Қоғам • 16 Желтоқсан, 2022

«Екі қолға – бір күрек»

451 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір ел тұрғындарын еңбекпен қам­туға арналған мемлекеттік бір­неше жоба іске асып жатыр. Онда жас­тардың «екі қолға – бір күрек» табуына мүмкіндік бар.

«Екі қолға – бір күрек»

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Келесі жылдан бастап жастар 2,5 па­йыздық мөлшерлемемен несие ала алады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет жастардың кәсіпкерлік ынтасын көтеру және қолдау мақсатында шағын несие беру әдістерін қарастырып жатыр.

– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жастарға шағын несие беріледі. Оның пайыздық мөлшері 2,5%-ды құрайды. Қазіргі кезде ережелер жобасы жасалып, «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Басты шарты – кепілдік мүлік болуға тиіс. Оның үй болуы міндетті емес, бағалануы тең басқа да мүлік болуы мүмкін. Несие мөлшері – 5 млн теңгеге дейін. Берілу мерзімі – 5 жылға дейін. Егер несие ауыл шаруашылығына немесе ірі қара мал, жылқы асырауға алынса, онда 7 жылға дейін беріледі. Несие алған жастар­ға 1,5 жылға «каникул кезеңі» ұсынылады, яғни аталған уақытта олар ай сайынғы жарна төлеуден босатылады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Шағын несие жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға арналған. Үкімет келесі жылы оған 5,8 мың жас қол жеткізеді деп жоспарлап отыр.

– Мемлекет жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аудара бастады. Атап айтсақ, жыл сайын «Жастар практи­касы», «Алғашқы жұмыс орны», «Жеңілдік­пен несиелеу» және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары сияқты жобаларды іске асыру шеңберінде республика бойынша 100 мыңға жуық жас жұмыспен қамтыла­ды. Халықты еңбекпен қамтудың тағы бір құралы – нарық сұранысына қарай жастарды қысқа мерзімде оқыту. Аталған жобаның аясында олар жаңа мамандық меңгеріп, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналаса ала­ды. Жыл басынан бері 35,2 мың адам оқытыл­ды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.

Жалпы, елде субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған 161 мыңға жуық азаматтың 36 пайызын жастар құрайды. Оларға жалақы мемлекет тарапынан ішінара немесе толықтай төленеді. Егер жұмыс берушінің белгіленген талаптарына сай келетін болса, жастар кәсіпорындарда жұмысқа орналаса алады. Ол үшін Еңбек биржасы арқылы қажетті орындарға өтініш беру керек.

– Қазір субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған 161 мыңға жуық азаматтың 36%-ын жастар құрайды. Мұндай жұмыс орындарының негізгі мақсаты – жастардың нақты машықтары мен дағдыларын игеріп, одан әрі тұрақты жұмысқа орналастыру. Бүгінде жастарды жұмыспен қамту бір­неше бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Олардың ішінде «Жастар практи­касы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақ­тар келісімшарты», «Қоғамдық жұмыс» сияқты жобалар көзделген. Бұл жобалар жасы 29-дан аспаған жоғары оқу орны­ның түлектері немесе жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатын­дағы жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған, – деді вице-министр.