Таным
2 мин оқу 820

Шаштан шахмат тасын жонады

<p style="text-align: justify;">Балқаш қаласында тұратын Николай Савидовтың қолынан келмейтіні жоқ. Он саусағынан өнер тамған ол иненің көзіне микроскопиялық мүсіндерді сыйдырады, адам шашынан шахмат тастарының мүсінін жонады және тауық жұмыртқасының сыртына тағаларды қағады.</p>

Шаштан шахмат тасын жонады

Николай мұндай өнерге бала ке­зінен қызығушылық танытыпты. Та­лап­ты жас бәрін де өздігінен үйрен­ген.

– Басында мен кішкентай тағалар жасай бастадым. Бірте-бірте оларды кішірейте бердім – екі миллиметр, бір... Әрине, маған арнайы құрал-жаб­дық керек болды, ол кезде түгім де жоқ еді. Тіпті, оқып алатын арнайы кітап та болмады. Барлығын қателесе жү­ріп өз тәжірибем арқылы үйренуге тура келді, – деп сыр ақтарады шебер.

1

Николай кіп-кішкентай тағаларды істеуді үйренгеннен кейін, жылқы қы­лы мен адамның бір тал шашына жазу жазумен шұғылданған.

– Түрлі тілдерде – қазақ, орыс жә­не ағылшын тілдерінде мақал-мә­тел жаза бастадым. Кітапханадан кі­тап­тар алып, нақыл сөздер тердім. Мұ­ның барлығы жаңа жабдықтарды, бояуыш­тарды талап етті. Бәрін де өзім­­нің істеуіме тура келді, сондай-ақ қолда қандай материал бар, соларды пай­даландым, – дейді ол.

1

Николай бір композицияны жасау үшін айлар бойы еңбек ететін көрінеді. Жұмыс барысында ол 150-250 есе ұл­ғайтатын микроскопты пайдаланады. Соның арқасында шебер микроскопиялық абстрактілі мүсіндерді жасайды және оларды ине көзіне немесе көкнәр дәндеріне орналастырады. Айта кететін бір жайт, Николай Савидов отыз жылдан астам шығармашылық қыз­метінде өнердегі жаңа бағыт – микро­абстракционизмді патенттеп алған.

Шебердің қолынан шыққан таңдай қақтырарлық дүниелер Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында, Мәскеудің Останкиносындағы «Ға­жайып алаң» бағдарламасының мұражайында, сонымен қатар Ресей мен Украинаның, еліміздің басқа да музейлерінде сақтаулы тұр.

1

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы

Бөлісу:
Шаштан шахмат тасын жонады · Egemen Qazaqstan