Үкімет • 27 Желтоқсан, 2023

Түзік заң – заман талабы

88 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қаралды. Отырыста 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының орындалу барысы және 2024 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы талқыланды.

Түзік заң – заман талабы

Еңбек адамдарына арналған тұжырымдама

Елімізде 2030 жылға дейінгі қауіпсіз ең­бек тұжырымдамасы қабыл­данды. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Светлана Жақыпова атап өткендей, тұжырымдама Мемлекет бас­шы­сы­ның «Әділ Қазақстанның эко­но­микалық бағдары» атты халыққа Жол­дауында көрсетілген тапсырмасын орын­дау үшін әзір­ленген.

Құжат 4 негізгі бағытты қарас­ты­рады. Олар – тәуекелге бағ­дар­ланған тәсіл не­гі­зінде еңбекті қор­ғау­дың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру.

Қауіпсіз еңбектің негізгі ин­дика­­тор­лары – өндірістік жара­қат пен кә­сіп­тік аурулар көрсеткіші. Олар  зиянды жағ­дай­ларда жұмыс істеудің салдары. Осыны ескере отырып, тұжы­рым­дама аясында тиісті іс-шаралар кешені іске асырылады.

Премьер-министр ұсынған мәлімет бойынша Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды ең­бек жағдайында жұмыс істейді. Эко­но­микалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) елде­рінде бұл көрсеткіш өндірістік үде­рістерді автоматтандыру және қауіпсіздік техникасы деңгейін арттыру есебінен жыл сайын аза­йып келеді.

«Ал бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары еке­нін атап өтуге тура келеді. Елі­мізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жара­қат алады. Оның ішінде 200-ден аса адам мерт болады», деді Ә.Смайылов.

Премьердің пайымынша, өн­діріс­те қазір қолданылып жүр­ген жазатайым оқиғалардан сақтан­дыру жүйесі жұмыс беру­шілерді еңбек жағдайларын жақсартуға ын­таландырмайды. Бүгінде кә­сіпорындардың тек 32%-ы ғана өз қыз­меткерлерін сақтандырып отыр.

«Көптеген елде өмірді сақ­тандыру ком­паниялары сақтан­дыру сыйлықа­қы­сы­ның белгілі бір бөлігін превентивті іс-шара­ларға бағыттайды. Яғни оларда қызметкерлерді еңбек қауіп­сіз­дігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек», деді Үкімет басшысы.

Ол осы салада қалыптасқан проб­­­­лемаларды кезек күттірмей шешу үшін Қазақстанда алғаш рет 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұ­­жы­­рымдамасы әзірленгенін айтты.

«Бұл құжат, ең алдымен, кә­сіп­т­ік қауіп-қатерлер мен өнді­ріс­тік жарақат­тану деңгейін және кәсіп­тік ауру түр­ле­рін төмендетуге ба­ғыт­талған. Барлық тәуе­кел алдын ала ескерілетін болады. Өнді­рістегі қауіпсіздік саласын цифр­лан­дыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуге тиіс», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, тұжырым­дама еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиім­ділігін арттыруы керек. Ұсы­ныл­ған құжат бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Үкімет басшысы тұжырымдама іс-шара­ла­ры­ барлығын орындау жұмысын жүйелі түрде ұйым­дас­тыруды тапсырды.

Оған қоса қауіпті өнеркәсіптік нысандардағы апаттар санын тө­мен­­­детуді ба­қылауда ұстау, Кә­сіптік аурулар институтын құру мәселесін тездету, сондай-ақ ем­деу мен профилактиканың сапасын арттыру қажет. Сонымен қатар ол өңір­лер­де еңбекті қорғау та­лаптарының сақ­талуы бойын­ша превентивті мемле­кет­тік ба­қы­лау­ды қамтамасыз ету және осы бағыттағы ауқымды ақ­параттық-түсіндіру жұмысын күшей­ту ке­рек­­тігін ескертті.

 

Заңнамалық тапсырмаларға мониторинг жүргізіледі

Үкіметтің кезекті отырысында 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының орындалу барысы және 2024 жыл­­ға арналған заң жобалау жұ­мыс­тары жоспарының жобасы да тал­қы­лауға шықты. Соңынан жаңа Цифрлық кодекс және жоғары оқу орындарын тұрақты түрде қаржыландыру: Үкіметтің 2024 жылға арналған заң жобалау жұ­мыс­тарының жоспары бекітілді.

Әділет министрі Азамат Ес­қараев биылғы жоспарда Пар­ла­мент Мәжілісіне 32 заң жобасын әзірлеу және енгізу көз­делгенін мәлімдеді. Оның ішінде бү­гінде бес заң жобасына Мемлекет бас­шысы қол қойған, 20-сы Парламент қарауында жатыр, бес заң жобасы – Үкімет қарауында (Су кодексі, «ҚР аумақтық қорғанысы туралы», дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша, т.б. жобалар), тағы екеуі – мемлекеттік ор­ган­дарда келісу сатысында (Құ­ры­лыс кодексі және оның заң жобасы).

Атап айтқанда, бизнес-қоғам­дас­­­тық­пен тұжырымдамалық мә­се­­лелерді пысықтауға байланыс­ты Су және Құ­ры­лыс кодек­с­­те­рінің жобалары бо­йынша жұ­мыс жалғасып келеді. Бұлармен бірге, биыл жоспардан тыс 18 заң жобасы әзірленді, 70-ке жуық жеке­­­леген түзе­тулер пакетіне бас­­­та­машылық жасалды. Енді 2024 жылға арналған жоспар 18 құ­жатты әзірлеуді көздейді екен. Олар­­дың қатарында мұрағат ісі және мәдениет мәселелері бо­йынша, сондай-ақ «Кәсіби пара­сат­­­тылыққа тес­ті­леу туралы» заң жобалары бар.

Премьер-министрдің айтуын­ша, биыл қоғамдық тәртіпті қам­та­масыз ету, эко­номика және бюджет, медиа мен әлеуметтік са­ла­­дағы заңнамалық бас­тама­ларды іс­ке асыру бойынша ауқым­ды жұ­мыс­тар атқарылды.

«Жаңа жоспарды іске асыру кезінде заң жобаларын уақтылы ен­гізуге ерек­ше назар аударған жөн. Сондай-ақ болжамдық-тал­дау жұмыстарын күшей­ту қажет», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы жаңа Цифр­лық ко­дек­стің жобасын, сондай-ақ иннова­ция­лық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі заңды әзірлеудің маңызын атап өтті.

«Аталған заң жобаларының қа­был­дануы IT саланы дамытуға, перс­пекти­валы стартаптар санын ұлғайтуға, қо­сым­ша инвестиция­лар тартуға мүмкіндік береді», деді ол.

Оған қоса, білім және ғылым саласын дамыту, сондай-ақ уни­верситеттерді орнықты қар­жылан­дыруды қамтамасыз ету ма­қ­са­тын­да Нысаналы капитал қоры туралы заң жобасы әзірленетінін айтты.

Құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақ­са­тын­да кәсіби әдептілікті тексеру институты енгізіледі. «Осы­­­­­лайша, мемлекеттік реттеудің өзек­­ті міндеттерін шешуге қажетті заң жо­баларын әзірлеу жоспарла­нып жатыр. Заң жобаларын әзірлеу сапасы мен уақтылы ұсы­­нылуына мемлекеттік орган­дар­дың бірінші басшылары тікелей жауапты екенін атап өтемін», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы сөзін қоры­тын­­ды­лап, Мемлекет басшы­сы­ның, Президент Әкімшілігі мен Премьер-министрдің заңнамалық тапсырмаларына мониторинг жүр­гізу, оларды әрі қарай әзірле­ніп жатқан заң жобаларына енгізу­ді қам­та­масыз ету қажеттігін еске салды.