25 Ақпан, 2015

Ақпан – жылдың соңғы айы

2862 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақпан – жылдың да, қыстың да соңғы, ең қысқа айы. Бұлай шегелеп айтуымызда үлкен себеп бар. Қазіргі қолданыстағы күнтізбенің бойымызға әбден дендеп сіңіп алғандығынан ба, жыл басы наурыздан басталатынын іштей білсек те, оны іс жүзінде мойындай алмай келеміз. Неге? Өткенде бір қария: «Суықтың көкесі – ақпанда. Қыстың қаһарына мінетін кезі де нақ осы шақ. Ілгеріде «Боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды, қырлан, ақпан қырлан!» деп қаңтар ақпанға тапсырып кетеді екен», – деп айтып отырушы еді. Жылдың соңғы айы ғой, қалай құбылса да, мінезіне шыдас берерміз», демесі бар ма? Алғашқыда бір тосын жаңалық естігендей «Неге?» деуге шақ қалдым. Ұят - ай, жылқы жылын желтоқсанымен қоса «аттандырып» жібергенімізді соңынан біліп, тілімді тістеп үлгердім. Әзіл-шыны аралас деп қарасақ, мезгілінен бұрын тарих қойнауына енген жылқы пірі – Қамбар атадан да ыңғайсыздау болды. Жасыратыны жоқ, ауызша айтқанда да, жазбаша құжат толтыр­ғанда да ақпан айын жылдың екін­ші айына теліп қойғанбыз. Мойын­дай­сыздар ғой?! Бұл бәрімізге таныс жағ­дай және өзгермейтін құбылыс сияқ­танып тұрады маған. Қалай деген күнде де ақпан жылдың 2-ші айы ретінде өзгеріссіз қала бермек. Өйт­кені, халықаралық тәжірибе солай. Армансыз адам жоқ. Кейде ойлаймын, қашан біз ақпанды жыл соңына санап, Шығыс, оның ішінде Қазақ елі үшін орны бөлек көктеммен күле кіретін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне қызу қарбалас, ерекше дайындықпен (желтоқсандағыдай) қам жасар екенбіз деп. Сөзімізді танымал журналист Бейсен Құранбек сияқты «Айтуға оңай» деп бітіргім-ақ келіп тұр, бірақ соған аздаған талпыныс, қозғалыс туса ғой... Әрине, жабыла, жұмыла көтерсек, айтылған дүние жерде қалмаған болар ма еді, кім білсін? Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист. АСТАНА. сурет : http://anatili.kz