Саясат • 15 Желтоқсан, 2022

Әкелер форумы: отбасы – ұлт тірегі

1641 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада VII республи­калық әкелер форумы өтті. Тәрбиелік мәні зор болған іс-шарада отбасындағы әкенің рөлі, тәрбиесі кеңінен сөз болды.

Әкелер форумы: отбасы – ұлт тірегі

Форум жұмысына қатыс­қан сарапшылар ұлттық құндылық, патриотизм, бұ­қаралық спорт, инклюзия, өмірлік маңызды дағдылар, отбасылық білім және демалыс, мектептер жанындағы әкелер кеңестерінің маңызы секілді тақырыптарға жан-жақты тоқталды. Бірқатары өз өміріндегі әкенің орнын, тәрбиесін айтып, тәжірибе, кеңесімен бөлісті.

– Осыдан 50 жыл бұрын «әкең келе жатыр, әкеңе айтамын», деген сөзбен өстік қой енді. Қазіргі уақытта сол кездегі ұстаным жүрмейді. Бүгінде әке баланы бесік­тен бастап тәрбиелемесе, ол кішкене өскеннен кейін ие бола алмай қалады. Әлеу­мет­тік сауалдарға қарайтын бол­сақ 6-7 жасқа дейінгі бала­лар­ды әкелердің 1-2 па­йызы ғана құшақтап, көтеріп жүреді. Бұл баланың ең қалып­таса­тын кезі. Біз елімізде әке­нің маңызын арттыруға ұмты­луымыз қажет, – деді Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.

Елімізде «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі құрылып, бірқатар жобаны іске асырып келеді. Оның бірі – «Саналы әке» жобасы. Оның басты міндеті – отбасындағы отағасы, әкенің рөлін арттыру. Сонымен қатар жыл сайын өткізілетін «Әкелер форумының» да маңызы зор. Биылғы іс-шара отбасы құндылықтарына арналды.

– Биылғы форумның «От­басы – ұлт тірегі» деп ата­луы­ның өзіндік мән-маңы­зы бар. Себебі отбасы – игі дәс­түрлер мен тағы­лым-өне­генің, ұрпақтар сабақ­тас­тығы мен тәрбиелік институттардың сақтаушысы. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отан­шыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады», дегені белгілі. Халқымыздың «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөзінің мәні де осында болса керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Мен бала күнімде алғашқы өлеңімді әкеме арнағам. Әкеге деген сағыныш мені әдебиетке әкелді. Сондықтан әкенің қадірін жақсы білемін. Әкенің балаға бөлетін уақыты өте маңызды. Қайтара алмайтын нәрсе болса, ол әкенің отбасына бөлетін уақыты. Байқап отырғанымыздай, әкелер негізінен отбасының қаржылық және материалдық жағына жауап береді. Әрине, қаржылық жағдай өте өзекті, алайда әкенің балаға бөлетін уақыты мен пейілі одан да маңыздырақ. Осы ретте әлем­нің көптеген елінде ар­наулы әкелер күні бар екенін ескерген жөн. Біздің еліміздегі әкелер үшін де сондай атаулы күн қажет деп санаймын. Бұл отбасылық құндылықтарды дамыту мен қарым-қатынас­ты жақсартуға ықпал етеді. Қазақтың батыр жазушысы Бауыржан Момышұлының «Ешкім іштен батыр, дана болып тумайды: ол да мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалып­тасады», дегені тал бесік­тен жұққан тәрбиенің отбасы­лық институттарымен рет­те­летінін аңғартса керек. Бүгін, біз, Құнанбайдай әкенің тәрбиесін бере алмасақ, ертең Абайдай ұлдарды өсіре алмаймыз. Осыны ел арасында барынша түсіндіріп, насихат ете білуіміз керек, – деді форумды қорытындылаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ министр еліміз­де ата-аналардың, со­ның ішінде әкелердің рөлін со­циологияға сүйене оты­­рып зерттелетінін атап өтті. Мәселен, Қазақ­стан қоғамдық даму институты­ның деректеріне сүйенсек, бүгінгі қоғамда әкелердің отбасындағы рөлі негізінен қаржылық және материалдық игіліктерге байланысты көрі­неді. Әкелердің 50,4%-ы от­ба­сын материалдық жағы­нан қаматасыз етеді, 21%-ы отбасылық бюджетті бас­қару­мен айналысады, 9,6%-ы балаларын үйірмелер мен спорт секцияларына апара­ды. Ал 39 пайызы ғана баланың сабағына қарап, үй жұмы­сын тексереді, 34 пайызы ба­ла­ларының денсаулығына қарайды, ауырып қалса емдейді, 24,2 пайызы балаларын қосымша үйірмелерге, спорт секцияларына апарады.

Бұл деректер – Қазақ­стандағы гендерлік теңдік­тің көрсеткіші. БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру саласын­дағы қорының Қазақ­стандағы өкілі (ЮНФПА) Райымбек Сисемалиевтің айтуынша, қазақстандық ерлердің 68 пайызы балалар­дың қамқорлығына анасы жауапты деп санайды. 4 отбасының 1-інде ғана ер адамдар бала күтіміне бірдей тартылған.

– Біздегі мәлімет бойын­ша арнайы жүргізілген са­уал­­намаға қатысқан әрбір төртінші ер респондент әйелдер мен ерлердің құқық­тары тең болуы керек деген пікірмен келіспейді. Бұл ретте сауалнамаға қатыс­қан әйелдердің 83%-ы Қазақ­станда гендерлік теңдікті одан әрі ілгерілетуді маңызды деп санайды. Жалпы, қазақ отбасында ерлерге, әкелерге көп жауапкершілік артылған. Қазақстанда ЮНФПА 2019 жылдан бастап ер адамдармен жұмыс жүргізіп келеді. Әкелер одағы және басқа да ұлттық серіктестеріміз, ҮЕҰ, БАҚ және азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, біз әке болу және некеге тұру тұжырымдамасын ілгері­летуге бағытталған бірқатар ма­ңызды жобаны – MenEngage-ді бірлесіп жүзеге асырдық. Сонымен қатар оқу пакетін әзірледік, әкелерге арналған нұсқаулықтар шығарып, бірқатар тренинг өткіздік. Қазақстанда біз 150-ден астам ер адамды оқыт­тық, олардың көпшілігі MenEngage қозғалысының бел­сенді қатысушылары, – деді Қазақстандағы ЮНФПА қыз­метіне тоқталған Р.Сисемалиев.

Іс-шараның қорытындысы бойынша әкелер институтын дамыту және осы сала­дағы қордаланған мәселе­лерді шешу жөніндегі сарап­шылардың ұсынысы мен пікірі іс жүзінде орындалуы үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жолданады.