Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
– Геральдикалық зерттеулер орталығының Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті жанынан құрылғанына көп бола қойған жоқ. Орталықтағы Геральдикалық зерттеулер бөлімі мемлекеттік рәміздерді ғылыми негіздеумен қалай айналысып жатыр?
– Шекара, елдің астанасы, мемлекеттік рәміздер – елдікті, оның рухын танытатын киелі ұғымдар. Рәміздер және рәмізтану туралы пайымдаулар бастауын тым әріден алады. «Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған, Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам», дейді Мағжан ақын. Геральдика ғылымында түстер сәйкестігі деген ұғым бар. Аспан түстес мемлекеттік туда ғұндар елдігінің нышаны күн мен ай бейнеленген. Көшпелілердің билік белгісі, басқару жүйесінде зор мәртебеге ие, саяси және басқа да мемлекет ісінде бірегей қызмет атқарған тарихи рәміздерді жүйелеу (көне заманнан бүгінгі мемлекеттік рәміздерге дейін) – орталықтың басты жұмысы. Көшпелілердің дүниетанымына негізделген ру таңбалары, хандар мөрі, тулары, нумизматика, cфрагистика, сигнуманистика, фалертистика салаларымен қоса, рәмізтануда әдістемелік, терминологиялық, жалпыұлттық рәмізтануға қатысты мәселелер салмақты зерттеулерге сұранып тұр. Бұл жүйелі түрде жүзеге асуға тиіс жұмыстар.
– Ерте кезде бабаларымыз жауына қарсы ұрандатып шапқаны белгілі. Ұран сарбаздарға рух беретін, жұдырықша жұмылдыратын, елі үшін жанын шүберекке түйіп атой салатын құдіретті сөз іспетті. Әнұран сөзінің тегі осы ұран сөзінде емес пе?
– Қазақтың «ұран» сөзі туралы тарихшы, жылнамашы Құрбанғали Халиди «Тауарих хамса» еңбегінде баяндайды. Сонда «қыздыру, жиналу, қайрат беру» мағынасында айтылады. Әр рудың өзіне тән ұраны болады. Егер өзге тайпалармен ұрыс-қақтығыс бола қалса, «Алаш, Алаш» деп шақырады», «Алаш» деп ұрандағанда ноғай мен қазақ бірігіп, бір адамның баласына айналады» деп тұжырымдайды. Өткен ғасырда өмір сүрген Л.Баллюзек деген генерал-лейтенант: «Қазақтар үшін әдет-ғұрыптардың бірде-бірі дәл ұран сияқты қасиетті бола алмайды», дейді. Жауға қарсы соғысқан майданда сарбаздар қол бастаған хандар мен батырлар есімін ұрандап атойлаған. Ұран жұртты жігерлендіретін, рух беретін, біріктіретін қуатты сөз болса, әнұран – отаншылдық рухпен астасқан, ел тарихындағы ең маңызды оқиғалар кезінде туған халықтың жан дауысын білдіретін ұлттық ән.
– Конституциялық заңда «Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік гимн Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері болып табылады» делінген. Алайда «әнұран», «гимн» терминінің қайсысын қолдануымыз керек, қайсысы дұрыс? Бірізділік жоқ, әр жерде әртүрлі қолданылып жүр. Осы мәселе қалай қадағаланады?
– «Мемлекеттік гимн» атауы – ресми құжат тілі, Конституциялық заң тілі. Алайда мектеп, балабақша, әлеуметтік желілерде, яғни практикалық істе «гимн» сөзі мүлде қолданылмайды. Дәлірек айтқанда, гимнология гимндер тарихын зерттейді. Ал гимн ұғымы бастауын шіркеу әндерінен алатыны мәлім. Сонда гимн тарихын ұрпаққа түсіндіруде шіркеу тарихын баяндауымыз керек пе? Әнұран идеологиялық термин. Конституциялық заңда мемлекеттік гимн емес, Мемлекеттік әнұран деп анық жазылуы керек. Ұлттық рәміздер Ту, Елтаңба, Әнұран мемлекеттік тілде жазылып, төл ұғымда дыбысталуға тиіс. Бұл тұста терминолог ғалымдар мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, аудармашылар мен сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін ескерсе дұрыс болмақ. Мысалы, Орталық мамандары ұсынған «региональный символ – «өңірлік нышан» атауы 2022 жылғы 10 қарашада Мемлекеттік терминология комиссиясының кезекті отырысында қаралды, 1175 терминнің бірі болып бекітілді.
– Ресейдің геральдика тәжірибесі бізге үлгі бола ала ма?
– Ресей федеративті, ал Қазақстан унитарлы мемлекет. «Геральдикалық қызмет» – Ресейдің мықты идеологиясы. Ғылыми анықтамасы бойынша «геральдика» гербтерді зерттейтін ғылым. Гербтер Ресей империясының қолтаңбасы, империя мүддесінің мөрі. Империялық мүддеге қызмет ететін Ресей гербтері тарихы үш жүз мың жылдан астам уақытты қамтиды. Биыл Ресей 1722 жылы I Петр жарлығымен Сенат жанынан құрылған «Геролдьмейстер кеңсесінің 300 жылын» және «Геральдикалық қызметтің 30 жылы» деп атап өтті. Орыс геральдикасы ежелден Ресей патшасына адал қызмет еткен дворяндардың атақ-дәрежелерін әйгілейтін жеке гербтер мен жеке мөрлер жиынтығынан құралған. Осы орайда қазақтың дүниетанымы мен тіл табиғатына жат, саясиланған орыс геральдикасы тарихы мен тәжірибесі біздің ұлттық рәмізтану ғылымын қалыптастыруға тәжірибе үшін керек десек те, тарих үшін негіз бола алмайды. Айтпақшы, түркітанушы ғалым Қ.Сартқожаұлы «Қазақ геральдикасы» кітабына жазған алғысөзінде «Бүгінгі күні Ресей империясының елтаңбасы екі басты бүркіт б.з. ІХ ғ. Селжүк хандығының елтаңбасы болған. Селжүк хандығының елтаңбасы кейін Алтын Орда (Ұлық Ұлыс) империясына жалғасып, 300 жыл бойы жарқырап тұрды. Кейін осы елтаңба І Петр патша заманында Ресей империясының елтаңбасына айналды» деп жазды.
Геральдикалық зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкерлері «Рәмізтану» атауы орталық жұмысының мағынасын да, мазмұнын да ашады деп отыр. Ұлттық идея, мәдениет, рух, мінез, ел-жер таным-түсінігін қалыптастыру барысында рәмізтанудың рухани қызметі зор болмақ. Орталық басшысы, ғалымдар және ғылыми кеңес мүшелерінің мекеме атауын өзгерту ұсынысын Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне жолдамақпыз. «Рәмізтану» терминін алғаш қолданған Ербол Шаймерденұлының ұлттық рәмізтану тарихында қолтаңбасы тайға таңба басқандай айқындап берді.
– Рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлы бүгін кеңінен қолданылып жүрген «рәмізтану», «рәмізбаян», «ұлттық рәміз», «дыбыстық рәміз» «рәміздер қоры», «рәміздердің сәйкестік реті», «рәміздік белгілер», «рәміздік жүйе», «рәміздік бояу», «ресми рәміз», «рәміздік таңбалар», т.б. секілді терминдер мен ұғым-түсініктерді қалыптастырған екен. Атауын өзгерткенде мекеме қандай нәтижеге қол жеткізеді?
– Біріншіден, мемлекеттік рәміздерді қоғамға, жас ұрпаққа насихаттау жұмысында мекеме маманы «геральдика» сөзін түсіндіруде «крест жорықтары», «рыцарьлар дәуірі», «Ресей гербтері тарихының 300 жылы», т.б. секілді жат ел тарихын баяндау мысалдарын тілге тиек етпейтін болады. Неміс сөзінен енген қолданыстағы «герб» сөзінің терминдік мағынасы «мұра», «енші». Әрісі Батыс, берісі орыс дүниетанымы сіңген термин. Екіншіден, ана тілімізде «рәміз» сөзінің қолданыс аясы кең. Мемлекеттің төлқұжатында «Мемлекеттік рәміздер» түсінігі анық жазылған. Ұлттық рәміздерді насихаттайтын еліміздегі жалғыз мекемені мемлекеттік тілде атау орталық мәртебесін айшықтай түспек. Үшіншіден, рәміздер тарихтың әр кезеңіндегі мемлекет мәртебесін танытушы, айқындаушы танымдық белгілер. Ұлттық рәмізтану төл тарихымыз, ұлық бабаларымыз құрған ұлы мемлекеттердің ортақ идеологиясы мен сабақтастығынан бастау алады. Теориялық рәмізтану таным алаңы болса, практикалық рәмізтану нақты істер, яғни рәміздерді дұрыс қолдану, пайдалану, рәміздер тарихын түсіндіру, рәміздердің қолданылуын қадағалау және заң алдында жауаптылық, т.б. мәселелерін қарастырады. Рәміздер, белгілер, нышандар – таңба, меншік, төл деген ұғымдар болса, мемлекеттің елтаңбасынан мемлекеттік мекемелердің мөртаңбаларына дейін ұлттық идеологияға қызмет етуге тиіс. Жай ғана белгілер емес, таңбаларда тарихи, философиялық, эстетикалық құпия кодтар жасырынған. Таңбалар ата-бабалардың арман-мұраты, дүниетанымы, көркемдік талғамы, ұрпаққа қалдырған мәңгілік өсиеті іспетті.
– Қарап отырсақ, геральдика басқармасы бар, орталық бар, алайда геральдист мамандар жоқ деп айтуға болады. Мамандарды қай оқу орны даярлайды?
– Геральдикалық зерттеулер орталығының мамандары рәміздер тарихын жүйелеуде ғылыми-тарихи деректерге сүйенеді. Деректерге жүгінеді, деректерді сөйлетеді, деректер негізінде ғана талдап-талқылайды. Рәмізтану саласы бойынша тутану, елтаңбатану, теңгетану, мөртанудың арнайы мамандары жоқ, қысқасы рәмізтанушы мамандар даярлау ісі – кезек күттірмейтін мәселе.
Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісі тарих, археология институттары мен жоғары оқу орындарындағы ғылыми әлеуеті мол зерттеу орталықтарының басты нысандарының бірі болуы керек деп білемін. Олар рәмізтанушы мамандарды даярлап, рәміздерді халыққа таныстыруды басты міндет еткен біздің орталыққа ғылыми қолдау көрсетуі керек. Сонда ортақ пікір, жүйелі, дұрыс танымдық негіз нығая түсері хақ.
Әңгімелескен
Оралхан АХМАДИЯ,
«Egemen qazaqstan»