Ауқымды іс-шараға дейін Ма Синжуй Премьер-министр Әлихан Смайыловпен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады. Премьер-министр Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, оның жалпы тауар айналымы құрылымындағы үлесі 18%-ды құрайтынын, өзара сауда көлемінің 40%-дан астамы ШҰАА-ға тиесілі екенін атап өтті.
– Екі мемлекет басшыларының 2030 жылға қарай тауар айналымын 35 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі міндетін ескеретін болсақ, Қазақстанның Шыңжаңмен өзара саудасы бұдан да зор маңызға ие болады. Біз қытайлық әріптестерімізбен бірге осынау биік мақсаттарға жету үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақстан мен Қытайды тығыз экономикалық қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтіп, ШҰАА ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, логистика, білім беру, инновация, тағы басқа бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін мәлімдеді.
Премьер-министр бес тармақтың екеуінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеделдетіп өткізу үшін «жасыл дәліздер» іске қосылғанын айтып, қалған үшеуінде: «Достық – Алашанькоу», «Майқапшағай – Зимунай» және «Қалжат – Дулаты» бекеттерінде оларды іске қосу маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар Әлихан Смайылов елдің жүк тасымалдаушыларына ҚХР-ға кіру үшін виза беру рәсімдерін жеделдету мәселесін сөз етті, бұл жалпы тауар айналымының қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық күн өткен сайын артып келеді. Бұған екі елдің сауда, инвестиция, логистика саласындағы келелі істер дәлел бола алады.
– Мемлекет басшылары жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға көп көңіл бөледі. Биыл «Бір белдеу – бір жол» бастамасына 10 жыл толады. Осы кезеңде арадағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша оң серпін байқалады. Бүгінде Қазақстанда тау-кен металлургия кешені, өңдеу өнеркәсібі және басқа да стратегиялық салаларда 3 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин екі елдің форумында.
Негізі екі елді дәстүрлі түрде байланыстырып отырған негізгі аймақ – Қытайдың Шыңжаң өлкесі, өйткені оның үлесіне Қазақстан мен Қытайдың барлық тауар айналымының 40%-дан астамы тиесілі. Вице-премьердің айтуынша, Қазақстан Қытайға 1 млрд доллардан астам қаржыға өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарларының 135 түрін ұсынып отыр. Атап айтқанда, отандық кәсіпорындар ҚХР-ға салқындатылған ет өнімдерін, балық өнімдерін, құс, жылқы, шошқа еті мен қосалқы өнімдерді, жұмыртқа және жоғары маржалы тауарлардың басқа да түрлерін жеткізе алады.
– Бұл үшін отандық ет өнімдерін Қытайға экспорттауға жануарлардың ауруларымен байланысты шектеулерді жою өте маңызды. Жақында Жануарлардың денсаулығын сақтау дүниежүзілік ұйымы аусыл тіркелмеген және оған қарсы екпе салынған Қазақстанның бес оңтүстік-шығыс аймағының мәртебесін растауды ұсынды, – деді Серік Жұманғарин Қытай делегациясының өкілдеріне.
Сонымен қатар вице-премьер ҚХР Бас кеден басқармасы мамандарының елдегі өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге инспекция жүргізу үшін Қазақстанға келу қажет екенін айтты.
– Қазақстан ҚХР-ға жыл сайынғы бидай жеткізу көлемін 1 млн тоннаға дейін және одан да жоғары деңгейге жеткізуге дайын. Бұл үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктер де бар. Мен бір теміржол астық құрамын ҚХР-дың бонд аймағына пилоттық негізде бағыттау туралы тапсырма бердім, – деп Серік Жұманғарин Қытай өкілдерін хабардар етті.
Бұған қоса тараптар жол бойындағы өткізу бекеттері, логистикалық орталықтар мен көлік инфрақұрылымы жұмысының тиімділігін арттыру жолдарын талқылады. Қазіргі уақытта «Қорғас» ХШЫО және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да сауда инфрақұрылымы мен шекаралық бақылау жүйесін жаңғырту қарастырылып жатыр. 2022 жылы Қазақстанның теміржол арқылы транзитпен жүк тасымалдау көлемі 1,1 млн тоннаға артып, 9,4 млн тоннаға жетті. ҚХР-дан автокөлікпен транзиттік тасымалдау екі есе өсіп, 980,6 мың тоннаны құраған.
Үкіметтің ақпаратына сүйенсек, Ляньюньган портында Қазақстан-Қытай логистикалық терминалымен бірге жүктердің кедергісіз транзиті үшін қажетті база бар. Қолайлы инфрақұрылымдық жағдай жасау үшін Үрімші мен Алматыда сауда хабын салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа Бақты (ҚР) - Шәуешек (ҚХР) автомобиль өткізу бекеті ауданында екі ел арасындағы үшінші теміржол өткелі ашылмақ.
Форум аясында экономиканың құрылыс, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, туризм, инвестициялар секілді салаларында қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер арасында B2B форматында екіжақты келіссөздер өтті. Онда 16 екіжақты құжатқа қол қойылды, оның бесеуі – 565,4 млн долларды құрайтын коммерциялық құжат.
Қытай делегациясының басшысы, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй болса алдымен қазақ еліне қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстан Президенті кездесу барысында делегацияны жылы қабылдап, айрықша ілтипат көрсеткенін ерекше атап өтіп, мұны ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы жеке достықтың, Қытайдың көпұлтты халқына деген ізгі ниеттің көрінісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
– Бұл сапар біз көптен күткен үмітімізге жан бітірді және шекара маңы өңірлерінің әкімдерімен кездесуді асыға күтеміз. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин тек Қытай аумағында емес, сонымен қатар сыртқы әлемге ашықтыққа бағытталған Қытайды жаңғыртудың ауқымды жоспарын ұсынды. Қытайлық жаңғырту тек ҚХР-ға ғана емес, сонымен қатар көршілес елдерге, соның ішінде Қазақстанға да тиімді болады, – деді Ма Синжуй.
Қытай тарапы Алматыда және Үрімшіде кешенді терминалдар салу, сондай-ақ әуе рейстерінің санын көбейтуді ұсынды. Осы орайда ҚХР-мен шекаралас өңірлердің – Алматы қаласы, Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері өзара ынтымақтастыққа қатысты ұсыныстарын жеткізді.
– Алматы ел экономикасының 17%-ын және мемлекеттік бюджет кірістерінің 26%-ын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның дамуында ерекше орын алады. Қытай капиталының қатысуымен республика бойынша барлық кәсіпорындардың жартысынан көбі Алматы қаласында орналасқан. Достық қарым-қатынасымыздың арқасында біздің мегаполис пен Қытай арасындағы тауар айналымы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде сақталып отыр. 2022 жылы тауар айналымы 1,5 еседен астамға ұлғайып, 6,8 млрд долларды құрады, – деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыс аумағында бірлескен инновациялық кәсіпорынның, қуаттылығы жылына 200 тонна уран болатын АЭС үшін жылу бөлетін құрастырмалар шығаратын зауыттың даму перспективаларын сөз етті. Зауыт барлық өнімін Қытай нарығына экспорттайды. Ол бұл жоба екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтатынын атап өтті. Жоба толықтай мақсатына жеткенде жалпы табыс 120 млн доллардан 200 млн долларға дейін артпақ.