Еңбек • 22 Қазан, 2024

Әр жетістік – шаруалар еңбегінің жемісі

156 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды екенін айтты. Ал былтыр алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу, ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу, өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамы­ту сияқты болашағы зор бағыт­­тарға басымдық беру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылуы халқының 80%-ы ауылда тұратын, ауыл шаруашылығы арқылы табыс тауып отыр­ған Түркістан облысының мыңдаған отбасы үшін маңызды.

Әр жетістік – шаруалар еңбегінің жемісі

«Agrofest Turkistan – 2024»: Сала үздіктері марапатталды

Сайрам ауданында бастапқыда үй жанындағы шағын цех ретінде ашылып, сүттен 5 түрлі өнім шығарып жүрген «Tayiba» сүт өңдеу зауыты бүгінде тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей алатын деңгейге жеткен. Кәсіпорын иесі цехты кеңейтіп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтыған. Жергілікті 50 адам жұмыспен қамтылған кәсіпорында сүт өнімдерінің 10-12 түрі шығарылып келеді. Өндірістегі барлық құрылғы мен құрал-жабдық Ресей, Қытай, Түркиядан жеткізілген. Шикізат жергілікті шаруалар мен фермерлерден, аудан тұрғындарынан жиналады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді.

«Globus plus» ЖШС көкөніс өңдеумен айналысады. Кәсіпорын кәсіпкердің жеке қаржысы мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кеңейтілген. Жоба құны – 500 млн теңге. Қуаттылығы тәулігіне 20 тонна болатын өндіріс орнында 20-дан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Көкөніс пен жеміс-жидек консервілерінің түр-түрін шығарады. Шикізат көршілес елдерден бөлек, жергілікті шаруа қожалықтары мен аудан тұрғындарынан жиналып алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтар орнатылған.

Аудандағы кәсіпорындардың тағы бірі – «ЮКЗПТ» зауыты жылына 20 мың тонна құбыр шығарады. Ауылдық жердегі 33 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт еліміздегі сумен және газбен жабдықтауға арналған полиэтилен құбырларының, сондай-ақ технологиялық ұңғымаларға арналған қаптама құбырларының ірі өндірушісі. Өндірісте ғылыми зерттеу нәтижелерінің ең маңызды жетістіктері қолданылады. Мұнда диаметрі 50 миллиметрден 600 миллиметрге дейінгі ПЭ-100 маркалы полиэтилен су құбырлары, диаметрі 50-630 миллиметр аралығындағы ПЭ-100 маркалы полиэтилен газ құбыр­лары шығарылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы және ірі кә­сіпорындардың құрылыс жабдықтары шы­ғарылатын «Kaspy group» ЖШС-ның машина жасау және металл құрастыру зауытында 60-тан аса адам жұмыс істейді.

пр

Түркістан облысы мен Шымкент қала­сын­да орналасқан ірі кәсіпорындардың техникалық құрал-жабдықтарын өндіру және сынған құрал-жабдықтарды қайта жасау ісі қолға алынған. Машина жасау саласында арпа, бидай, мақсары өнімдерін тазалайтын құрылғылар, жаңбырлатып суаратын қондырғылар да шығарылып жатыр. Зауытта Жапония мен Германияның аппараттары қолданылады. Еуропа елдері мен Қытайдан токарьлік, фрезерлік станоктар алынған. Міне, осындай және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, салаға қажетті құралдар шығаратын кәсіпорындары көп Сайрам ауданы облыста қайта өңдеу саласын дамытуда көш бастап, 13 даму көрсеткіші бойынша алғашқы орынға шықты. Жалпы өнім көлемі 108,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 129,8%-ға жетіп, облыстық көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз еткен аудан әкімдігі биылғы жиын-терін қорытындысы бойынша 1-орынды жеңіп алды. Бұл туралы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өткен «Agrofest Turkistan – 2024» салтанатты шарасында айтылды. Іс-шара барысында тұрғындарға ала жаздай ризық-несібесін жерден терген өңір диқандарының 3 000 тоннадан астам өнімі ұсынылды. «Керуен сарай» туристік кешенінде асыл тұқымды мал шаруашылығы мен техникалар көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды көрме­лерді аралап, «Тұран су» МКК, «Вете­ри­нарлық қызмет» МКК-на ар­найы техникалар табыс етті. Ауыл шаруа­шы­­лығы өнімдері жәрмеңкесін аралап, қолөнер шеберлерінің жұмысымен, мал шаруашылығы көрмесімен танысты. Еңбек адамдарына құрмет көрсеткен облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласы өкілдерін құттықтады.

«Түркістан облысы аграрлық саланы дамытуда елімізде жетекші орынға тұрақтады. Ауыл шаруашылығында еліміздегі жалпы өнім көлемінің 14%-ы өндіріледі. Биыл 9 айда 747 млрд теңгеге жуық өнім өндірілді. Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп, салаға ерекше мән беріп келеді. Өнімділікті арттыру және жаңа технологияларды ендіру бағытында көршілес Өзбекстан, Қытай, Түркия, Аустралия мемлекеттерінің оң тәжірибесін енгізуіміз қажет. Облыстың табиғи-климаттық қолайлылығы, жұмыс күші тұрғысында саланы жан-жақты дамытуға мол мүмкіндік береді. Заман көшінен қалмай, өрлеу үшін алдымызға ауқымды жоспарлар түзіп, биік межелерді белгілеп отырмыз», деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы бір топ азаматты Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Жиында облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат агроқұрылым басшылары мен өкілдеріне де құрмет көрсетілді. Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген және негізгі капиталға инвес­тиция тартуда озат аудан, қала әкімдері облыс әкімінің дипломымен марапатталды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1-орынды Сайрам ауданы иеленсе, 2-орынға Қазығұрт ауданының еңбеккерлері, 3-орынға Жетісай ауданы лайық деп танылды. Қазығұрт ауданының әкімі Әзизхан Исмаиловтың айтуынша, ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 2025-2030 жылдар аралығында құны 55,1 млрд теңге болатын 45 жобаны іске асырып, 1 364 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту үшін, 35 гектар жер аумағына «Қазығұрт» индустриалды аймағы құрылып, кәсіпкерлерге жағдай жасалып отыр. Алдағы жылдары 26,4 млрд теңгеге 12 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Сондай-ақ өнеркәсіп саласында құбыр, гидротурбина, керамикалық өнім, бұр­ғы­лау қондырғыларын жасап шыға­ра­тын, мал қалдықтарын өңдеу секілді жаңа жобаларды, ауыл шаруа­шылығы саласында сүт фермалары, мал сою цехы және мал бордақылау алаңы, балық шаруашылығы, жылыжай жобаларын жүзеге асыру, өнім сақтау қоймасын салу жоспарланған.

пр

Бұл орайда Тұрбат аулында 60 гектар жер аумағына «Тұрбат агроиндус­триалды аймағы құрылмақ. Аталған аймақта 3,8 млрд теңгеге жылыжайлар бой көтеріп, 416 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жетісай ауда­ны қайта құрылғалы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 1,5 есе өскен. Биыл жарты жылда 1,8 млрд теңгеге құрылыс жұ­мыс­тары атқарылып, негізгі капиталға 9,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнес саны 5 жылда 19 мың­нан асты. Өндірілген өнім көлемі – 126,5 млрд теңге. Ауданда ерте егілген бақша өнімдері көршілес елдерге және еліміздің басқа облыстарына жеткізілді. 321 шаруа қожалығы 1 236 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырды. Елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту, жолдарды жөндеу жұмыстары жал­ғасып, жақсы және қанағаттанарлық жағ­дайдағы жолдардың үлесі биыл 70%-ға жеткізілмек. Тұр­ғын­дарды ауызсумен қамту – 99,7%, электр қуатымен қамту деңгейі 100% болса, таби­ғи газбен 27,6 мың абонент яғни 52,3%-ы қам­тылған.

Облыста мақта кластерін дамыту, Аустралия тәжірибесі негізінде ет клас­те­рін құру, жібек шаруашылығын дамыту, субтропикалық жылыжай шаруашылығын ұлғайту, қайта өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,2 есе арттыру жоспарланып отыр. 80 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейтін өңірде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар 1,6 есе артып, 148 млрд теңгеге жетті. Қайта өңдеу көлемі 94 млрд теңгені құ­рады.

 

552 мың гектар суармалы жері бар өңірдегі маңызды мәселе

Мемлекет басшысының су үнемдейтін озық технологияны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейтуге қатысты тапсырмасын орындау аясында өңірде бірқатар жоба жүзеге асырылған. 50 мың гектарға су үнемдеу технология­лары орналастырылды. Аталған технология өндірісін дамыту мақсатында жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды. Кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтиды. Облыста 552 мың гектар суармалы жер бар, бұл – республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі. Осы тұрғыда, өңірде су нысандары инфрақұрылымын дамыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өңірде ұзындығы 12 731 шақырым болатын 4 180 канал, 42 су қоймасы, 1 256 қашыртқы, 1 794 ұңғыма бар. Су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету мақсатында облыстық «Тұран су» коммуналдық мекемесінің әлеуетін тиімді пайдалану қолға алынды. Мекеме тарапынан, облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80%-дан 10%-ға төмендеді. Биыл облыстық бюджеттен 9 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 су нысанын механикалық тазалауға қаржы бөлінді. Нәтижесінде, 42,4 мың гектар суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы және ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Облыс әкімінің қолдауымен «Тұран су» мекемесін техникалық жарақтандыруға басымдылық берілген. Мекеме тарапынан аудан, қала әкімдіктеріне, каналдар мен арықтарды тазалау мақсатында, құны 756,4 млн теңгеге 14 экскаватор кейіннен сатып алу тәртібімен жалға беріл­ген. Нәтижесінде, 714 шақырым канал, 387 шақырым қашыртқы тазаланып жатыр. Осы арада Түркістандағы салтанатты шара бары­сында аудан, қала әкімдік­теріне қосымша 10 арнайы техника табыс етіл­генін айта кетелік. Техника демек­ші, «ҚазАгроҚаржы» жылдық 5%-дық қол­жетімді лизингтік бағдарламаcы іске қосы­лып, нәтижесінде, 9 айда жаңадан 1 603 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Яғни облыстағы техника паркі 6,3%-ға жаңаланды.

Өңірдегі су нысандарының құрылысын «Ислам даму банкі» арқылы қаржы тарту есебінен жүргізу келісілген. Бірінші кезеңге құны 73,6 млрд теңгеге 14 жоба қаржыландырылады. Құрылысы 2025 жылы басталады. Нәтижесінде, 166 шақы­рым канал бетонмен қапталып, 53,3 мың гектар суармалы жерге су жет­кізеді. Екінші кезеңге 2025 жылға 23 ны­сан­ға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Жобалардың болжамды құны – 120 млрд теңге. Сонымен қатар коммуналдық меншіктегі 11 су нысанын «Қазсушар» республикалық мекемесі теңгеріміне беру арқылы «Ислам даму банкі» қаржыландырады. 151 шақырым канал бетонмен қапталып, 78,7 мың гектар ағын сумен қамтамасыз етіледі.

 

Аустралия тәжірибесі енгізілмек

Еліміздегі ірі қара мал санының 13%-ы, қойдың 22%-ы, жылқының 11%-ы, түйенің 15%-ы, өндірілген еттің 11%-ы, сүттің 13%-ы – Түркістан облысының еншісінде. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл 9 айда 153,2 мың тонна ет, 354,8 мың тонна сүт, 190,2 млн дана жұмыртқа өндірілді.

«Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%-ы, ұсақ мал етінің – 75%-ы өндіріліп жатыр. 9 айда 10 мың тонна ірі қара мал еті, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды. Ет экспортының әлеуетін арттыруда бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту маңызды. Бұл орайда өңірде жалпы 9 183 бірлік ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуат­тылығын арттыру бойынша СҚО тәжіри­бесімен жалпы құны 4,8 млрд теңгені құрайтын 400 бастан жоғары 2 ірі тауарлы сүт фермалары инвестициялық жобалары жүзеге асырылды. Бұл жобаларды қолдауға республикалық бюджеттен жылдық 2,5% мөлшерлемемен 3,8 млрд теңге несие қаржы бөлінді. Нарықты отандық өнімдермен толықтыруда ірі инвестициялық жобалардың маңыз­ды­лы­ғы жоғары. Бұл орайда өңірде 2024-2027 жылдарға жалпы құны 507,3 млрд теңге болатын 105 жобаны жүзеге асыру жол картасы әзірленді. Нәтижесінде, жаңадан 8 346 жұмыс орны құрылады. Биыл құны 114,2 млрд теңге болатын 45 жобаны іске асыру жос­парланған болса, 9 айда құны 28,1 млрд теңгеге 26 жоба жүзеге асырылған. Жаңа 194 жұмыс орны ашылды», дейді Нұрбек Бадырақов.

Мал шаруашылығын дамытуда инвесторлар қой және ірі қара мал етінің жа­һандық топ-өндірушілерінің бестігіне кіре­тін, әлемнің ең ірі экспорттаушысы Аустралия әдісін пайдалануға ниетті. Аустралия тәжірибесін енгізу мақсатында, жалпы құны 55,2 млрд теңгеге 5 ірі инвести­ция­лық жобаны жүзеге асыру көзделіп, 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.

Сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 870 мың гектарға орналас­тырылған. Егіс құрылымын қалып­­тас­­ты­ру­да рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдылық берілген. «Тыңайтқыштар құнын субсидиялау» бағдарламасымен аванстық төлем жүйесі ендіріліп, отандық тыңайтқыштар 60%-ы субсидияланды. Нәтижесінде, егіс алқаптарына 141,4 мың тонна тыңайтқыштар енгізілді. «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасымен субсидиялау нормативі 1,5-2,0 есе ұлғайды. Көктемгі дала және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізуге 63 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Басқарма басшысы мемлекеттік қолдау нәтижесінде, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға қол жеткізілгенін айтады. Биыл 929 мың тонна дәнді дақыл, 3,5 млн тонна көкөніс-бақша өнімі, 192 мың тонна жүзім жиналды. 5,5 млн тонна мал азығы дайындалды. Климаттық ерекшелігі қарқынды бау және жылыжай шаруашылығын дамытуға өте қолайлы өңірде қарқынды баудың көлемі 5,7 мың гектарды құрайды. Өнімділік дәстүрлі бауларға қарағанда 5 есе жоғары немесе 300-350 центнерге дейін өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр. Ал жылыжайлардың жалпы көлемі – 1 640 гектар, 150 мың тонна көкөніс жиналған. Бұл маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен республика халқы қажеттілігінің 42%-ын қамтамасыз етеді. Инвесторлар соңғы 3 жылда субтропикалық банан, лимон өнімдерін жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті. Биыл жылыжай шаруашылықтарынан 1,3 мың тонна банан, 3,2 мың тонна лимон өндірілді.

 

Түркістан облысы