Энергетика • 18 Қаңтар, 2024

«Байкал-1» – бірегей реактор

272 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында атом электр стансасы мәселесі де көтерілген еді. Осы орайда бұл тақырыпты одан әрі қаузамақ ниетпен Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта болып қайтқанбыз. Сол сапарымызда қаладан 75-80 шақырым қашықта орналасқан «Байкал-1» реактор кешеніне барып, өз көзімізбен көрудің сәті түскен еді.

«Байкал-1» – бірегей реактор

 Отандық майталман мамандар

Аталған кешенге елдегі атом энергетикасы саласындағы Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, «Атом энергиясы институты» филиалы директорының материалтану зерттеулері жөніндегі орынбасары Ерболат Қоянбаев арнайы көлікпен алып барды. Жол-жө­некей зама­науи қуат көздері жөнінде қызықты әңгімелер айтты. Қай тақырыптың да сан мың сырын қазақтың қара сөзіне салып, бар құнарымен түсіндіріп береді. «Келісімшартпен тәжіри­бе алмасуға келген жапон елінің атом энергиясы мамандары бай­тақ далаға қарап, жер асты-үсті байлықтары мен ұлттық әлеуеті туралы естігенде еріксіз бас шай­қайды», дейді ол.

«Байкал-1» кешенінің қор­ға­нысы тым берік. Оны Ұлттық ұлан әскері күзетіп тұр. Басыңнан бақайшағыңа дейін мұқият тексеруден өткізіп, әрбір адамға ар­найы рұқсат береді. Біз бар­ған реакторға қатынайтын қызмет­кер­лер жерасты жолдарымен жүреді. Кешен қабырғаларын аме­ри­калық әріптестері «тым қалың әрі мықты!» деп бағалап, таңданыс­та­рын жасырмаған екен. Осы жерасты жолдары бірнеше блок­ке бөлінген және жалпы бірнеше шақырымды құрай­ды. Жолдардың ұзақтығын сұра­ға­нымызда, «Оны айта алмаймыз, бірақ кешендегі электр желі­ле­рін толық жаңартқанда 18 000 км кабель тартылды», деді. Ені 2-2,5, биіктігі 2,5-3 метр болатын жерасты жолдарының арғы беті әрең көрінеді. Сон­дықтан журналистерді жерүсті жолдарын­дағы көлікпен алып жүрді. Алайда арасы жақын нысандарға жерастымен қатынап отырдық.

Жерасты қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған. Қызық­пауға шараң жоқ. Бір кемдігі, ұялы телефондар жұмыс істемейді. Ал біздің қалта телефондарымыздың бәрін кіреберісте алып қалған. Себебі ондағы көп орындарды фотоға түсіріп, ашық жариялауға болмайды. Сонымен «Байқал-1» реакторына кірер алдында үсті­мізге ақ халат, басымызға кас­ка кидірді. Жалпы, «Байқал-1» зерттеу реакторлар кешенінің басшысы әрі бас инженері Алмас Әзімханов деген азамат екен. Көп сөйлеуге құштар адам болма­ға­нымен, қызметкерлері мен әріп­тес­тері, «Әлемдегі басқа бірде-бір реакторға ұқсамайтын жеке-дара реакторлар кешенін басқарып отырған, осы саладағы аса білікті маман» деп, ерекше мақтанышпен айтты. Кәсіби кадрлардың ойы мен сөзіне бейіл болып, «Атом энергетикасы бойынша осындай мықты мамандарымыз бола тұрып, «маман жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрту әбестік екен ғой», деген ой қылаң берді.

 

Зерттеу реакторларын конверсиялау

Қазір біздің елімізде Ядролық қауіп­ті азайту жөніндегі жаһан­дық бастама шеңберінде зерттеу реактор­ларын төмен байытыл­ған отынға конверсиялау жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс­тар­дың негізгі мақсаты – жо­ғары байытылған уранның (ЖБУ) жи­нақ­талған қорын жою және зерттеу реакторларын төмен байы­тыл­ған уран (ТБУ) отынына ауыстыру арқылы ядролық материалдарды таратпау.

«Сіздер көріп тұрған «Бай­кал-1» реакторының әлемде баламасы жоқ. Өйткені бұл ке­шенді астынан да, үстінен де жан-жақты бақылап көруге болады. Әлемдегі бұл сынды кешен­дер­дің бәріне тек үстінен қарай аласыз. Айтпағым, астынан кі­ріп көрудің бір артықшылығы, төмендегі тех­нологияларды ал­мас­тыру жұ­мыс­тарын жүргіз­ген­де өте қо­лайлы. Жұмыс үр­дісін үзбей-ақ көп шаруаны атқа­руға мүмкіндік бар. Оған қоса жағдайды толық бақылап, күніне неше рет болса да жақсы бағам­дап отыруға ыңғайлы. Сумен салқындатылатын ИВГ.1М реак­то­ры 1975 жылы іске қосыл­ды. Негізі ядролық зымы­ран­дар қоз­ғалтқышынан жылу шы­ғар­ғыш жиынтықтары мен жылу шығарғыш элемент­терін сынауға арналған жоға­ры температуралы газбен салқында­ты­латын реактор», деді бас инженер.

Нақтысы, 1990 жылы ИВГ.1М ядролық зерттеу реакторы толық дерлік жаңғыртылды (конверсияланды). Онда реактивтілік қорын 2 есе арттырудың арқасында эксперименттік мүмкіндіктерді кеңейту жолымен реактордың актив аймағы төмен байытылған ядролық отынға ауыстырылған. Сөйтіп, кешенде зерттеу жұмыс­тары тиянақты жүргізіліп, биыл 18 мамырда Ұлттық ядролық орталықтың ИВГ.1М зерттеу реак­торы конверсиялау және бар­лық рұқсат беру құжаттарын ресімдеу жұмысы аяқталғаннан кейін ТБУ отынымен жұмыс істей бастады. Реактор қуат деңгейіне шығарылып, қондырғысының барлық жүйесі штаттық режімде жұмыс істеуге кірісті.

«Бұл кешеннің жұмыс істеу бағыттары негізінен реакторлық сәуле­лендіру үдерістерінде кон­струк­циялық материалдары мен сутегі изотоптарының жиналу және шығарылу сипаттамаларын зерттеуге арналған. Сондай-ақ тер­моядролық реакторлардың бірін­ші қабатының материалдарын апаттық жағдайларда модельдеу жұмыстарын істейді. Сонымен қоса, биологиялық нысандарға радиациялық әсерді зерттеу мен тағы басқа көпте­ген жұмыстар атқарылады. Ха­лықаралық ке­лісім­шарттар бо­йын­ша шетелдерден көптеген ұсы­ныстар мен тапсырыс түседі. Биологиялық нысандарда үлкен энергетикалық реакторлардың қауіпсіздігі бо­йынша нақты шара қолданамыз. Мысалы, олар апатты жағдайда жұмыс істеген кезде арнайы ке­­­шендерде сондай аса қауіпті ре­­­жім­дерге күрделі жөндеу жұ­мыстарын жүргіземіз.

Біздегі екі Ұлттық ядролық орталықта екі кешен бар. Олар – ИГР және мына тұрған «Байкал-1» реак­тор зерттеулер кешені. Оған қоса олардан тыс стендтер де бар. Онда реакторлардың ак­тивті аймақтарының балқыту жұмыстарымен мұқият айналысамыз. Осы жағдайларға қарап-ақ, бізде саланың өте күрделі жұ­мыстары жүргізілетінін пайым­дауға болады. Реакторларда да активті аймақтардың балқыту үдерістерімен жұмыс істеледі. Бұл қызметтерімізге шетелдерден ұсыныс пен тапсырыс өте көп. Себебі әлемдегі атом энергия­сы бойынша алдыңғы қатарлы елдердің өзінде, айтылған атомға қатысты тым ауыр үдерістерді нәти­желі жүргізуге біздің ке­шен­­­де­гідей мүмкіндік жоқ. Бірін­­шіден, бізде аттестатталған білік­ті ма­ман­дар жұмыс істейді. Оған қоса институттың көп жыл­дық мол тәжірибесі бар. Сон­дық­тан ісіміз­ге қызығушы көп әрі салаға қатыс­ты түрлі тапсырыс толассыз келіп жатады. Тағы да қайталайын, бұл жер­де жасалған тәжірибе мен сы­нақтарды өзгелер өздерінде өткізе алмайды. Содан айналып келіп, біздің қызметімізге жүгінеді», деген «Байкал-1» реак­­­торлар кешенінің басшысы Балқаш көлінің бойында, Үлкен ауылының жанында салынуы ықтимал атом электр стансасы туралы да пікірін білдірді.

«Елімізде салынуы мүмкін АЭС-ке қатысты айтар болсам, бұл – өте ауқымды мәселе. Десек те, қысқа түсіндіруге тырысып көрейін. Әуелі АЭС-ке тоқталайын. Қазақ елінде, жерінде бірінші АЭС Ақтау қаласында 1973 жылдан 1999 жылға дейін жұ­мыс істеді. Жұмысын өте жақсы атқарды. Ол – жылдам нейтрондармен қыз­мет ететін электронды реактор. Әрі дүние жүзіндегі тұңғыш тәжіри­бе­лік реактор. Онда электр энергиясы, жылу, тұщы су (ауыз су) өндірілетін. Сондай-ақ бұл реакторда отыны үлкен көлемді ядролық өндіріс болатын. Қазіргі кезде АЭС-тің көптеген элементі Қазақстанда бар. Бірінші кезекте білімді әрі білікті мамандар жеткілікті. Кейбіреулер АЭС-ті меңгеріп кететін мамандар жоқ дегенді көп айтады. Бұл пікір – мүлде теріс. Шындыққа мүлдем жанаспайды. Сондай-ақ елімізде реакторлардың суыту жүйелері бар. Эшалондық қорғаныс жүйе­лері толық қалыптасқан. Жалпы, қорғаныс жағынан атом стансалары қорғанысынан кем емес. Қазір елімізде 3 бірдей атомдық реакторлық қондырғы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бәрінде отандық мамандар лайықты қызмет етіп жатыр», деді бас инженер нық сеніммен.

Алматыдағы ВВР-К 1957 жылы пайдалануға берілсе, Курчатовтың ИГР реакторы 1960 жылы іске қосылды. Оның қуаттылығы – 10 мың гигаватт. Ал энергетикалық ток шығаратын қуаты 3 500-4 000 гигаватт. Бізде 10 мың гигаваттық реакторлар. Міне осы реакторларды өзіміздің отандық ғалымдар мен мамандар жұмыс істетіп, жүргізіп отыр. «Қазақстанда атомдық стан­­са­лар­дың көп элементі бар  дегенде, ең бастысы, осы 3 бірдей атом реакторы қалыпты жұмыс істеп тұрғанын да айтқым келген. Себебі АЭС салуға ұмтылып отырған елдің бірқатарында атом реакторын көзбен көрмек былай тұрсын, оны көзіне елестете алатын да мамандары жоқ», деді ол.

 

Бейбіт атомның берекесі

Әлемде ядролық қаруды таратпау режімін нығайту ісінде жетістігі аса ма­ңызды. Курчатовта атқарылып жатқан атомға қатысты жоба Қазақстан мен АҚШ-тың ЖБУ-ды пайдалануды азайту және жаппай қырып-жою қаруын жасау үшін пайдаланылуы мүмкін ядролық материалдардың заңсыз таралу қаупін кеміту жөніндегі бірлескен әрекетінің бір бөлігі болып саналады.

«Атомдық стансада машина залы деген болады. Олар – турбина, генератор, бұл қон­дырғылар өз елімізде бар. Ай­мақ­тық электр стансалары, электр жылу орталықтары (ТЭЦ) және ГРЭЦ-тер. Бұлардың бә­рін­де білікті мамандар бар. Онда да су тазартатын жүйесі, арнайы құбырлары бар екені мәлім. Сол орталықтарда өз ісін жетік білетін мамандар жұмыс істеп жүр. Сол мамандар болашақ АЭС-тердің кадрлық негізі діңгегінің негізі бола алады. Ал атом реакторларына қатысты мамандар неше жылдан бері үзіліссіз дайындалып келе жатыр. Әрқайсысы өз ісін жетік біледі. Олар АЭС жұмысын кідіріссіз алып кетеріне сенім мол», деп жалғады сөзін бас инженер.

ИВГ-1М 1990 жылы жаң­ғырту негізінде қайта жасал­ған. Бұл кешенде жүр­гізілетін не­гізгі зерттеу жұ­мыс­тары­ның бағыттары, реактор­лық сәу­ле­лен­діру үдерістерінде конс­трук­­­циялық материалдарын, суте­гі изотоптарын конверсиялауды орындау шығыс техникалық параметрлері жақсартылған төмен байытылған отындағы жаңар­тыл­ған реакторды алуға ғана емес, реакторлық және қосал­қы жүйелердің техникалық жай-күйін, «Байкал-1» кешені ин­фра­құрылымын айтарлықтай жақ­сар­туға да мүмкіндік берді. Бүгінде ИВГ.1М реакторы же­текші халықаралық ұйымдар қызығушылық білдіріп отырған бей­біт атом саласындағы бюд­жет­тік және коммерциялық бағ­­дар­ламалар шеңберіндегі сы­­­нақтарды жалғастырып, ғылы­ми зерт­теу жұмыстарын қайта бас­тауға дайын.

Қазіргі уақытта Ұлттық ядро­лық орталығы Аргонн және Айдахо (АҚШ) ұлттық зертхана­ла­рымен бірлесіп, ИГР ректорын төмен байытылған отынға ауыстыру мүмкіндігін зерт­теу­ді жалғастырып келеді. Үлбі металлургия зауытында ИГР реак­то­рының жаңа ЖБУ отынын сұйылту жұмыстары орындалып, осы реактордың сәулеленген ЖБУ отыны бо­йынша да осындай міндетті іске асыруға дайындық жүргізіліп жатыр.