01 Қыркүйек, 2010

Конституцияға құрмет – елге құрмет

633 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен бастау алған “Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі” тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ертесіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас оқу ғимаратында жалғасты. Жалпы сессия университеттің бас ауди­ториясы саналатын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің аудиториясында болды. Екінші пленарлық мәжіліс отырысына Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов ЕҚЫҰ ЕКПА-ның вице-президенті Киммо Килюнен, бірқатар шетел Конституциялық соттарының төрағалары мен судьялары, депутаттар мен заңгерлер қа­тысты. Отырысты Еуразия ұлттық универси­те­тінің ректоры Бақытжан Әбдірайым үйлестіріп отырды. Алдымен сөз алған Бақытжан Жарылқа­сын­ұлы Қазақстанның Ата Заңы әлемдік және отандық заң-құқықтық дамудың барша құндылықтары ескеріле жасалғандығын орынды келтірді. Сан-алуан пікірлі мемлекеттегі демо­кратиялық сайлаулар тақырыбында қысқаша баяндама жасаған Финляндия Парламентінің мүшесі Киммо Килюнен демократияның өзін бірнеше тұрғыдан қарауға боларымен бөлісті. Мұнда ең басты мәселе елді нендей жетіс­тік­терге жеткіздік, қалай басқарылуы керек деген сұрақтарға жауап ізделуі шарт. Ал Латвия Республикасы Конституциялық соты­ның төрағасы Гунарс Кутрис күнделікті өмірде конституцияның демократия дамуына ықпал етерін баса айтты. Оның пайымынша, біз кері байланысты да байқаймыз. Демократия деген сөз әмбебап түсінікке айналғандығын тілге тиек еткен Литва Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Кестутис Лапинскас қоғамда демократия дегеніміз басқару нысанын білдірерін ортаға салды. Бұл ретте басқару нысаны белгілі бір құқықтық топқа немесе автократқа тиесілі болады. Аталған құқықты азаматтар тікелей референдум немесе өздері сайлайтын өкілдері арқылы жүзеге асырады. Конституцияда бекітіліп берілген барлық құқықтарды демократиялық институттар мен адам құқықтары еркін­дігінің және бұқаралық ақпарат құралдары құқығының тікелей демократияны іске асыру мүмкіндігі ретінде түсіну керек. Бұдан кейін Молдова Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Думитру Пулбере, Моңғолия Конститу­ция­лық сотының төрағасы Жамсран Бям­ба­дорж, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев, Болгария Конституциялық сотының судьясы Йорк Пуделька, Өзбекстан Респуб­ликасы Конституциялық сотының судьясы Ұзақ Базаров, Бар-Илан университетінің профессоры Зеэв Ханин (Израиль), Ук­раина Конституциялық сотының судьясы Петро Стецюк, М.В.Ломоносов атындағы ММУ профессоры Владимир Комиссаров және Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының басшысы Вячеслав Калюжный консти­ту­циялық құқық, демократиялық мемлекетті құру, мұнай-газ саласындағы мемлекеттік мүддені қорғау және өзге де құқықтық жетілдіру мәселелерін талқыға салды. Түстен кейін конференция секцияларда жалғасты. Үш секцияға бөлінген отырыс “Конституциялық құқық”, “Жария-құқық­тық пәндер” тақырыптары және “Жеке-құ­қық­тық пәндер” тақырыптары бойынша өтті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.