Президент • 21 Тамыз, 2023

Алматының дамуы – елдің дамуы

233 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары биыл 1 маусымда пайдалануға берілген сел тасқынынан қорғайтын бөгетпен танысудан басталды.

Алматының дамуы – елдің дамуы

Суреттерді түсіргендер А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

«Аюсай» бөгеті сел қаупінің алдын алады

«Аюсай» бөгеті Үлкен Алматы өзенінің бассейнінде орналасқан. Оның жоғары жағында сел қаупі бар 98 учас­ке, 89 мұздық, 20 мореналы және мұзды көл бар. Бөгет сел жүру қаупін барынша азай­тып, 500 мыңнан астам халық пен 2 мың­ға жуық нысанның табиғат апа­тынан қор­ғалуын қамтамасыз етеді.

Еліміздің биік таулы аймақтарында 970 мореналы көл бар. Оның ішінде 156 көлде сел жүру қаупі жоғары. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріп­ханов биыл сел жүруі ықтимал 13 көлде апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілгенін баяндады.

ит

Сонымен қатар «Қазселденқорғау» меке­месінің басшысы Қайрат Бекенов Мем­­лекет басшысына табиғат апаттары­ның ал­дын алу жұмыстары жөнінде мәлі­мет берді.

Оның айтуынша, арналардағы суды тұрақтандыратын жаңа қорғаныс нысандарын салу қажет. Олар Үлкен Алма­ты, Есік, Талғар, Қаскелең және Түр­ген өзендерінің бассейніндегі су ағысы­ның жылдамдығын азайтып, ағын судың арнадан асып кетпеуіне септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қанатқақты жоба аясында орнатылған 31 цифрлық гидробекет таныстырылды. Бұл қондыр­ғылар судың жылдамдығына, температурасына, лайлылығына және басқа да көрсеткіштерге онлайн-режімде мониторинг жүргізеді. Мұндай технологиялар келешекте еліміздің жеті таулы аймағында қолданысқа енгізіледі. Гидро­бекеттердегі мәлімет ТЖМ Дағда­рыс жағдайын басқару орталығының бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын барлық ғылыми ұйым мен салалық ведомстволарға қолжетімді болады.

Мемлекет басшысы қала тұрғын­дарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін селден қорғау шараларын жүргізу маңыз­ды екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және «Қазселденқорғау» мекемесі өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет екенін айтты.

 

Талапты балаға – озық білім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында «Prometheus school» білім беру ұйымын аралап көрді.

Президентке білім ордасының оқу кабинеттері, жаратылыстану зертханалары, мектепте сабақ оқытудың «Daryn Go», «Booky-Wooky» авторлық әдістемелері, сондай-ақ оқу орнының жалпы инфрақұрылымы таныстырылды.

мси

«Рrometheus school» былтыр 9 қара­шада ашылған. Мектеп 840 оқушыға арналған. Аумағы – 12 мың шаршы метр. Білім беру мекемесін салу үшін 5,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Аз қамтылған от­басылардың дарынды балалары үшін білім гранттары бөлінеді. Мектеп жыл са­йын грант санын арттыруды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысына «Enlightenment Power Group» қоры жүзеге асырып жатқан жобалар туралы мәлімет берілді. Қор директоры әрі мектептің бақы­лаушылар кеңесінің төрағасы Досым Бесбайдың айтуынша, 1400 оқушыға арналған «ФизТех» мектебін ашу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мектеп түлектердің әлемдегі жетекші тех­­ни­калық жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік туғызу үшін сапалы білім беруді көздейді. Мектеп құры­лысын биыл қараша айында аяқтау жоспарланған. Жобаға тартылған инвес­тиция көлемі – 3,9 миллиард теңге.

Мемлекет басшысы «Prometheus School» мектебіндегі білім беру және оқушы­ларды даярлау форматының ерек­шелігін атап өтті. Сондай-ақ ұстаздарға табыс тілеп, олардың қызметі қоғам үшін маңызды екенін айтты.

 

Қордаланған мәселені жүйелі шешу қажет

Мегаполиске жұмыс сапары кезінде Пре­зи­дент Алматы қаласын дамыту мәсе­л­е­лері жөнінде кеңес өткізді. Жиын­ды аш­қан Мемлекет басшысы былтыр күзде Алматы жұртшылығымен кездесу бары­сын­да қаланы дамытудың басты бағыттары ай­қын­­далғанын атап өтіп, нәтижесінде Ал­ма­ты­ны дамытудың 2030 жылға дейінгі бағ­дар­­ламасы қабылданып, шаһардың 2040 жыл­ға дейінгі Бас жоспары бекітілгенін айтты.

– Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Болашақта қала ішіндегі бес аумақ орталық ретінде дамиды. Сонда орта­лықтағы қазіргі ахуал біршама жеңілдеп, барлық ауданға бірдей салмақ түседі. Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Алматының аумағы  екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі болып отыр. Қалада  тұр­ғындар саны орташа алғанда  жыл са­йын 70 мың адамға көбейіп келеді. Жұмысқа, сабаққа бару үшін іргелес елді мекендерден күн сайын 500 мың адам Алматыға келіп кетеді. Мұндай түйткілдерді уақытылы анықтап, дер кезінде шешіп отыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында қаланың комму­нал­дық, жол және әлеуметтік инфра­құры­лымын дамыту, сондай-ақ білім, экология және медицина салаларында қордаланып қал­ған проблемаларды шешу жолдары талқыланды.

Президент Алматы қаласын дамытуға қатыс­ты негізгі проблемаларды шешу үшін жү­йелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы таяуда «Ақкент» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті мысалға келтіріп, өрт қауіпсіздігі саласындағы ахуалды сынға алды. Президент Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт кезінде сақталуға тиіс қауіпсіздік шаралары жөнінде халықтың сауатын арттыру үшін жаппай оқу-жат­тығу шараларын ұйымдастыруды тап­сыр­ды. Ал қала әкімдігіне өртке қарсы күрес қызметінің материалдық-техникалық базасын күшейту үшін пәрменді шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

Президент Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін қаладағы көлік қозғалысын реттеп, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет деп санайды.

Қала әкімі Ерболат Досаев 2025 жылдың соңына дейін қаладағы қоғамдық көлік саласы толықтай экологиялық стандартқа көшірілетінін баяндады. Бұдан бөлек, қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың электромобильге деген сұранысын арттыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Алматы қаласындағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі де Президент назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі ең бас­ты сын-қатердің бірі – сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Тәжірибе көрсеткендей, Алматыда да бұл тұрғыда жағдай мәз емес.

Мемлекет басшысының айтуынша, шаһарда судың үздіксіз берілуіне кедергі келтіретін апатты жағдайлар тым жиілеп кетуі сумен қамтамасыз ету саласындағы проблемаларды кезек күттірмей шешу қажет екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кезде сел жүріп, өзен суларының лайлануы жиілеп кеткені алаңдаушылық туғызатынын айтты. Соның салдарынан шілде айының соңында коммуналдық қызметтер қаланың жоғарғы бөлігіндегі аудан тұрғындарына су беруді шектеуге мәжбүр болды. Медеу ауданындағы 50 көппәтерлі үй мен 4 мыңнан астам жеке тұрғын үй сусыз қалды. Бұл тұрғындардың орынды наразылығын туғызды.

Президент еліміздің ең үлкен шаһарындағы су шаруашылығын ретке келтіру үшін атқарылуға тиіс негізгі міндет­терді айқындап берді. Атап айтқан­да, Үкімет пен қала әкімдігіне мердігер­лердің кінәсінен кешіктірілген Қарғалы су жинақтау нысанын биыл қазан айының соңына дейін пайдалануға беру, қаланың су шаруашылығына толық тексеріс жасау және Алматының жоғарғы бөлігін сумен толық қамту үшін жерасты су көздеріне гидрогеологиялық барлау жұмыс­тарын жүргізу, сондай-ақ «Балқаш» станса­сындағы резервуар мен төрт скважинаның құрылысын аяқ­тау міндеттері жүктелді.

Сонымен қатар Президент тұрғын­дардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар проблемаға тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, ең алдымен, NEET санатына жататын жастардың арасындағы жұмыссыздық мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Үкіметке және әкімдікке жастарды жұмыспен қамту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе – Алматының денсаулық сақтау саласын­дағы ахуал. Мемлекет басшы­сы­ның айтуынша, қазір қаладағы денсау­лық сақтау ұйымдары шамадан тыс жүктеме­мен жұмыс істеп жатыр. Әбден тозығы жет­кен инфрақұрылымды Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қорының қаржы­сы есебінен және мемлекеттік-жеке­ше­лік әріптестік негізіндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы кешенді түрде жаңғырту қажет. Президент Денсау­лық сақтау министрлігіне медицина мекеме­леріндегі қаржы тапшылығын жою үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Бұдан бөлек, кеңес барысында Алматы экономикасын әртараптандыру мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерліктің даму әле­уе­тіне оң баға берді. Келтірілген мәлі­мет­­­терге сәйкес 2022 жылдың өзінде Ал­ма­ты мем­лекеттік бюджетке төрт трил­лион тең­геден астам қаржы құйды. Қала­да­­ғы са­лық түсімдерінің басым бөлігі ша­­ғын және орта бизнестің төлемдеріне тиесілі.

Президент мегаполистегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау жөнінде міндет жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жеке капиталды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын күшейту, жаңа көлік-логистикалық орталықтарына қолдау көрсетудің тың шараларын қарастыру, креативті индустрия, туризм салаларын дамыту Алматы экономикасына тың серпін беруге тиіс.

Сонымен қатар жиын барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөз сөйледі.