ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.
(2007 жылы 31 мамырда “АЛЖИР” мемориалдық мұражай-кешенінің ашылуында сөйлеген сөзінен).
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
БОЛАШАҒЫ ЗОР ЕЛ БОЗДАҚТАРЫН ОСЫЛАЙ ҚҰРМЕТТЕЙДІ
27 мамырда Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының бір тобымен кездесу өткізген еді. Олардың арасында кезінде еліміздің аумағындағы лагерьлерде отырғандардың ұрпақтары – кешегі одақтас республикалардан, бүгінгі тәуелсіз елдерден арнайы шақырылғандар да болды. Кездесу соңында олардан осы зұлматқа қатысты ой-пікірлерін сұрап білген едік.
ҚАЗАҚСТАНМЕН БІЗДІ ТАҒДЫР БАЙЛАНЫСТЫРҒАН
Павел ВОРОБЬЕВ, И.М.Сеченов атындағы медицина академиясының профессоры, Ресей ғылым академиясының академигі.
Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыруға байланысты атқарылып жатқан іс-шаралардан жақсы хабардармын. Астанаға жүрер алдында оларды тағы бір еске алып, ой елегінен өткізген болатынмын. Осында келіп, “АЛЖИР” кешенін аралаған кезде мүлде басқаша тебіреністі бастан кешірдім. Өйткені, менің әжем Ханна Самойловна Мартинсон осы лагерьдің біраз жыл тұтқыны болған.
Осыдан он жыл бұрын Қазақстанға тағы бір келіп қайтқан едім. Қазақстанға жиі-жиі келуімнің себебі, мұнда әжемнің ізі қалған. Сол жағдай мені қазақ даласына тартады да тұрады. Ал әжем Ханна Самойловна алғашында “АЛЖИР”-де тұтқында болды. Одан кейін Долинкада жұмыс істеді, одан соң Өскемен қаласында балалар ауруханасын ұйымдастырды.
Он жыл бұрын Қазақстанға келгенім, “АЛЖИР”-де болғаным әлі күнге көз алдымда. Сол шақта онда мұражай ретінде сақталған екі-үш шағын ғана үй болатын. Оларды жалғыз әйел күзетеді екен. Ал кеше барғанымызда, мүлде танымай қалдық. Ауқымды ғылыми кешен болып қайта жаңартылған. Міне, бұл Қазақстан басшылығының саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте қалдыру үшін жүзеге асырған шараларының нәтижесі деп білемін. Өкінішке қарай, Ресейде мұндай жұмыстар әлі қолға алынған жоқ. Мен Ресей аумағын жиі аралаймын. Сонда олардан саяси қуғын-сүргінде құрбан болғандардың жерленген жерлерін сұрастырамын. Ешкім білмейді, белгісіз.
ЖАЛҒАСТЫРЫП ӘКЕТСЕ, ЖАҚСЫ-АҚ БОЛАР ЕДІ
Ефим ПИВОВАР, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.
Кеңестер Одағының құрамында болған республикалардың барлығы саяси қуғын-сүргін зардаптарын тартты, көптеген ірі тұлғалар түрмеге жабылды. Атылғандары да, қиян шетке жер аударылғандары да аз емес. Бұл – барлығымызға ортақ қасірет. Оған кінәлі кім? Тарихшы ретінде айтайын, оған сол кезеңдердегі билік кінәлі.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте қалдыру – барлығымыздың міндетіміз. Білуімше, Қазақстаннан өзге елдерде нақты шаралар жөнді қолға алынып жатқан жоқ. Қазақстан Президентінің игі істерін ТМД елдері әрі қарай жалғастырып әкетсе, жақсы-ақ болар еді. Мұны айтып отырған себебім, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына ТМД мемлекеттерінің басшылары үнемі қолдау көрсететінін жақсы білеміз.
Кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы саяси қуғын-сүргінде қаза тапқандардың жерленген жерлерін іздестіру, онда ескерткіштер орнату, конференциялар өткізу алдағы уақытта да жалғасатындығын атап өтті. Оларды есте қалдыру мақсатында Алматыда, Шымкентте, басқа да қалаларда ескерткіш-мұражайлар ашылған екен. Кездесуде менің алдымда сөйлеген “Қарлаг” жобасының ғылыми жетекшісі Нұрлан Дулатбеков мырза саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған 15 томдық кітап шығаруды қолға алыпты. Бұдан басқа мемлекеттер үлгі алса деймін. Өйткені, ол болашақ ұрпақ үшін қажет.