Қоғам • 26 Қаңтар, 2023

Отбасында – 36 бала

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Лисаков қаласында тұратын ерлі-зайыпты Шукуровтардың өздерінен туған үш баласы бар. Оған қоса бұл отбасы кейінгі бес жыл ішінде балалар үйінен 33 бала асырап алған.

Отбасында – 36 бала

Рустам Шукуров пен Муззама Мансурованың бас қосып, шаңырақ көтергеніне 30 жылдан асыпты. Екеуі де үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасы бар үлкен отбасында өскен. Бүгінде туған ұлдары Юлдаш пен Шерзод ержетіп, жеке отау құрып, үлкен азамат болды. Екі ағасына еркелеп өскен Шакирасы да бойжетіп қалды, биыл 16-ға толды.

– Қызым Шакира кішкентай кезінде менімен ойнайтын ешкім жоқ, ішім пысты дегенді жиі айтатын. Өзім алты құрсақ көтердім, үш нәрестем шетінеп кетті. Қы­зым­­ның әлгі сөздері көпке дейін көңіл­ден кетпей тұрып алды. Ақы­ры отағасы екеуміз ақыл­даса келе, балалар үйінен бала асырап алуды ұйғардық. Әу бас­та бір-екі бала асырап алып, сонымен шектелгіміз келген. Бірақ балалар үйіне келіп, кішкентай бөбектерді көріп, тілдесіп көрген соң, жеті баланы бірдей асырап ал­­дық. Кейін оларға тағы қо­сыл­ды. Аллаға шүкіршілік, бала­ларым­­ның барлығына тәуба дей­мін. Еш­қашан жаным қиналып, ренжіген емеспін, – дейді Муззама.

Көпбалалы отбасы бұған дейін шағын дүкен ұстапты. Одан кейін көтерме бағамен же­міс-жидек сатуға көшті. Жеміс-жидектердің көбі – Шукуровтар отбасының өз бақшасында өскен табиғи өнім­­дер. Сондықтан бұл үйдің тоңазыт­қышы да үнемі түр­лі жеміс-жи­декке толып тұра­ды. Бала­лар­дың жегені алдында, жеме­­гені артында.

– Балаларымның бәрін өз баламдай көрем. Ешқайсысының қо­лын қақпай, қанаттыға қақтыр­май, тұмсықтыға шоқытпай мәпелеп бағып-қағып отырмыз. Шынымды айтсам, біздің тағы бала асырап алғымыз келеді. Бір ғана мысал, жақында Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл балалар үйінен сегіз баланы асырап алғымыз келді. Арнайы барып, өз ниетімізді білдірдік. Одан кейін де жиі барып тұрдық. Жеме-жемге келгенде, балалар үйінің басшылығы мен үй қамқоршылары кедергі келтір­ді. Міне, екі жыл өтті. Сол балалар әлі балалар үйінде тұрып жатыр, – дейді Рустам Шукуров.

Көпбалалы отбасы күніне 30 бөлке нан сатып алады екен. Ерлі-зайыптылардың айтуын­ша, балалардың күнделікті ас-ауқатын әзірлеу қиын емес. Муззама қыздарын ас әзірлеуге араластырмай, тамақты өзі дайындайды екен. Үлкен болғандықтан, бұл үй­дегі тамақ та арнайы құрылғылар­дың көмегімен піседі. Сондықтан көпбалалы ана қыздарым ас әзірлеп жүріп бірдемеге арандап қалар деп қорқады.

Бүгінде бұл үйдің үлкені Катя таяуда 18 жасқа толды. Үш жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген бойжеткеннің өз отбасын тапқанына бір жыл болыпты. Қазір студент. Жоғары оқу орындарының бірінде өнер факультетінде білім алып жат­қан Катя болашақта театр әртісі болғысы келеді.

– Мұндағы жағдайымыз балалар үйімен салыстырғанда, әлдеқайда жақсы. Ата-анамыз – өте мейірімді жандар. Қысқы демалысқа келдім. Бауырларымды сағынып қалыппын. Шағын сый­лықтар тарту етіп, бәрін қуан­тып қойдым, – дейді Катя.

Қазір Рустам мен Музамма тәр­биелеген 8 бала әр қаладағы жо­ғары оқу орындарында оқиды. Үй­дің кенжесі Әзиза – 6 жаста. Келесі жылы бірінші сыныпқа барады.

Статистика мәліметіне сенсек, елімізде ұзын саны 107 балалар үйі бар екен. Бұл мекемелерде 4 606 бала тәрбиеленіп жатыр. Кейінгі бес жыл ішінде 795 отбасы 1 153 бала асырап алған.

 

Қостанай облысы