Ресей ақыны Владимир Берязев Қазақстанды туған жерім деп санайды
Қазақ әдебиетінің үлкен досы, белгілі орыс ақыны, түркітілдес көптеген поэзиялық туындылардың аудармашысы, «Сибирские огни» журналының алқа мүшесі Владимир Берязевтің Алматыда жүргенін жазушы Роллан Сейсенбаевтан естіп, мейманнан сұхбат алуға асығып едік. Владимир Алексеевичке қойған алғашқы сауалымыз да оның түркі-қазақ рухымен тамырластығының, тағдырластығының сырларын білу мақсатын көздеген-ді.
– Мен Алтай таулары кеңістігінің шалғай шетінде дүниеге келдім, – деп бастады әңгімесін жаңа танысқан сұхбаттасымыз. – Бұл дегеніңіз алтайлықтар, шорлар мекендейтін терістік Алтай. Осы қасиетті жердің рухы мені талбесіктегі кезімнен бері тербеп әлдилеп келеді. Жақында қазақстандық жазушы Герольд Бельгердің таңдамалы кітаптарының тұсаукесер рәсімінде бәріміз де Саян-Алтай деп аталатын үлкен планеталық құбылыстың рухани өрісінде, сондай бір ортақ құндылықтар кеңістігінің аясында өмір сүріп жатқандығымыз туралы айттым. Жаңа мыңжылдық басталған кезде Қазақстан жеріне алғаш қадам басқанымда-ақ өзімнің туған жеріме
келгендей әсерде болғанымды да жасырмаймын. Өйткені, менің сүйікті ақыным және жалпы әдебиеттегі, поэзиядағы, өлең өнеріндегі бас ұстазым қазақ халқының ұлы перзенті Павел Николаевич Васильев болатын. Жақында бір әдеби ортада егер Васильев болмаса, ұлы Олжас та болмас еді деген пайым айтылды. Мен бұған келісемін. Олжас Пашаның бүкіл жаңалықтары мен жетістіктерін өз болмысына сіңіріп, оны жаңа замани рухпен, жаңа құбылыстармен және әлемде болып жатқан оқиғалар лебімен толықтырып құнарландырды. Өзім көзбе-көз білу құрметіне ие болған екінші адам ол да қазақ ақыны, суреткер, зерттеуші Евгений Васильевич Курдаков. Біз жиі хат жазысып, кездесіп те тұрдық. Оның еңбектері мен поэмаларын өзім басшылық еткен «Сибирские огни» журналында жарияладым. 2010 жылы Өскеменде оның құрметіне ескерткіш тақта ашылып, «Курдаков оқулары» өткізілгені, оның шығармашылығын зерттеу жалғасып жатқаны мен үшін бір қуаныш. Оның үстіне ол тіл білгірі, Абайдың үш томдығының тәржімашысы ғой. Тағы да қайталап айтсам, жаңа мыңжылдықтың басында қазақ жеріне қадам басқанымда Роллан Шәкенұлы Сейсенбаевпен танысып, іштей көптен армандап жүрген аңсарлы ортаға түстім. Бәрі де табиғи жағдайда болып жатты. Семейде, Жидебай мен Қарауылда бірнеше әдеби мерекелерге қатыстым. Содан соң мені Алматыға шақырды.
– Сіздің поэзияңыздағы қазақ тақырыбы осылайша қазақ жырының Меккесі Жидебай-Қарауылдан бастау алған екен-ау?..
– Шынымен де солай болды. Қарауылдағы үлкен бір әдеби жиында екі ғажап адам мені бір риясыз ақ ниетті қалжыңға нысана еткені бар. Көрермендер алдында күміс көмей әнші, қазақтың ару қызы Жанар Айжанова ән салып жатты. Мен оның әсем дауысына, той тамашасына елтідім. Әріптестерім маған «Володя, сен оған қатты ұнаған көрінесің. Ол саған түйреуішінің бір бөлігін, яғни тобық беріп жіберді. Қазақтың осындай салты бар. Бір жылдан кейін немесе он жылдан кейін келгеніңде оған тобықты тауып берсең бітті, ол сендік болады», деді. Кейін білсем, шынында да қазақтың осындай ежелгі әдет-ғұрпы бар екен. Айтайын дегенім, осының нәтижесінде кейін кеңінен белгілі болған, сан рет қайта басылған және бірнеше сыйлықты иемденген «Тобық» деген поэмам жазылды. Қазақ достарымның қалжыңы болмаса, ол поэмам да тумас еді... Ал түйреуіш-тобық менде әлі күнге дейін сақтаулы. Жарты жыл бойы соның әсерімен шарықтап, шалықтап жүрдім, уақыт пен кеңістікті ию-қию араластырып жібердім. Поэмадағы оқиға қазіргі Қазақстан жерінде ғана емес, соңғы үш мыңжылдықтың өн бойында түркілердің ата жұрты Алтайда да өтеді. Мұндағы ақындық қиялдан туған ару бейнесінің болмысы шынайы. Жақында Алтайдағы Укок үстіртінен Алтай ханшайымының мумиесі табылған жоқ па. Мен оған жақындаған кезде ол түйреуіштің екінші бөлігін жұдырығына жұмып ұстап тұрды. Өз поэмама осыны да қосып жаздым. Бейнелі де астарлы аңыздың ақиқаты осындай. Сөйтіп, менің таңдаулы шығармаларымның бірі өз тағдырын да, менің өмірімді де Қазақстанмен, қазақ халқымен байланыстырып жіберді.
– Ал Шәкәрімге қалай келдіңіз? Оның шығармашылығындағы қандай нәрселер сізге жақын?
– Шәкәрімнің ақындық шығармашылығымен мен онша жақын таныс емеспін. Бірақ әдебиет мерекесі кезінде қазақ достарымның әңгімелерінен естуім бойынша оның қайғылы тарихы мен тағдыры менің жан дүниемді дүр сілкіндірді. Әсерленгенім сонша, қазақтың ұлттық ақынына арналған «Құр құдық» атты өз поэмамды жазбай тұра алмадым. Шәкәрім трагедиясы сол кезеңдегі халық қасіретімен сабақтас, сарындас екенін аңғардым.
– Біздің білуімізше, «Аманат» журналымен белсенді қарым-қатынаста екенсіз ғой?
– Иә, бұл орайда мен Роллан Шәкенұлына үлкен алғыс сезімін білдіруге тиіспін. Ол бәріне үлгереді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің жанындағы Әлем халықтары әдебиеті институтының, Халықаралық «Абай» клубының жұмысы таңғалдырады. Үлкен кітапхана жасақтауды жоспарлап ойластырған көрінеді. Менің пайымдауымша, бұл қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін, көпұлтты Қазақстан халқын одан әрі тұтастыру үшін септігін тигізер зор игілікті іс. Шын мәнісінде, халыққа қызмет ету орайындағы ерлік деп санаймын. Міне, осы ауқымды жұмысқа «Сибирские огни» журналымен арадағы ынтымақтастық қалтықсыз кірікті. Өз журналымызда біз қазақстандық авторларды жарияладық, ал біздің авторлардың туындылары «Аманат» журналының беттерінде сәтімен шығып жатты. Осы арада бір жайды айқын таңбалап айта кетпекпін. 2014 жылдың қыркүйегінен бастап мен журналдың бас редакторы емеспін. Бұрынғы губернатор және оның идеологиялық нөкерлері біздің басылымға қатты шүйлігіп, бір жылдай соттасуға тура келді. Қыркүйекте сот олардың барлық әрекеттерін заңсыз деп тапты. Журналды бүгінде менің жақын досым Михаил Николаевич Щукин басқарады. Ол сібірлік тамаша жазушылардың бірі. Мен редакция алқасында мүше болып қалдым. Қолымның азды-көпті бостығы бүгінде маған әл-Фараби атындағы Қазақ университетімен, «Абай» клубымен, «Аманат» журналымен де бірлесе жұмыс жасап, неғұрлым тығыз ынтымақтасуға мүмкіндік беруде.
– Олай болса, тәржімаларыңыз жайында кеңірек баян етіңізші?
– Мен жалпы тәржімамен көптен бері айналысамын. Оның көлеміне де шек қоймаймын. Бұлар негізінен өлеңдер, белгісіз авторлардың шығармалары, қазақ жыраулары, парсы поэзиясының үлгілері. Маған салып жіберіп, өтініш еткендерді тауанын қайтармай әйтеуір аударып жатамын. Әл-Фараби шығармаларының мәтіндеріне де «тісімді батырып» байқадым. Мен жоғарыда әңгіме еткен поэмалар қазір Қазақстанда зор ықыласпен жақсы басылып жатыр. 2010 жылы Алматының зағиптарға арналған кітапханасында кездесу өткіздім. Оған көптеген майдангерлер де қатысты. Кейінірек біз 28 гвардияшы-панфиловшылар мемориалында болдық. Қызғалдағы жайнаған сәуір айы болатын. «В поисках поводыря» атты шағын поэмам осылайша туды. Оны жарты жыл өтпей жатып қазақстандық журналдардың бірі жариялады. Міне, осындай ынтымақтастық үзілмей келеді. Оның үстіне, өзіңіз де білетін шығарсыз, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ақын жанды азамат. Соңғы жылда оның өлең кітабын орыс тілінде сөйлетіп шықтым. Жақында баспадан шығып қалар деген ойдамын. Осындай жұмыстар мені қызықтырады, олар менің еуразиялық жаныма өте-мөте жақын.
– Демек, сіздің жаныңыз еуразиялық бесікте тербеледі екен ғой?
– Әңгімемді Алтайда туғанымнан бастадым емес пе. Қазақстанды да өзімнің туған жерім деп санаймын. Менің алғашқы мұғалімім алтай эпосының аудармашысы Александр Иванович Плитченко болды. «Сибирские огни» журналының жауапты хатшысы кезінде ол менің албырт жастық шағымның демеушісіне айналды. Сосын мені Сібірдің бас еуразияшылы, баспасөзде ашық түрде «алтай халқының елбасшысы» аталған ұлттың рухани көшбасшысы Бронтой Янгович Бедюровпен таныстырды. Ертеректе ол ақын һәм әдебиетші болған, қазір қоғам қайраткері. Керемет білімдар, Азия тарихын жадына тоқып, көкірегіне құйып алған ғұлама. Бұл кісі де менің жақын досым, «Сибирские огни» журналының алқа мүшесі. Жоғарыда айтқан Евгений Курдаков, Павел Васильевтер де нақ сондай еуразияшылдар. Қане, осы арада Лев Николаевич Гумилевті еске алайықшы. 90-шы жылдардың басында маған досым телефон соғып: «Володя, тезірек Питерге кел. Лев Николаевичпен кездесудің сәті түскен сияқты» деп айтқаны әлі есімде. Мен сонда бейне бір құз-жартас, қол жетпес шың сияқты адаммен кездесуге баруға батылым бармап еді. Бірақ оның кітаптарын түгел оқып, санама сіңірдім.
– Ал енді қазақтың әдебиеті мен мәдениеті туралы ой-пайымдарыңыз қандай?
– Жазушы Бельгердің таңдамалысының тұсаукесерінде болдым дедім ғой. Мен оны «Махатма Бельгер» деймін. Осы кісінің жанының, рухының соншалықты қазақтығына таң қалдым. Қазақтарда Герольд Бельгер, Роллан Сейсенбаев, Мұрат Әуезов, Бақытжан Қанапиянов, Ұлықбек Есдәулетов сияқты тұлғалар ұлттық әдебиеттің де, мәдениеттің де қаны мен жаны, тірі материясы деп білемін. Осындай әдебиет қайраткерлері бар халық рухының тұғыр-тиянағы да мықты болмақ. Осы жолы Ермек Тұрсынов, Игорь Вовнянколармен танысып достастым. Қазақстанда кинематограф, мәдениет, әдебиет бар деп айтып қана қою аздық етеді, осы рухани салалар жан-жақты белсенді даму үстінде. Бір мысал келтірейін. Менің тегі қазақ тағы бір досым, тамаша орыс ақыны Бақыт Кенжеев. Біз хат жазысып, қатынасып тұрамыз. Жаһанда небір алмағайып жағдайлар болып жатқан қазіргі уақытта заманауи ақын Пушкинге көбірек жүгінеді. Таянышты қайдан іздеу керек? Әлбетте, өткеннен, мәңгілік ақиқаттардан. Абайдан, Айтматовтан, Пушкиннен. Мен Бақыт досымның пікіріне қосыламын. Ұлы ақындар мен жазушылардан барлық сұрақтарға жауап табуға болады. Бұл дегеніңіз керемет қой. Адамды жігерлендіреді, жүректе үміт отын жағады. Ең бастысы осы емес пе?
– Қазақстаннан алған әсерлеріңізді айтыңызшы?
– Мені сіздердің жастарыңыз таңғалдырды. Осы жолы оқуға, еңбекке, одан әрі мансап қууға әлдебір беріліп кеткендікті байқағандаймын. Үш тілді тұғыр, бірнеше тілді жарыстыра қатар меңгеру нормаға айналыпты. Осы реттегі жастардың табандылығына, олардың оқуға деген құлшынысына разы болғандаймын. Студенттердің аналарымен сөйлескенімде олар айтады: «Владимир Алексеевич, бізде халықаралық фирмалар, түрлі кеңселер көп-ақ. Ал олардағы сынамаларды атамаңыз, емтихандары сондай күрделі! Керемет қиын. Ал біздің жастарымыз жақсы білім мен лайықты жұмысқа ие болғысы келеді» дейді. Осыған байланысты өз жастық шағымды еске аламын. Мен кезінде Новосибирскідегі халық шаруашылық институтын, одан соң сырттай Әдебиет институтын бітірдім. Сол кездегі біз анағұрлым қамсыз-мұңсыз едік. Қазіргі жастарға біртүрлі аянышпен қараймын. Менің пайымдауымша, неғұрлым еркінірек болу керек қой. Өмір тек ақша табу үшін берілмеген. Өмір сүю үшін, достасу үшін, саяхаттау үшін, Жаратқанның сыйлаған несібелерінен ләззат алу үшін берілген. Қараңызшы, айналаңыз тұнған сұлу табиғат, көрікті жерлер! Жастардың өмір ғажаптарына зер салуын өтінер едім. Әрине, еңбек ету басты адами міндет, парызға жатады. Дегенмен, мансап жолына өзіңнің бүкіл өмірің мен жан дүниеңді салып жіберуге болмас. Ұлымның бір үлкен компанияда жұмыс істегені еске түседі. Ондағы тәртіп қатаң еді. Адами қарым-қатынас жоқтың қасы. Батыстың жаһандық өркениетінің жемістері адам жанын қатқылдандыратыны белгілі. Ақыры ұлым Мәскеуден Новосибирскіге, өзімнің қасыма қайтып келді. Үйленіп, кәсібі бойынша өз кеңсесін ашты. Емін-еркін жұмыс істейді, табысы да жаман емес. Студент-бакалаврларға айтарым: мансап баспалдақтарында еркіндік пен адами қадір-қасиетті сақтап қалуды да ұмытпаған жөн.
– Сіздің осы сапардағы нақты мақсатыңыз қандай еді?
– Негізінен студенттермен кездестім, олардың алдында өмірден түйгендерімді баян еттім, дәрістер оқыдым, сабақ беріп, семинарлар өткіздім. Менің Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-да жүргізетін пәнім «Сібір әдебиеті, поэзия және тәржіма» деп аталады. Бұған өзімнің жеке шығармашылық ізденістер орайындағы тақырыптарымды да қосамын.
– Жастардың кітап оқуы қалай екен?
– Бағдарлама бойынша тиістіні, әрине, оқиды. Бірақ алдарынан жаңа көкжиектерді ашып, жаңа дүниелерді айтқан кезде олардың көздерінен от, соларды білуге деген құштарлық көремін. Ақындыққа, әдеби шығармашылыққа, аудармаға қатысты көп нәрселерді олар білмейді екен. Ал поэзия мен әдебиет дегеніміз қарым-қатынастағы, дүние сырын түйсінудегі сирек құбылыстарға жол ашады емес пе. Осының барысында өмірлік әрі шығармашылық тәжірибе, әдеби еңбек тәжірибесі туындамақ.
– Сіз музыкалық аспапта ойнайсыз ба? Кеудеңіздегі кішкентай құндақтағы бойтұмар не нәрсе?
– Бұл шаңқобыз, жер бетіндегі ең ежелгі музыка аспаптарының бірі. Мен бұл туралы студенттерге де әңгімелеймін. Құндақтың бір қыры – бүркіттің басы мәңгі көк аспанмен байланысты білдіреді. Екіншісі құдды лақат сияқты: аспаптан шығатын дыбыс мүлдем бөтен әлеммен, о дүниемен жалғаса үндесіп жатқандай әсер береді. Үшінші қыры әйел құрсағын бейнелейді. Бұл құндақты маған осыдан 25 жыл бұрын алтайлық шебер жасап беріп еді. Ал алтай фольклорын керемет құйқылжытып орындайтын бір жыршы музыкант, халық әртісі мені осы аспапта кәдімгідей ойнауға үйретіп, оның құпиясын ашты. Ол екеуміз Иволгадағы будда дацанына бір мезгілде барыппыз. Ол жерде Хамбо лама Итигэловтың мәңгілік күй кешкен денесі лотос қалыбында хрусталь саркофагта сақталған. Менің оған арналған поэмам да бар. Ежелгі түркілік рух нышанындай осы титтей шаңқобыз ширек ғасырдан бергі бойтұмарым.
– Прототүріктік нәрселердің бәрі бүгінгі алтайлықтарда бастапқы қалыбында сақталған деп естіп едік. Сол рас па?
– Әлбетте, ол солай. Тувалықтардың да тілі, әдет-ғұрыптары ежелгі түркілік қалыбын сақтаған. Маған кезінде Алексей Григорьевич Калкин ақ батасын берген болатын. Ол алтайлықтардың ұлы кайчысы, яғни күйшісі, бірнеше сағаттық ұзақ та қиын эпостарды асқан шеберлікпен орындайды. Біз 90-шы жылдардың басында таныстық. Ол маған: «Володя, біліп қой, сен біздікісің, осы жолдан айнымай қызмет ет» деген болатын. Еуразиялық, одан қала берді түркілік рухқа туыстығым, жақындығым осылай қалыптасты.
– Владимир Алексеевич, сіз үшін махаббаттың, үміт пен сенімнің, жалғыздықтың мәні неде?
– Егер махаббат болмаса, еш нәрсенің мәні болмайды. «Махаббатсыз дүние бос» деп сіздердің Абай да айтқан екен ғой. Адамның жанындағы махаббат деп аталатын нәрсені сенім алға жетелейді. Сенім бізді осынау дүние жалғанмен емес, Абай һәм әл-Фараби жазғандай, мәңгілік дүниемен байланыстырады. Ол қажыр-қайратты, үмітті оятып, адамның өмірі бекер еместігін айғақтайды. Жалғыздық адамға өзін-өзі түсініп тану үшін, күнәларынан арылып, ақиқатты табу үшін берілген.
– «Сибирские огни» журналы жас оқырманның бойына қандай құндылықтарды сіңіруге ұмтылуда? Жалпы, журнал қандай аудиторияға бағдарланған?
– Осы замандағы әдебиетті, оның таңдаулы үлгілерін насихаттау ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Бұл жолда бұрындары орасан зор идеологиялық машина жұмыс істесе, бүгінгі жағдай басқаша. Мен журналға 15 жыл редакторлық еткенде өз міндетімді сөзді сақтау, шығармашылық негізді, әдеби мектептерді қалыптау деп білдім. «Сибирские огни» журналы 90 жылдан бері шығып келеді. Оның авторларының тізімінің өзі кез келген әдеби энциклопедияны көркейте алады. Алмағайып өтпелі кезеңдерде «Аманат», «Сибирские огни» сияқты және басқа ізгі мұратты басылымдардың басты мақсаты сөз бен мектепті сақтау және жас талапкерлермен жұмыс істеу болып табылады. Бүгінгі әлеуметтік желілерде толып кеткен арсыздық пен азғындауды осылай тоқтатуға талпынамыз. Бүгінгі жас ұрпақты өз Отанын сүйетін азаматтар етіп тәрбиелеуге үлес қосуымыз керек. Бұл орайдағы насихат тегершігі ізгі ниетті берік қолда болғаны абзал дер едім. Біз осыған келе жатырмыз деп ойлаймын. Ол үшін оқырманға ең таңдаулы үлгілерді ұсынуға тиіспіз. Біз әңгіме басында Пушкинді еске алдық. Пушкиннің, Абайдың, Шәкәрімнің рухын сіңірген жастар өз Отанын сүймей, өз халқының өткен тарихын бағаламай, құндылықтарынан қуаттанбай, болашағына қызмет етпей тұра алмаса керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.