
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, кейбір кәсіпорындарға жеңілдіктер ұсынылады, аграрлық секторға ҚҚС мүлдем енгізілмеуі мүмкін. Ал азық-түлік өндірушілеріне қатысты үш нұсқа бар: ҚҚС мөлшерлемесін 12% деңгейінде сақтау, 5%-ға дейін төмендету немесе салықтан мүлде босату. Дәрі-дәрмек өндірісі саласында да ҚҚС 5%-ға дейін төмендеуі ықтимал. Тұрғын үй құрылысы саласында ҚҚС орнына инфрақұрылымдық алым болмақ.
– Ең ықтимал нұсқа ретінде құрылыс компанияларынан алынатын инфрақұрылымдық алымды енгізуді қарастырып отырмыз. Оның мөлшері – әзірге шаршы метріне 40-60 доллар көлемінде. Инфрақұрылымдық жүктемеге байланысты өзгереді. Жаңа салық ойлап таппаймыз. Қазір бұл мәселелер талқыланып жатыр. Олар тұрғын үйдің санатына қарай реттеледі, – деді Ұлттық экономика министрі.
Оның айтуынша, бұл ұсынысты бизнес қауымдастық енгізген. «Бұл – жақсы ұсыныс. Қазір оны пысықтап жатырмыз. Біз ҚҚС-ты сақтап, жаңа алым енгізетіндей жағдай жасамаймыз. Мүмкін, ҚҚС мөлшерлемесі нөлге теңестіріледі немесе төмендетіледі. Бірақ ол 20%-ға жетпейді», деп нақтылады вице-премьер.
Егер кәсіпкер бөлшек салықтың жеңілдетілген режімін қолдана алмаса, яғни оның айналымы белгіленген шектен асып кетсе, онда ол қосымша салық міндеттемелеріне тап болады. Яғни ол ҚҚС және корпоративтік табыс салығын (КТС) төлеуге міндетті. Қазір бөлшек салық мөлшерлемесі 2-8% аралығында болғандықтан, кәсіпкерлердің салық жүктемесі салыстырмалы түрде төмен. Алайда, жаңа өзгеріс енгізілген жағдайда жүктеме 40%-ға дейін өсуі мүмкін. Себебі кәсіпкер енді бөлшек салықтың орнына 20%-дық ҚҚС пен 20%-дық КТС төлеуге мәжбүр болады.
Бұл өзгерістер әсіресе, шағын және орта бизнеске едәуір әсер етуі мүмкін, себебі кәсіпкерлер шығыны артып, баға саясатын қайта қарауға тура келеді. Сонымен қатар Үкімет еңбекақы төлеу қорына (ЕТҚ) түсетін салықтық жүктемені төмендету мәселесін қарап жатыр.
– Кейбіреулер бізге бюджетті толықтырудың басқа көздерін табу керек, салықтық әкімшілендіруді күшейтіп, көлеңкелі экономикадан қаражат шығару керек дейді. Біз мұның бәрін жасап жатырмыз. Өткен жылы «көлеңкеден» 1,3 трлн теңге шығардық. Биыл тағы 2 трлн теңгені жарыққа шығарып, салықтық әкімшілендіру арқылы қосымша 1 трлн теңге түсірсек те, бұл жеткіліксіз. Ең алдымен бюджет мәселесін шешуіміз керек. Реформаның түпкі мақсаты осы, – деп түсіндірді С. Жұманғарин.
Түсінуімізше, өзгерістер бизнестің ашықтығын арттыруға, салықтан жалтаруды азайтуға, мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған. Бірінші кезекте, жеке кәсіпкерлік (ЖК) және жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ашу тәртібі қатаңдатылмақ. Бұл кәсіпкерлердің жалған немесе уақытша фирмалар ашып, салықтан жалтаруына тосқауыл қою үшін енгізіледі. Яғни жаңа бизнес тіркеу үдерісінде қосымша талаптар қойылып, заңсыз кәсіпкерліктің алдын алу күшейтіледі. Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы белсенді жұмыс істемеген заңды тұлғаларды мәжбүрлі түрде жабу қолға алынады. Себебі мұндай компаниялар кейін қайта сатылып, заңсыз операциялар үшін пайдаланылуы мүмкін. Осыған жол бермеу мақсатында қызметін тоқтатқан компаниялар автоматты түрде жабылады.
Кедендік мобильді топтардың жұмысын күшейту де – салықтық әкімшілендіру аясындағы маңызды шараның бірі. Бұл кедендік бақылауды күшейтіп, заңсыз тауар айналымын азайтып, импорт-экспорт үдерістеріндегі салық түсімдерін көбейтпек. Сонымен бірге, салық органдарының бақылау функциялары кеңейтіледі. Бұл дегеніміз – салықтық тексерулерге прокурорлық бақылау алынып тасталады деген сөз. Айтуынша, салық-бюджет реформасынан кейін елде гиперинфляция туындамайды, ал қосымша инфляцияның әсері қысқа мерзімді болады. Осы реформалардың нәтижесінде жыл сайын бюджетке қосымша 5-7 трлн теңге түседі.
– Біздің өз кірісіміз – бар болғаны 15,6 трлн теңге, ал шығынымыз – 25,8 трлн теңге. 10 трлн теңге айырмашылықты қайдан жабамыз? Мұны тек салықтық әкімшілендірумен немесе басқа әдістермен шешу мүмкін емес. Табысты арттыру қажет. Қазір біз 5,8 трлн теңгені қарызға аламыз, оның бәрі Ұлттық қордан алынады. Бұлай жалғастыра берсек, Ұлттық қордың жағдайы күрт нашарлайды. Қор біз үшін емес, болашақ ұрпақ үшін құрылды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы осы мәселелерге жауап ретінде қабылданды. Сонымен қатар, 4,1 трлн теңгені нарықтан қарыз түрінде аламыз, негізінен, Қаржы министрлігі қаржы институттарына облигациялар сатады, – деді С.Жұманғарин.
Қосылған құн салығының көтерілуі тұрғын үй бағасына тікелей әсер етпеуге тиіс. Министр бұл өзгеріске қарсы шыққан көптеген адамның пікірін жоққа шығарып, тұрғын үй нарығындағы жағдайды түсіндірді. Оның сөзінше, кей сарапшылар ҚҚС мөлшерлемесі өскеннен кейін баспана бағасы қымбаттайды деп болжайды. Алайда, мемлекет мұндай сценарийдің алдын алу үшін жұмыс істеп жатыр.