Қоғам • 13 Шілде, 2024

Мүмкіндікті молайту – парыз

137 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары медициналық қызметтер сапасын арттыру жолында көп жұмыс атқарылды. Десек те мүгедектікті белгілеу тәртібіндегі, сондай-ақ осы санаттағы адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етудегі түйткілдер түбірімен шешілді деуге әлі ерте.

Мүмкіндікті молайту – парыз

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар жандарға барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сонымен қатар көрсетілетін қызметті берушілердің алушылармен байланысын болдырмауды тапсырғаны мәлім. Бұл іске жауапты органдар өзара бірлесіп еліміздің барлық 20 өңірінде қанатқақты режімде ме­дициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асырып келеді. Былтыр 76,4 мың­нан аса өтінім сырттай формат­та қаралса, бұл – куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдар­дың жалпы санының 30,4 пайызы. Оңды өзгеріс – мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгі­ніп, қажетті тексеруден өткеннен ке­йін қалған үдерістің ақпа­рат­тық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз жүргізілуі. Әзірлеушілер сырттай куәландыруға көшу әкімшілік және бюрократиялық кедергі­лер­ді жойып, МӘС шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететіні­не сендіреді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту үшін көрсетілетін қызметті беруші мен алушының арасында тікелей байланысты болдырмау мақсат етілген. Соны­мен қатар жоба мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік туғызды.

Қазіргі уақытта елімізде 680 мың­нан аса мүгедек адам бар. Жыл сайын 50 мыңнан аса азамат мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына қосылады. Биылғы ма­мырдағы жағдай бойынша мү­ге­­дектігіне байланысты жәр­дем­ақы (орташа мөлшері 63 695 теңге) алушылардың саны 539,7 мың адамды құраған. Әсіресе туа біткен даму ақаулары, психи­ка­лық бұзылулар, эндокрин­дік ауру­лар мен қатерлі ісіктер диагнозы қойылған балалар мү­ге­дектігінің өсіп келе жатқаны алаңдатады. Қазір елімізде 109,5 мыңға жуық мүмкіндігі шек­теулі бала тұрады. Егер 2021 жы­лы осы санаттағы кішкентай балалар саны 25,8 па­йызды құраса, 2022 жылы ол 26,6 пайызға жеткен. Өкінішке қарай, көңілсіз статистикаға ілік­кен жандардың медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге, әртүрлі мемлекеттік мекемелерге қажетті құжаттарды жинау мен тапсыруға көп уақытын кетіріп, жүйкесін тоздырып жүретініне көз үйренген. Өтінімді мақұл­дау, тағайындау барысындағы бюро­кратиялық кедергілер, дәрі­гер­лік комиссиялардың көбіне мүге­дектік туралы қорытынды беру­ді созбалаңға салуы немесе мүгедектік тобын жеңілдетуі, одан кейін әлеуметтік жәрдемақы­ны ұзақ күту сынды келеңсіз кедер­гілер аз кездеспейді.

Осы жағдайды зерделей келе жуырда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшелері Үкімет алдына мүгедектікті белгілеу үдерісін жақсарту туралы ұсыныспен шықты. Партия мүшелері проблема негізінен Денсаулық сақтау және Әлеумет­тік қорғау министрліктеріне ведомстволық бағынысты ұйым­дардың іс-қимылдарының сәй­кес келмеуінен туындайтынын нұсқап көрсетті. Мемлекеттік қызмет онсыз да ерекше бақылау мен күтімді қажет ететін жандар үшін азапты процедураға айналды. Фракция мүшесі Николай Арсютиннің айтуынша, азаматтар өз шағымдарын Денсаулық сақтау министрлігіне жазады, көбі медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымдық бөлімшесі екенін білмейді. Яғни бұл бағыт бойынша халықты жет­кілікті ақпараттандыру ақсап тұр. Сол секілді заңнамаға сәйкес есту қабілеті бұзылған адамдарға мүгедектікті белгілеу есту, сөйлеу функционалдық бұзылыстарының дәрежесіне байланысты және ілеспе патологияларды, сондай-ақ есту протездеуінің тиімділігін ескере отырып жүзеге асырыла­ды. Есту қабілеті нашар адамдар үшін есту аппараттарын жартылай еститіндер мен қолданатындар үшін және мүлдем естімейтіндер үшін бір топ, яғни мүгедектіктің үшінші тобы белгіленеді. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ренішін тудырады. Өйткені есту қабілеті мүлдем жоқ адамдар жұмыс істей алмайды және олар үшін мүгедектіктің басқа тобы айқындалуы керек.

Сонымен қатар депутаттар мүгедек жандарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Оңалтудың техника­лық құралдары мүгедектігі бар адамға жоғалған функцияларды ішінара немесе толығымен толтыруға, өмір сапасы мен бел­сенділігін арттыруға, сондай-ақ жақын адамдарына күтім жасау үдерісін жеңілдетуге мүм­кіндік береді. Қарапайым сөз­бен айтқанда, мүмкіндігі шек­теулі адамның қоғам өмі­ріне қосылуына көмектеседі. Өкі­ніш­тісі, оңалтудың техникалық құрал­дарының тізімі өте шектеулі, сон­дай-ақ нарықта инновациялық өнім­дердің болуына қарамастан қолданылып жүрген құралдар бұрыннан моральдық тұрғыдан ескірген және едәуір жаңартуды қажет етеді. Мысалы, «Робин» деп аталатын ақылды көмекші камералар мен жасанды интеллект көмегімен үй-жайда және көшеде жүруге көмектесетін, көз жанарынан, есту қабілетінен айырылған адамның жолындағы кедергілерді танып, атайтын, жақын адамдардың бет-әлпетін анықтай алатын ресейлік жаңа буын – электронды құрылғы.

«Жыл сайын мүгедектігі бар 200 мыңнан аса адам техника­лық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Алайда бюджет есебінен сатып алынған техникалық құралдар көбіне мұқтаж жандардың талабына жауап бермейді және оларды қамтамасыз ету үлесі 70 пайыздан аспайды», дейді Н.Арсютин.

Сөйтіп, депутаттар өңір­лер бөлінісінде мүгедектікті белгілеу­ге байланысты, оның ішінде мү­гедектігі бар адамдардың сауал­на­масы негізінде проблема­лық мәселелердің тізбесін жасау қажеттігін айтты. Мұндай жағ­­дайда Мәжіліс, оның ішінде «Ауыл» партиясы фракциясы депу­таттарының қатысуымен ме­ди­ци­налық әлеуметтік сараптама жүргізудің қолданыста­ғы ере­желеріне өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізуші жұ­мыс тобын құру, оңалту­дың тех­ни­ка­лық құралдарының тіз­бесін ке­ңейту мәселесі бойын­ша нақ­ты ұсы­ныстар білдіру және мүге­дек­тігі бар адамдарға тех­ни­калық құ­рал­дардың құнын қамтамасыз ету (өтеу) тетіктерін өзгерту мүмкін­дігін қарастыру оң шешім болмақ.