16 Маусым, 2015

Толеранттылық – бейбітшілік кепілі

24353 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
16-06-2015-tozimdilik 01Біз қазіргі таңда әлемдік аре­надағы түрлі өзгерістерге куә болу­дамыз. Әсіресе, жаһандану үдері­сіндегі адамзаттың қол жеткіз­ген жетістіктері ерекше. Ғылы­ми-техникалық прогресс, эконо­микалық даму, ақпараттық жаңа технологиялардың артық­шылықтары және тағы басқа да игіліктер адам баласына мол мүмкіндіктер беруде. Алайда, мұның барлығы адамзаттың тіршілік етуіне қолайлы жағдай туғызып, келешекке деген сенімді нығайта түсетіндей көрінеді. Шын мәнінде солай ма? Нақты жауап беру қиын. Өйткені, әлемде көптеген игілікті істер атқарылып, даму үдерістері жүріп жатқанына, сондай-ақ, адами құндылықтарға баса назар аударылып отырғанына қарамастан, қауіп-қатер де белең алуда. Нақтылай айтқанда, өрке­ниетке қадам басқан бүгінгі әлемнің түкпір-түкпірінде дау-дамай, жанжал, соғыс ошақтары баршылық. Мемлекетаралық, дінаралық дүрдараздықтар, экстремистік, лаңкестік топтар тарапынан болып жатқан қысым, адам құқығын таптау секілді келеңсіздіктер тыйылар емес. Бұл арада әлемдегі экономикалық, әлеуметтік эко­ло­гиялық мәселелердің де біздің болашағымызға, тіпті, бүкіл адамзат өркениетіне қауіп төндіріп тұр­ғанын айтпай өтуге болмайды. Ол өз кезегінде адами, рухани құн­дылықтарға да кері әсерін тигізбей қоймайды. Осынау сын-қатерлерге лай­ық­ты жауап қайтару үшін адамзат толеранттылыққа, төзімділікке, өзара келісімге басымдық беріп, адамгершілікке жүгінуі тиіс. Толеранттылық қай кезеңде болсын ізгілікті іс ретінде саналған. Ол – рухани бірлікке апарар жол. Толеранттылық, төзімділік түр­лі адамдар өмір сүретін ортада өзара сыйластық пен құрметтің ортай­мауына ұйытқы болады. То­ле­ранттылық бар жерде адамдардың құқығы мен бостандығы сақталады. Негізінен, әр адамның татулықты қалауы қоғамның тұтастығын қамтамасыз етудің бір тетігі. Жалпы, толеранттылық үрдіс қалыптаспай, өркениетті қоғам құру мүмкін емес. Ортадағы төзім­сіз­дік, шыдамсыздық түрлі дау-да­майға, тәртіпсіздікке, адам құ­қығының бұзылуына алып келеді. Кейбір қоғамдарда орын алып жатқан нәсілдік кемсітушіліктер, күмәнді таптаурын көзқарастар, дінаралық, ұлтаралық түйткілдер осы төзімсіздіктің салдарлары. Төзбеушілік орын алған жерде оған қарсы күш пайда бола­ды. Бұл өзара жанжалдың ушы­ғуы­на апарып соғады. Жеке адам өз бойындағы төзімсіздікпен күре­суі үшін, алдымен қоғамдағы жағымсыз құбылыстарға, кесірлі топтарға қатысты өзінің байсалды ұстанымын қалыптастыра білуі қажет. Сондай-ақ, әр адам өзіне «Мен өз ортамда төзімділік көрсетіп жүрмін бе?», «Өзімнің көзқарасыммен келіспейтіндерді ұнатпай жүрмін бе?» дегендей мазмұнда сауал қоюы керек. Осы арада француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің: «…Егер сен мен сияқты болмасаң, сол үшін сені кемсітпеймін, қайта құрметтеймін», деген сөзін келтіре кетейік. Бұдан біз өзгенің наным-сенімін, өмірлік ұстанымын сыйлау, сондай-ақ, жаратылыстар болмысының әртекті келетініне тү­сі­ністікпен қарау қажеттігін ұғамыз. Әлемнің кереметтілігі – он­дағы тіршіліктердің әртектілігінде екенін де ұмытпағанымыз жөн. Жер бетінде өзіндік ерекше мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар түрлі ұлттар тұра­ды. Жер жүзінің адамдары терең­нен үңілсең, бір-бірімен жіпсіз байланыста. Осы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсу үшін, біріншіден, толеранттылық керек. Адамдар бір-бірінің нәсіліне, ұлтына, жынысына, жас ерекшеліктеріне қарамай, өзара сыйласуға ұмтылуы адамзаттың үлкен жетістігі деп бағалануы тиіс. Толеранттылыққа, төзімділікке, ынтымақтастыққа, өзара келісімге ұмтылу – Жер жүзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамдардың бос­тандығы мен құқығын сый­лауға, бақытты өмірге қадам ба­суға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан көптеген ұлттар өкілдерінің ортақ үйі, қа­сиетті Отаны болып отыр. Діні, мә­дениеті, тілі, сал-дәстүрі әртүрлі ұлттардың елімізде тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны абыройымызды арттыра түсуде. Бұл мәселеде Қазақстанды әлем үлгі тұтады. Ұлы Даламызда бұрыннан қалып­тасқан толеранттылық, төзім­ділік үрдістері бүгінгі Қазақ­стан қоғамындағы азаматтық тату­лық пен келісімнің, ұлтаралық, дінаралық теңдіктің бастауында тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан-2050» бағдар­ламасында: «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған», деп атап көрсеткенін баршамыз бі­леміз. Толеранттылық пен дін еркіндігі еліміздегі дінаралық келісімнің орнауын қамтамасыз етуде. Бұл өз кезегінде Қазақстанның қай салада болсын дамуына тікелей әсерін тигізуде. Мұны қазақстандықтар жақсы түсінеді. Осы орайда Абайдың 34-ші қара сөзінен үзінді келтірсек ар­тық­тық етпес. Абай: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүр­генде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді Құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек – ол Құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «ой, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?» дейді. Ұлы Абайдың бұл сөздерінен үлгі алуға тиістіміз. Оны ұрпақ тәрбиесінде, өз өмірімізде үнемі айтып жүрсек, қанеки. Адамзатқа қауіп төндіретін қандай да бір ықтимал жағдайларға қарсы амал ету ешқашан артықтық етпейді. Бұл бағытта әрбір істі өзара келісіммен, бірлікпен шешкен жөн. Қазіргі таңда уақыт біздің ғана емес, бүкіл әлемнің алдына толеранттылықтың, төзімділіктің мән-маңызын түсінудің қажеттігін алға тартуда. Онсыз әлем қауіп-қатерден арылмайды. Салтанат МӘДИЕВА, Мәдениет және спорт министрлігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері.