Фото: senate_kz
М.Әшімбаев цифрлық технология дәуірінде тікелей бақылау орнату арқылы мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы қарым-қатынастың жаңа парадигмасын қалыптастыруға ұмтылудың маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар, қабылданып жатқан шешімдер мен құжаттардың сапасын арттыру үшін пысықтауды талап ететінін де алға тартты.
«Қазір біз бір заңды жылына кем дегенде бірнеше рет өзгертеміз. Осындай өзгеріске ұшырамаған заң бар ма? Бұл нені білдіреді? Бұл мемлекеттік шешімдердің сапасы мен олардың қалай дайындалғанын көрсетеді. Мемлекеттік бағдарламаларға да қатысты мәселе осындай. Былай қарағанда, көп қаржы бөлетін сияқтымыз. Бірақ нақты нәтижені көрмейміз. Мүмкін, бұл ретте асықпау керек шығар. Оның орнына қабылдайтын шешімді жан-жақты пысықтап, барлық мүдделі тараппен тыңғылықты талқылаған дұрыс болар. Осылайша, барлық пікірді ескеріп барып, қайта өзгертпейтіндей етіп қабылдау қажет. Сонда ғана тұрақтылық болады», деген Сенат Төрағасы әріптестерін жаңа Салық кодексін әзірлеуде әбжілдік қажет екенін ескертті.
«Бұл Кодекс бизнеспен айналысуға, оны кеңейтуге, шағыннан ортаға, ортадан ірі бизнеске көшуге ынталандыратын құжат болуы керек. Бізге бюрократия қажет емес. Мұнда есеп беру деген минимум деңгейде болуға тиіс. Онсыз да цифрлық дәуірде бәрі айқын көрініп тұрады», деді М.Әшімбаев.