26 Тамыз, 2015

Тегін білу – тектілік

1272 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
КитапБұрын, бала кезімізде, «Көңілім Нілдей бұзылып», «Ұлын – Ұрымға, қызын – Қырымға қондырған» деген сөз тіркестерін естігенде, «көтермелеу үшін айтыла салған сөз ғой, әйтпесе, мал соңында жүрген момын қазаққа Ұрым (Рим) қайда, Қырым қайда, Ніл қайда» деп ойлаушы едік. Ол кезде кеңестік құндылықтармен тәрбиеленген біздер үшін қазақ бабаларымыз Ұрым, Қырымға бармақ түгілі оның қайда екенін білмеген де сияқты болып көрінетін. Бірақ, бұл біздің нағыз ата-баба тарихын білмегендіктен туындаған көзқарас екен. Соңғы есептеулер бойынша Орталық Азияның солтүстік батысында (жобамен қазіргі Қазақстан аумағы) орта ғасырларда қорғанмен қоршалған 1334 қала болыпты. Тек түріктердің соңғы ғасырлардағы үздіксіз өзара соғыстары қалаларды тып-типыл етіп, түрік халықтарын нағыз көшпендіге айналдырған, өркениеттен артқа жіберген. Еуропаның мақтан тұтатын, ең алғашқы жо­ғары өркениетке қол жеткізген елі – гректер. Ұлы Дала перзенттерінен гректердің арасында бол­ған екі-ақ адам туралы тарихта мәлімет бар. Олардың біріншісі – Тоқсары. Тоқсары туралы «Элладалықтар оған жат елден келген Балгер-әулие ретінде жыл сайын құрбандық шалады» дейді Лукиян «Скиф және қонақ» атты еңбегінде. Эллада еліне екінші болып аяқ басқан көш­пенділер өкілі – Анақарыс данышпан. «Ана­қарыс – аңызға айналған скиф, өзінің Грекияға жасаған саяхаты кезінде даналығымен даңққа бөленді» – дейді Платон. Гректер Анақарысты дөңгелекті, кеменің зәкірін, ұста көрігін және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады. Ал шын мәнісінде Анақарыс оларды ойлап тапқан жоқ. Бұл бұйымдарды Ұлы Дала ұлдары одан әлдеқашан бұрын ойлап тауып, күнделікті өмірде пайдаланып жүрген. Анақарыс тек соларды гректерге үйретуші болды. Гректер ұста көрігін енді көріп жатса, бұл кезде Алтайда болат қорытатын пештерді ойлап тауып, оны күнделікті өмірде қолданып жатқан болатын. Гректер «Анақарыс данышпан ойлап тапты», деп жүрген біздің ата-бабалардың бұйымдары, адамзат өркениетінің бастауында тұрған ғылым мен техниканың алғашқы жетістіктері болатын. Дөңгелек дегеніңіз қазіргі барлық қозға­лыс құралдарының негізі. Дөңгелексіз бір де бір көлік орнынан қозғала алмайды. Ұста көрігі дегеніңіз металл өңдеудің бастауын­да тұрған бұйым. Құмыра жасайтын жозы дегеніңіз, ең алғаш­қы қозғалтқыш, ең қарапайым механи­калық жүйе. Ал кеменің зәкірі дегеніңіз тіптен, көш­пен­ділерге тән емес бұйым, теңізшілер қолданатын құрал. Карта Бұл, әлі тарихқа саясат араласпаған кездегі грек ғұламаларының жазбалары, көне гректердің өркениеті қазір «көшпенділер» атап жүрген біздің бабаларымыздың өрке­ниетінен әлдеқайда төмен болғанын дәлелдейді. Бірақ, әлемнің алдыңғы қатарлы өр­кениет­терімен иық теңестіріп жүрген грек­тердің «Миной өркениеті», «Эгей өрке­ниеті» дегендері бар емес пе еді? Олар сонда қай халықтың өркениеті? Жақында осы және басқа да сұрақтарға жау­ап беретін бір еңбек жарық көрді. Ав­торы өзінің керемет туындыларымен қа­зақ халқының алғысына бөленіп жүрген Қазақ­стан Республикасы Мемлекеттік сыйлы­ғының және Күлтегін сыйлы­ғының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым әрі жазушы Қойшығара Салғараұлы. Еңбек «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар» деп аталады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия» гумани­тарлық ғылыми-зерттеулер орталығынан таяу­да жарық көр­ген аталмыш еңбек тың деректер, соны материал­дармен айрықша назар аудартады. Тақырыбы – адамзат өркениетінің бастауындағы түріктердің қалдырған іздері, атқарған рөлі. Бұрын-соңды зерттеушілердің қаламына ілікпеген әлем халық­тарының мифологиясындағы деректерді бүгінгі ғылым жетістіктерімен сабақтастыра талдау арқы­лы бабаларымыздың адамзаттың дамуына қос­қан үлесін керемет шебер көрсеткен. Автордың бұрыннан жеңіл тақырыптарды таңдамайтыны белгілі. Кезінде «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы» атты кітаптары ұлтымыздың құнды еңбектеріне айналған болатын. Одан кейін жарық көрген «Қазақтар», «Ұлы қағанат», «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер», «Орта ғасырлық түріктер» атты еңбектер де қазақ халқының санасын оятып, ел тарихын түгендеуге қосылған зор үлес болды. Бұл еңбектердің қай-қайсысы болса да ұзақ зерттеудің терең білімді қажет ететін күрделі тақырыптар болатын. Кезінде бұл еңбектерді оқыған оқырман, кеңес өкіметі кезінде жасырылып, айтылмай келген халқымыз тарихының жаңа беттерін ашып, көне тарих тереңінен сыр шертетінін жақсы біледі. Ал мына жаңа еңбектің зерттеу ауқымы тіпті, тереңге кетіп, адамзаттың жаратылыс кезеңі мен алғашқы өркениеттер туралы сыр шертеді. Автор бұл еңбегінің алдына қойған басты мақсаты туралы: «Біз бұл еңбегімізде зияткерлік, рухани-әлеуметтік өзгерістер төңке­рісін жасаған «кіндік уақыт» ғұлама­ларының осылайша қайта пайымдау­ларынан өтіп, кейінгі заманға екшеліп, іріктеліп, сүзгіленіп жеткен мифологияның таным­дық толғамдарынан тілдік, тарихтық дерек­тері арқылы адамзат баласының ресми ортақ тарихындағы түрік халықтарының ғұмыр­нама­сының х.э. кейінгі VI ғасырдан басталуының дұрыс еместігін, олардың атамзаманнан бері бар, ежелгі көне халықтардың бірі екенін дәлелдеуге талаптанып көрмекпіз», – дейді. Бұл еңбек сол естен өшкен ескі заман­дарда-ақ Дельфі храмының маңдайшасына айшықтап жазылған «Өзіңді таны» қағида­сының мәнін түсіндіруден басталып, бұдан мыңдаған жылдар бұрын жазылған, әлемнің түкпір-түкпірінен табылған тарихи мәтіндерді қазақша сөйлетумен аяқталады. Сөйлеткенде қандай сөйлеткен! Еуроцентристік пиғылдағы зерттеу­шілердің біле тұра «білмей», «танылмаған жазулар» деп жауып кеткен жазуларын таза қазақ тілінде сайратса, қазақтың көне аңыздарын жердің басқа бір шетіндегі мыңдаған жылдар бұрын тасқа шекіп жазылған жазулардан сол күйінде тауып көрсетеді. Үш бірдей эгоцентризмдердің: техни­калық прогрестен соңғы ғасырларда ғана озып алға шыққан еуропалықтардың еуро­центризмінің, өздерінен басқаның бәрін төмен санайтын қытайлықтардың азияцентризмінің, ұлыорыстық идеяның туын көтерген русоцентризмнің бұрмалау­ларының зардаптарынан көп қиянатты бастан кешкен, бүгінге дейін біз оқып келген «түрік тарихының» бояуының қалың болғандығын ашып көрсетеді. Автор «Құдайлар дәуірі» бөлімінде, бұрынғы тарих бойынша, барлық өрке­ниеттердің бастауы делінетін Еуропаның ең көне мәдениеті гректер туралы тарих атасы Геродоттың «Тарихынан» үзінді мәлімет береді. Онда Геродот: «Вообще почти все имена эллинских богов происходят из Египта. А то, что эти имена варварского пройсхождения, как я полагаю, скорее всего-египетского, это я точно установил из расспросов», – дейді (35-бет). Ал Египет жеріндегі құдайлар туралы тағы да грек аңыздарын автор былайша сөйлетеді: Зевс (бас құдай деп түсініңіз) сүйіктісі Ионы ақ танаға айналдырып, әйелі Герадан жасырады. Бірақ, бәрібір біліп қойған Гера ақ тананы қуғынға салады. Скиф даласында жолыққан Прометей Ио-ақ танаға «Сен әлі ұзақ жол жүресің. Скиф даласынан соң Кавказдан, Босфордан өтіп, Азияның көптеген елдерін шарлап, ақырында Бибілі таулары мен құнарлы Ніл өзеніне жетіп, Нілдің теңізге құяр сағасына тұрақтайсың. Осында Эпаф атты ұл табасың. Ол ұлың бүкіл Египетті билейтін даңқты әулеттің басы болады», – дейді. Прометейдің жорамалдары бәрі дұрыс келеді. Осы Египет жеріндегі жер атауларын «Бибілі тауы», «Ніл дариясы», «Тыныс номы», «Тана өзені», «Тана көлі», «Тана жұрты», «Ергене қон» (Иерихон қаласы) деп оқиды. Египет аңызы бойынша Сет өлтірген Өсір(Осирис) мен Ісеттен(Исидадан) Египеттің болашақ патшасы Гор туады. Бұл түріктердің өлген анасынан көрде туатын Көроғлы дастанын қайталайды. Екі аңызда да өлік Өсірден туған Гор (Көр) мен өлі анасынан туған Көроғлы еліне патша болады. «Әжемнің ертегісі және Геродоттың дерегі» атты тарауда Жер шарының алыс түкпірлерінде жатқан Египет пен Қазақ еліндегі аңыздардың бірін-бірі дәлме-дәл қайталайтыны керемет көрсетілген. Х.э.д. V ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы Геродот, бұдан 4700 жыл бұрынғы Египет билеушісі Протей баласы Рампсиниттің басынан өткен деп баяндалатын оқиға, Египет абыздарының аузынан жазылып алынған. Ал Шаншар хан мен Үбедейдің арасындағы оқи­ға қазақтардың ауызша әдебиетінің дерегі. Енді осы аңыздарды қорытындыласақ: 1) Тарих атасы грек Геродот «гректердің барлық құдайлары Египеттен алынған, «жабайы­лардың» құдайлары» деп мойындайды. 2) Ал Египеттің билеушілер әулетін «Ақ тана-Ио» арқылы, Прометейдің елі-скифтерден шығарып, қаншама жол жүргізіп, Египетке орналастырады. Осы Ақ танадан Египетті қаншама ғасырлар билеген әулет шығады. 3) Египеттік аңыздар мен түркілік аңыз­дардың айна қатесіз қайталануы және Еги­пет жеріндегі жер-су атаулары мен тіпті, құдайлардың аттарына дейін түрікше болып келуі екі ел арасындағы ертеде болған тығыз байланысты білдіреді. 4) Грек аңыздарының өзі адамзатқа техникалық прогресті әкелген Иапеттің ұлы Прометейді скифтер мекендейтін Кавказ тауына бұғауланған дейді. Прометейдің бола­шақты болжайтын көріпкелдік қасиетін Ақ тананың болашағын дәл болжауы арқылы көрсетеді. Ол заманның гректері үшін Кавказ дүние­нің шеті есепті болған. Сол Прометей бұғауланған Кавказды «скифтер елі» дейді. Қазіргі түріктер мекендейтін өлкелерден бір емес бірнеше «Прометей аңызын» қайталайтын орындар табылған. «Мұхитқа жұтылған Му», «Аңыз ел-Атлан­тида», «Тілі – түрік, жазуы басқа» атты та­рауларда осыған дейін жарық көрген ең­бектерді талдау арқылы, адамзат өркение­тінің бастауында тұрған өте көне өрке­ниеттерге түрік халықтарының қатысы туралы сөз болады. ...Континент Му распологался в Тихом океане и простирался от Гавайских до островов Фиджи и Пасхи. В этой стране жил народ, колонизировавший всю Землю, и этот край был уничтожен ужасными землетрясениями и погрузился в океан около 12 тысяч лет назад» деп жазады зерттеуші Джеймс Черчвард. Юкатаннан табылған жазуда: «первосвященник страны Му пророчествовал ее гибель, и некоторые, прислушавшись к пред­сказанию, покинули эти земли, отправились в колонии и так спаслись» деген дерек ұшырасады. Му құрлығының байырғы тұрғындары ішінен қазіргі бар екі халық – майялар мен ұйғырлар аталады. Майялардың тегі тү­рік текті екені жан-жақты дәлелденген. М.Черчвард Му құрлығының байырғы тұрғындары қатарында майялармен бірге ұйғырларды да атап, олар әуелде Му импе­риясының отары болғанымен, кейін айтарлықтай дамып, олар да үлкен империяға айналған дейді. Өзі тапқан мәліметтер бойынша Ұйғыр империясының жер көлемінің деңгейін анықтап, оның картасын жасайды. Черчвард ұйғыр мен майя халықтарының шыққан тегі ортақ, бір халық деп біледі. Оны археолог Уильям Нивен тапқан, бұдан 35-40 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар қалдырған тас тақтайшадағы жазулар дерегіне сүйеніп айтқан оның мына ой толғамынан аңғаруға болады. Ол былай дейді: «Эти таблички задействуют две формы письменности: рисунки, составленные из символов, и сакральные надписи уйгуров-майя. Сакральный алфавит уйгуров-майя был создан на основе алфавита Прародины и включает в себя множество совершенно не изменившихся букв этого «праалфавита». Мұндағы Черчвардтың «ұйғырларын» түріктер деп түсінген дұрыс. Қойшығара Салғараұлы бұл еңбегінде Джеймс Черч­вардтың өзінің бұл еңбегін жазған кезінде бұл өмірде «түрік» деген халықтың болғанынан мүлдем хабарсыз екенін айтады. Ол, тіпті, ұйғырлардың «Түрік» атты алып бәйтеректің көп бұтағының бірі екенін де білмейді дейді. Автор Атлантида тақырыбын жас зерт­теуші Бекжан Бейсенбайдың «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» атты еңбегімен бірге талдайды. Қазіргі таңда генетик ғалымдардың ДНК тәсілі арқылы Американың ежелгі тұрғындары – майяларды ежелгі түріктектес халықтардың бір тармағы екенін дәлелдеп, оны ғылыми айналымға енгізгені белгілі. Қорыта келгенде автор, осы еңбекті жазғандағы басты мақсаты – «Түріктердің, бұрынғы еуро­центристік ғалымдар қалыптастырғандай, «х.э. кейінгі VI ғасырда пайда болған жас халық» емес, тамыры адамзаттың бастауына кететін, жер бетіне өркениеттің ұрығын сепкен, ең текті халық екенін» жан-жақты дәлелдеген. Автор осы еңбегі арқылы, түрлі центризммен уланған шет ел тарихшыларының түрік тарихына қатысты жасаған қиянаттарын әшкерелеумен қатар, қазақтан шыққан жас таланттардың еңбек­терін де таныстыра кетуді ұмытпапты. Бұл үлкен жүректі азаматтарға тән қасиет. Қойшыға Салғараұлының бұл кіта­бынан отаншылдықтың, елшілдіктің, ұлтжан­дылықтың  самалы еседі. Жалған, жасанды «патриотизм» мен шынайы отаншылдықтың аражігін ажырата білуіміз керектігі туралы тереңірек ойлануға бекінесіз. Рухымызды көтеріп, намысымызды жаниды.  Керімжан СЕЙІТЖАНОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор, Сағынғали ӘБУБӘКІРОВ, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор.