Экономика • 24 Қаңтар, 2023

Банкроттық – несие кешіру акциясы емес

533 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Наурыздан бастап қаржы ұйымы алдындағы берешегін өтей алмаған азаматтар өздерін банкротпыз деп жариялауға құқылы. Заң бойынша борышкер үш түрлі әдіспен банкрот бола алады – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі. Үшеуі де тек клиенттің бастамашылық етуімен іске асады. Қаржы мекемесі өз клиентіне қатысты банкроттық процедурасын бастауға құқылы емес. Бұл ретте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң – ешқандай да несие кешіру акциясы емес екенін түсінген абзал. Бұл – қарызды төлеуге еш амал қалмағанда жасалатын ақырғы қадам.

Банкроттық – несие кешіру акциясы емес

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Былтыр жыл соңында қабыл­дан­ған «Қа­зақстан Респуб­ликасы азаматтарының тө­лем қабілет­тілігін қалпына келтіру және банкрот­ты­ғы туралы» заң халықтың шек­тен тыс кредит алуын азайту мақ­са­тын­да қабылданды. 2022 жыл­дың қоры­тындысы бойынша қазақ­стан­дық­тардың несие қарызы 14 трлн теңгеге жетті. Соның ішін­­де тұты­нушылық несиенің көлемі – 8 трлн теңге. Төленбегеніне 90 күннен асқан (NPL90+) несие берешегінің көлемі бү­кіл портфельдің 6 пайызын құрайды. Қарыз алушылардың жалпы саны 8 млн адамға жуықтайды. Мем­ле­кеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 1,5 млн адам қаржы институты алдындағы қарызын 90 күннен асырып төлей алмай отыр. Несие берешегінің 90 күннен асып кетуі қарызды проблемалық займ қатарына қосады. Мұндай қарыз көлемі – 1 трлн 449 млрд теңге. Ал микро­қаржы ұйымдары берген қарыз көлемі 979 млрд теңгеге таяп, 2021 жылмен салыстырғанда 42,7 пайызға өскен. Бұл ретте 90 күннен артық төленбей тұрған қарыз көлемі портфельдің 8 пайызын құрайды. Тиісінше 76 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Әрине, 14 трлн теңге болған банк несиесі де, жалпы көлемі 1 трлн теңгеге жуықтап қалған микроқаржы ұйымдарының қарызы да аз берешек емес. Бұл азаматтардың ерікті өтініші негізінде жүзеге асатын бас­тамасы болғандықтан, әзірге ел бойынша нақты қанша адамның жеке тұлға банкроттығына өтініш берері белгісіз. Дегенмен Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, банкроттыққа өтініш берушілер саны шамамен 1 млн 100 мың адамнан асуы мүмкін.

– Арыз келіп түскеннен кейін мемле­кет­тік органдармен, банктермен мәлімет алма­самыз. Егер ол барлық параметрге сай келсе, онда жұмысқа алып, банкроттығы жайлы шешімді қабылдаймыз. Еске­ре­тін жайт – 3 жыл бойы қаржы­лық мониторинг жұмысын жүр­гіземіз. Егер банкроттыққа әдейі тап­сырғаны анықталса, онда азамат жауапкершілікке тартылады. Заңның тағы бір ма­ңызды тұсы – банкроттық әр азамат­тың өзінің еркі. Яғни банк немесе қандай да бір үшінші тарап банкроттық мәселесін қозғай алмайды. Себебі банкроттық – қарызды кешіру акциясы емес. Азаматтар осыны түсінуі керек. Банкроттықтың салдары бар. Әлем тәжірибесіне ден қойсақ та, банкроттық – ең соңғы қадам. Табыс, артық ақша, мүлік болмай, банкроттықтан басқа амал қалмады деген кезде жасалатын шешім, – дейді Ержан Біржанов.

Вице-министрдің пікірінше, заң жобасын дайындау кезінде банк­термен белсенді пікір алмасу жүр­гізілген. Әзірге мемлекет пен банк секторы ортақ мәмілеге келіп отыр.

– Бұл заң басқа елдерде іске асырылып жатыр. Солардың тәжірибесін ескеріп, оң тұстарын алып, заңға енгіздік. Көп тал­қы­ланып барып қа­былданды. Заңды мемле­кеттік қызмет органдары және екінші дең­гей­лі банктермен бірігіп іске асырамыз. Қазіргі уақытта елімізде әсі­ре­се, кепілсіз несие алған азамат­тар саны көп. Бұл заң бірінші кезекте солардың жағдайын шешуге бағытталады. Заңды дайындау процесіне екінші деңгейлі банктер толыққанды қатыс­ты. Әрине, сұ­рақ­тар туындады, бірақ ортақ мәмілеге келе ал­дық. Іске асыру кезін­де са­­­­уалдар туындаса оны бірлесе шеше­міз деп ойлаймын, – дейді вице-министр.

Жеке тұлғаның банкроттығы бірнеше жылдан бері өзекті мәселе­ге айналғанын білеміз. Мұны «Нұрбанк­тің» баспасөз қыз­ме­ті де растады.

«Заңның басты мақсаты – экономиканы жақсарту, кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру және азаматтардың қарыздарын өтеу процедуралары арқылы үмітсіз қа­рыз­дар­дың көлемін азайту. Де­ген­мен, көпшілік бұл заңды кезекті несие амнистиясы ретінде, ал про­це­ду­ра­ның өзін қарызды кешіру ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл дұрыс пікір емес. Барлық «проблемалық» борышкерлер «банкрот» бола алмайды. Ал процедураның өзі айтар­лық­тай қиын және борышкерлер үшін бірқатар жағымсыз салдарға әкеледі. Қазіргі уақытта біздің банктің несие портфелінде NPL90+ үлесі 5,52 пайызды құрайды. Әзірге қарыз алушылар ішінен қанша адамның соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысу үшін өтінім берерін тап басып айту өте қиын. Бірақ аталған мүмкіндіктің проблемалық қарызы бар бірқатар клиентті қызықтырары сөзсіз. Ал сот банкроттық рә­сі­мін қолдану мақсатында сотқа жүгіну үшін 1 600 айлық есептік көрсеткіштен асатын міндеттемелерден бөлек, басқа да фак­тор­лардың болуы талап етіледі. Аталған жағдайды ескере отырып қазір қандай да бір нақты цифрларды айтып, адамдардың ойын бұзғымыз келмейді. Қазір айтқан дерегіміз келешекте дұрыс болмай қалуы әбден мүм­кін. Нақты сұрақтарға тиісті заң күшіне енгеннен кейін оралған жөн», деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.

«ВТБ Банктің» хабарлауынша, жеке тұлға­лардың банкроттығы туралы заң қаржы институтының қар­жы­лық ахуалына зиянын тигіз­беуге тиіс. «Қабылданған заң қарыз алушы мен кредитор арасын­да­ғы қарым-қа­ты­насты реттеуге бағытталады. Сол себеп­ті заң өмірлік қиын және қар­жы­лық жағ­­­дай қыспағында қалған клиенттердің проб­лемасын шешеді және олардың мой­нын­дағы несие жүктемесін жояды деп есеп­тейміз. Сондай-ақ жаңашылдық келешекте азаматтардың несиені ешқандай кедергісіз рәсімдеу үшін жағымды несие тарихын қалыптастыруға деген жеке қы­зы­­ғушылығын оятуға көмектеседі деп ой­лаймыз», деп ха­бар­лады банктің баспасөз қызметі.

Жеке тұлғалардың бан­к­рот­­ты­ғына байланысты кредит алуға өті­ніш білдіретін аза­­маттардың саны азаюы мүмкін бе? Бұл сұраққа «ВТБ Банктің» баспасөз қыз­меті былай деп жауап берді: «Банктер ішкі тәуекел-рәсімдерді және борыштық жүктеме коэф­фи­циентін ескере отырып, кредит тарихын талдау кезінде бастапқы кезеңде критерийлерге сәйкес келмейтін өтінім­дерді әрі қарай қарас­тырмайды. Сон­дықтан халық тарапынан кепілсіз тұтыну­шы­лық кредиттерге сұра­ныс­тың төмендеуі күтілмейді».

Freedom Bank бұл заңның қар­жы институты қызметіне залалын тигіз­бейтініне се­німді. «Біздің банк ашыл­ған күннен бастап жеке тұлға­лар­ды несиелендіруге қа­тысты кон­сервативті несие саясатын ұста­­нады, негізінен кепілмен (авто, ипотека) несие береді. Банктің несие порт­фе­ліндегі NPL90+ ағымдағы үлесі 1 пайыздан аз. Осыған байланысты, бұл заң банктің көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етпейді», деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

«Altyn Bank»-тің баспасөз қызме­тінің мәлімдеуінше, Қазақ­стан аума­ғын­да практика жоқ бол­ған­­дықтан, банк аталған заңның қолда­нысына қатысты пікір білдіре алмайды. «Қа­зір­гі уақытта осы заңның құ­рал­да­рын дұрыс қол­да­ну үшін уәкі­лет­ті органдармен бірлесіп бар­лық қажетті іс-шаралар жүр­гі­зілу­де», деп жауап берді.

Жоғарыда айтқанымыздай, бан­к­рот­тық рәсімін пайдаланудың үш нұсқасы бар. Алғаш­қысы, соттан тыс банкроттық рәсі­міне қарызы 5,5 млн теңгеден аспайтын азаматтар қатыса алады. Бұл рәсім аясында іс сотқа жолданбай, тікелей Мемле­кеттік кірістер комитеті арқылы реттеледі. Бан­крот­тықтың бұл рәсімін Egov.kz электронды порталы және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқы­лы да жүзеге асыруға болады.

5,5 млн теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да бере­шек түрлері бойынша азаматтар сот банк­роттығына жүгіне алады. Сот банкрот­тығының мақсаты – банкрот­тың мүліктік массасы есебінен креди­торлардың талаптарын барынша қана­ғаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып саналса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредитор оны талап ете алмайды. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олар – заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары және аудиторлар.

«Барлық борышкер қаржы бас­қа­ру­­шы­ла­рының қызметіне ақы төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында, мүлкі жоқ, әлеу­мет­тік осал топқа жататын адамдар­ға мем­лекет есебінен ақы төлеу көз­дел­ген», деп нақтылады Мемлекеттік кірістер ко­ми­те­ті.

Банкроттықты қолдануға мүмкін­дік бере­тін үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қал­пына келтіру рәсімі. Бұл ең қолайлы нұсқа саналады. Себебі рәсімнен кейін ешқандай салдар болмайды. Тұрақты табыс бол­ған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылады. Сауықтыру жоспары қаржы бақарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды. Сондықтан банкрот үшін көз­делген салдар оған қолданыл­май­ды.