. Осы байланысты әрі қарай нығайту үшін, сонымен қатар, ДСҰ-ға кірген уақытта бәсекелестіктен қалып қоймау үшін, ЕАЭО-ның бізге берері көп.
Владимир АКСТ, Мамлют ұн комбинатының ауысым жетекшісі:
– Біз Ресеймен ежелден көрші елміз. Бұл қатарға Кеден одағы аясында Беларусь елі де қосылып, тұтыну нарығы көлемі жөнінен әлемде жетінші орынға шығуымыздың өзі өміршең идеяның бастаушысы, ұйытқысы Елбасымыз болып табылатын стратегиялық таңдауымыздың дұрыстығын байқатты. Осылайша, тату-тәтті қарым-қатынаста тығыз әріптестік қадамдарды жалғастырып келген үш мемлекет басшыларының Еуразиялық экономикалық одаққа бірігуі біз сияқты қарапайым адамдардың қызу қолдауына ие болғанын бөле-жара айтқым келеді. Нарықты кеңейту, бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашу, интеграциялық үдерістерді нығайту жаһандану дәуірінің бұлжымас талаптары десек, мұндай әлеуетті бірлестіктің құрылу мақсаты да, өмір сүру ниеті де ортақ қағидатқа негізделетін 170 миллионға жуық тұрғындарды үлкен басымдықтарға ие етіп, жүріп-тұру қозғалысы мен рухани, әлеуметтік жақындасу ықпалдастығын барынша оңайлатары анық.
Осындай тарихи оқиға сәтінде Қазақстанның ұстанған бағдарының өміршеңдігін айғақтайтын мысалдардың саналуандығына көз жеткізе отырып қол жеткен құндылықтарымыздың одан әрі дами түсеріне шүбә келтірмейсің. Шыны керек, осыдан жиырма жыл бұрын Президентіміз халықаралық қарым-қатынастың озық үлгісі ретінде осы идеяны көтергенде оған сенбеушілердің қатарында болғанымды жасыра алмаймын. Бүгінде әлем халықтарының арасынан лайықты орын алып, енді ең дамыған отыздыққа ену міндетін алға қойып отырған еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел екеніне нық сенетін болдық.
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін үш мемлекет арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ мүшелерінің қатары толыға түсеріне күмән жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы.
Қорлан ИТЖАНОВА,
«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ Фитопрепараттар дәрілік түрлерінің технологиясы зертханасының бас технологы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Еліміз беделін биіктетіп, мәртебесін көтерген елеулі оқиғалардың уақыт өткен сайын орын алып отыруы бәрімізге ортақ мерей. Міне, осындай тарихи сәт Ресей Федерациясы, Беларусь және Қазақстан Республикасы арасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуын үлкен қуанышпен қарсы алдық. Үш мемлекеттің мұндай байтақ кеңістікте дамуды жаңаша интеграциялық бағытпен жүргізуге бет түзеуі бүкіләлемдік деңгейдегі маңызы зор оқиға екендігі даусыз. Бұрыннан да шаруашылықаралық қатынастары қалыптасқан елдердің оны жаһандану заманының талаптарына сай құруға деген орасан зор жігерлі ұмтылысы кімді де болса бей-жай қалдырмайтындығы анық.
Біздің «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің отандық дәрі-дәрмектерді дайындап, шығару жолындағы ізденістері мен қызметі Ресей мен Беларусь елдерінің денсаулық сақтау орындарымен тығыз байланыста дамып келеді. Холдинг жанындағы Қарағанды фармацевтикалық зауытында өндірілген дәрі-дәрмектердің біраз түрі ресейлік және беларусьтік тұтынушылардың үлкен сұранысына ие. Енді бұдан былай қарай осынау жаңа шарттың арқасында үш жақты өзара тиімді байланыс одан сайын нығая түсетіндігіне күмәніміз жоқ. Мәселен, РҒА Сібір бөлімшесінің Н.Н.Ворожцов атындағы Новосібір Органикалық химия институты және Томск мемлекеттік университетімен жақында шипалық қасиеті мол фитопрепараттардың түр-түрін шығаруды кеңейту жөнінде ғылыми-техникалық байланысты жетілдіруге келісім жасастық. Мұндай әріптестік қатынас Беларусь Республикасының денсаулық сақтау саласындағы мекемелерімен де жетілдіріле түспек.
Павел КАЗЬМИН,
«Новокиенка» ЖШС директоры:
– Қазақстан жаңа дәуірдің тарихи оқиғасының отанына айналды. Әлем жұртшылығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік бастамасының көкжиегі кеңдігіне тамсана көз салып отыр. Бауырлас мемлекеттер басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою сәтінде толғанбаған жан қалмады. Бұл – үлкен қуаныш әрі орасан зор жауапкершілік.
Біз, диқандар қауымы Елбасымыздың: «Қол қойылған шарттың халық игілігіне арналғанын іс жүзінде дәлелдеуге тиіспіз», деген сөзін жігерлі жалауға айналдыратынына шек келтірмейміз. Қазақ елінің дамуына оң әсер ететін маңызды құжатқа қол қойылып жатқан сәтте шаруашылық механизаторлары көктемгі егіс науқанын облыста біріншілер сапында аяқтағаны жөнінде рапорт берді. Тың төсіндегі «Новокиенка» ЖШС өзінің игі дәстүрлерін жалғастыра білді.
Қарауымыздағы 24 511 гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар, екпе шөп тұқымы небары екі жұмада себілді. Мұны біздің болашақ мұраттар жолындағы жақсы аяқалысымыз деп санаймыз.
Табысты жолдар мен жарқын жылдар жалғаса берсін!
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы.