Қоғам • 13 Наурыз, 2023

Еріңнің разылығынсыз, ешбір істің берекесі болмайды – кәсіпкер әйел

305 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Заман талабына сай қазіргі таңда бизнес әлемінде де, әйелдердің үлесі артып келеді. Қазірге дейін 7 мыңға жуық әйел түрлі бағдарлама бойынша оқу курстарын өткен. Статистикаға сүйенетін болсақ елдегі тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерін басқару саны бойынша әйелдер үлесі 43,5 пайызды құрайды.

Еріңнің разылығынсыз, ешбір істің берекесі болмайды – кәсіпкер әйел

Әйелдер кәсіпкерлігі шағын және орта бизнестегі 31 пайыз жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр.  Бұл республика жалпы ішкі өнімінің 14,6 пайызын құрайды. Сондай кәсіпкер әйелдердің бірі – Арайлым Оязханова.

– 2019 жылы мен декреттік демалыста болғанда күйеуімнің жүріп тұрған машинасы жанып кетті. Дәл сол уақытта басыма бір идея келеді. Бала кезімнен тамақ істегенді, самса, әртүрлі тәтті бәліштер пісіргенді жақсы көремін. Күйеуіме салмақ салмау үшін, үйде отырып-ақ қолымнан келетін іспен айналыстым. Содан таныстарымызға шығып, базарларға, дүкендерге барып сөйлестік, осылай бизнес басталып кетті. Бір күні үйге қайын апам келді, ол кісі де кәсіпкер еді, бізге «JAS PROJECT»  жобасы туралы айтты. Күйеуімнің рұқсатын алып, барып, біліп, бизнес-жоспарды жазуды бастап кеттік. Сөйтіп мамыр айында біз бизнес жоспардан 1 миллион теңге грантты жеңіп алдық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Маусым айында бірінші перзентімнің сырқат  екенін білдік. Осы жағдайдан кейін бізге екі-үш есе көп жұмыс істеп ақша табу керек болды. 2020 жылдан бастап толыққанды кәсіпкер ретінде жұмыс істей бастадық. Кезінде он шақты нан өнімдерін пісірсек, қазір 300-ге көбейттік. Күніне шамамен 700 мың теңгеге жуық табыс табамыз.

– Кәсіп бірден жүріп кетпеген болар, қандай да бір қиындықтарға тап болған шығарсыздар?

– Әрине, қиындықтар өте көп болды. Ол кездегі менің күн тәртібім мынадай еді. Таңертең наубайханаға барам, одан түскі ас кезінде қызымды сабағына апарам, одан қызымды үйге тастап, қайтадан наубайханаға барам. Қосымша жұмыс істеп те үлгеріп жүрдім.  Ресми жұмысым 8-де басталатындықтан, наубайханаға таңғы сағат 5-те баратын болдым. Ол кезде еден жуушы да, сатушы да, нан өнімдерінің барлығын өзім пісіріп, бәрін өзім істедім. Наубайханам дүкеннің ішінде орналасқандықтан, барлығын ертерек дайындап, сатушы қыздарға өткізіп кететінмін. Сөйтіп екінші жұмысыма барып, кешке  одан шығып, наубайханаға келіп сатушылармен есептесіп, ертенгі күнге  барлығын  дайындап кететінмін.  Отбасым үшін, балаларым үшін бәріне шыдадым.

– Қанша уақыттан кейін еңбегіңіздің жемісін көре бастадыңыз?

– 2019 жылдан бастадық, 2020 жылдың ортасында айтарлықтай табысқа жеттік. Содан кеңейіп команда жинап, қазіргі уақытта 13 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Әрине, өмірде түрлі жағдайлар болады, бизнестің де тығырыққа тірелетін кезі бар. Мұндай сәттерде отбасыма, балаларға қарап жігерленемін. Жалпы өмірдің өзі сынақ, сізге сынақ берілді ме, сіз ол сынақты көтере аласыз, сіздің бойыңызда одан екі есе жоғары потенциал бар деп ойлаймын.

– Нәзік жандыларға отбасы мен бизнесті бірге алып жүру қиын емес пе?

– Әйел адамның бұл өмірдегі миссиясы, ол ер адамның разылығын алу. Бірақ заман талабына сай бизнеспен айналысып жүрген нәзік жандылар аз емес. Бизнеспен айналысамын деген әйелдер  отбасы мен жолдасынан қолдау болмаса қиналады. Менің барлық қыз-келіншектерге айтар кеңесім, ақылым, жеке кәсібіңізді бастағыңыз келсе бірінші үйіңізді тап-тұйнақтай етіп қойыңыз. Отбасыңыздың разылығын алыңыз, содан кейін бастаңыз. Мына жақта балаң шырылдап, ата-енең разы емес, күйеуің де сені түсінбей, өзің «бизнес леди» болып жүргеніңнен не қайыр. Келін болып түскеніме 7 жыл болды. Оның 4 жылында осы кәсіпте жүрміз. Шынымды айтсам менің жағдайымда кәсіп ашуға мәжбүр болдым. Осы сәтте енем де қолдау көрсетіп, үйде баланы қарап, үйдің жағдайын жасап, үлгере алмай жатқан кезде көмектесіп, бір жағымнан шығысып, күйеуім де түсіністік танытып барынша қолдады. Адам болған соң арамызда түсініспеушіліктер де болады. Бірақ бәрін ақылға салып шешуге тырысамыз. Ең бастысы сен нені қалайсың соны күйеуіңе ата-енеңе дұрыстап түсіндіріп, отбасыңмен мәмілеге келу керек.

– Жалпы табысты кәсіпкер болу үшін оның бойында қандай қабілет-қасиеттер табылуы керек сіздіңше?

– Сабырлы, табанды болуы, адамдармен тіл табыса алуы керек. Кез келген жағдайға бейімделе жұмыс істей білуі тиіс. Қиындықтарға төзімді, түйіткілдерді шешуге қабілетті болу маңызды.

Жеке кәсіп бастағысы келетін, бірақ жүрексініп, қалай бастарын білмей отырған қыз-келіншектерге қандай кеңес бересіз?

– Ең алдымен қалам мен қағаз алып, қолыңыздан не келетінін жазып шығыңыз. Ішінен ұнағанын алып, сол істі ғаламтор, әлеуметтік желі арқылы зерттей бастаңыз. Сол кезде көп дүниені түсініп, әрекет ете бастайсыз. Жалпы мен әрбір әйелдің табысты болуын, кәсіпкер  болып өз-өздерін қамтамасыз еткендерін шын жүректен қалаймын. Басты кұндылық – отбасы, отағасының разылығы.  Армандаңыз, арманыңызға, кәсібіңізге адал болыңыз, сонда тиісті нәтижеге де жетесіз. Ең бастысы нәтижеге жеткенде бастапқы қадамдарыңызды ұмытпаңыз!

 

Әңгімелескен

Гүлшахра САНСЫЗБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»