Еңбек • 03 Сәуір, 2023

Күн тәртібінде – еңбек қауіпсіздігі

483 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік жарақатты азайту – күн тәртібінен түспей тұрған түйткіл. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі брифинг өткізіп, еңбекті қорғауға қатысты атқарылып жатқан іс-шаралардан хабардар етті.

Күн тәртібінде – еңбек қауіпсіздігі

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы,  Бас мем­лекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов әуелі азаматтардың еңбек құқығын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігіне және еңбек шарттарына сай жалақысын уақтылы алу мәселесін көтерді.

– Қазір қызметкерлердің жала­қы­сы бойынша берешек мәсе­ле­лері ерекше алаңдаушылық туғы­зып отыр. 24 наурыздағы жағ­дай бойынша еліміздің 73 кә­сіп­орнында 3 мыңнан аса жұ­мыс­шыға 1,4 млрд теңге көлемінде жала­қы берешек болған, – деді Т.Оспанқұлов.

Құзырлы мекеменің мәлі­ме­ті­не сүйенсек, ең көп бере­шек­ Маң­ғыстау облысында – 242 млн­ тең­ге, Алматы қаласында – 235 млн­ теңге және Абай облысын­да­ 140 млн теңге­ болған. Жыл ба­сынан­ бері жер­­гілікті еңбек инс­пекциясы­ орган­дарының кө­ме­гімен 1,3 млрд­ теңгеге жуық бе­решек (жалақы) қайтарылып, 8,1 мың­ қызметкердің құқығы қор­­ғалған.

Т.Оспанқұлов министрліктің бас­тамасымен берешек жалақыны тез­ қайтару мақсатында заңға өзге­рістер енгізілгенін, оның нәти­же­сін­де жұмыс берушінің жалақы тө­леуі туралы құжаттың міндетті кү­шіне ие болғанын жеткізді. Егер­ берешек жалақы берілу мер­зі­мі кешіктірілсе, жұмысшы жеке сот­ орындаушыға жүгініп, өндіріп алу­ға шағымдана алады. Дәл осын­дай жағдай бойын­­ша 2022 жы­­лы­ 47, ал биыл 14 іс тіркелген.

Мемлекеттік бас еңбек инс­­пек­то­­­­рының сөзіне сенсек,­ жергілікті ат­қарушы орган­дар­ жұмыс беру­­­шілерге қызметкерлердің жала­қысын арттыруға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Нәти­жесінде, 2022 жылы 2,5 мың жұ­мыс беруші 2 млн-нан аса жұ­мыскердің жалақысын 5-тен 50%-ға дейін көтерген. Ал биыл 1,7 мың жұмыс беруші 1 млн-нан аса­ жұмыскердің жалақысын орта есеп­пен 12%-ға көтерген.

– 2022 жылы облыс проку­рор­ла­ры­ мемлекеттік еңбек инспек­тор­­­ларымен бірлесіп 30 адамнан­ көп­ шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорынға тексеру жүр­гізді, соның нәтижесінде 1 150 заң бұзылғаны анықталды. Оның­ ішінде еңбекақы төлеудегі дис­пропорция бойынша – 179, ше­телдіктердің рұқсат етілмеген жұ­мыстарды істеуі бойынша – 399, заң талаптарын орындамаған – 210, шетелдіктердің білімі олар ат­қаратын лауазымдарға сәйкес кел­меген – 205, шетелдік жұмыс кү­шін тартуға рұқсатсыз еңбек қыз­метін пайдаланған 157 оқиға тір­келген. Аталған заң бұзу фактілерін жою үшін 66 ұсы­ныс енгізілді, 263 лауазымды тұл­ға әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып, жалпы көлемі 64,3 млн тең­ге айыппұл салынды. Қазір әкім­діктер 390 рұқсатнаманы қай­та­рып алды, – деді спикер.

Оның айтуынша, Еnbek.kz пор­­та­­­лында 2021 жылдың 1 желто­қ­са­­­нынан бастап еңбек заңнамасы та­­лаптарының сақталуын тексеру­ге­ арналған онлайн кеңесші жұ­­мыс істейді. Жұмыс беруші ин­­терактивті режімде неме­се­ орын­дал­ған рәсімдердің дұрыс­ты­ғын тек­серетін қызметке жүгіне ала­ды.­ Қазірге дейін 19 930 адам өз­ құ­қығын интерактивті режімде тек­­серген.

Сонымен қатар министрлік өкі­­­лі­ ке­йінгі 5 жылда өндірісте зар­­­­дап шек­кендердің саны 6,5%-ға­­­­ (1 568-ден 1 465 адамға дейін), қа­­за­ тап­қандар саны 8,4%-ға (220-тен­­­ 203­ адамға дейін) азайғанын айтты.

Статистикалық мәліметтерге сәй­­кес, 2021 жылы зерттелген­ кәсіп­орындардың 1,6 млн жұмыс­ке­рінің 375 мыңы (22,8%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұ­мыспен қамтылған. Өңірлер бойынша зиянды және басқа да қо­лайсыз еңбек жағдайының жо­ғары деңгейі Қарағанды (74 976 адам), Павлодар (46 361 адам), Шығыс Қазақстан облыстарында (37 383 адам) байқалған.

– Зиянды және қауіпті еңбек жағ­дайы бар жұмыстармен айна­лы­сатын қызметкерге жұмыс беру­ші еңбек заңнамасына сәйкес кепіл­діктер мен өтемақылар бе­реді (жұмыс уақытының қыс­қар­ты­луы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы, айлығын көтеру, сүт­ және профилактикалық тамақ­тану). Мәселен, 2021 жылы елі­міз­де 681 мың қызметкер зиянды ең­бек жағдайында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеден аса қара­жат­қа түрлі өтемақы алды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық, – дейді ол.

Т.Оспанқұловтың айтуын­ша, мемлекеттік бақылау нәти­же­­сінде анық­талған заң бұзу жағдайының 30%-дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тие­сілі. Мәселен, өткен жылы мем­лекеттік еңбек инспекторлары­ ең­бек қауіпсіздігі және еңбекті қор­­ғау бойынша заң бұзудың 2 771­ фак­тісін анықтаған.

– 2022 жылдың қоры­тын­ды­­­сы­­­­на сай еңбек қауіпсіздігі және­ ең­бекті қорғау саласындағы заң­ бұзу фактілері үшін 119 адам­ лауазымынан босатылды.­ Құқық қорғау органдарына жаза­тайым­ оқиғалар туралы ­­1 094­­ материал­ жіберілді, соған сай­ 192 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек­ саласының нақты жай-кү­йін­­ бағалау мақсатында жұмыс орын­­­дарында 7 061 өндірістік объек­­ті тексерістен өткізілді, – дейді Т.Оспанқұлов.