«Tech Orda» тегін үйретеді
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кемінде 100 мың IT-маман даярлауды тапсыра отырып, жас, білімді әрі ынталы кадрларды қалыптастыру керектігін атап өткен еді. Тапсырмаға сәйкес Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Astana Hub» халықаралық технопаркімен бірлесіп, 2021 жылы 20 мың IT-кадр даярлауды көздейтін «Tech Orda» бағдарламасын іске қосты.
Осылайша, мемлекет қолдауымен әр студентке 600 мың теңге бөлініп, жыл сайын 3 мыңнан астам IT-маман оқыту жоспарланды. Биыл да жалғасын тапқан бұл жоба шілде айының соңына дейін өтінімдерді қабылдайды.
Бұл бағдарламаның ерекшелігі – еліміздің 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына ІТ-мамандықтарды тегін игеру мүмкіндігін ұсынады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аталған бағдарламаның жаңа легіне қатысу үшін жеке тұлғалардан өтінім қабылдауды бастады.
«Tech Orda»-ның 2022 және 2023 жылдардағы нәтижелеріне қарап, оның білікті кадрларды даярлаудағы және елімізде IT-саласын дамытуға қосып жатқан сүбелі үлесін анық аңғаруға болады. Бұған дейін 91 мектеп 6 251 студентті оқытты. Бағдарламаға тек үлкен шаһар тұрғындары ғана емес, өңірлерде тұратын адамдар да белсенді қатысып жатыр. Оған дәлел – IT-мектептердің шамамен 40%-ы және студенттердің 46%-ы әртүрлі аймақтан жиналғандығы. Бағдарлама жетістігін жұмысқа орналасудың жоғары көрсеткіштері де растап отыр. Мәселен, түлектердің 88%-ы IT-саласында өз орнын тауып, олардың орташа жалақысы шамамен 600 мың теңгені құрады», деді Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Статистика бойынша «Tech Orda» түлектері «Kaspi.kz», «Halyk Bank», «KPMG», «Ernst&Young», «Теңізшевройл», «ҚазМұнайГаз», «Freedom Finance», «Kcell», «Air Astana», «Kolesa Group» сияқты ірі компанияларды қоса алғанда, 1 079 ұйымнан жұмыс тапқан. «Astana Hub» базасында іске асырылып жатқан «Tech Orda» бағдарламасы ақпараттық технологиялар саласындағы адами капиталдың дамуына бағытталған. Ол веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн мен 3D AR/VR қосымшалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік пен IoT, жасанды интеллект пен алгоритмдері, мобильді қосымшалар жасауды қоса алғанда, «Big Data» және «GameDev» секілді негізгі салалардың бәрін қамтиды.
«Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілсе, ұзақтығы таңдалған курсқа байланысты 6 айдан басталады. Форматы – икемді, яғни онлайн, оффлайн және аралас. Бұл – студенттерге мамандықты игерудің неғұрлым ыңғайлы тәсілін таңдауға мүмкіндік береді», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Әзиз Тілеумұратов.
Жасанды зердені мұғалімдер де меңгереді
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Astana Hub» халықаралық технопаркі базасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушыларды оқытуға арналған онлайн білім беру платформасы іске қосылды. Сондай-ақ 300 педагогті жасанды интеллект (AI) пен ойындар әзірлеу (Game Development) бойынша оқытуды көздейтін қанатқақты жоба басталды.
«Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумында Мемлекет басшысы білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеу маңызын атап өтіп, «Astana Hub» базасында оқушылар үшін білім беру платформасын іске қосуды тапсырды. Осы мақсатта біз «edu.astanahub.com» онлайн білім беру платформасын іске қостық. Бүгінде 19 889 білім алушыға бағдарламалау негіздері бойынша курстар қолжетімді. Бұдан бөлек, қолданыстағы «Tech Orda» бағдарламасы шеңберінде педагогтерді оқыту шешімі қабылданды. Мұндағы мақсат – мектеп оқушыларын одан әрі шыңдай түсуге жағдай жасау. Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпіріндегі 180 мұғалім және «Өрлеу» орталығының 120 жаттықтырушысы жасанды интеллект және «GameDev» бағыттары бойынша алты айлық оқуды бастады», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметова.
Айта кетейік, мектептегі информатика пәнінің мұғалімдерін жасанды интеллект (AI) пен ойындар әзірлеуге (Game Development) оқыту бойынша қанатқақты жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Astana Hub» халықаралық технопаркі, Оқу-ағарту министрлігі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы және Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Курс мазмұны алты айға жоспарланған, яғни 31 желтоқсанға дейін созылады. Оқыту «nFactorial» және «Omnium» атты жетекші IT-мектептердің нұсқаулығымен өтеді. Оның қорытындысы бойынша әр қатысушыға оқушылар мен педагогтерді бағдарламалау негіздеріне оқытуға мүмкіндік беретін сертификат табысталады.
Сонымен қатар «Astana Hub» Президенттің жоғары оқу орындарында жасанды интеллект саласындағы пәндерді оқытудың мазмұны мен әдістерін жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісті. Осы мақсатта «Astana Hub» Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, жасанды интеллект және «GameDev» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын енгізу жөніндегі жобаны қолға алды. Бұл бастама да мұғалімдерді оқыту арқылы жүзеге асырылады.
«OrleTECH» өрге шығарады
Астанада «OrleTECH 3.0» қайырымдылық жобасы аясында мүгедектігі бар жастарға арналған оқу лагері басталды. Лагерьдің ашылуына «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, «Шелл Қазақстан» компаниясының коммерциялық мәселелер жөніндегі бас директоры
Ку Валари қатысты.
Жобаға қатысушылар үш бағыт бойынша цифрлық мамандықты меңгереді. Атап айтсақ, No code әзірлеу, UX/UI дизайны және AI маманы. Ең бастысы, жоба аяқталған соң қатысушыларға жұмыс табуға көмек көрсетіледі. Оқыту қазақ, орыс және ымдау тілдерінде жүргізіледі. Жобаға қатысуға елімізден 1 500-ден астам өтінім келіп түскен. Кейін әңгімелесу нәтижесінде мың жарым үміткерден 18 бен 35 жас аралығындағы 180 адам іріктелді. Көпшілігі әртүрлі мүгедектігі бар студенттер.
«Ерекше қажеттіліктері бар жастарды диджитал мамандықтарына сай оқытып, әлеуметке бейімдеп, жұмысқа орналасуға көмектесу өте маңызды. Жыл басынан бері 100-ден астам адам Қор тобындағы компанияларға қызметке орналасты. Дәл осы жүйені біз одан әрі белсенді түрде жалғастырамыз», деді «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов.
Бұл лагерь тек Астана қаласында өтпейді. Еліміздің өзге де өңірлерінде қатысушылар бас қосады. Әрі қарай олар осы жылдың қараша айына дейін жалғасатын онлайн оқытуға кіріседі. Айта кетейік, «OrleTECH 3.0» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Шелл Қазақстан» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
IT-мектептер көрмесі
«Astana Hub» алаңында көрме ұйымдастырылып, мұнда елордалық 24 IT-мектеп – «Tech Orda» бағдарламасының қатысушыларына өз қызметтерін таныстырды. 100-ден астам әлеуетті студент осы көрмеге қатысып, бағдарламаның курстары және бағыттары жайлы егжей-тегжей мағлұмат алды.
Биыл «Tech Orda» бағдарламасы аясында IT-мамандарды даярлайтын 77 IT-мектеп аккредиттеуден өтіп, 169 түрлі курс ұсынылды. Бағдарлама жасанды интеллект пен алгоритмдері, мобильді қосымшаларды жасау, бағдарламалық қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік пен IoT, веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн мен 3D AR/VR, Big Data және GameDev сынды IT-саласының өзекті бағыттарын қамтиды
«Tech Orda-ға былтырдан бері қызықтым. Бағдарлама жайлы ағамнан естідім. Ол осы оқытуға қатысып, «Java» бағытын меңгеріп алды. Биыл 18 жасқа толып, мен де бірден өтінім беруге бел будым. «Golang» бағдарламалау тіліне ықыласым жоғары. Кәсіби шыңдалуым үшін нақты бағдарламалау ортасына мамандануды жоспарлап отырмын», деді IT-мектептер көрмесіне қатысушы Ерасыл Қайыржан.
Іс-шарада ақпараттық технологиялар саласындағы бағытты таңдауға қатысты сараптамалық пікірлерге ден қойылды. Жетекші мамандар тарапынан түрлі ұсыныс айтылып, қатысушылар пайдалы кеңестер алды. Осылайша, бұл көрме сан түрлі IT-курс пен бағдарламаны терең түсінуге ықпал етті.
«Tech Orda» бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Бағдарламаға қатысушы ынталы әрі жігерлі студенттердің өз өмірлерінде ауқымды өзгерістер жасағаны жайлы көптеген жарқын мысал бар. Олар аз уақытта IT-саласындағы мамандықты игеріп, өздерінің мүлдем басқа әлеуетін ашты. Бағдарламаға қатысуға ниетті еліміздің 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматы өтінім беріп, бір немесе бірнеше мектептің 5 аккредиттелген курсын таңдай алады. Бірнеше мектептен грант алған жағдайда үміткерге бір курсты таңдау қажет болады», деді «Astana Hub» қаржыландыру офисінің директоры Анарбек Өтеғұлов.
Аталған көрме Алматы қаласында да өтті, онда 26 IT-мектеп өз курстарын ұсынып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Іс-шара аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мұнда IT-мектеп өкілдері IT-білім беру саласындағы заманауи үрдістер мен сын-қатерлерді талқылап, өзара тәжірибе алмасты.