«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-тың Астанадағы бас кеңсесі орналасқан ғимаратта жуырда екі бірдей елеулі шара өтті. Оның бірі – акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың «Үздік маман» байқауының жеңімпаздарымен кездесуі болса, екіншісі – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жас мамандарының өткен жылы басталған үздік инновациялық жобалары байқауының мәреге жетуіне байланысты марапаттау рәсімі.
Кездесуді жүргізген «ҚазМұнайГаз» АҚ адам ресурстарын басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі басқарушы директоры Серік Әбденов «Үздік маман» байқауының ҚМГ компаниялар тобы арасында жыл сайын өткізіліп келе жатқанын атап өтті. Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы 16 компаниясының қызметкерлері кәсіби біліктіліктері бойынша сынға түскен. Олардың арасында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ пен оның еншілес кәсіпорындары, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз-Сервис» ЖШС, «KMG-Security» ЖШС, «Ақтаумұнайсервис» АҚ және басқа да ұйымдар бар.
«Байқау барысында оператор, электромонтер, слесарь және дәнекерлеуші сынды оннан астам мамандықтар бойынша үздіктер анықталды. Қатысушылар өздерінің күнделікті атқарып жүрген жұмыстарын теориялық және тәжірибелік жағынан көрсетуге мүмкіндік алды. Жеңімпаздарды анықтаудағы басты өлшем ретінде олардың кәсіби машығы, тапсырмаларды орындау жылдамдығы мен қауіпсіздік техникасын сақтауы назарға алынды. Жеңімпаздарға ынталандыру ретінде медальдар мен мақтау қағаздар, сондай-ақ еңбекақыға үстеме қаржылай сыйақы берілді. Жалпы, байқауға келетін болсақ, «ҚазМұнайГазға» қарасты мекемелердің ішінде «Үздік маман» өндірістік кәсіби байқауларын өткізу дәстүрге айналған, әрі бұл сайыстың 18 жылдан бері өткізіліп келе жатқандығына қарамастан, маңызы жылдан-жылға артып келе жатыр. Бұл – қуантарлық жайт. Сондай-ақ, атап өту керек, өткен жылы «ТрансГазПайплайн» компаниясының ұйымдастыруымен Қытай Халық Республикасының Дэчжоу қаласында өткен үздік мамандар сайысына «Азиялық газ құбыры» мекемесінің командалары қатысып, жүлделі орындарға ие болды», деген модератор түрлі аталымдар бойынша байқауда жеңімпаз атанған 17 үздік маманды таныстырып өтті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев кездесуге келген жеңімпаздарды құттықтап, біршама ой-пікірлерімен бөлісті. «Өз ісінің үздігі» атанған сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Жеңістеріңіз құтты болсын! Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет етіп келе жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. 80 мыңға жуық жұмысшы мамандардың арасынан үздік атану үлкен мәртебе деп есептеймін. Жалпы, «Үздік маман» байқауының жеңімпаздарына компания басшылығы тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Бұл бағытта алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жүргізу жоспарлануда», деді ол.
С.Мыңбаев өз сөзінде компания үшін қызметкерлер мен олардың шеберлік таланты табысты бизнестің басты көрсеткіші болып саналатынын, сондықтан «ҚазМұнайГаз» өз қызметкерлерін маңызды ресурс ретінде қарастырып, олардың тұрмысы мен еңбек жағдайларын жақсарту саясатын жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
Бұл күнде компанияда еңбек-әлеуметтік қарым-қатынас бойынша бірегей стандарт енгізу мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясында жұмысшылар тобын әлеуметтік қолдау бойынша типтік ереже жұмыс істей бастаған. Ал, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялары арасында бизнес-бағыт бойынша еңбекті әділ сыйақымен қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай еңбекақы жүйесі енгізіліп, нәтижесінде бірдей мамандықтар үшін тарифтік коэффициенттер біріздендірілген.
«Сіздер білесіздер, әлемдік дағдарысқа және мұнай бағасының тұрақсыздығына байланысты біздің сала үлкен қиындықты бастан кешіруде. Бірақ қандай қиын жағдай болса да, ҚМГ өндірістік кәсіпорындары еңбекақыға жүйелі түрде индексация жүргізеді. Әлеуметтік қолдаудың ағымдық деңгейін сақтап отырады. Бұл ҚМГ компаниялар тобының көбінде бизнес-бағыт бойынша жеткен оң нәтижесіне сәйкес мүмкін болуда. Атап өту керек, бұл сондай-ақ, басшылықтың, жұмысшылардың және кәсіподақтардың үйлесімді әрі кәсіби жүмысының да заңды нәтижесі», деді С.Мыңбаев.
Ағымдағы жылы еліміздің мұнай саласы жаңа сын-қатерлерге бетпе-бет келуі мүмкін. Әлемдік экономикадағы соңғы трендтер солай дегізеді. «ҚазМұнайГаздың» болашағы да мұнай бағасына тәуелді. Мұнай бағасының түсуі қаржылық-шаруашылық қызметтің құлдырауына алып келуі мүмкін. Елбасы Н.Назарбаевтың соңғы кезде әрдайым ішкі қорларды іздестіру қажеттігі туралы ойлары да назар аудартады. Ол өндірістің тиімділігін арттырып, әр маманның өз орнында жауапкершілігін арттыру қажеттігін де атап өткен болатын. Әрине, тек дағдарысты сылтауратып, ауызды қу шөппен сүртіп отырудың орынсыз екенін қазір әркім де шамалайды. Бұл орайда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қандай шаралар атқарып жатыр деген сауалдың төбесі көрінеді. Кездесу барысында басқарма төрағасы өткен жылы басталған бизнесті трансформациялау бағдарламасынан компания үлкен үміт күтетінін тілге тиек етті. Үздік мамандарға трансформацияның не екенін былайша түсіндірді. «Трансформация дегеніміз – шығындарды немесе қызметшілерді қысқартуды мақсат ететін қайта құрылымдау емес. Сіздер оны нақты түсінулеріңіз керек. Бұл компанияның әрбір жұмысшысының еңбегіне бағдарланған стратегиялық жоспар, жаңа өндірістік идеология. Бағдарлама бойынша бизнес-үдерістің әрбір қатысушысы орындалатын жұмысқа өзінің қарым-қатынасын ой-елегінен өткізуі қажет», деді ол. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жас мамандардың белсенді қатысуы қажеттігін атап өтіп, ҚМГ компаниялар тобы бойынша жастар саясатын қалыптастырып келе жатқан жастар ісі жөніндегі кеңеске үміт артатынын, сондай-ақ, ҚМГ тобының менеджментіне ең білімді және тәжірибелі жастарды тартуға мүмкіндік беретін бірыңғай кадрлық резерв бағдарламасынан қайтарым күтетіндіктерін жасырмады.
Жалпы алғанда, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген «Үздік маман» байқауы еңбеккерлердің кәсіби біліктіліктерін шыңдауға көмектеседі. Кәсіби мамандар өндірістің тиімділігін арттыруға ықпал етеді, өз кәсіпорындарының ұжымдарына жаңа идеялар мен ұсыныстар енгізеді. Бұл орайда басқарма төрағасымен кездескен он жеті үздік маманның да өндіріске бергендерінен берері көп екені байқалады. Өйткені, байқауымызша көпшілігі – жастар мен орта жас мөлшеріндегі түрлі мамандық иелері. Олар да өз кезектерінде басшылыққа алғыстарын білдіріп, жұмыстарына қатысты ой бөлісті. ҚМГ-ның барлық еншілес және тәуелді ұйымдарында жұмысшылардың жұмыс істеу уақытын, соған сәйкес еңбекақыны біріздендіру, дуалды оқыту мәселелері сөз болды. Кездесу соңында үздік мамандар арнайы төсбелгілермен марапатталды. Үздік мамандар сондай-ақ, бизнес-бағыттар жөніндегі басшылармен кездесіп, түрлі өндірістік, әлеуметтік мәселелер бойынша ой бөлісті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жас мамандарының инновациялық жобалар бойынша өткен жылы басталған байқауының қорытындысы жуырда шығарылды. ҚМГ-ның еншілес және тәуелді компанияларынан түскен 30 жобаның ішінен 3 жеңімпаз анықталды. Атап айтқанда «Қаражанбасмұнай» АҚ техник-геологы Айдын Қожаш 1-ші орынға, «Қаражанбасмұнай» АҚ ұңғыларды зерттеу жөніндегі аға инженер Руслан Ақмұханов 2-ші орынға және «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС 3-разрядты зертханашысы Әйкерім Изуева 3-ші жүлделі орынға ие болды.
Сайыс жеңімпаздары білімдерін жетілдіруге арналған сертификаттармен және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.
Бұл инновациялық байқаудың мақсаты – жастардың инновацияға жаңаша көзқарасын қалыптастыру, олардың зияткерлік дағдысын дамыту, ғылымды жастар арасында насихаттау және түптеп келгенде жаңа технологияларға негізделген жобалар арқылы өндірісті дамыту.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде «ҚазМұнайГаз» АҚ адам ресурстарын басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі басқарушы директоры Серік Әбденов сөз сөйлеп, жүлдегерлерді құттықтады. «Бүгін біз «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың жас жұмысшылары арасында жастар саясатын жүзеге асыру аясында жарияланған алғашқы инновациялық жобалар байқауының қорытындысын шығару үшін жиналып отырмыз. Байқауға түрлі сала бойынша 30 жоба ұсынылды.
ҚМГ-ға тапсырылған барлық жобаларды біз VІІІ-ші KAZENERGY Жастар форумына жолдадық. Сіздер инновациялық жобалар бойынша байқау комиссиясы жұмыс істегенін жақсы білесіздер. Жастар форумының қорытындысында жүлделі орындар анықталды. Сондай-ақ, ҚМГ деңгейінде қатысушылардың жобаларын қарап, бағалау үшін ҚМГ басқарма төрағасының бұйрығымен жеке комиссия құрылып, жобаларға критерий бекітілді. Бұл комиссия құрамына ҚМГ өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері, «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС өкілдері және ҚМГ жастар кеңесінің өкілдері енгенін айта кету керек», деді ол.
С.Әбденов инновациялық жобалар байқауының бұдан былай жыл сайын өткізілетінін мәлімдеді. Жастар кеңесінің күнтізбелік жоспарына сәйкес биылғы жылы байқау өткізу 3-4 тоқсанға жоспарланған. Бүгінгі күні «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ кәсіби мамандарды даярлау мақсатында «Ембімұнайгаз» АҚ базасындағы Құлсары кен орнын оқу-тәжірибелік сынақ алаңына айналдыру туралы тұжырымдама жасағаны белгілі. Соған орай инновациялық байқауда жеңіске жеткен жобалар осы кен орнының базасында сынақтан өткізілетін болады. Сонымен қатар, ұсынылған жұмыстар KAZENERGY қауымдастығы 2015 жылы өткізген «Innovation Man» байқауының үздік ондығына енгенін де атап өтуге тұрарлық.
Шара барысында Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын өңдеу жөніндегі бас директор Евгений Огай инновациялық байқауда жүлделі орындарға ие болған жобалар жайында әңгімелеп, оларды өндіріске енгізу, жетілдіру, одан әрі қандай бағытта жұмыс істеу мәселесін қозғады. ҚМГ өндіріс жөніндегі департамент директорының орынбасары Ринат Измұханбет сарапшылық көзқарасын білдірді. Сондай-ақ, жүлделі орындарға ие болған жас мамандар әрқайсысы өз жобаларының ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Жиын соңында «ҚазМұнайГаз» АҚ адам ресурстарын басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі басқарушы директоры Серік Әбденов жүлдегерлерді марапаттады.
Жалпы, бұл екі шарадан түйгеніміз, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ алдында мынадай алмағайып заманда шынында да зор міндеттер тұр. Сол міндеттерді абыроймен жүзеге асырып, компанияның одан әрі дамуы жолында талмай қызмет атқару, жаңа мүмкіндіктер іздестіру оның әрбір мүшесінің қасиетті борышы. Сондай-ақ, мақсат-мүдденің ортақтығы әрдайым игілікті істерге бастамақ.
Сонымен қатар, мұндай шаралар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының мекемелері мен еңбек ұжымдарының арасындағы кәсіби қарым-қатынастың дамуына жол ашары сөзсіз.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».