Елорда • 06 Шілде, 2024

«Азық-түлік белдеуі» – береке бастауы

119 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі жол картасы жобасының мақұлданғанына бес жылдан асты. Аталған жол картасында белгіленген индикаторлар негізінен орындалып жатыр. Оны елорда мен оның айналасында орналасқан ондаған шаруашылық пен қайта өңдеу өнеркәсіптерінің мысалынан көреміз. «Астананың азық-түлік белдеуіне қатысушы» ұғымының ел арасына орнығуы үшін де бірқыдыру іс атқарылды. Қазір елдің кез келген өңірінен келген өнім өндіруші азық-түлік белдеуінің қатысушысы бола алады.

«Азық-түлік белдеуі» – береке бастауы

«Астананың азық-түлік бел­деуіне қатысушы» мәртебесін алған фермерге немесе кәсіп­орынға қаржыландыру кезінде басымдық беріледі. Оған қоса кепілдендірілген өткізу нарығы болады. «Астана азық-түлік белдеуі» бағдарламасын жүзеге асыруға Ақмола облысының 17 ауданы мен көрші Қарағанды өңірінің 4 ауданы қатысып отыр.

Ірі кәсіпорындар елордаға жақындады

Әлеуметтік маңызы бар азық түлік (ӘМАТ) бағасын тұрақ­тан­дыру мәселесі ел басшылығының ерекше бақылауында. Біріншіден, ӘМАТ бағасын тұрақтандырудың тиімді шараларының бірі – ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін белгіленген бағада сату үшін жеңілдікті несиелер бөлінеді. Бұл игі шара шаруаларды ынталандырумен қатар, қала халқының отандық табиғи өнімге қол жеткізуіне жағдай жасайды. «Айналым тетігі» аясында қала бюджетінен 13 млрд теңге бөлінді. Негізі, Астананың азық-түлік қоры 26 мың тоннаны құрайды. Бұл – 14 мың тонна көкөніс және 12 мың тонна бакалея өнімдері. Өнімдер бүгінде қаланың 120 сауда нысанында белгіленген бағада сатылып жатыр.

Екіншіден, үй жанындағы дүкендерге бәсекелестік тудыру мақсатында елорданың екі ауданында демалыс күндері қалалық жәрмеңке өткізу жұмысы жалғасып отыр. Ол жәрмеңкеде тауарлар нарықтық бағадан төмен бағада сатылады. Бұдан басқа, «егістіктен сөреге дейін» қағидасы бойынша «фермерлік базар» құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда сауда орындары тауар өндірушілерге төмендетілген бағамен беріледі. Фермер базарының құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталып, келер жылдың басында пайдалануға беріледі.

Үшіншіден, бүгінде елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту басты басымдыққа айналған. Шаһар­да шамамен 27 млрд теңге сома­сына 4 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр:

• «Тәп-Тәтті» ЖШС дайын тамақ өнімдері мен жартылай фабри­каттар шығаратын зауыт құры­лысын бастады. Құйылған инвес­тиция көлемі – 0,5 млрд теңге. Онда өндірілетін өнім көлемі жылына 2 500 тоннаға дейін жетеді. Жоспар бойынша, кәсіпорын ал­дағы жылы пайдалануға беріледі.
• «Sumaris» ЖШС – ұн және кондитерлік өнімдер өндірісі. Инвестиция мөлшері – 2 млрд теңгеге тең. Жобаның қуаттылығы 550 тоннаға дейін дайын тамақ өнімдерін құрайды. Бұл өндіріс орнының да іске қосылу мерзімі келер жылдың еншісінде.
• «Tiryaki Agro» ЖШС бидайды терең өңдеп шығаратын кәсіпорын құрып жатыр. Салған инвестиция­сы – 23,5 млрд теңге. Бір сәтте 8 000 тонна өнімді сақтауға қабілетті. Бұл кәсіпорынды да пайдалануға беру алдағы жылға жоспарланған.
• «Food delivery Qazaqstan» ЖШС халал стандарттары бойынша тамақ өнімдерін қайта өңдеу цехын салып, пайдалану және жартылай фабрикаттар өнді­руді жолға қоймақшы. 0,8 млрд теңге инвестиция тартқан. Қуаты – 12 тонна ет дайындамасы. Іске асыру мерзімі – 2023–2025 жылдар.

Тамақ тапшылығын реттейді

Былтыр Мемлекет басшысы елорданы дамыту мәселелері жө­нінде айта келіп, Астана азық-тү­лікті Алматыдан 4 есе, ал Шым­кенттен 2 есе аз өндіретінін алға тартты.

«Жалпы, барлық өңірмен са­лыс­­тырғанда, қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінген азық-түлік импорты 3 есе артты. Негізі­нен, осы жерде шығаруға болатын өнім­дер туралы сөз болып отыр. Бұл ретте жергілікті қайта өңдеу кәсіп­орындары тек жарым-жарты­лай­ жұмыс істеп тұр», деген еді Президент.

Жағдайдың жақсармауына көкөніс сақтайтын қойма тапшы­лығы себеп болғанын айтып, 2025 жылға дейін елордада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қойма салуды тиісті ведомство басшыларына жүктеді. Сөйтіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерімен бірлесіп, қала айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.

Қалалық Инвестиция және кәсіп­керлікті дамыту басқар­ма­сының бастығы Халел Әкім­жановтың айтуынша, логистика­лық қойма тапшылығын жою үшін 20-дан аса жоба қолға алынған. Олардың игілігін таяу жылдарда ел көре бастайды.

Астананы азық-түлікпен қамта­ма­сыз етуде Ақмола облысының мүмкіндігі көп. Аграрлы облыс орталық мегаполисті табиғи өнім­дерімен қамтамасыз етуде қы­руар жұмыс атқарып жатыр. Облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне көз салсақ, кейінгі кездері өңірде егіншілікпен қатар, мал және құс шаруашылығын дамыту да өркендей бастаған. Астаналық облыста қазір жылына 87,5 мың тонна ет өңдейтін 15 және 137 мың тонна сүт өнімдерін өндіретін 14 кәсіпорын, сондай-ақ жылына 794,8 мың тонна ұн дайындайтын 36 зауыт пен 101,4 мың тонна майлы дақылдарды өңдейтін 8 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар шағын көлемде азық-түлік өндірісімен айналысатын серіктестіктер қаншама.

Қаперге іліккен өндіріс орындары өнімдерінің дені бас қаланың сауда орындарында сатылымға шығарылып жүр. Нақты мәлімет­ке зер салсақ, облыстағы 130-ға жуық өндіріс орны Астананы азық-тү­лікпен қамтамасыз етуге қаты­сып, «Магнум», «Астықжан», «Смолл», «Еуразия», «Әлем», «Шапа­ғат» сияқты 44 ірі сауда орнына өз өнімдерін жеткізіп отырады.

Еңсерілуге тиіс тәуекелдер

Десе де, шаһарды азық-түлік­пен қамтамасыз етуге тиіс екі облыс әлі де өз мүмкіндігін толық пайдалана алар емес. Өткен жылғы қараша айындағы жағдай бойынша Ақмола облысынан мегаполис базарларына 38,2 мың тонна сүт өнімі, 25 мың тонна ет және ет өнімі, 210 млн дана жұмыртқа әкелінген. Бұл елордаға қажетті азық-түліктің 30%-ына да жетпейді. Демек бас қала өзіне қажетті азық-түліктің басым бөлігін әлі де алыс аймақтардан тасып, кейбірін шетелден импорттап жатыр. Осыған қарағанда, «Астана азық-түлік белдеуі» бойын­ша атқарылатын жұмыс әлі көп.

Экономист Алпамыс Сегізбай­ұлы азық-түлік белдеуіне қауіп төндіретін кейбір ішкі қатерлерді тізіп айтты. Олар:

Егін алқаптары аумағының азаю жағдайы және астық жинау деңгейінің төмендеуі;

Ауыл шаруашылығы малдары өсу қарқынының кемуі;

Ауыл шаруашылығындағы азық-түлік өнімдерін сақтау және өңдеу салаларының толық дамымауы;

Ауыл шаруашылығы өнді­ру­шілеріне жеңілдіктер мен несие­леудің тиімді тетігінің аз болуы;

Жер ресурстарындағы тозу басымдығы, топырақ құнарының төмендеуі және тұздану жағдайы;

Импорттық азық-түлік өнімі мен ауыл шаруашылығы технологияларына тәуелділіктің өсу қарқынының жоғарылауы;

Ауыл жастарының қалаға жап­пай ағылу қарқынының кү­шеюі.