Аймақтар • 15 Наурыз, 2024

Көктемгі сынақ – көптің уайымы

92 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде қасат қардың көбесі сөгіліп, Жер-ананың бауры бусана бастады. Алайда алты ай жауған қардан оңайлықпен құтылмасымыз анық. Өзендер кемерінен асып, қызыл су қырға тасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 217 елді мекен су басу қаупі бар аумақта орналасқан.

Көктемгі сынақ – көптің уайымы

Кеше осыған орай Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспа­сөз жиыны өтті. Жиында Төтенше жағ­дайлардың алдын алу басқармасының өкілі Алтай Мырзабаев, Төтенше жағдайларды жою департаменті бас­тығының міндетін атқарушы Жомарт Асқаров, «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынба­сары Серік Саиров, Көлік министрлігі Ав­томобиль жолдары комитеті төр­ағасының орынбасары Ғалымжан Өтен­баев қатарлы құзырлы орындардың басшылары баяндама жасады.

«Елдегі су тасқынының қаупі бү­гінде салыстырмалы түрде тұрақты. Елді мекендерде су айдау және қар шығару, су бұру арналарын тазарту жұмыстары қолға алынған. Су тас­қыны жағдайына тәулік бойы тексеріс жүр­гізіліп жатыр. Нау­рыз­дың бірінші он­күндігінде елдің шы­ғыс және оңтүстік ай­мақтарында бір мез­гілде қатты жауын-шашын мен ауа тем­пературасы көтерілді», дейді Алтай Мырзабаев.

Департамент бастығының сөзіне сенсек, әзірге төніп тұрған төтенше қауіп жоқ тәрізді.

«Жыл басынан бері 64,8 шақырым уақытша бөгеттер және елді мекендердің айналасында 52,7 шақырымнан аса қорғандар салынды. 721 шақырымға жуық каналдар мен 2 296 шақырым арықтар, автомобиль және темір жол астындағы 15 мыңнан аса су өткізу құрылыстары тазартылды. 384 мың тоннадан аса инертті материалдар және 1,2 млн-нан аса қапшық дайындалды. Су тасқыны мүмкін болған жағдайда халықты қабылдайтын 3 031 пункт және ауыл шаруашылығы жануарларын орналастыру учаскелері дайындалды, маршруттар нақтыланды, арнайы көліктер анықталды», дейді Жомарт Асқаров.

Сонымен қатар жиында Астана қаласы, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қос­танай, Алматы, Қарағанды, Пав­лодар, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары әкімдіктерінің су тасқынына дайын еместігі туралы 356 ескерту берілгені айтылды. Сондай-ақ су тасқыны жағдайына гидротехникалық құрылыстардың жағдайы әсер етуі мүмкін дейді мамандар. Су ресурстары және ирригация министрлігінің соңғы жүргізілген зерттеулерінің нәтижелері бойынша қолда бар 1 502 тіреуіш гидротехникалық құрылыстардың, 537-сі жөндеуді талап ететіні айтылды.

«Бұл ретте 322 гидротехникалық құрылыстар ықтимал апаттық режімі кезінде халыққа қауіп төндіреді, оның 105-і жөндеу жүргізуді талап етеді. Ықтимал су басу аймағында 481 елді мекен бар, онда 1,5 миллионнан аса адам тұрады», дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі.

Жиында сұрақ қоюдың реті келгенде мәселенің мәнісін сәл әріден қозғауға тырыстық. Мәселен, Жапония, Қытай секілді елдер кез келген мәселенің ұзақ­мерзімді жағын зерттейтіні белгілі. Ал біздің басшылар мәселені тек сол кезде ғана шешіп, жедел нәтиже көрсетуге тырысатыны белгілі. Әрине, үйіңді су алып бара жатса, ойланып тұра алмайтының рас. Бірақ оған дейін де оның кешенді түрде зерттеп, ол мәселені түбегейлі шешудің жолдарын қарастыруға болар еді. Сол себепті «Біз бұл қар суын неге тиімді пайдалана алмай отырмыз? Кеңес заманында мұндай қар суының бәрі сай-салаға құйылып, тоғанға жиылып өндіріске, егінге пайдаланыпты деседі. Бұл қазір неге жүзеге аспай қалды? Маман жоқ па, техника тапшы ма?» деген сауал қойдық.

Бұған жауап берген құзырлы орын қызметкерлері түк те қынжылған жоқ. Керісінше, сұрағыма айызы қанғандай шырайы кіргені рас. Олардың айтуынша, бұл мәселе қолға алына бастаған. Қазірдің өзінде 20 шақты қар суын жинайтын тоғандар салынып, тағы 15 апатты жағдайға арналған су жинайтын орын жасақталып жатыр.