Туристер үшін тартымды қала
<p style="text-align: justify;">Шымкентте инвестициялық жо­­балар, туристік инфра­құры­лымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру, мар­кетинг­тік іс-шаралар, меди­ци­на­­лық ту­ризмді дамыту бағытын­да бір­­қатар жоба қолға алын­бақ. Бұл туралы қалалық туризм бас­қар­масының басшысы Олжас Шын­таев 2021 жылдың іс-ша­ра­­лар жоспарымен таныс­ты­ру ба­рысында мәлімдеді.</p>

Басқарма басшысының айтуынша, қаладағы эпидемиялық жағдай жақсарып, карантиндік режім алынған соң, қалаға келетін туристер санын 2021 жылы 315 381-ге жеткізу жоспарлануда. 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы статистикалық көрсеткіш бойынша, республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда Шымкент қаласына туристер көбірек келген.
Мәселен, республика деңгейіндегі алғашқы ондыққа кірген келуші туристердің саны бойынша Нұр-Сұлтан қаласы – 57,3%-ға, Алматы қаласы – 48,1%-ға, Алматы облысы – 43,8%-ға, Шығыс Қазақстан облысы – 45,1%-ға, Ақмола облысы – 44,3%-ға, Қарағанды облысы – 40%-ға, Маңғыстау облысы – 39,7%-ға, Қостанай облысы – 42,8%-ға, Түркістан облысы – 47,7%-ға, Шымкент қаласы 33,8%-ға төмендеген.
Туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша биыл Шымкентте бірқатар жұмыс атқарылмақ. Атап айтқанда «Көне шаһар» аумағын дамыту бойынша жұмыс тобын құру, егжей-тегжейлі жоба дайындау, Сайрам тұрғын алабындағы тарихи-киелі нысандарды толық абаттандыру, Сайрам тұрғын алабын Қазақстандағы «ТОП-50» туристік картасына енгізу, «Абай» саябағы аумағында «U: Дача» жобасын іске асыру, туристік аумақтарға бағыттайтын жаңа нысан паспорттарын және жолсілтегіштерін орнату, жол бойындағы сервисті жақсарту және инфрақұрылымды дамыту, санитарлық-гигиеналық орындардың жағдайы мен сапасын арттыру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар 2021 жылы қызмет көрсету сапасын арттыру, туристік сала өкілдеріне семинар-тренинг өткізу, туристік операторлар, блогерлер және БАҚ өкілдеріне арналған турлар, маркетингтік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Басқарма басшысы 2021 жылы SHYMKENT TOURISM CENTER туристік ақпараттық орталық қызметін одан әрі жандандыру бағытында туристік ХАБ ашу, жаңа туристік бағыттағы мерекелік іс-шаралар бойынша және алдағы уақытта қолға алынатын жобаларын жеткізді.
