Құқық • 06 Ақпан, 2024

Қыз алып қашу – құқыққа қайшы әрекет

1282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қыз алып қашу қылмыс па? Бұл сұрақ кейінгі кездері қоғамда жиі қойылатын болып жүр. Бұрын қазақ қоғамында қалыпты болып саналған жағдай заң үстемдігі тұғырына мінген сайын салт емес, құқық бұзушылық ретінде таныла бастады.

Қыз алып қашу –  құқыққа қайшы әрекет

Таяу күндері Шымкент қа­ласында болған бір оқиғаны айта кетсек. Қазіргі күні танысу бұрынғыдай көзбе-көз емес, әлеуметтік желі арқылы жүзеге асатыны белгілі. Бұл жолы да жастар «дәстүрден» жаңылмай, бір-бірін алдымен виртуалды әлемде біліскен. Қыз Шымкентте, жігіт болса жер шалғайы – Маңғыстауда. Бірақ арада мыңдаған шақы­рым қашықтық жатқаны былай тұрсын, тіпті қыздың пі­кі­рін де қаперге алмаған са­ба­з­ың оған үйленуге шешім қабылдайды.

Осы оймен шырайлы қа­лаға ат басын тіреген ол таңғы уақытта қыздың дипломалды тәжірибеден өтіп жат­қан медициналық мекемеге келеді. Мекеменің анықтама бюросында өзін жеткізуші деп таныстырып, бойжеткенге сыртқа шығуын өтінген. Қыз далаға шыққан бойда оны күштеп көлікке отырғызып, «Маңғыстау қайдасың» деп тартып отырған.

Полиция оқиға туралы ха­­бар ала салысымен, же­дел із­дестіру шараларына кі­рісті. «Toyota Alphard» кө­лі­гін ұстауға Тұран аудан­дық ПБ-ның жедел уәкіл­дері жұ­мылдырылып, көр­ші өңір­лерге бағыттама жібе­рілді. Қабылданған шара­лар­дың нә­ти­жесінде автокөлік жарты тәулік ішінде «Алматы – Самара» тас жолында, Жа­лағаш аулының маңында ұсталды. Бүгінде ер адам қа­мау­ға алынып, тергеу әре­кет­тері жүргізіліп жатыр.

Бұдан біраз уақыт бұрын Шымкент қалалық прокура­турасында «қыз алып қашу­ға» қатысты жағдайлар талқы­ланған жиын өткен болатын. Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, ес­кі­ліктің қалдығы саналатын «алып қашу», қазіргі тү­сі­нік­пен айтқанда «адам ұр­лау» оқиғалары өңірде әлі де азаймай тұр. Мәселен кейін­гі екі жылда осындай 25 дерек тіркелген. Бұл – әрине тір­келгендері. Көбіне-көп мұн­дай жағдайлар діттеген жеріне жетіп, қыздың басына орамал жауып, келін болуға көн­дірумен аяқталатыны белгілі.

Бұны прокурорлар да растайды. Олардың мәліметінше, қыз алып қашу бойынша қоз­ғалған қылмыстық істердің көбі сотқа дейін жетпейді. Себебі қалыңдықтар «күйеу жігіттің» үйіне өз еркі­міз­бен келдік деп арыз жазған­дықтан, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылады. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда, өкінішке қарай, кейбір жас қыздарды үйіне қайтуға ұят болады деп, еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлейтін көрінеді. Ғабит Мұқанов өмір­лік ақ неке алдау мен зорлық-зомбылықтан басталмауы керек екенін ескерте келе: «Алып қашу – қате шешім. Біз жас­тарға жауапкершілік пен ақ некені насихаттауымыз ке­рек», дейді.

«Көбіне-көп алып қашу әрекеттерін үйленетін жігіттің өзі ғана емес, қасындағы дос­тарымен бірлесіп жасайтыны белгілі. Егер жағдайдың арты қылмыстық іс қозғауға алып баратын болса, тек қызды әйелдікке алғысы келген жігіт қана емес, оның қасындағы көмекшілері де жазаға тартылатынын көбі түсінбейді», дейді прокурорлар.

«Қыз алып қашу әрекеттері мән-жай­ларға байланысты адамды ұр­лау (Қылмыстық кодекстің 125-бабымен 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған) немесе бас бостандығынан заңсыз айы­ру (Қылмыстық кодекстің 126-бабы, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көздеген) деп саралануы мүмкін. Аталған баптар бойынша қылмыстық құ­қық бұзушылық туралы іс­т­ер жариялы айыптау iс­терi болып есептеледі. Мұн­дай жағдайда бұл iстер бо­йынша қылмыстық қуда­лау жә­бiрленушiнiң шағым бер­ген-бермегеніне қара­мастан жүзеге асырылады», деді Шым­кент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов.

Кейінгі уақытта қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы көтеріліп тұрған­да «қыз алып қашуды» дәстүр емес, қылмыс деп санайтындар қатары да артқан. Ата заңымыз бойынша ер мен әйелдің құқығы тең. Еш­кім ешкімді мәжбүрлі түр­де өз дегеніне көндіруге, еркі­нен тыс алып қашуға жол бе­рілмейді. Ал неке екі жақтың келісімімен жүзеге асуға тиіс. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңның 9-бабы 1-тармақшасында «Не­ке қию (ерлі-зайыпты болу) үшін некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) еркек пен әйелдің ерікті әрі толық келісімі және олардың неке (ерлі-зайыптылық) жасына толуы қажет» деп тайға таңба басқандай жазылған. Біз айтып отырған әңгіме қызды еркінен тыс алып қашу жағ­дай­лары туралы. Ал қыздың келісімен «алып қашу», артынша оның ата-анасына хабар беру – басқа әңгіме.