Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2022 жылы отандық әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 17%-ға өсіп, 11 млн адамды құрағанын хабарлады. Оң үрдіс биыл да жалғасын тауып жатыр. Сонымен бірге, әуе транзиті де қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2022 жылы 410 мың рейске қызмет көрсетілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 90%-ға жоғары.
Бүгінде республикада аптасына 56 бағыт бойынша 700-ден астам ішкі рейс орындалады, 103 бағыт бойынша 27 елге халықаралық әуе тасымалдары қамтамасыз етіледі. Биыл тағы 9 бағыт қосылмақ: Доха, Куала-Лумпур, Анкара, Карачи, Лахор, Жидда, Маскат, Прага және Тель-Авив. 2025 жылға дейін Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур, Нью-Йорк және басқа да қалаларға әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. Қазақстанда ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%-ды құрайды. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Республика Еуропалық Одақтың Дания, Польша сияқты елдерімен бір деңгейде тұр.
2023 жылы Шымкент, Алматы, Қызылорда және Қостанай әуежайларын жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын, Балқаш әуежайының перронын қайта жаңарту мәселесі пысықталып жатыр.
Саланы одан әрі дамыту жоспарында ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-ға дейін арттыру, әуежайлардың барлық терминалдарын реконструкциялау, Шымкент және Алматы әуежайларында жаңа терминалдар құрылысын аяқтау қамтылған.
Тәуелсіздік жылдарында барлығы 22 әуежайдың ұшу-қону жолағы реконструкцияланды және салынды, сондай-ақ 16 әуежайда жолаушылар терминалдары салынып, қайта жаңартылды.
Өткен жылы 5 жоба іске асырылды, атап айтқанда Орал және Қостанай әуежайларындағы терминалдар, Өскемен, Үшарал және Үржар әуежайларының ұшу-қону жолақтары реконструкцияланды. Биыл Алматы, Шымкент, Қызылорда және Қостанай қалаларында 4 жоба жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, Балқаш қаласы әуежайының перронын және рульдеу жолағын реконструкциялау мәселесі пысықталуда.
Сондай-ақ отырыста Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду мен авиация нарығының ірі қатысушыларының жетекшілері: «Air Astana» компаниясының президенті Питер Фостер және «SCAT» әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов баяндама жасады.
Жиынды қорытындылаған Премьер-министр пандемиядан кейін еліміздің азаматтық авиациясы дамудың жаңа кезеңіне өтіп, жолаушылар саны артып, бұрынғы рейстер қалпына келе бастағанын, жаңа бағыттар ашылып жатқанын айтты.
Халықаралық бағыттарды кеңейту басқа елдермен сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді. Бұл ретте Үкімет басшысы авиация саласындағы күрмеуі шешілмеген бірқатар проблеманы атап өтті.
«Еліміздің кейбір әуежайларында ұшу-қону жолақтарына жөндеу жүргізу керек. Траптар мен жанармай құю машиналары сияқты арнайы техникалардың көбі ескірген. Әуежайлардың айналасындағы жерлер тұрғын үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдаланылып жатыр. Яғни халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етеді», деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Үкіметте авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесі бірнеше рет талқыланған, себебі отандық жанармайдың жеткілікті қоры Қазақстан арқылы транзитпен өтетін халықаралық әуе компанияларын тартудың негізгі факторларының бірі.
Сондай-ақ Премьер-министр отандық компанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылатынын да жеткізді. Мәселен, рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағымдар көп.
«Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында «Fly Arystan» компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуға тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. 25 ақпанда дәл осы әуе компаниясының жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, компанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды», деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, осыдан барып баға саясатында да көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін. Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, әуе компанияларының табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды.
«Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуға тиіс. Алайда ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр. Сондықтан баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс», деді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдарға әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учаскелерін алып қою жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Үкімет басшысы сөзін қорытындылай келе, халықаралық жолаушылар және жүк әуе компанияларын тарту үшін ынталандыру шараларын әзірлеу, динамикалық баға белгілеуді қолдану мәселесін пысықтау қажет екенін, бұл жоғары сұранысты тек кіріс көзіне айналдыру мүмкіндігін шектеу үшін керектігін айтып өтті. Сондай-ақ «Әуе кеңістігін пайдалану туралы» заңнан отын алымын қолдануды алып тастауды жеделдету қажеттігін мәлімдеді.
Үкімет отырысында адамның иммун тапшылығы вирусына (АИТВ) қатысты қазіргі ахуал қаралып, тиісті медициналық көмек көрсету шаралары талқыланды. Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, АИТВ тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Мәселен, соңғы 10 жылда республикада сырқаттанушылық 2 есе өсті, бұл ретте ЖИТС-тен өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есе төмендеді.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша елде АИТВ-мен өмір сүретін 30 558 адам тұрады. 2022 жылы 3 877 жаңа жағдай тіркелді (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 20,3 құрады), бұл ретте еркектер әйелдерге қарағанда 2 есе көп анықталды. Дертке шалдыққандардың 82%-ы 18-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар. Бұл ретте жыныстық жолмен берілу басым болып, 75%-ды құрап отыр, содан кейін инъекциялық жолмен берілу – 20%-ды құрайды», деді министр аталған мәселе жөнінде.
Вирус жұқтырған адамдарға медициналық көмекті медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінен бастап және АИТВ инфекциясының профилактикасы бойынша 20 орталық көрсетеді. Сонымен қатар тиісті қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі іс-шаралар жүргізілуде: тестілеу мен емдеудің инновациялық әдістері көзделген, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік препараттардың тізімі 12-ден 16-ға дейін кеңейтілді, ДДҰ ұсынымдарына сәйкес 12 профилактикалық бағдарлама енгізілді, ақпараттық-білім беру жұмысы кеңейтілуде.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Қазақстанда АИТВ инфекциясы тұрақты сатыда – 0,3%, бұл орайда әлемдік орташа көрсеткіш – 0,7%. Бүгінде АИТВ-ға қарсы іс-қимылдың 2023-2026 жылдарға арналған жол картасы бекітілді, ол аурудың алдын алу, диагностикалау және емдеу, салалық үкіметтік емес ұйымдарды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру және тағы басқалар жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов адамның иммун тапшылығы вирусы жаһандық денсаулық сақтау жүйесінің аса маңызды проблемаларының бірі екенін атап өтті. Осы орайда әлем елдерінде бұл вирустың таралу қарқыны әлі азаймай отыр.
«Қауіпті індетті жұқтырғандардың қатары Қазақстанда да артып келеді. Яғни соңғы 10 жылда 2 есеге жуық өскен. Өткен жылы инфекция жұқтырудың 4 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Қазір біздің елімізде осы инфекциямен ауыратын 30 мыңнан астам адам тұрады. Олардың жартысынан көбі – еңбекке қабілетті жастағы адамдар», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы әзірге ғалымдар бұл вирусты жеңуге дәрменсіз екенін айтып өтті. Ол бүкіл адамзат баласына төнген аса қауіпті дертке айналып отыр.
«Вирустың алдын алу шараларын қолдану, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Науқастарды халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы емдеумен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар вирусты тасымалдаушылардың барлығы қатаң медициналық бақылауда болуы керек», деді Премьер-министр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, өткен жылы елімізде иммун тапшылығы вирусымен ауыратын науқастарға арналған әлеуметтік жобаларға небәрі 7 үкіметтік емес ұйым тартылды.
«Бұл өте аз. Вирус жұқтырған және тәуекел топтарындағы адамдармен жұмыс істеуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін әлеуметтік гранттар мен тапсырыстар санын кеңейту керек. Аурудың белгілері және жұқтыру жолдары туралы адамдарға кеңінен ақпарат беру қажет. Соңғы уақытта мұндай жұмыс, өкінішке орай, нашарлап кетті. Адамдардың көпшілігі сақтық шараларына салғырт қарауда», деді Үкімет басшысы.
Үкімет басшысының сөзінше, қауіпті вируспен өмір сүретін адамдарға қоғамның көзқарасын жақсарту қажет. Осы орайда Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттық материалдар, роликтер әлеуметтік желілер арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет.
«Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер тарапынан халыққа медициналық қызметтерді, сол сияқты жұқтыру қаупі бар басқа да ем-шаралар көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздікке қатаң бақылау жасалуы қажет», деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.