Саясат • 12 Наурыз, 2025

Орталық Азия – Жапония: байланысты нығайтатын қадамдар

218 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жапония – Орталық Азия елдеріне маңызды инвестор ғана емес, сонымен қатар технология генераторы. Алайда бұл елмен байланыс кей салаларда кенже қалып отыр. Осы жөнінде Мақсұт Нәрікбаев университетінде (MNU) өткен «Орталық Азия + Жапония: қазіргі тенденциялар мен перспективалар» сараптамалық диалогінде кеңінен талқыланды.

Орталық Азия – Жапония: байланысты нығайтатын қадамдар

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, бұл – Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы алғашқы сарапшылар диалогі. 20 жыл бұрын, 2004 жылы Астанада сыртқы істер министрлерінің қатысуымен «Орталық Азия + Жапония» форматындағы бірінші мемлекетаралық кездесу өткен еді. Содан бері бұл кездесу Орталық Азия мемлекеттерімен диалог пен ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін тұрақты алаңға айналды. Ал бұл форматтың негізі 1997 жылы Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Рютаро Ха­шимото ұсынған «Жібек жолы дипломатиясы» тұжырымдамасынан бастау алады.

Негізі Қазақстан Жапонияны аймақ экономикасының маңызды инвесторы және көлік-логистика саласындағы технологиялар генераторы ретінде көреді. Ал ендігі кезекте Орталық Азия елдерінде Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея бойынша аймақтану мамандарын даярлау және Жапония мен Орталық Азия елдерінің сараптамалық орталықтары, ғылыми-зерттеу институттары, маманданды­рыл­ған ұйымдары арасында жүйелі өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасу жолға қойылуы қажет.

«Синкансэн – жапондық технология­ның көшбасшысы. Оны Орталық Азия­ға бейімдесек, тасымалдау жылдамдығы мен қауіпсіздікті арттырып қана қоймай­ды, сондай-ақ аймақтың халықаралық нарықтармен көлік байланысын нығайта алады. Қазір аймақта жылдам жүретін пойыздар жоқтың қасы. Осы мәселені қолға алуға болады. Бұл үшін алдымен салалық институттар бірлесіп зерттеу жүргізу қажет», деді ҚСЗИ директоры.

Бұған қоса сарапшылар қалалық инфра­құрылымды жақсартуға арналған Жапонияның технологияларды енгізу саласындағы бірегей тәжірибесіне қазір әлем елдері қызығушылық танытып отырғанын айтты.

«Инновациялық экологиялық шешім­дерді әзірлеуде бірегей тәжірибесі бар Жапония осы салада біздің стра­тегиялық серіктесіміз бола алады. Адам мен таби­ғат үйлесіміне негізделген жапондық «Сатояма» тұжырымдамасы бізге керек дүние, оған қызығушылық танытып отырмыз. Ал біз Жапонияға электронды үкіметті дамыту бойынша БҰҰ рейтингінде 193 елдің арасында 24-орында тұрған GovTech және FinTech салаларында цифрлық өнімдерді дамытуды ұсына аламыз», деп атап өтті Е.Тұқымов.

Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ииджима Ясумаса өз сөзінде Жапонияның Орталық Азияға қатысты саясаты аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикалық негіздерді нығайтуға, аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық қауымдастықпен байланысты нығайтуға бағытталғанын айтты.

«Жапония Орталық Азияның еге­мендігін, бейбітшілігін және тұрақты дамуын қолдауға дайын. Сыртқы істер министрлерінің соңғы кездесуі 2022 жылдың желтоқсанында Токиода өтті. Келіссөздер барысында министрлер азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін, дамудың жаңа үлгілерін, атап айтқанда, адамға инвестиция салу және сапалы өсу тетіктерін талқылады», деді елші.

Сондай-ақ жапон дипломаты өткен жылдың тамыз айында Жапонияда бол­ған жер сілкінісіне байланысты кейінге ше­герілген «Орталық Азия + Жапония» форматындағы Астана саммиті биыл ұйымдастырылатынын айтып, оған жапон тарапы күш салатынын мәлімдеді.

Жапонияның Халықаралық қатынас­тар институтының атқарушы директоры Томоюки Ёсида қазіргі геосаяси тұрақ­сыздық кезінде аймақ бірігіп әрекет етсе, әлемдегі беделі артатынын атап өтті. Сол себепті ол Орталық Азиядағы әріптестеріне «Орталық Азия + Жапония» форматы аясында ынтымақтастықты әртараптандыруды ұсынды.

«Атап айтқанда, адами капиталды дамы­туға және зияткерлік қолдауға көбі­рек көңіл бөліп, экономикада ғана емес, қа­уіпсіздік, лаңкестікпен күрес, құқық­тық сала, жаһандық мәселелерде де ынтымақтастықты нығайту керек», деді жапон ғалымы.

Ал Хоккайдо университетінің Славян-Еуразиялық зерттеулер орталығының профессоры Томохико Уяма «Орталық Азия + Жапония» диалогі аймақтық ғана емес, жаһандық мәселелерді шешуге бағытталғанын ерекше атап өтіп, бұл қазіргі жапон дипломатиясының басым­дықтарына сәйкес келетінін айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ірі державалар көпжақты үдеріс­ке аз сенім артып отырған жағдайда орта державалар өз аймақтарында және одан тыс жерлерде тұрақтылықты, бей­біт­шілік пен дамуды қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс екенін орынды атап өтті. Жапония да­мыған мемлекет болғанымен, оның гео­графиялық жағынан ұлы державаларға жақындығы және әскери мүмкіндіктерінің шектеулігі себептеріне байланысты оның мәртебесі орта державаларға теңеседі. Бұл жағынан алсақ, оның Азия елдерімен тең құқылы қарым-қатынас орнатудағы бай тәжірибесі шағын және орта мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді», деді жапон профессоры.

Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңір­аралық зерттеулер институтының директоры Эльдор Арипов жиында Жапония аймақтық ынтымақтастық үшін «Орталық Азия + Жапония» арнайы платформасын ұсынған бірінші ел екенін еске салды. Оның айтуынша, Орталық Азия елдері жасыл энергетикаға көшуге бет бұрса, Жапониямен ынтымақтастық жасау керек.

Ал Тәжікстан Республикасы Прези­денті жанындағы Стратегиялық зерттеу­лер орталығының директоры Хайрид­дин Усмонзода Тәжікстанның әлеуметтік саласының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қыз­меті зор. Ынтымақтастық жылдарында экономика, инфрақұрылым, білім мен денсаулық сақтаудың негізгі салаларына әсер ететін ондаған ауқымды жобалар жүзеге асырылған.

«Жапон үкіметі еліміздің белгілі бір аймақтарындағы ауызсу жүйесін жақсартуға үнемі үлесін қосып келеді. Мәселен, Жапон құрылысшылар қоға­мы (JSCE) Тәжікстанның Хатлон облы­сы Пандж ауданындағы ауызсумен жаб­дықтау жүйесін қалпына келтірді», деді Х.Усмонзода.

Өзбекстандағы Орталық Азия халық­аралық институтының директоры Джав­лон Вахабов болса, Орталық Азия мен Жапония арасында «виртуалды хат­шылықты» құру керек деген пікірде.

«Кооперацияны дамытудың тағы бір болашағы зор бағыты – ауыл шаруашылы­ғы саласы. Ауыл шаруашылығы Өзбек­станның ішкі жалпы өнімінің 20 пайызын құрайды, ал ел халқының 60-70 па­йызы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Орталық Азия мен Жапония­ның аграрлық сектордағы ынтымақтастығы мәселелерін тереңдете отырып, біз да­мудың жаңа нүктелерін таба алар едік. Өзара әрекеттестіктің тағы бір саласы еңбек миграциясы, әсіресе жастар мәселесі маңызды», деді Д.Вахабов.

Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Динара Дуйшенкулқызы: «2016 жылы «Japan Consulting» компаниясы Қырғызстанның жоғары технологиялар паркінің резиденті болды. Қырғыз ғалымдары жапон археологтерімен бір­лесіп, жапон тарапының көмегімен Ұлы Жібек жолындағы Қырғызстанның ежелгі қоныстары – Қызыл өзен (Невакат), Ақ-Бешім (Суяб) және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген Буран (Баласағұн) елді мекендерінде қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр», деп атап өтті.

Президент жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулері бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев Жапония мен Орталық Азия­ның «талдау орталықтары» арасында сараптамалық ынтымақтастықты терең орнату қажет деген пікірін алға тартты.

«Біз елдеріміздің талдау орталықтары арасында тағылымдамадан өтуді және мамандар алмасуды дамытуды ұсынамыз. Сарапшыларды даярлаудың мұндай инс­титуттандырылған жүйесін құру бола­шақта экономикалық, әлеуметтік және саяси салалардағы шешімдердің негі­зін қалауы мүмкін. Сонымен қатар қазақ­стандық, жапондық және орталық-азиялық сарапшылардың қатысуымен өтетін аналитикалық «марафондар» немесе жобалық сессиялар нақты міндет­терге инновациялық тәсілдерді әзірлеу­ге көмектеседі: мемлекеттік басқаруды цифр­ландыру, смарт қалалар және т.б», деді сарапшы.