Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
«Фаустың» қазақша нұсқасын қазір таппайсың
– Шыны керек, осыған дейін әлем әдебиетін және басқа танымал шығармаларды орыс тілінен аударып келдік. Қазір дүние жүзіне кең тараған тілдерден (ағылшын, француз, испан, қытай) қазақшаға аударатын қосын қалыптасып келеді. Бірақ сапалы аудармашыларды тәрбиелеу үшін мемлекет жағынан қолдау керек сияқты. Сіздер қалай ойлайсыздар?
Мақсат Дүйісмағамбет:
– Иә, біз осыған дейін әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларын орыс тіліне аударылған нұсқалары бойынша тәржімелеп келдік. Өйткені орыс тілі негізгі тіл саналған кеңес одағында шетел тілдерінен аударма жасаудың көп жыл бойы қалыптасқан жақсы тәжірибесі болды. Ең бастысы, мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылған аударма мектебі болды.
1955 жылдан бастап Мәскеудегі Әдебиет институтында көркем әдебиет аудармашыларын жүйелі түрде даярлау қолға алынды. Болашақ аудармашылар Горький атындағы әдебиет институтының көркем аударма факультетінде бес жыл бойы іштей оқып білім алды. Көркем аударма ісін жаңа өріске шығару үшін бұрынғы одақтың осы тәжірибесін біз де өз елімізде жүзеге асыруымыз қажет деп ойлаймын. Қазір, өзің айтқандай, әлем әдебиеті туындыларын ана тілімізге түпнұсқадан тікелей тәржімелейтін аудармашылар қосыны қалыптасып келеді. Тек сол әлеуеті мықты шығармашылық күшті бір арнаға тоғыстыру үшін мемлекеттік тұрғыда қолдау керек деген пікіріңе толық қосыламын. Бұл орайда мемлекет қолдауымен іске асырылған игі бастамалар болғанын да айтуымыз керек. Мәселен, 2017 жылы елімізде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Ұлттық аударма бюросы» құрылды. Осы жоба аудармашылардың шығармашылық жұмысына жаңа серпін берді. Жоба аясында тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, кинотану, театртану салалары бойынша әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытылатын үздік оқулықтар қазақ тіліне аударылды. Алдағы уақытта «Ұлттық аударма бюросы» жұмысының аясын кеңейтіп, көркем аударма саласын дамытуға толық мүмкіндік бар деп білемін. Сонда көркем әдебиет туындыларын түпнұсқадан тікелей аудару мәселесіне қатысты шаруалардың бірқатары оң шешімін табар еді.
Роза Мұсабаева:
– Мәдениеттің қай саласы болсын мемлекеттің қолдауынсыз өрге баспайды. Расында, кезінде әлем әдебиеті орыс тілінен аударылып келді. Ал түпнұсқадан тікелей аудару, дәлірек айтқанда, неміс-қазақ көркем аударма дәстүрі аса талантты аудармашы, ақын Медеубай Құрмановтан бастау алады. Медеубай Шаяхметұлы сексенінші жылдардың басында немістің ұлы ақыны И.В.Гётенің шедевр дерлік «Фауст» драмалық поэмасын түпнұсқадан тікелей аударып, айды аспанға шығарды. Былайша айтқанда, стильдік және ұлттық ерекшеліктерін сақтай отыра қазақша сөйлетті. Поэтикалық мазмұны шебер аударылған шығарманың толық нұсқасы 1983 жылы жарық көрді. Мұның өзі кезінде елеулі оқиға болғаны анық. Осылайша, Медеубай Құрманов немісшеден тікелей аудару жанрының жандануына зор үлес қосты. Өкінішке қарай, «Фаустың» қазақша нұсқасын қазір шаммен іздеп таппайсың. Егер де әлемдік деңгейдегі әйгілі туынды тағы бір рет басылып шықса, тек аудармашылар, оқырман қауым үшін ғана емес, тауқыметі мол көркем аудармаға бет бұрған студенттерге үлкен көмек, рухани азық болар еді. Ал сапалы ұлттық аудармашыларды даярлаудың тетігі ең әуелі сөздікке кеп тіреледі. Өйткені Тәттібаеваның немісше-қазақша сөздігі соңғы рет 1992 жылы шықты. Өмір ағып жатқан су секілді, бір орнында тұрмайды. Ендеше, уақыт өте келе белгілі бір сөздер қолданыстан қалып, жаңа сөздер енеді. Яғни тілдік коммуникация ұдайы қозғалыста. Неміс тілінде қазірдің өзінде бес мыңдай англицизм бар. «Үлкен неміс-қазақ сөздігі» мен «Үлкен қазақ-неміс сөздігінің» әлі күнге басылып шықпағаны елдігімізге сын. Жоғары оқу орындарындағы аударма ісі мамандығына оқып жүрген студенттер қай сөздікке иек артады екен дейсің осындайда. Өйткені кез келген тәуелсіз ел ең әуелі ұлттық аудармашыны қажетсінеді. Біле-білгенге, мәдени алмасуда аудармашы – екі ел арасын жалғайтын алтын көпір.
Ширек ғасырдан бері еліміздегі мектептердің басым көпшілігінде тек ағылшын тілі ғана оқытылып келеді. Ал неміс және француз тілдері алынып тасталған. Елімізде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы университетте ғана неміс тілі оқытылады. Бір айта кетерлігі, алдағы оқу жылында орта мектептерде неміс және француз тілдері екінші шет тілі ретінде оқытылады деседі. Бұл, әрине, құптарлық жайт. Бірақ қазақ мектептерінде бұл пәндерде маман жоқтың қасы. Бұл орайда көркем аударма мәселесін сөз ету тіптен ертерек сияқты. Сосын неміс тілі мектептерге енгізілген күнде, онда аударма үйірмесі жұмыс істеп, шағын әңгімелерді аудартып, байқау жарияласа, ынталандырса дейсің.
Немістер Орталық Азия әдебиетімен танысуға әрі өздерін таныстыруға асық. Бұл мақсатта, 2021 жылы Гёте-институттың арнайы жобасымен қазіргі заманғы поэзияны Орталық Азияның бес (қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен) тіліне аударылып, «Simurgh» («Самұрық») антологиясына («World&Steppe» баспасы, Алматы, 348 б.) өлеңдер түпнұсқада, яғни неміс тілінде және аудармалары жоғарыда аталған бес тілде топтастырылды. Германияның қаржылай қолдауымен жарық көрген жыр жинағы сонысымен құнды. 2022 жылдың күзінде Ташкентте өткен «Неміс лирикасының халықаралық фестивалінде» «Simurgh»/ «Самұрық» антологиясы таныстырылып, simurghpoesieraum.org вебсайты көпшілік назарына ұсынылды. Алматыдағы Гёте-институт жер-жердегі көркем шығарма аудармашыларының басын біріктіріп, олар аудармаларды өзара талқыға сала отыра, түрлі жобаны жүзеге асырып келеді.
Динара Мазен:
– Дәл осы мәселеде мемлекет қолдауы өте қажет, тіпті бұл салаға бюджеттен аямай ақша бөліп, жан-жақты көмек көрсету керек деп ойлаймын. Отыз жылдан бері тіл мәселесі ақсап келеді деп бәріміз қапалымыз, бір жағынан әр адамның санасына байланысты десек, екінші ұшы міндетті түрде мемлекетке барып тіреледі. Билікте тілдің өркендеуіне мүдделі адамдар болса, қолында барлық тетік бар.
Ең бірінші, мектеп оқулықтарын дұрыс жазудан бастау керек, қазіргі оқулықтар сауатты адамды надан қылады десем, артық айтқаным емес. Үш баласы мектепте оқитын анамын, қазақ тілінде жазылған оқулықтарда жүйе де жоқ, сауат деңгейі де төмен. Жоғары сыныптағы күрделі пән оқулықтары көбіне аударма, олардың сапасын мұқият тексеру керек еді. Оқысаңыз, бала түгілі өзіңіз шатасасыз. Жоғары оқу орындарын айтпай-ақ қояйық, біз оқыған 2000 жылдары қажет материалдың бәрін аударып оқыдық, әлі де сондай жағдай.
Ұлттық аударма бюросы құрылып, 100 оқулықты аударғанда сең қозғалды, бірақ бюро жұмысы тоқтағаны өкінішті жайт болды. Керісінше, сол бюрода шыңдалып, төселген мамандарға жағдай жасап, бюроны аудармашы даярлайтын мекемеге айналдырып, барлық тілдегі мықты оқулықтар мен кітаптарды аудару ісін жалғастыру қажет еді. Қазір тіліне жаны ашитын азаматтар жеке баспа ашып, кейбірі өз қаржысына, енді бірі демеуші тауып, әлем әдебиетін қазақшаға түпнұсқадан тікелей аударып жатыр. Бұл сала өте жақсы дамып келеді. Мен білетін кей баспа мемлекет қаржысына да кітап шығарып жатыр, бірақ олардың ұсынысы нарықтағы бағадан төмен екенін байқадым. Демек мемлекет бұл салада ақша үнемдейді. Бір сәттік арзан атақ шығаратын дүниелерге қаржы аямайтын билік тілді өркендететін істерге баса мән берсе деймін. Мысалы, өзі баспа ашып, аударма жасату жұмысын қолға алған баспагерлер аяғынан тұрып кеткенше қолдау жұмыстары болса, бұл салаға қызығатын, бірақ қаржы мәселесі қолын байлап жүрген мықты мамандар көбірек тартылар еді. Себебі нарықта қазақтілді кітаптар үлесі салыстырмалы түрде әлі өте аз.
Досым Зікірия:
– Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ағылшын үкіметі Уинстон Черчилльге мемлекет бюджетін қалыптастырып жатқанын, осы орайда мәдениет қызметкерлерінің жалақыларын төмендетпекші екендіктерін айтады ғой. Сонда Черчилльдің берген жауабы «Онда біз не үшін соғысып жүрміз?» болыпты. Мұны неге айтып отырмын? Себебі әдебиет – мәдениетті қалыптастырушы басты салалардың бірі. Ал мәдениеттен қаржы аяған ұлттың болашағы жоқ. Себебі мәдениеттің мәйегіне қанбаған ұрпақтан ертең ел тізгінін дұрыс ұстайтын тұлға шықпайды.
Біз бала кезімізде әлемдік классиканы қазақ тілінде оқыдық. Мысалы, ауыл баласы Даниэл Дефо, Уалтер Скот, Александр Дюма, Сервантес және т.б. әлемдік классиктерді түпнұсқадан оқи ала ма? Жоқ. Баланы былай қойып үлкендердің өзі оқи алмайды. Орыс тіліндегісінің өзіне екінің бірінің тісі батпайды. Сондай әлемдік жауһарлардан ауыл адамдарының хабардар болуы, сол қазынаға кенелуі әрине аударма, онда да көркем, жоғары деңгейдегі аударманың арқасы еді. Ол дүниелерді аударған ағаларымыз да арамыздан кетті. Ендігі жерде кезек кезекті толқынға келді. Бүгінгі аудармашылар қосынының бір артықшылығы бәрі дерлік тікелей түпнұсқадан аударады. Аудармада делдал тіл болмауға тиіс. Себебі әр аудармашы сол өзі аударып отырған ортаға, ұлтқа бейімдеп, ол аз десеңіз өзі нәр алған ортаның түсінігімен аударады. Ал ол үшінші бір тілге аударылғанда өңі қалай өзгеретінін бағамдап отырған боларсыз? Қазіргі таңда елімізде аудармашылар қосыны қалыптасып та қалды. Бір әттеген-ай дейтін тұсы, «Аударма бюросы» болмаса басқа жақтан тәржімелейтін аудармашылардың еткен еңбегіне, төккен теріне, жұқарған жүйкесіне алған қаламақысы татымайды. Неге? Себебі көбіне аудармаға тапсырыс беретін жеке баспалар, жеке тұлғалар. Ал баспаханасы болғанмен, ондағы қағаздан құрылғыға дейін шетелден алдыратын еліміз үшін кітап шығару ісі тым қымбатқа түседі. Осыдан келіп жаңағы жекеменшік тапсырыс берушілер ақшаны аудармашының еңбегінен (басқадан мүмкін емес) үнемдейді. Аз ақшаға аударған аудармашының өнімі сапасыз болып шығады. Болмаса мықты аудармашылардың сұраған бағасын жекеменшік иелері төлей алмайды да, әуесқой аудармашыға жүгінеді. Оның не болары белгілі. Мемлекет қолдамайды емес, «100 жаңа оқулық» немесе тағы да басқа бағдарламалармен қолдап жатыр. Еліміздегі бүкіл аударма саласын қолдауға мемлекеттің де қалтасы көтере бермес. Дегенмен бұл істі арнайы заң немесе ережелермен реттеуге болар еді.
Шолпан Қызайбаева:
– Аудармашылар әлем әдебиетінің жауһарларын түпнұсқадан тікелей аударып, қазақтілді оқырманға ұсынады. Олардың еңбегі ерен. Әсіресе заманауи қазақ әдебиетін әлемге танытудың мемлекет үшін стратегиялық маңызы зор. Ендеше, сапалы аудармашыларды тәрбиелеу үшін мемлекет жағынан қолдау керек. Ол қандай қолдау болмақ десеңіз, мынадай ұсыныс айтар едім: Аудармашы даярлайтын жоғары оқу орнын тәмамдаған маман кез келген мәтінді аударып қана жүре бермей, ізденуі, кәсіби тәжірибе алмасуы керек. Мысалы, ағылшын, неміс немесе басқа тілді елдерде аудармашылардың біліктілігін арттыруға бағытталған мықты бағдарлама өте көп. Қазақ тіліне аударатын аудармашы сол іс-шаралардың бірін қажетіне орай таңдап алады. Міне, осы тұста шетелдердегі арнайы воркшоптар мен семинарларға мемлекет қаражатына сол маманды жіберіп тұрса. Жол қаражатын өтеп берсе болды. Ол мемлекет үшін көп шығын емес. Керісінше, мәдениетіміз бен әдебиетімізге мықты инвестиция болмақ. Бүгінгі күні аудармашыларға ондай мүмкіндік берілмеген. Шетелдік мәдениет ошақтарынан бөлінетін арнайы қаражат бәріне жете бермейді. Әрине, өз елімізде де ондай көркем аударма жасаудың техникасы мен түрлі әдісін үйрететін іс-шаралар бар болар. Болмаса, келешекте мемлекет тарапынан сондай арнайы бағдарламалар қолға алынар. Үміт үзбейік.
Сосын еліміздегі баспа ісін қолдау керек. Білуімше, еліміздегі баспалардың 90 пайызы жекеменшік. Нағыз баспа автор мен аудармашыға, редактор мен иллюстраторға қаламақы төлеуі, қажет лицензияны сатып алуы керек. Одан басқа да баспа шығыны бар, жарнама, маркетинг, логистика деген сияқты. Сондықтан кейбір баспалар түрлі себеппен, қаражаты бар автор мен аудармашыға тек типографиялық қызмет көрсетумен ғана шектеледі. Еліміздегі баспалар тікелей баспа ісімен айналысатын уақытта қаламгерлеріміз, әсіресе жас авторлар, неше мыңдаған тиражбен басылып, аудармашылар үлкен тілдерден сапалы аударма жасап, қазақтілді оқырманға ұсына алады.
Тіл білгеннің бәрі аудармашы емес
– Біз үшін түпнұсқадан аудару ауадай қажет. Ал осы салада қандай маңызды мәселелер туындап отыр?
Мақсат Дүйісмағамбет:
– Әрине, көркем шығарма түпнұсқадан тікелей аударылғанда ғана оқырманға бар бояуымен, бастапқы ажар-сипатымен жетеді. Әйтсе де әлемдік әдебиет туындыларын ағылшын, француз, неміс, испан, араб, қытай, жапон, түрік, т.б. тілдерден тікелей тәржімелеуге байланысты біраз қиындық туындайтыны анық. Түпнұсқа тілін жетік білетін және терең түсінетін аудармашылар даярлаудағы басты салмақ – бұл арада, ең алдымен, осы сала мамандарын даярлайтын ең басты оқу орны Абылай хан атындағы Әлем тілдері университетіне, сондай-ақ шетел тілдері мамандарын даярлайтын басқа да жоғары оқу орындарына түседі. Бірақ... Осы оқу орындарын бітірген түлектер түпнұсқа тілін жетік біліп, терең түсінетін деңгейге жеткен күннің өзінде көркем аударма жасай ала ма? Үлкен мәселенің бірі осыдан туындайды. Өйткені аудармашы болу үшін әдеби дарын керек. Ана тілінің уызына жарып өскен, қазақ тілінің нәзік иірімдерін, алуан түрлі бояуын тап баса танып, өзі аударып отырған жазушының туындысын оқырманға қазақ тілінің төл туындысындай етіп ұсына білетін тәржімашы ғана көркем аударма жасай алады.Сондықтан аталған жоғары оқу орындары әдеби аударма жасайтын мамандарды бөлек даярлауы керек. Арнайы топ ашылып, бұған жоғарыда айтылған талаптарға жауап бере алатын дарынды студенттер іріктеліп алынуға тиіс.
Шолпан Қызайбаева:
– Қазақтілді оқырманды әлем әдебиетінің керемет туындыларымен таныстыру үшін түпнұсқадан аудару қажет дейміз. Бірақ әдеби аудармамен айналысатын аудармашы аз. Себебі әдеби аударманы көз майын тауысып аударады, алайда еңбегіне лайықты еңбекақы төленбейді. Жақсы табыс табу үшін басқа мансапқа ауысып кетеді. Келесі үлкен мәселенің бірі – әлі күнге дейін қазақ тілінде сөздік жоқ. Тағы бір мәселе – әлем шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқасынан әлі де қазақ тіліне аударылып келе жатқаны. Ондай шығарманың көркемдігі түпнұсқасына қарағанда жұпыны күйге түсіп, бар бояуынан айырылады. Бұл –қиянат. Ең маңызды мәселе осылар. Басқа үлкенді-кішілі мәселе ниет болса, жеңіл түзеледі деп ойлаймын.
Досым Зікірия:
– Қандай да бір ұлттың әдебиеті, әсіресе бүгінгі жаһандану жағдайында сыртқы үдерістерден тыс қала алмайды. Ол әлем халықтарының әдебиеттерімен ықпалдаса, бәсекелесе отырып дамиды. Бүгінгі таңдағы әлемнің алдыңғы қатарлы әдебиетінің көбі осы үрдістен өтті. Тіпті қазақ ауыз әдебиетінің өзіне мұсылмандық шығыстың, парсы әлемінің ықпалы болғанын кез келген әдебиетші дәлелдеп бере алатын шығар. Дегенмен жоғарыда да айтып өттім, біз қазір кеңес одағы кезіндегі Қазақстан емеспіз. Ол кезеңге қарағанда шетелдердің тілін ғана емес, ділін де меңгерген жастарымыз көптеп шығып жатыр. Аудармашыға керекті ең басты қасиет осы. Ендеше, соларды неге пайдаланбасқа? Ал оларды пайдаланғанда да сөлін сығып алып, қабығын лақтырып тастайтын жемістей етіп емес, қанат байлап, шабыт беретіндей, әрі қарай да рақаттанып жұмыс істейтіндей болуы керек. Себебі аударма – оңай жұмыс емес. Бүгінгі нарықтық заманда басқа елді қайдам, біздің елде аударма арқылы ырғын пайдаға кенелу мүмкін емес. Дей тұрғанмен, алғашқы соқпақтар бар. Көптеген аудармашы мұны кәсіп қыла бастады. Ол ұялатын нәрсе емес. Дегенмен кәсіптен пайда табам деп, сапа жағын ұмытып кетпеу керек. Аудармашының, онда да түпнұсқадан аударатын аудармашының еңбегі бағалансын десек, мемлекет ақша бөлмей-ақ қойсын, аудармашы еңбегін бағалайтын нақты заң шығарып, аударылатын елдің тіліне және саласына (ауыр-жеңіліне) орай аударма құнын, аударма жұмысындағы бет санының таңбасын белгілеп берсе тіпті құба-құп еді. Тіпті жекеменшік компанияларға әлемдік інжу-маржандарды аударғаны үшін салықтық жеңілдіктер қарастырса да артық болмас еді. Жыл сайын сапалы аударма өнімдерін өндірген жекеменшік баспа иелеріне арнайы гранттар тағайындаса. Себебі қазір аударма беруші компаниялар, әсіресе аусорсингтік компаниялар бет санын да, бағаны да өз ыңғайына қарай қойып алады. «Келіспесең, басқасы бар» деген ұстаным. Мұның ар жағында көбіне сапасыз өнім жатады. Соған қарамастан өз еңбегін ешкімге бұлдамай, керісінше нарық заманына ыңғайланып жатқан аудармашылар да бар. Соның бір мысалы, белгілі аудармашы, журналист – Шынар Әбілда қарындасымызды атап өтер едім. Ол жақында ғана өзінің біраз жылғы аударма ой-толғауларының негізінде «Әлемді өзгерткің келсе, әйелді сүй» атты жинағын шығарды. Оқырман тарапынан сұраныс бар. Яғни аудармашыларға да нарықты зерттеу, нарық сұранысына орай жұмыс істеу керек сияқты. Сонда ешкімге де жалынышты болмайды.
Динара Мазен:
– Түпнұсқадан аудару үшін алдымен сол тілді жетік білетін мамандар керек және (одан да маңыздысы) олар аударманы қызығып жасауы керек. Бізде қазір көп адам өзін аудармашы санайды, өйткені жұмыс барысында түрлі сала мамандары көп материалды немесе құжатты өздері аударуға мәжбүр. Олардың сапасын тексеріп жатқан адам жоқ. Кез келген мекемеге кірсеңіз қабырғада орысша мәтін мен қасында «ешкім түсінбейтін» қазақ тілінде жазылған аудармасы тұрады. Олар қазақшасы тұруға тиіс деген соң амалсыз шала-пұла аудара салады.
Ал өзім ішінде жүрген кітап шығару жұмысына келсек, баспагерлер үшін сауатты маман табу үлкен проблема боп отырғанын жиі естіп, көріп жүрмін. Былай қарасаңыз, қазіргі жас мамандардың көбі ағылшын тілін біледі, мектептен жақсы үйреніп шығады. Бұл жерде мәселе түпнұсқа тілден гөрі ана тілінің заңдылығын жетік білмеуде сияқты. Бірнеше тіл білетін адамның бәрі аудармашы бола алмайды. Ағылшын тілін жақсы біледі, оқығанда немесе естігенде түсінеді, ал соны қазақша жеткізу жағы қалай? Қалай естісең не оқысаң солай аударып беру екінің бірінің қолынан келер, ал қазақ тілінде жазылғандай етіп аудару – кәсіби маманның ісі.
Роза Мұсабаева:
– Германия, Швейцария, Аустрия сияқты немістілді елдерде аудармашылар, қаламгерлер шығармашылық тұрғыда мидай араласып жатады. Түрлі байқаулар, кітап жәрмеңкелері, шеберлік сағаттары өткізіледі. Халықаралық кітап көрмелері мен әдеби форумдарға белсене қатысады. Билік көркем шығармалардың оқылуына ықыласты. Оған қаржы салады. Баспадан шыққан әдеби шығармаларды жақсы жарнамалайды. Әдетте, олар кем дегенде бір әлем (испан, неміс, ағылшын, француз) тілінде сөйлейді. Өзара еркін түсініседі. Оларда мейлі ақын, жазушы болсын, стипендия ұтып алып, Шығармашылық үйлерінде жазумен айналысады. Бізде де сондай мүмкіндік туса ғой. Тек шет тілінен аударып қана қоймай, қазақ қаламгерлерінің туындыларын да өзге тілге тікелей аударуға мүмкіндік туар еді. Әдебиеттің бір парасы саналатын көркем аударма жанры дамыса, өзге ел де қаламгерлеріміздің тамаша туындыларымен танысу мүмкіндігіне ие болар еді. Бізде неге Аудармашылар ұйымын құрып, шеберлік сағаттары сияқты түрлі шараларды өткізбеске?!
Германияда жер-жерде қаламгерлер оқырманмен жүздесіп, жаңа шығармаларынан үзінділер оқып жатады. Ондай басқосуларға төрткүл дүниеден кеп жататын көркем шығарма тәржімашылары арнайы шақырылады. Сол аудармашы белгілі бір шығарманы өз тіліне аударуға ықылас танытып жатса, қуана келіседі. Баспагерлер сол кітаптарды аудармашыға сыйға тартады. Оның осы жобамен алаңсыз айналысуына жағдай туғызып, грантпен Аудармашылар үйінде алаңсыз аударуына мүмкіндік туғызады. Өзге тілге аударылған шығарманы баспадан жарық көруі үшін қаржыландырады. Олардан үйренеріміз көп. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дамыған елдермен тереземізді теңестірудің бір ұшы аудармада жатыр.
Аудармашы – шығарманың екінші авторы
– Еліміздегі кейбір университеттерде аударма ісі мамандығы бар. Бірақ солардың арасынан осы салаға өзін арнаған аудармашыларды кездестірмедік. Бұның себебі неде?
Динара Мазен:
– Мүлдем аудармашы шықпай жатыр деуге болмас, қазір жақсы аударма жасап жүрген мамандардың біразы Шет тілдері университеті сияқты белді оқу орындарын бітірген. Дегенмен мамандығы аудармашы болса да, болашағын аудармамен байланыстыратын студенттер аз екені рас. Былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аударма кафедрасында оқитын студенттермен онлайн кездесу өткіздім. Оларға «аудармашы болам деген жоспарларың бар ма?» дегенде «иә» деп жауап бергені аз болды. Абылайхан атындағы Шет тілдері университеті студенттерімен кездескенде де сондай жағдай болған еді. Байқауымша, көбі оқу бітірген соң шет тілінде сұраныс бар басқа салаға кетуді көздейді.
Бір жағынан, олар аударма қиын және төлемақысы төмен сала деп ойлайтын шығар. Екіншіден, жалпы маман даярлауда кемшілік көп. Өзім магистратурада «аударма ісі» мамандығында оқыдым. Бірақ онда аудармашы емес, филолог оқытушы болуға дайындап жатқандай сезім болды. Практикада университетке сабақ беруге жіберді. Дипломымда «ауызша аудармашы» деп тұр, бірде-бір рет синхронист немесе ілеспе аудармашылар қасында болып, тәжірибеден өткен жоқпыз. Тіпті оған қатысты дайындық жұмыстары да болмады. Қазір мүмкін жағдай жақсырақ шығар. Арнайы ниеті бар адам интернет арқылы оқып, тіл үйреніп, дамитын заманда отырмыз ғой. Өз байқауымша, аудармашы болуға да бейім керек, табиғи түйсік қажет. Мықты аудармашы болған химик, техникалық оқу орындарын бітірген таныстарым да бар.
Досым Зікірия:
– Себебі жоғарыда айтылған аударма саласының тартымсыздығында деп ойлаймын. Аудармашының халықтар арасындағы алтын көпір екенін нақты пайымдап, оны бағалаған кезде аудармашылар әдеби, көркем аударма саласына бет бұрады. Жете түсінген адамға аударма жұмысы дегеніңіз – ел мен елді ғана емес, олардың мәдениеттерін, салт-дәстүрін бір-біріне танытатын, оқшырайып тұрған елдерді оқшауламай бауырға тартатын, елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын, былайша айтқанда бейресми дипломатия емес пе? Ал осы міндетті мойнына алған аудармашы – орасан зор жауапкершілік арқалайтын маман. Ал сол маманға жақсы ұсыныс болмаса, еңбегі жақсы бағаланбаса, ол елін, жерін, төл әдебиетін, салт-дәстүрін, тілін сүйетін қып-қызыл отаншыл болса да мұндай ауыр істі айлар бойы аш отырып істемейтіні анық. Әзірге көркем аудармадан гөрі сөзбе-сөз аударма немесе телехикаялар тәржімесі өнімдірек болып отыр.
Роза Мұсабаева:
– Меніңше, әдебиетке бейім балаларды шет (әлем тілдері) тілін меңгеруге бағыттаса, кейін ол прозаға мейлі поэзияға қалам тербесе де, міндетті түрде көркем аудармаға бір соқпай қоймайды. Әрі қаламгерлердің халықаралық деңгейдегі жиындарында өз ойын (аудармашының көмегінсіз) еркін жеткізуге, өзара түсінісуде еш қиындық болмайды. Сонда ғана әлемдік аренаға шығамыз. Яғни қазақ елі шетел әдебиетін, шетел біздің әдебиетті танитын, оқитын, бағдарлайтын, бағамдайтын болады. ХХІ ғасырда қазақ қаламгерлері өз қазанында қайнамай, әлемге танылудың бірден-бір кілті осында жатыр. Ата-ана, мектеп болып баланы көркем шығарма оқуға ынталандырудың жолын қарастырса, сондай-ақ аударма ісі факультеттеріне оқуға түсуге көбірек грант бөлінсе игі. Әрі теория өз алдына дәріс беретін оқытушының өзі де іс жүзінде көркем шығарманы аударумен айналысып жатса, тіптен жақсы. Жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы (әдеби редакторы Герд Хайденрайх) неміс тілінде жарық көрген соң, Германиядағы Дюссельдорф театры осы шығарманы сахналады. Белгілі аудармашы Әділбек Әлжанов Абайдың «Ескендір» поэмасын неміс тілінде сөйлетті. 2006 жылы қаламгер, аудармашы Кеңес Юсуповтың жетекшілігімен жарық көріп келген «Әлем әдебиеті» журналында қаншама әлемдік деңгейдегі тамаша жауһар дүниелер жарияланды. Осы басылымнан Шолпан Байнешова немісшеден тікелей аударған И.В.Гетенің «Жас Вертердің басынан кешкен қасіреттері» шығармасының қазақшасы таңдай қақтырды. Бірақ сол басылымның жабылуы ақылға қонымсыз. Тізе берсе, аударылып жатқан шығармалар болғанымен, теңізге тамызған тамшыдай аз. Осы бір бағалы журнал кейін мемлекет тарапынан қаржы бөлінбегендіктен, жарыққа шығуын тоқтатты. Егер оқырман қауым әлем әдебиетімен сусындасын десек, осы журнал мемлекет тарапынан қаржыландырылса игі.
Мейлі, дамыған, мейлі, дамуы кешеуілдеген ұлт болсын, табиғат қашан да ұлы жазушыларды тудырып отырады. Ал олардың асыл-жауһарлары өзге тілдерге тек аудармашының арқасында ғана танылатынын естен шығармасақ болғаны да.
Мақсат Дүйісмағамбет:
– Еліміздегі аударма ісі мамандарын даярлайтын факультет алғаш рет 1989 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ашылды. Бұл заман талабына сай өмірге келген факультет еді. Өйткені ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына байланысты елімізде іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу қолға алынды. Сондықтан Аударма ісі мамандарын даярлайтын факультеттердегі оқу бағдарламасы, ең алдымен, осы бағытты негіз етіп алған сияқты. Оқу бітірген соң да Аударма ісі факультеті түлектері көбіне-көп іс қағаздарын жүргізу саласында қызмет істеп, алған білімі мен тәжірибесін де осы бағытта шыңдады. Бұл факультетте көркем аударма шеберлігі пән ретінде жүргенмен, іс қағаздарын жүргізу жұмысына көбірек көңіл бөлінді. Аударма ісі мамандығы бойынша білім алған студенттердің көркем аударма саласына ден қоймауының бір себебі осыдан деп ойлаймын.
Шолпан Қызайбаева:
– Аудармашы дипломын алғанымен, аудармашы екенсің, мынадай уақыт арасында осындай шығарманы аудара ғой деп оны құшақ жайып ешкім шақырып жатпайды. Мемлекеттік мекеме мен баспалар арнайы жұмыс орнын ұсынбайды. Жас маман басқа саладан да өзіне жұмыс іздейді, компанияларға аудармашы, офис қызметкері болып орналасады, т.с.с. Тағы бір себебі – көркем аударма жасау өте күрделі іс, көбі бұған шыдамайды. Аударатын мәтінді оқып, түсініп қана қоймай, тіпті кей тұсында таза ізденіс жасауға тура келеді.
– Жақсы аудармашы өз саласында қандай шарттарды толық орындауы керек?
Мақсат Дүйісмағамбет:
– Жақсы аудармашы өз көңілінен шыққан, өзінің жан дүниесімен үндесетін туындыны аударуы керек. Өзі аударып отырған шығарма авторының көкейіндегі ойды терең түсініп, іштей ой елегінен өткізуі, шығарма мәтінінің ішкі астарын сезіне білуге тиіс. Түпнұсқа авторының жанына маза таптырмаған сезімдерді, оның жүрек лүпілін тап баса тануы қажет. Шығарма авторы бастан кешкен сан алуан сезімдерді аудармашы да өз басынан кешіруге тиіс. Жазушының өзіндік стилін, тіл өрнегін сақтай отырып аударуы қажет. Аудармашының көкейінде: «Бұл шығарманың екінші авторы – менмін» деген сенім болуы керек. Аудармашы өзі аударып отырған шығарманың ажарын айшықтай түсуі, қажет десеңіз, түпнұсқа авторымен шығармашылық бәсекеге түсе отырып аударуға тиіс. Аударатын шығармаға аудармашы өзінің төл перзентіндей қарауы қажет.
Шолпан Қызайбаева:
– Ең алдымен, аударатын шығармамен өзі тыңғылықты танысуы керек. Шала білетін дүниені аудару қиын. Ештеңені қалт жібермей, сапалы аударғаны жөн. Аударма лицензиясын анықтауы қажет (ол лицензия аудармашыда немесе аударманы басып шығаратын баспада болуы мүмкін). Егер аудармашы автордың немесе баспаның тапсырмасымен жұмыс жасаса, олармен міндетті түрде келісім-шартқа отыруы керек. Ол құжатта екі жақтың келісімінен басқа, аударманың көлемі, қаламақы құны және аударманы тапсыру уақыты сияқты маңызды пункттері белгіленеді. Аударма жасауға жүрексінбегені абзал, мейлі, кей тұсын жымдастастыра алмай жатса да. Себебі аудармашының бәрі әдеби түрде аударуы шарт емес. Баспа редакторы кейін жөндеп алады. Аудармаға кездейсоқ адам келе бермейді. Уақытпен санаспайтын, аударатын дүниенің өзіне ғана емес, оқырман мен баспаларға да берері мол екенін түйсінетін, өз ісіне жан-тәнімен берілген адамнан ғана мықты аударма күтуге болады.
Досым Зікірия:
– Меніңше, ең алдымен құштарлық, ынта-жігер, қайсарлық керек. Жақсы аудармашы болып шығу үшін өзің үйренген шет тіліне бар ынтаңды салып, құштарлықпен беріле үйренуің керек. Үйренуің аз болады, оны да ана тіліңнен кем сүймеуің керек. Арнайы уақыт бөліп, сол тілде ән тыңдап, кино көріп, мақал-мәтелдерін оқып, зерттеп, этнологиясын, этнографиясын, ұлттық асханасын, тарихы мен географиясын да зерттеуің қажет. Сол тілдің өкілімен емен-жарқын сұхбат құрып, дос болып кетсең тіпті жақсы. Себебі осының бәрі аудармашының сөздік қорының молаюына керемет септігін тигізеді. Тіл үйрену дегеніңіз көлік тізгіндеуді үйрену емес. Оған қаншама жылдарың, тіпті бүкіл ғұмырың кетуі ғажап емес.
Сонымен қатар аудармашы өзінің ана тілінің қадір-қасиетіне, бар бояуына, нәр-уызына толық жарыған адам болғаны өте дұрыс. Көркем шығарма аударатын адам ғалым болса, тіпті құба-құп. Аударманың бұл түрі – жан-жақты дайындықты талап ететін өте күрделі дүние. Сондықтан да бұл саладағы аудармашы жан-жақты, дүниетанымы кең, тәжірибесі мол болса, онда сапалы дүниелер тудыра алады. Сонда ғана өзің өкілі болып табылатын халқың сенің аударған еңбегіңді өз туындысындай қабылдап, төл әдебиетіндей сүйсініп оқиды.
Динара Мазен:
– Бұған дейін айтқанымдай, елімізде барлық салада құжаттар, материалдар көбіне орысша, оны сол мекеме қызметкерлері өздері аударып алады. Олардың көбі өзін аудармашы санайды. Кейде бір адамдармен танысқанда «фрилансер аудармашымын» десең, олар қызығып, «мен де жұмыста құжаттар аударып жүрмін, маған да тапсырыс алып берші, аударма жасай алам» деп жатады. Сол кезде аударма ісін екінің бірінің қолынан келетін оңай жұмыс санайтындарын байқап, таңғаламын.
Аудармамен кәсіби айналысқаныма он жылдан асты, оған дейін мен де журналист, оқытушы болғанда әуесқой аударма жасайтынмын. Жақсы аудармашы болу үшін бізге үнемі үйрену керек, аударма саласына қатысты әдебиеттерді оқып отыру, сын естуге даяр болу және сынды қабылдай алу керек. Аудармашыны шыңдайтын – сын. Аударма жасап біткен соң редактордан өтеді, сосын тапсырыс берушіге жетеді. Ол екеуі риза болса, көңілің орнығады.
Сапалы аударма жасау – басты міндет, оған қоса аударманы уақтылы өткізу, межелі уақытын сақтай білу де маңызды. Фрилансер жұмыс кестесін өзі белгілейді, тайм менеджмент сақтамаса жұмысы жүрмейді. Мықты, бірақ өте жалқау аудармашы таныстарым бар. Тапсырыс берушіге уәде берген уақыттан кешіктіріп, шырылдатып қою адамгершілікке қайшы.
Роза Мұсабаева:
– Өзінің төл әдебиетін бала күнінен оқып, өн бойына ұлттық болмыс, салт-санасын сіңіріп, ана тілін жетік меңгеруге күш салса болады. Тілдік қоры бай болуы үшін ұдайы көп ізденіп, өзін жетілдіріп отырса, өзге аудармашылармен тәжірибе алмастырып отырса нәтижелі болмақ. Өз басым әлі жетілу үстіндемін. Аударылған белгілі бір шығарманың веб-сайты болса, оны өзге аудармашы да аударса, ең үздік аударма өздігінен танылмай ма?! Мысалы, немістің лирик ақыны Генрих Гейненің тамаша «Лорелея» өлеңін Жуковский, Блок, Маршак және т.б. орыс тіліне аударды. Бірақ бәрінен де ең сәтті шыққаны – Вильхельм Левиктің нұсқасы. Аударма – әдебиеттің қан тамырындай қасиетті жанр. Аудармасыз әлем әдебиеті тұл.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»