Технология • 26 Сәуір, 2024

Жасанды интеллект – мемлекет назарында

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект күн санап қарқынды дамып келе жат­қан­дық­тан салаға қатысты ұлттық тұжырымдаманың болуы ма­ңызды. Жаңа дүниені жатырқап емес, керісінше жасанды зер­дені жақсылыққа жаратып, жаһандық бәсекеге ілесе алуы­мыз керек.

Жасанды интеллект – мемлекет назарында

Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсбі ми­нистрлігінің инновацияларды дамыту департаментінің дирек­торы Дархан Мырзабаевтың айтуынша, 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қабыл­данды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша, 2024 жылдың соңына дейін «Самұрық-Қазына» және «Group 42» компаниялары бірлесіп суперкомпьютерлерді іске қосатын болады. Супер­компьютер – жасанды интел­лект модельдерін жасауға қыз­мет етеді. Сондай-ақ ол ж­а­сан­ды зерде өнімдерін жасау­да ғылыми, академиялық ор­таға коммерциялық тұр­ғы­дан қолжетімді болады. Техно­ло­гиялық инфра­құ­рылымды іске қосу еліміздің Орталық Азиядағы жасанды интеллектіні дамыту саласындағы көшбасшылығын ай­қындайды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары министр­лікпен бірлесіп, жасанды интеллект саласындағы заң жобасын әзірлейді, – деді Д.Мырзабаев.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоға­мының Басқарма төрағасы Ростислав Коняш­киннің айтуынша, суперкомпьютерді іске қосу үшін қажетті инфрақұрылымдар қазірдің өзінде дайын тұр.

– Суперкомпьютер – бұл графикалық карта технологиясына негізделген серверлік қуат. Ол «Ұлттық ақпараттық технологиялар» деректерді өңдеу орталығында орналастырылып, жыл соңына дейін толықтай іске қосылады. Сондай-ақ біз супер­компьютердің серверлік қуатын қамтамасыз ету арқы­лы стартаптар мен бизнес қауымдастықтарға қолдау көр­сетуді жоспарлап отырмыз. Ұлттық жасанды интеллект платформасы жаңа жүйелерді құруға арналған алаң ретінде ұсынылады, – деді ол.

«Oxford Insights» жүргізген 2023 жылға арналған жасанды интеллектіге дайындық индексіне сәйкес, Қазақстан 193 елдің арасында 72-орынға тұрақтаған, сондай-ақ Үндістан мен Түркиядан кейін оңтүстік және Орта­лық Азия бойынша өңірлік рейтингте 3-орында тұр. «Цифрлық үкіметті қолдау орта­лығының» бас дирек­торы Рүстем Биғари­дің айтуынша, 2025 жылға қарай жасанды интеллект технологиялары озық корпоративтік қо­сым­­шалар­­дың ша­ма­мен тоқсан пайызын қамта­ма­сыз етеді деген болжам бар.

– Еліміз жасанды интеллект сала­сындағы әлемдік жарысқа кешеуілдетіп қосылғанымен, қазіргі уақытта осы саладағы түрлі жобаны қарқынды түрде жүзеге асырып жатыр. Алғашқы қадамдар денсаулық сақтау саласында және «Ақылды қалаларды» дамытуға бағытталған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасы арқылы жасалды. Жекелеген іс-шаралар «Цифр­лан­дыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында да өткі­зілді. Денсаулық сақтау саласын­да қашықтан медициналық қыз­меттерді, роботтық әдістерді және жасанды интеллектіні енгізу бойынша бірнеше жоба­ға қол­дау көр­сетілетін болады, – деді «Цифрлық үкі­метті қолдау орталығының» бас директоры Р.Биғари

IDC бағалауы бойынша 2023 жылы жасанды интеллект жүйелеріне жұмсалған әлемдік шығын 154 мил­лиард долларды құраған. Бұл алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 30 пайызға көп. Ал Bloomberg Intelligence мәліметтеріне сәйкес, гене­­ративті жа­санды интеллект нарығы шама­мен 50 миллиард доллар көл­е­міне жетіп отыр. 2025 жыл­ға қа­рай бұл көрсеткіш 217 миллиард­ дол­­ларға дейін өседі. Ал 2032 жылдары шығын 1,3 трил­­лион доллардан асады деген болжам бар.

Айта кетейік, Ұлттық ақпа­рат­тық технологиялар АҚ бас­қарма төр­ағасы Ростислав Коняш­кин жа­санды интеллект арқылы жа­сал­ған жұмыстар бойынша автор­лық құқық реттелетінін және оның бәрі Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнер­кә­сібі министрлігінің бақы­лауында бо­латынын айтты. Сарап­шы­­лар­дың пайымдауынша, жасан­ды интеллектінің қарқыны үде­ген сайын дамыған және дамушы­ елдер арасында алшақтық пайда болады. Себебі жасанды зер­де технологияларының дамуы инвестициялық капиталға, мық­ты кадрлық әлеуетке, зерттеу жүр­гі­зуге мүмкіндік беретін дамыған инфра­құрылымға тіке­лей тәуелді.