03 Қараша, 2010

Саммитке — сәттілік

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Америка жағының бастамасымен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Джеймс Стайнбергпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Әңгімелесуші тараптар екіжақты қатынастың қазіргі жағдайы мен болашағын, аймақтағы ахуалды және 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық мәселелерін талқылады. Қ.Саудабаев пен Дж. Стайнберг Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің оңды дамып отырғанын атап көрсетіп, ағымдағы жылдың сәуір айында Вашингтонда жүзеге асқан Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обаманың кездесуі сол қа­тынасқа қосымша серпіліс бергенін айтты. Тараптар Вашингтонда қол жеткізілген барлық келісімдердің жемісті жүзеге асырылып отыр­ғанын мәлімдеді. Аймақтағы өзекті мәселе­лерді қозғай отырып, амери­ка­лық дипломат Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру ісіне Қазақстанның қосқан үлесін жоғары бағалап ЕҚЫҰ төр­ағасы ретінде көрсете білген көшбасшылығына алғысын жеткізді. Қырғызстандағы сай­лаудың ресми қорытындылары жарияланғанына орай, тарап­тар осы елдің парламенті мен үкіметінің мүмкіндігінше тез арада құрылуының, сондай-ақ ЕҚЫҰ консультативті полицей тобының кең көлемді орна­ласуының маңыздылығын ата­ды. Қырғызстанның жақын арада тұрақтылық пен қарқын­ды дамуға қол жеткізуі үшін бұдан әрі қарай да тараптар үйлесімді күш салу қажет екендігін растады. ЕҚЫҰ Саммитіне дайын­дық барысын талқылай оты­рып, Қ.Саудабаев пен Дж. Стайнберг оның сәтті өтуіне өз­ара мүдделілік танытты. Оның сәтті өтуі жоғары дең­гейдегі кездесуде қабылда­натын қорытынды құжаттарға байланысты болмақ. Тараптар осы құжаттарда ЕҚЫҰ-ға бар­лық мүше мемлекеттердің Ұйым рөлін халықаралық қауіп­сіздік пен ынтымақ­тас­тықта әрі қарай нығайтуға де­ген ұстанымдарын ортақтас­тырып бекітсе, бұл жемісті кездесудің алғышарты боларын ерекше атап айтты.