Пікір • 11 Сәуір, 2023

Су – өмірдің нәрі

590 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасының әлі шешілмей келе жатқаны белгілі. Мәселен, 2021 жылы Қазақстандағы 6302 ауылдық елді мекеннің 4759-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылмапты. Кезінде мемлекет салаға ие бола алмай, су көздері иесіз қалып, ведомстволық меншікте де болған. Кейбір аймақ халқының басым көпшілігі нормативтерге сәйкес келмейтін сапасыз ауыз су ішіп, оның әлеуметтік салдарларынан халық үлкен зардапқа ұшырады.

2000 жылы республика бойынша алғанда халықтың сумен қамтамасыз етiлуi ауылдық кенттерде орта есеппен 71% болса, Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 42%-ды құрады. Осы облыстағы ауылдық елді мекендердің басым бөлігінде орталықтандырылған су жүйесі болмады немесе су құбырлары істен шыққан еді. Сонымен қатар сумен жабдықтау желілерінің барлығы дерлік қанағаттанарлықсыз жағдайда болды және олардың көпшілігі 20-25 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға беріліп, санитарлық талаптарға сай келмеді. Облыстың барлық дерлік су құбырлары мен кәріз желілері 80-100 пайызға тозған-ды. Ал 2010 жылы өңірдің су ресурстары тек қана 3,5 пайызды құрады.

2016 жылы облыс халқының 57%-ы немесе 330 мың адам тұзды теңіз суын пайдаланған. Микробиологиялық көрсеткiштер бойынша санитарлық-гигиеналық нормаларға сай келмейтiн ауыз су сынамаларының үлес салмағы ел бойынша орта есеппен 8,1 пайызды құраса, ал ол Маңғыстау облысы бойынша республикалық көрсеткiштен жоғары болды. Яғни бұл ауыз судың сапасы мемлекеттік стандарттарға сай келмейді деген сөз. Осындай ахуалдың басты себептерінің қатарына су құбырларының толыққанды жұмыс істемеуі мен олардың пайдалану мерзімінің өтуі және су тазалау технологиясының бұзылуын жатқызуға болады.

Осыған ұқсас проблемалар басқа аймақ­тарда да бар. Мысалы, 2010-жылдары Ақмола облысындағы су құбырларының 56%-ы әбден ескірсе, Алматы облысында халық 1969 жылы салынған су құбыры желісін пайдаланып, Ақмола облысында 1970 жылы салынған су тазалау стансасы сонау 1986 жылдың өзінде арнайы комиссияның шешімімен жарамсыз деп танылған көрінеді. Жалпы, көптеген су желілерінде кішігірім апаттар көбейіп, су көз­дері жабылды. Кейбір қалалар мен ауыл­дық жерлерде су құбырларының жартысы­нан астамы ескіріп, тат басып, су көздері ласта­­нып, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Көктемгі қызыл су жүр­ген кезде тұрғындардың пәтерлеріндегі краннан лай ағатын жағдайлар да кездесетін. Бұл өз кезегінде тұрғындардың денсаулығы­ның ­нашарлауына әкеліп, «А» вирусты гепатиті, бауырдың қабынуы, жұқпалы ішек ауру­ларының деңгейін жоғарылатты.

Бір өкініштісі, кезінде «Таза су», «Ақ­бұлақ» бағдарламаларымен біраз шаруа атқарылғанымен кейбір ауылдарда тұр­ғын­дардың көпшілігі әлі күнге ауыз суды сатып алып, ауласындағы жасанды құдық-әуітке көлікпен құйдыруда. 2002-2010 жылдарға ар­налған «Ауыз су» салалық және тиісті өңір­лік бағдарламаларды іске асыру барысында атқарылған жұмыстардың сапасына және оның түпкілікті нәтижесіне кері әсе­рін тигіз­ген көптеген кемшілікке жол бе­рілді. Солар­дың ішінде су шаруашылығы сала­сындағы жос­парлау іс-шараларына жүйелі көзқарастың болмауы және су құбырлары­ның салынуы мен оларды жөндеу жұмыстары­ның сапасыздығын атап өткен жөн. Жөн­деу-құрылыс жұмыстарының мерзімдері­­нің бұзылуы, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуының жоғары деңгейі бұл нысандардың техникалық жағдайының созылмалы түрде нашарлауына және апаттар­дың көбеюіне әкеліп соқты. Ал инновациялық ­жобаларды енгізу деңгейінің төмендігі бұл салада бизнес-ортаны дамытуға мүмкін­дік бермеді. Осының барлығы өз кезегінде тұрғын­дардың әлеуметтік наразылығын тудырды.

2021 жылы Президент Қ.Тоқаев Маңғыс­тау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде өңір тұрғындарының сапалы ауыз сумен то­лық қамтамасыз етілмей отырғандығына арнайы тоқталды. Себебі аймақ ауылдарының 20%-ында ауыз судың жоқтығы және осы бағыттағы жұмыстың қарқыны өте баяу жүріп жатқаны үлкен мәселеге айналған еді. Жалпы, Қазақстандағы ауылдық жерлер­дің 40%-ның орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеуін былай қойған­да, бұл мәселе қалаларда да сақталуда. Бұл Қазақстанда ауыз су проблемасының осы күнге дейін түбегейлі өзгере қоймағанының және халықтың біраз бөлігінің тиісті сападағы сумен толық көлемде қамтамасыз етілмеуінің айғағы. Президент судың маңыздылығына тағы да назар аударып, мәселені шешудің қажеттілігін ескертті. Ендеше, «бұлақ көрсең көзін аш» дегенді басшылыққа ала отырып, судың өмірдің нәрі екенін ұмытпай, «судың да сұрауы бар» дегенді де естен шығармайық.